Ақмола облысында екі күн ішінде 3 бала суға батып кетті
Ақмола облысында екі күн ішінде 3 бала суға батып кетті
© kazaknews.kz
Ақмола облысының су айдындарында екі күн ішінде үш бала суға батып кетті, – деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.  Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның қатысуымен «Облыстың су айдындарында балалар өлімінің алдын алу» тақырыбында брифинг өтті.
"Брифинг барысында биыл шомылу кезеңінде суда адамдардың қаза болуының екі фактісі тіркеліп, үш бала қаза тапқаны белгілі болды. Аршалы ауданы, Жібек Жолы ауылының Silk Way демалыс аймағында 2010 жылы туған қыз және Астрахан ауданының Первомайка ауылының маңында Есіл өзеніне алты және тоғыз жастағы екі кәмелетке толмаған бала батып кетті. Екі жағдайда да орындар шомылуға арналмаған", – делінген хабарламада.
Шомылу маусымы басталғанға дейін Ақмола облысы ТЖД жедел-құтқару бөлімінің қызметкерлері «Silk Way» демалыс аймағына іргелес жатқан су акваторияларын тексерген. Тексеру нәтижелері бойынша су қоймасының түбі шомылуға жарамсыз екені анықталып, жарамсыздығы туралы тиісті акт берілді.