Көрме деген – әр елдің экономикалық дамуының көзі – Шолпан Қожабаева
Көрме деген – әр елдің экономикалық дамуының көзі – Шолпан Қожабаева
KazAgro, KazFarm сынды үлкен халықаралық ауылшаруашылық көрмелерінің негізін қалаушы һәм ұйымдастырушы, ExpoGroup компаниясының директоры Шолпан Қожабаева негізі неміс тілі пәнінің маманы. 1996 жылдан бері көрме ұйымдастырып келе жатыр, демек 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Алайда, өзі  көрме ұйымдастырушы боламын деп мүлде армандамағанын айтады. Десе де студент кезінен Германияда, Қазақстанда өткен көрмелерде аз-маз ақша табу үшін әрі ана тілін дамытайын деген ниетпен неміс компанияларының стендтеріне барып, “барып кел, шауып кел” секілді жұмыстар атқарғаны бар. Оқу орнын аяқтаған соң, жақындарының бірі «Атакент» деген компания бар. Сен неге сонда барып жұмым істемейсің?» – деп кеңес беріпті.
«Сол «Атакенттен» алғашқы қадамым басталды. Ол жерде 13 жыл еңбек еттім. «Атакент-Экспо»-ға айтар алғысым мол. Альма-матер дейді ғой, тұңғыш рет сонда жүріп шаруамды шираттым. “Келіннің бетін кім ашады, сол ыстық” дейді халқымыз, өзіме ардайым «Атакент» ыстық көрінеді. Сондықтан да ол ұжымға тек алғыс айтқым келеді», – деп ағынан жарылды ол.
 width= Шолпан Қожабаеваның алғашқы басшысы Байдула Үмбетаев: “Егер осы салада жұмыс істеймін десең, қасқыр болуың керек. Қасқыр болмасаң, сені жеп қояды», – дейді екен. Басында оның айтқанын жас маман түсінбейтін. Себебі, қазақ мектебін бітіріп, қазақы тәрбиемен, тағылыммен бой жеткен қыздың бойында ұяңдық басым еді. Сол себептен де біраз қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келген. Мәселен, тәуелсіз ел болсақ та, ол кезде халықаралық істердің бәрі-дерлік тек орыс тілінде шешіліп жататын. Ал Шолпан қарапайым ғана баспасөз хабарламасының не екенін білмейтін. Сол ұжымда жүріп көп нәрсені үйренді, пісіп, жетілді десе де болғандай. Жанна Калыковна есімді маманның қолдау көрсеткенін еш ұмытпайды. Ол жас кадрдың шетелге шығуына септесіп, тәжірибесінің толысуына ықпал еткен.
«Қазір бізде KazAgro, KazFarm сияқты көрмелер қалыптасып үлгерді. Бұларды мен өз қолыммен жасағандықтан, маған сондай ыстық. Енді Қазақстанда сондай бір қауымдастық болу керек, тек Қазақстанға қатысты, агросалаға қатысты қауымдастық. Өзім қазіргі кезде басқа салаларда көрме ұйымдастырып жүрсем де, маған агросала жақын. Өзім қалап тұрамын соны», – деген ойын да білдірді кейіпкеріміз.
 width= Расында, көрме ұйымдастыру жұмыстарының басында көбіне кілең ер кісілер жүреді. Біздің білуімізше, ерге тән істі атқарып жүргендердің бірегейі – Шолпан Қожабаева.  Ал осы бірегей болу үшін ол әлгі ұстазы айтқандай, қасқыр болғанын жасыра алмаймыз. Негізі, арамызда көрменің мән-маңызын түсінбейтіндер баршылық. «Осындай үлкен шараны өткізгеннен не шығады?» деп ойлайтындар ше? Мәселен, Астанада Экспо-2017 көрмесін ұйымдастыруға дайындық кезінде осы жиынға қарсы болып, «Одан да ЭКСПО-ға жұмсалатын қаржыға тұрмысы төмен отбасыларға үй алып берейік немесе халыққа үлестірейік» деген секілді пікір айтқандар көп болғаны есте.
