Биыл Қазақстанда 400 мыңға жуық бала жазғы лагерьлерде тегін демалуға мүмкіндік алады. Жолдаманы қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілетіндіктен квоталарды да жергілікті атқарушы органдар бөледі. Бейінді ведомство мәліметінше, биыл мемлекет есебінен әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 292 мың бала, ерекше білім беру қажеттілігі бар 100 мыңға жуық жеткіншек және девиантты мінез-құлықты 16 мың бала тегін демалысқа бара алады. Ақысыз демалысқа жолдама алу үшін қалай тапсырыс беру керек және қандай құжаттар қажет екенін анықтап көрдік. Тегін жолдаманы кімдерге ала алады? - АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алу құқығы бар отбасылардан шыққан балалар; - АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар; - жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ басқа отбасының асырауындағы балалар; - білім беру ұйымының алқалы органы ұсынатын білім алушылар мен тәрбиеленушілер. Тегін демалысты ұйымдастырмас бұрын өңірлік білім беру мекемелері жазғы лагерьлерге мониторинг жүргізді. Мамандар балаларға қызмет көрсету шарттарын, лагерьдің бір күндік құнын, ондағы қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесінің деңгейін тексерді. Яғни, балаларға демалыс ұйымдастыратын ұйымдар іріктеу арқылы таңдалған. Әрбір баланың демалысы үшін мемлекет тәулігіне 7,5 мың теңге төлейді. Қалай өтініш береміз? Ата-аналар немесе қамқоршылар сауықтыру лагеріне тегін жолдама алуға өтінішті онлайн және оффлайн форматта бере алады. Оффлайн өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және қала, аудан немесе ауылдың өңірлік білім басқармалары арқылы беруге болады. Ал egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында онлайн өтініш беру мүмкіндігі бар. Тіркеу үшін қандай құжаттар қажет? - өтініш, - қызметті пайдаланушының жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі; - баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; - ата-анасының неке қию куәлігі немесе ажырасқаны туралы куәліктің көшірмесі; - сауықтыру лагеріне баратын оқушыға №079/у медициналық анықтама; - әлеуметтік осал топқа жататынын растайтын құжаттың көшірмесі. Өтінішке онлайн тапсырыс бергендер тапсырыс кезеңдерін жеке кабинет арқылы қадағалап отыруына болады. Өтініш қанша уақыт қаралады? Құжаттарды Мемлекеттік органдар арқылы тапсырған кезде өтініш берушіге құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі. Ал портал арқылы тіркелген жағдайда қызмет алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызметке сұрау қабылданғаны, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі. Құжаттарды қарау және жолдаманы беру-бермеу туралы жауап бес жұмыс күні ішінде беріледі.