Баға Үкіметтің бақылауында

535
0
Бөлісу:

Кеше «Үкімет үйінде» еліміздің бас экономисінің дебюті болды: Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол бермеу мәселелері бойынша жаңа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есебін тыңдады.

Өткен жыл қорытындысында еліміз­дегі қымбатшылық Үкімет күткеннен сәл артық болып шыққаны мәлім: Ұлттық эко­номика министрлігі 2016 жылы ин­фля­ция деңгейі 8,5 пайызды құрағанын жа­риялады. Ал жоспар бойынша бұл көр­сеткіш 6-8 пайыздық дәліз аясынан шық­пауы керек болған. Осыған орай біздің эко­­номикаға жауапты шенеуніктер ЕАЭО-дан ескерту де алыпты: Ұлттық банк­тің мәліметінше, Еуразиялық эко­номикалық комиссияның (ЕЭК) алқасы «Қа­зақстан Республикасында инфляция дең­гейін төмендетуге бағытталған шара­лар бойынша ұсыныстары туралы» ұсы­ным­дар қабылдаған. Данияр Ақышев басқ­аратын ведомство бұл комиссияның мұнысына таңданысын жасырмады. Бұл жерде айта кетер жайт, инфляцияны құ­рық­тауға Ұлттық банк та жауап беретіні мә­лім.
Құжатта одақтың басшылық органы елімізге инфляциялық таргеттеу режимін қол­дануды, ақша-кредит саясатының транс­паренттілігін арттыруды, инфляция бойынша ұлттық нысаналы бағдарға қол жет­кізуді қамтамасыз етуді ұсынады.
«ЕЭК бұл ұсынымдарды Қазақ­стан­ның инфляциясы Еуразиялық эко­но­мика­лық одақ туралы шартта белгіленген жә­не ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ара­сын­дағы осы көрсеткіштің ең төменгі мә­ні ескеріле отырып, айқындалатын ин­фляция деңгейі көрсеткішінің сандық мә­нінен асып кетуіне байланысты әзір­леді. Бұл ретте 2012-2015 жылдары же­ке­ле­ген мүше-мемлекеттердің көрсеткіш­те­рі де экономикалық дамудың ор­нық­тылығын айқындайтын макроэкономикалық көр­сеткіштердің сандық мәндерінен асып кет­­кенінен болатын, бірақ соған қара­мас­тан бұл ЕЭК дайындаған тек екінші құжат бо­лып отыр. Осылайша, Ұсынымдар әзір­леудің орындылығын айқындауда ЕЭК тарапынан іріктеу тәсілінің (выборочный подход) қолданылатынын байқауға бола­ды» дейді ресми ақпараттық хабарында Ұлт­тық банк.
Әрине, қалай болғанда, қымбат­шы­лық­пен күрес пәрменді әрі тиімді жүруге тиіс. Сондықтан Үкімет үйіндегі кеңес ба­рысында Премьер жауапты министрмен бірге, ведомствоаралық жұмыс тобының «халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға­ның өсуіне жол бермеуге қатысты іс-ша­раларын», сондай-ақ өңірлік тұрақ­тан­дыру қорларының жұмысы және сауда орын­дарын отандық азық-түлікпен жет­кілікті түрде қамтамасыз ету мәселелерін тал­қылады. Үкімет жетекшісі Б.Сағын­таев уәкілетті мемлекеттік органдарға бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін қа­жетті шараларды қабылдауды және мо­нополияға қарсы заңдылықтың орын­далуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Ұлттық экономика министрлігінің мә­ліметінше, өткен жылы азық-түлік тауар­ларының бағасы 9,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар бойынша 9,5%-ға, ақылы қыз­меттерде – 6,1%-ға өсті.
Жыл басынан бері, ресми статистика бойынша қымбатшылық шай бағасын 38,9%-ға, жармаларды – 31,3%-ға, жұ­мырт­қаны – 20,3%-ға, нанды – 17,2%-ға, қантты – 17%-ға, кондитерлік өнімдерді – 16,6%-ға, қайта өңделген және кон­сервіленген көкөністерді – 15,8%-ға, кар­топты – 15,6%-ға, құс етін – 13,8%-ға, сал­қындатылған сусындарды – 13,2%-ға, күн­бағыс майын – 11,8%-ға, макарон өнім­дерін – 11,3%-ға, жеміс және көкөніс шы­рындарын – 10,7%-ға қымбаттатып, то­қаш және ұннан дайындалатын өнімдер ба­ғасын – 10,6%-ға өсіріпті.
Министрлік сондай-ақ баға өсімі фар­мацевтикалық өнімдерге 17,7%, кеңсе тауар­лары мен сызу құралдарына – 14,2%, же­ке қолданатын тауарларға – 13%, жу­ғыш және тазалағыш құралдарға – 12,3%, тоқыма бұйымдарына – 11,2%, тұрмыстық аспа­птарға – 11,1%, шыны және қыштан жа­салған өнімдерге – 10,2%-ды құраға­нын хабарлайды.
Қазақстанда автомобильдер 9,2%-ға, киім және аяқ киім – 9%-ға қымбаттаған. Ди­зель отыны 38,2%-ға, баллондағы сұйы­тылған газ – 16,1%-ға шарықтады. Аста­нада мысалға, дизельдің бір литрі қа­зір 177 теңгеге сатылуда.

Сонымен бірге, «Баға денсаулық сақ­тау қызметтеріне 10,1%-ға, жолаушылар көлігінде – 7,2%-ға, мейрамханалар мен қонақүйлердің, сақтандыру, құқықтық қызметтеріне – 7%-ға, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласында – 6,8%-ға, білім беру – 6,6%-ға, шаштараз бен жеке қызмет көрсету орындарында – 5,2%-ға өсті. Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер кәрізге 25,2%-ға, суық суға – 12,2%-ға, қоқыс шығаруға – 11%-ға, орталықтан жылытуға – 8%-ға, ыстық суға – 7,8%-ға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 7,5%-ға, электр энергиясына – 6,1%-ға жоғарылады» деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі.
Ел Үкіметі мақұлдаған, Парламент құптаған ел дамуының базалық сценарий бойынша инфляцияның деңгейі 2017 жылы 6-8% шегінде болуға тиіс, ал 2021 жылға қарай 3-4%-ға дейін төмендейді (2018 жылы 5-7%, 2019 жылы 4-6%) деп болжануда.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматовтың түсіндіруінше, былтырғы жылы инфляция деңгейінің мақсатты дәлізден асып түсуі «ұлттық валютаның айырбас бағамындағы өз­герістердің ішкі бағаларға әсер етуі» есебінен болыпты.
«Ұлттық банк болжағанындай, еліміз қыркүйек айынан кейін жылдық инфляцияның шырқау шегінен өтіп, оны артта қалдырды. Енді оның төмендеу тренді басталды. Өткен жылғы девальвациядан кейінгі инфляцияның шарықтауы толық еңсерілді және егер қосымша есеңгіреулер болмаса, инфляция 2017 жылы 6-8% дәлізінде болады деп сеніммен айтуға болады» дейді
Ғ.Пірматов.
Сарапшылардың байламы да осы арнада тоғысады: «Меніңше, 2017 жылы ин­фляцияның өрге өрлеуі болмайды, ол 6-8% дәлізінде қалады. Өйткені девальвация өз дегенін жасап болды, ал қазақстандықтардың төлем қабілеттілігі төмендеуде. Демек, бағалардың да өсуіне үлкен өріс жоқ. Бұл жағдайда бағасын көп қымбаттатқандардың өнімі өтпей қалады» дейді экономист Айдархан Құсайынов.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*