«Көрме дегенді шетелдік қонақтарды шақырып алып, ет асып беріп, иығына шапан жауып, аэропорттан еліне салтанатпен шығарып салатын шара секілді көретіндер бар арамызда. Негізінде олай емес. Мен осы салада сан жылдық тәжірибесі бар адам ретінде айтайын, көрменің де көрмесі бар. Мысалы, Экспо-2017 – әлемдік көрмелердің бірі. Оған әр елдің өкілдері тек өз мемлекетінің жетістіктерін көрсетуге келеді. Мақсаты – сол. Менің айналысып жүргенім осы – халықаралық көрмелерді ұйымдастыру. Олар тек бір саланы ғана қамтиды, сол саланың үздіктерін паш етеді. Негізі, ондай көрмеге өзіне сенімсіз, өнімдерінің сапасы кем компаниялар қатыса алмайды. Өйткені, олар бәсекеге қабілетсіз болғандықтан, өздерін ол жерде ашық көрсете алмайды. Көрмеге тек ең үздіктер келеді. Біз де солардың қатысуына мүдделіміз. Жалпы, көрме – сол саланың айнасы деп білемін», – дейді Шолпан Қожабаева.
 width= Демек, ауыл шаруашылығына қатысты көрме ұйымдастырылса, оған сол саладағы ең үздік жаңалықтар, ең керемет инновациялар шоғырланады.  Саланың мен деген өкілдері сол жерде шетелдің компанияларымен, фермерлерімен тілдесіп, келісіп, меморандумға отыруы мүмкін. Осылайша, тәжірибе алмасып, бизнесін жетілдіре алады. Шолпанның пайымынша, өндіруші көрме арқылы өзінің бәсекелестерін көреді. Оның қолданып жатқан әдіс-тәсілдеріне көз жеткізеді.  Сөйтеді де өзінің бағыт-бағдарының дұрыс-бұрыстығын зерделейді. Яғни, көрме – бәсекелестікті, артық-кем тұсыңды, жетістігің мен кемшілігіңді айшықтайтын орын. Екінші, көрме барысында өндіруші өзінің барымен мақтанады. Ал ондай мақтанатын технологияң жоқ па, бәрібір нарық шыдатпайды. Лақтырады да кетеді. Сол үшін де көрме керек.    width=
«Өкінішке қарай дейміз бе, әйтеуір бұл салада қиындықтар әрдайым кездесіп тұрады. Сырт көзге, мүмкін көрме ұйымдастыру оңай болып көрінетін шығар, бірақ бір көрмені ұйымдастыру үшін біз бір жыл тер төгеміз кейде. Әр ел, әр компания туралы жан-жақты білуге тиіспіз. Онымен қоса, жаңалықтардан құлағдар болуымыз керек. Ол сала ары қарай жүре ма, жүрмей ма, дами ма, дамымай ма? Бұлар да біз үшін маңызды сауал. Сараптай білуіміз қажет. Аналитика жасауымыз керек. Қазір әлем елдерінде соғыс болып жатыр. Сондай қақтығыстардың үлкен ошақтары ретінде Ресей, Украина, Беларусь үшеуін айтуға болады. Үшеуі де ТМД елдеріндегі ең ірі аграрлық мемлекеттер. Қазір олар тоқтап тұр. Бұл енді ең үлкен, ірі тәуекел деп ойлаймын. Одан басқа күнделікті тәуекелдер қаншама!» – деді көрме ұйымдастырушы.
Айта кетейік, 2011-12 жылдары елімізде рекордты деңгейде, 27 млн тоннадан астам астық жиналған-тұғын. Сол тұста оны сақтайтын орын болмаған екен. Сонда Шолпан Қожабаеваның командасы проблеманы шешуге араласып, әлем елдеріндегі астықты сапасын бұзбай сақтайтын, полиэтиленді қоймаларды тартқан. Осылайша елдегі агрошаруашылықтың аяқтан тұруына аз-маз болса да үлес қосқан. Ол өз мемлекетімізге осылай көмектесуде, жыл сайын. Өйткені, көрме арқылы өзгедегі инновацияны тартады, ірі шаруашылықтарымызға соны пайдалануға жәрдемдеседі, сатып алудың, пайдаланудың жолдарын нұсқайды.    width= Кейіпкеріміз дәл қазір дәурені жүріп тұрған KazAgro мен KazFarm көрмелерінің айырмашылықтарына да тоқталды. Бұлардың Қазақстан ауыл шаруашылығана қандай пайда тигізіп жатқанын да әңгімеледі.
«Ең алдымен, Қазақстан – аграрлық ел, осы позицияны біз одан да тереңірек, күштілеп көрсетуіміз керек, - деді ол. – Екінші жағынан, ауылшарушылығымен айналасып жүрген азаматтар 365 күн бойы жұмыстың соңында. Олардың бос уақыттары аз. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатындардың мұрын сіңбіруге уақыттары жоқ. Міне, KazFarm осы мал шаруашылығына арналған, ал KazAgro ауыл шаруашылығы техникаларын – комбайн, трактор сияқты барлық дүниенің басын қосады».
Ол 26 жыл бойы жылдың барлық мезгілінде көрме ұйымдастырып көріпті. Соның ішінде ең ыңғайлы уақыт күз екен, оның ішінде қазан айы. Әлемдік деңгейдегі фермерлердің өзіне күз мезгілі оңтайлы. Ал Шолпанның компаниясы әлемдік реестрде бар. Ол қазан айында барлық шаруалар мен малшылардың аз да болса, уақыттары табылатынын жеткізді. Сол айда олар өздерінің бюджетін есептейді, табысын саралайды, еңбектерінің көрсеткіштерін зерделейді.
