Махмұт Қашқари сыйлығы тапсырылды

432
0
Бөлісу:

Алматыда халықаралық Махмұт Қашқари атындағы әдеби сыйлықтың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Осы шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің түрік тіліне аударылған Susamiş geceler (Жерік түндер) өлеңдер жинағы мен қазақ тілінде жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» кітабының тұсаукесері болды.
Шараға Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Нихат Гүл, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Авторлық құқық қорғау комитетінің төрағасы Динчер Әтеш, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің білім және мәдениет істері бойынша кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы  өкілі Асқар Тұрғанбаев, Түркия үкіметіне қарасты Таныту қорының өкілі Хасан Бозқұрт, Ыстамбұлдағы Түрік Мәдени ошақтарының төрағасы Джезми Байрам және басқа да лауазымды тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жүлдегерлерді марапаттау салтанатын Қазақстан Жазушылар одағының  төрағасы Нұрлан Оразалин құттықтау сөзбен ашты. Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы байқаудың түркі әлемі жазушыларын бір-біріне таныстыру, шығармаларын насихаттау мақсатында төртінші мәрте ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Байқау жұмысы екі кезең бойынша сараланып, өз елімізде өткен жабық бәйгеге 35 автордың шығармасы бүркеншік есіммен келіп түскен. Нәтижесінде, Берік Шаханов «Өгей өмір», «Кезең әңгімелері» үшін І орын, «Алакөл» әңгімесі үшін Айгүл Кемелбаева ІІ орын, «Қазан астында» әңгімесі үшін Кәмел Жүністегі ІІІ орын иеленді. Ал түркі әлемі бойынша Әзірбайжан, Башқұртстан, Чувашстан, Гагаузия, Хакасия, Қарашай-балқар, Қырым, Қырғызстан, Қазақстан, Македония, Татарстан, Түркия және Иран, Ирак елдерінде тұратын әзірбайжан, түркімен, түрік жазушылары өтініш білдірген. Олардың арасынан Иранда тұратын әзірбайжан жазушысы Гафур Имамызаде Хыяби І орын, түрік жазушысы Мехмет Акиф Думан ІІ орын, жерлесіміз Берік Шаханов ІІІ орынға лайық деп табылды. Әзірбайжан жазушысы Теране Вахитке  ынталандыру сыйлығы тапсырылды.
– Биылғы байқауда бақ сынаған жазушылар саны көп болды. Өйткені басқа мемлекетте тұратын түркі әлемі қаламгерлері өз шығармаларын ұсынды. Солардың арасынан оза шауып, Иранда тұратын әзірбайжан жазушысының І орын алуы біз үшін үлкен жаңалық болды, – деді өз сөзінде Якуб Омароғлы. Одан кейін ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов
биылғы жылы Қазақстанның ғана емес, туысқан түркі тілдес мемлекеттер Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанның да Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғанын, осыған сәйкес ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының негізгі шаралары осы бауырлас елдердің басты мерейтойын дүниежүзі көлемінде атап өтуге арналғанын жеткізді. АҚШ-та, Еуропада, түркітілдес мемлекеттерде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған әртүрлі концерттерден бастап, ондаған симпозиум, конференция, фестивальдер мен көрмелердің ұйымдастырылғанына тоқталды.
– ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы соңғы жылдары түркі халықтары арасында мәдени интеграцияны дамыту мақсатында бірнеше ірі халықаралық жобаларға бастамашы болды. Мәселен, түркі мәдениеті мен өнеріне  қосылған жаңа үрдіс ретінде бағаланған Түркі әлемінің мәдени астанасы жобасы бойынша 2012 жылы алғаш рет Қазақстанның бас қаласы – Астана қаласы жарияланды. 2013 жылы Түркияның – Ескішехир, 2014 жылы Татарстанның – Қазан, 2015 жылы Түркіменстанның – Мары, 2016 жылы Азірбайжанның Шеки қаласы осы атақты абыроймен алып шықты. Көбісі тарихи Жібек жолы бойында орналасқан бұл қалаларда жүздеген мәдени іс-шара  ұйымдастырылып, төрткүл дүниеден жиналған өнер адамдары , ғалымдар және интеллектуальдар арасында мәдени ықпалдастықтар мен тәжірибе алмасу мүмкіншілігі туды. Осыдан үш апта бұрын Шеки қаласында өткен түркітілдес елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің XXХІV отырысында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінің ұсынысымен Түркістан қаласы 2017 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді. Сондай-ақ біздің ұйым 2010 жылдан бастап түркі халықтарының әдеибеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғаларының