Биылғы 8 маусымда жарияланған QS WUR жаһандық рейтингі қорытындысы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 150-орынға ие болды. Осыған орай білім ордасындағы «Әл-Фараби» кітапханасында университетке QS рейтингісінің сертификатын салтанатты тапсыру рәсімі өтті.
Марапатты ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевқа табыстады.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биыл көптеген талаптар бойынша өз көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Халықаралық деңгейдегі рейтингте 150-орынға жайғасу бұл үлкен көрсеткіш және жетістік. Мұндай ҚазҰУ тарихында болмаған. Университеттің дамуына сүбелі үлес қосып, еңбек еткен оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен барлық ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Мәселен, сіздердің білім ордаларыңыз дамыған мемлекеттердің университеттері арасынан оза шығып алдыңғы қатарға жайғасты. Бұл білім ордасында ауқымды жұмыстар атқарылғанын көрсетеді. Шара аясында университеттің алдағы даму жоспарымен және ғалымдар әзірлеген ғылыми-инновациялық жобаларымен таныстық. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді Сергей Христолюбов.Өз кезегіде университет басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық рейтинг қазақстандық жоғары оқу орындары үшін жыл сайын өз көрсеткіштерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Бір жыл ішінде оқу орнымыз 175-орыннан 25 позицияға жоғарылады. QS WUR жаһандық рейтингіндегі жаңа көрсеткішіміз – 150-орын. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі жоғары жауапкершілік. ҚазҰУ – «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» марапатын алған Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. Сондай-ақ, QS by Subject пәндік рейтингісінде университет 4 пән саласы мен 16 дайындық бағыты бойынша үздіктер қатарына кіреді. Университеттің 137 білім беру бағдарламасының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Бұл университет ұжымының көп жылғы және күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі», - деп атап өтті ректор.Сондай-ақ, университет басшысы барлық ғалымдарды, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерді құттықтап, бұл жетістікпен тоқтап қалмай, межелі мақсаттарға жету жолында табысты еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, іс-шара барысында химия және химиялық технология факультетінің профессоры Зұлхаир Мансұров, Instituto Universitário de Lisboa профессоры Постолах Октавиан, халықаралық білім беру американдық кеңестер ұйымының жоғары білім беру бағдарламаларының басқарушы директоры Грэм Хеттлингер, Колумбия университетінің докторы Мамата Ханумаппа, химия және химиялық технология факультетінің аға оқытушысы Гемиль Ахмат, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Муззаммил Илахи және докторант Арифиоглу Абдуррахман Зеки ҚазҰУ ұжымын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Айта кетейік, QS WUR әлемнің үздік университеттерінің тізімі 2004 жылдан бері жарияланып келеді. Ағымдағы жылы рейтингке әлемнің 100 елінен 2,5 мыңға жуық ЖОО қатысқан болатын.