«Біз KazFarm-де жасанды ұрықтандырудан бастап стейкке дейінгі бүкіл технология бір арнаға тоғыстырамыз. Небары үш күннің ішінде фермерлер өздеріне керегін алатындай, есептейтіндей жағдай жасауға тиіспіз. Біз осы үдеден шыққанымыздың бір дәлелі, өткен жылы көрмемізге жер беті мемлекеттерінен 33 мың адам қатысты. Ауылшаруашылығы министрлігі слет өткізді, марапаттау рәсімін жасады. Биыл «ҚазАгро» көрмесін 12-14 қазан аралығында Астана қаласындағы экспо ғимаратының кешенінде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Астана - агросалаға өте қолайлы шаһар. Себебі, біздегі астық та, мал шаруашылығының көпшілігі де солтүстік аймақта. Мамандарымыздың да көбісі осы жақта», – деп түсіндірді көрме ұйымдастырушы.
Шындығында, ол білім алған Германия – әлемдік көрмелердің отаны. Мәселен, Ганновер, Франкфурт, Керн, Дюссельдорф шаһарлары талай ірі көрмелердің куәсі болған. Әлі де солай. Әсіресе, Ганновердің тәжірибесі өте қызық, әу баста өзі өте кішкентай қала еді әрі онда зейнеткерлер көп тұратын. Бірақ немістер әдейі сол қалада әлемдік Экспо  көрмесін өткізді. Негізі, бізге де осындай тәжірибе керек-ақ. Қазір онда үлкен, заманауи көрме орталығы бар. Сол орталықта әлемдік көрмелер өтеді. Ал Майндағы Франкфурттың негізгі бюджетінің үш көзі болса, оның бірі – көрме. Сондықтан көрме саласын көпшілік жақсы түсінсе, ең біріншіден үкімет қолдаса, Қазақстан экономикасының бір тірегіне айналатыны сөзсіз еді.
«Біз биыл «ҚазАгро» көрмесінде біраз мәселелерді қозғайын деп отырмыз. Мәселен, әйел затының агросалаға үлесін зерделейміз. Гендерлік теңдік саясаты аясында осындай форумдар өткізетін ойымыз бар. «АгроТренды» деген үлкен форум ұйыдастырудамыз.  Онда тек соңғы жаңалықтар, инновациялар ұсынылады. Соның бәрін жинап, мамандардың пікірін білеміз, солардың назарын аударамыз. Қазірден қызу дайындық жүріп жатыр. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын. Әйтеуір, пайдалы дүниелер жетерлік болады», – деді Шолпан.
Оның пікірінше, әр саланың бір жетістігі болады. Тек агро ғана емес, Шолпанның командасы кітап саласында да көрме ұйымдастырған. Онда әлемнің классикалық шығармаларын бір сөреге тоғыстырды. Одан көлік саласына қатысты көрме өткізді. Көпшілік электро және гибридті мәшинелермен танысты. 2013 жылдан 2016 жылға дейін ЭКСПО-ның алдына қою мақсатымен Mitsubishi Corporation мен ТМД елдерінде болмаған i-MiEV электрокардын ең алғаш елордаға алып келген осы компания еді.
«2017 жылғы ЭКСПО-ның тақырыбы «Болашақ энергиясы» болғаны есімізде.  Біз сол арқылы баламалы энергияны қолдану тәсілдерін меңгеріп, осы салаға қызығушылықты күшейттік. Сол жылы мен Астанаға Tesla-ны алып келдім. Ол кезде оны өзің көріп, қолмен ұстап көруге болатын еді. Көрме орталығының ішінде айдап та көргендер болды.
Агро саласында былтыр агрозауыт ашылды – CLASS деген. Оған біздің де қосқан үйлесіміз бар, ол компанияны кезінде Қазақстанға алып келген мен едім. 1996 жылы бірінше рет қатысты. Өзі алып келген кісі қазір зейнетке шығып кетті, бірақ оның командасы ары қарай жұмыс істеп, зауыт ашты. Оған мен де қуандым, себебі мен де түрткі болдым ғой», – деді Шолпан Қожабаева. Оның командасын жаңалықтың жаршысы деу керек. Олар бұрын-соңды ешкім білмеген техниканы көпшілікке танытады. Ешкім көрмеген дүниені насихаттайды. Сол арқылы экономиканың өсуіне, техниканың дамуына мүмкіндік туғызады. Әр көрменің мақсаты сондай, мүддесі сондай.