құрметіне атаулы жылдарды жариялауды дәстүрге енгізді. Осының арқасында Ғабдолла Тоқай, Мақтұмқұлы, Мұқан Төлебаев жылы деген тіркестер түркі халықтарының жиі қолданатын тіркестеріне айналды. Бұл жоба қаншама көрнекті тұлғалардың рухани мұраларының туыс тілдерге аударылуына себеп болды. Атаулы жылдарда әзірбайжан Мирза Фатали Ахундовты, хакас Николай Катановты, қырғыз Тоқтоғұл Сатылғановты, түрік Халдун Танерді бауырлас  жұрттардың қаншама жас ұрпағы жаңа қырынан танып, осының әсерінен өмірге қаншама жаңа туынды келді. Жыл өткен сайын түркі әлемінің түкпір-түкпірінен атаулы жыл жариялауға қатысты ұсыныстар көбеюде, бұл жобаның қаншалықты маңызға ие болғанының дәлелі болса керек. Әрине, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі халықтарының мәдениетіне еңбек сіңірген ұлы тұлғаларды ұлықтауды тек атаулы жылдардың  еншісіне қалдырмайды. Ұйымға мүше мемлекеттердің ұсынысымен белгілі тұлғалардың мерейтойларын халықаралық дәрежеде  атап өтіп отырады. Бұған мысал ретінде, біздің ұйымның қолдауымен мерейтойлары халықаралық деңгейде аталған Абай, Жамбыл, Дина, Сүйінбай, Тәттімбет, Қасым, Қалижан Бекхожин, Сәкен Сейфуллин, Олжас Сүлейменов және басқа ондаған қазақ ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлерін  айтсақ жеткілікті. Бұлардың ішінде Дина Нұрпейісова, Сүйінбай Аронұлы, Тәтімбет Қазанғапұлына біздің ұйымның ұсынысымен Түркия астанасы Анкара қаласында саябақтар ашылды. Соңғы жылдары ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағы бірігіп, түркі әлемі әдеби журналдарының конгресі, түркі тілдер арасындағы  аударма мәселелері симпозиумы және Махмұт Қашқари атындағы халықаралық әдеби конкурс сияқты бірнеше жобаға атсалысты. Бұл жобалар бауырлас халықтардың әдеби  журналдар арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, туыс тілдердің әдеби аудармаларының артуына, қаламгерлердің және олардың шығармаларының түркі тілдес елдерде танымал болуына  аз да болса үлес қосқаны анық.
2008 жылы ТҮРКСОЙ бас хатшылығына қызметке келгенімде, алғаш  қатысқан шаруалардың бірі – ұлы ғалым Махмұт Қашқаридың туғанына 1000 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференция болып еді. Сол кезде ойға алған Мақмұт Қашқари атындағы халықаралық әңгіме конкурсын  өткізу  ісін Еуразия Жазушылар одағы әлі күнге дейін үзбей жалғастырып келеді. Осы жылдар ішінде қазақ-түрік әдеби байланыстары қарқынды дамып, соның жемісі ретінде туыс тілдерде қаншама жаңа жинақтар жарық көрді. Бауырлас халықтардың әдебиетін аударып басқан кітаптардың да саны еселеп артты. Осының бәрі  әлеуметтік қал-жағдайға қарамастан, рухани әлемді бірінші орынға қоя білген қаламгерлер мен қайраткерлердің арқасы. Ең бастысы, тәуелсіз ой-сана мен бауырмалдық, бірліктің арқасы. Сондықтан тамыры терең сөз өнерінің тізгінін ұстаған тұлғаларымызға қазақ руханиятының қазіргі көшбасшыларына шын көңілден алғыс білдіремін, – деді ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Я.Омароғлы аталған шараға қолдау көрсеткен Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне, ТҮРКСОЙ ұйымына, Қазақстан Жазушылар одағына алғыс білдіріп, Нұрлан Оразалин, Дүйсен Қасейінов, Динчер Әтеш, Мәлік Отарбаев, Осман Чевиксой, Нихат Гүлге сый-сияпат жасады. Соңынан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің түрік тіліне аударылған «Жерік түндер»  атты өлеңдер жинағы туралы Якуб Омароғлы, «Кардеш каламлер» журналының жауапты хатшысы Осман Чевиксой, әдебиеттанушы Уфук Тузман жылы лебіздерін білдіріп, тұсауын кесті.
Түс қайта Қазақстан ұлттық кітапханасында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТҮРКСОЙ ұйымының тікелей қолдауымен жарық көрген қазақ және түрік тілдеріндегі кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды. Сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, Шәкәрім шығармаларының өз деңгейінде насихатталмай келе жатқанын айтып, түркі әлеміне таныту жұмыстарын кешеуілдетпеуді сұрады. ТҮРКСОЙ бас хатшысы алдағы жылы атқарылатын жұмыстар мен атап өтілетін мерейтойларға тоқтала келе, Шәкәрім шығармаларын Түркия Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесе отырып, жарыққа шығаруға уәде берді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*