Қуатты аймақ – азаттықтың тірегі

1556
2
Бөлісу:
Атырауда еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты мега-жобаның эстафеталық салтанаты аталып өтті.

Атырау облысының жеті ауданы мен қаласын дүбірлі мерекеге айналдырған Тә­уел­­­сіздіктің 25 жыл­дығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» мега-жобасы, Құр­манғазы ауданынан бастау алған болатын. Оның мақсаты – осынау жылдар ішінде қол жеткен жетістіктерді насихаттап, ұрпақ бойында патриоттық сезім қалып­тастыру. Сонымен қатар Мәңгілік ел ұлттық идеясы құндылықтарын жүзеге асыруға барлық азаматтардың белсен­ділікпен қатысуына мүмкіндік жасау.
Шара барысында ауыл ақсақалдарымен кездесулер, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған таныстырылымдық көрмелер ұйымдастырылып, бейнероликтер, Елбасы туралы фильмдер көрсетілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беріледі, спорттық және ұлттық ойындар түрлері ойналды. Әрбір ауылдық округ тақырыпқа сай өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Бұл шарадан Атырау облысы этномәдени бiрлестiктерi де қалыс қалмады. Сайып келгенде,мега жоба аясында Тәуелсіз еліміздің бүгінгі шат-шадыман тіршілігі паш етілді.
«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты мега-жобаның эстафетасы кеше Атырау қаласында қорытындыланды.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде болған салтанатты шарада еліміздің Мемлекеттік Туы көтеріліп, шараға қатысушылар ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаевпен бірге Әнұранды қосылып шырқады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды мерекемен құттықтады.
– 16 желтоқсан – республика тари­хын­да ең қасиетті күн. Мемлекетіміз төрт­күл дүние алдында өз Тәуелсіздігін жа­риялады. Әлем картасында жаңа ел пайда болды. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» демекші, өткенге салауат айтып, келешекке берік байлам жасау үшін ұлттық мерекені тойлап отырмыз. Сонау Бейбарыс Сұлтаннан бастап, ерлікті ту еткен Исатай мен Махам­бет, күй атасы Құрманғазы, күні кешегі Әбу мен Хамит ақындар, Ғабдол мен Зейнолла, Жұмекен мен Фаризаның өнегелі сөздері мен ерен еңбектері ұрпаққа ұран. Тәуел­сіздіктің тарихы тереңде, ол оңайлықпен келген жоқ. Қазақ шежіресінде мил­лиондардың қаны мен маңдай тері жатыр. Бұл жолда халқымыз дінінен де айырылып, өз жерінде ашаршылыққа да ұшырады. Міне, Тәуелсіздік табал­дырығындағы Қазақстан қандай еді? Қазір мүлде басқаша. Екінші жағынан, ХХ ғасырдың аяғында то­талитарлық жүйе күйреп, жаңа мем­лекеттер пайда болды. Соның бірі – Тә­уелсіздіктің 25 жылдығын тойлап отырған Қазақ елі. Саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық реформалар қазақ қоғамын танымастай етіп өзгертті. Олар қазірде әлемге үлгі болуда. Орта Азияның көшбасшы мемлекеті қата­рындамыз. Әлемдегі елдермен берік достық қатынас орнаттық. Ендігі мақсатымыз – осы демократиялық әрі құқықтық мем­ле­кеттілігімізді сақтап қалу. Осы жетістіктің бәрін де біз Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлының есімімен бай­ланыстырамыз. Оның стратегиялық бағыты айқын, ішкі және сыртқы саясаты өркендеу мен дамуға бастайды. Биыл сонау тарихи мәні зор Желтоқсан оқиғасына да 30 жыл толуда. Оның шын маңызын уақыт өте келе ғана түсініп жатырмыз. Соның арқасында ғана бәріміз бүгін бақытты ғұмыр кешіп отырмыз. Енді сіз бен біз болып ел абы­ройын асқақтатуға бірлесе жүріп ат­салысайық! – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.
Бір айға жуық уақыт бойы жеті ауданның халқына Тәуелсіздіктің берекесін насихаттап, Атырау қаласына жеткен Тәуелсіздіктің символы бейнеленген эстафеталық тұғырды Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов бастаған облыстың жеті ауданы әкімдері салтанатты шерумен ортаға алып шықты. Атырау қаласы әкімі С.Шәпкенов сахнаға көтеріліп, эстафета белгісін облыс әкімі Н.Ноғаевқа табыс етті. Өз кезегінде Нұрлан Асқарұлы оны салтанатты түрде тұғырға орнатты.
Сол сәтте эстафета символынан тараған жарық айналаға шуағын шашып, толқу сезімін бастан өткерер сәтке жиналғандар қошемет көрсетті.
Бұдан соң, жеті ауданнан келген өнерпаздар ән шырқап, күй күмбірлетіп, мың бұрала биледі. Мега-жоба аясында өткен өнер мерекесінің қызықты сәттері арнайы лэд-экраннан көрсетілді. Тағылымы зор мега-жоба соңында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаев Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенттер хорымен бірге «Атамекен» әнін шырқады.
Облыс жұртшылығын жұмылдырып, Тәуелсіз елдің келешегіне сенімді болып,бір облыс халқының жанына шуақ сыйлаған, руханиятына нәр қосып, рухтандырған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты мега-жоба атыраулықтар жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Бөлісу:

2 пікір жазылған

Пікір жазу


*