МИНИСТР ПӘТЕР КІЛТІН ТАРАТЫП ЖҮР

2709
1
Бөлісу:

Қазақстан Республиксының Қарулы Күштері Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Мейрам күндері жүздеген әскери қызметшілердің отбасы қажетті жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен толықтай жабдықталған жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды.  

Гвардейск гарнизонында жаңа үлгіде салынған тұрғын үй кешенінің ауласына жиналған әскери қызметшілер Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов мінген тікұшақты қол шапалақтап қуана қарсы алды. Қорғаныс министрі шалғайдағы әскери гарнизондағы сардарларға жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру үшін Астанадан арнайы келіп жатса қарамағындағы жауынгерлер қалайша қуанбасын! Үрмелі аспаптар оркестрінің орындауында салтанатты марш орындалды.

– Құрматті офицер мырзалар, сержанттар! Бүгінгі күн кез келген әскери қызметкердің есінде қалатындай үлкен мереке! Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұдай қамқорлығы мен назарының арқасында Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді, – деп бастады сөзін қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. – Бүгінгі таңда әскери қызметкерлердің баспанасы, гарнизондардың әлеуметтік инфрақұрылымдары және объектілерін салу жұмыстары тұрақты және жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл шара соның айғағы. Бүгін біз тек осы Гвардейск гарнизонында ғана емес, сондай-ақ Алматы облысындағы Сарыөзек гарнизонындағы бес тұрғын үйді пайдалануға береміз. Бұның алдында Жамбыл облысындағы Бурный гарнизонында бес үйдің кілтін тапсырдық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және Жаңа жыл мерекелері қарсаңында біздің әскери қызметкерлеріміз үшін жаңа пәтерлерге қоныстану ерекше қуанышқа бөлейді деп ойлаймын. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Бүгін жүздеріңізге күлкі ұялаған бақытты күн, осындай шуағқты күндеріңіз мол болсын! Келер 2017 жылы біздің Қарулы Күштердің құрылғанына 25 жыл толады, бұл да үлкен мейрам ретінде тойланады. Мамыр айында, Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен Астанада үлкен әскери парад өтеді.

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы осы объектілерді белгіленген мерзімде, уақытылы салып бітіргені үшін құрылысшыларға да алғысын білдірді. Министрден кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Биыл Қазақстан халқы үшін өте бір ерекше жыл болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлап жатырмыз, ең бастысы – Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына кірді, «Қазақстан – 2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындады, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданды. Алдымызға дамыған 30 елдің қатарына ену жоспары қойылып Мәңгілік ел болып қалуға қадам бастық. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да, парасатты саясаты арқасында жүзеге асып жатыр. Жылдан жылға экономикамыз өсіп, дамып келеді. Бір ғана Жамбыл облысының өзін ғана айтатын болсақ, осы 25 жылдың ішінде 3 млнға жуық тұрғын үй бой көтеріпті. Оның ішінде 136 нысан білім беру саласында, 162 нысан денсаулық сақтау саласында, 502 нысан спорт саласы бойынша салынды. өздеріңіз күнде жүріп жүрген Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы толығымен аяқталды. Осылайша ел өз тіршілігін, қызметін жасауда. Солардың бірі, 2000 жылдардың басында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық құрылып, осы Мәтібұлақ деп аталатын 40-шы әскери база аяғына тұрды. Мәтібұлақта 2009 жылы ҰҚКҰ, оның артынша Шаңхай Ынтымақтастық ұйымының бірлескен жаттығулары, одан кейін Елбасының қатысуымен үлкен әскери парад өтті. Былтыр халықаралық әскери ойындар осында өткізілді. Сондықтан бұл 40-шы әскери база алдағы уақытта әлі де дами береді. Министрдің бүгінгі арнайы келіп 5 үйдің кілтін тапсыруы осы жердегі әскери қызметкерлердің отбасына жасаған үлкен тартуы болады. Баршаңызға мол табыс, шаңырақтарыңызға бақыт тілеймін! – деді өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Әскери қалашықтарды дамыту және әскери қызметшілерді қызметтік баспанамен қамтамасыз ету Қорғаныс министрлігі қызметіндегі басымдық берілетін бағыттардың бірі болып табылады.  Жыл сайын ҚР Қарулы Күштерінде құрылыс және күрделі жөндеу жүргізу арқылы он мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Биылғы жылы Ақтау, Аягөз, Сарыөзек және Гвардейск гарнизондарында 474 пәтер мен жатақханалардағы 100 бөлменің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшының орынбасары – 40-шы әскери базаның командирі полковник Бауыржан Күренкеевтің айтуынша, Гвардейск гарнизонында жаңа жылға дейін 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл үйлердегі пәтерлер жатын бөлме, ас үй жиһаздарымен, телевизор, кір жуатын машина, кондиционер сияқты тұрмыстық техникалармен жабдықталған, тіпті терезенің перделері мен люстраға дейін ілінген. Әскери қызметкердің отбасы киім-кешектерін салған шамадандарын көтеріп дайын үйге кіре салады. Бұлардан басқа гарнизонда әскерилер тұрып жатқан 8 жатақхана бар. Жатақханадағылардың біразы жаңа пәтерге көшетіндіктен босаған орындар баспанасыз жүрген 168 адаммен жабылады. Сонда Гвардейск гарнизонындағы баспана мәселесі толықтай шешіледі екен.  Қарамағындағы сардар, сарбаздардың баспаналы болғанына командирлері де қуанып жүр.

– Әскери қызметшілер үшін шалғай гарнизондарда баспана мәселесін шешу оңай емес. Олар отбасының жағдайына алаңдамай, барлық күш-жігерін тікелей жауынгерлік міндеттерін атқаруға  бағыттау үшін олардың отбасы мүшелеріне қолайлы жағдай жасау керек. Сонда жұмыстарында жақсы нәтиже болады. Бүгін министрдің өзі келіп пәтер кілттерін тапсыруы көптеген әскери отбасын қуанышқа бөледі. Әскери қызметкерлер жақындап қалған Жаңа жыл мерекесін отбасымен толықтай жабдықталған жайлы, ең бастысы өз үйінде қарсы алатын болады, – дейді 12-ші танк бригадасы, 21450 әскери бөлімінің командирі подполковник Ербол Нұржанов.

Гвардейск гарнизонындағыларға пәтер кілтін тапсырып, меркелерімен құттықтаған министр мырза тікұшаққа мініп сол күні Сарыөзек гарнизонына қарай асығыс аттанды. Өйткені ол жақтағы әскери қызметкерлер де талай жыл армандаған жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізуді тағатсыздана күтіп тұрды. Сол күні түстен кейін Сарыөзек гарнизонындағы 120 әскерилер отбасы тура осындай толықтай жабдықталған пәтерлерге қоныстанды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*