Адал салық төлеушілер неге мазасызданады?

524
0
Бөлісу:

Кеше Мәжілістегі Үкімет сағаты аясында министр Б.Сұлтанов депутаттар алдында «Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбында есеп берді.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, был­­тыр мемлекет әртүрлі алым-салық­тардан 5 триллион 719,7 миллиард теңге жинауды жоспарлапты. Дегенмен жыл қорытындысында жоспар асыра орындалып, 108,4%-ды құраған және тиі­сінше, қазынаға (мемлекеттік бюджетке) 2016 жылы 6 триллион 198,1 миллиард теңге түскен. Бұл Үкімет жоспарлағаннан жарты триллионға жуық немесе 478,4 млрд теңгеге көп! Қаржы министрінің сен­діруінше, бұл жерде орталық органдар да, жергілікті биліктер де жарады: мы­салы, республикалық бюджет 109,1%-ға (жоспар – 4 трлн 79,9 млрд теңге бол­са, орындалуы 4 трлн 450,8 млрд тең­геге жеткен, 370,9 млрд теңгеге көп), ал жергілікті бюджеттер 106,6%-ға атқа­рылған (жоспар – 1 трлн 639,9 млрд теңге болса, шынында 1 трлн 747,4 млрд теңге түскен, асыра орындау 107,5 млрд теңге).
Бақыт Тұрлыханұлының түсіндіруін­ше, «салықтық және кедендік әкім­ші­лендіруді жақсарту бойынша қабыл­даған шаралар нәтижесінде» түсімдер бойынша болжамды мақсатқа қол жет­кізіліп отыр. Сондай-ақ оның пайым­дауынша, «бақылаудың қажетті деңгейі» мен «өз міндеттемелерін адал орындауы үшін бизнеске қолайлы жағдай жасау» арасындағы теңгерім-балансты қамтамасыз ету де маңызды. Әйтпесе, шектен тыс әрі ұдайы бақылаумен есін шығарса, еркін бұғауласа, бизнес кең құлашты қимылдап, қарқынды жұмыс жасай алмай, жабылып тынады.
Рас, «ревизорлық» тексерулер саны бә­­рібір өте ауқымды болып отыр. Қаржы министрі 2016 жылы бақылау іс-шаралары бөлігінде 10 мың салықтық тексеру жүргізілгенін жария етті. Ол тек­­серулердің нәтижесінде, әдетте са­лық қосымша есептелетін көрінеді. Осы орайда Б.Сұлтанов елімізде жұмыс істеп жатқан барлық салық төлеуші кәсіпорын, компаниялардың небәрі 0,5% ғана бақылаумен қамтылғанын, яғни, тексерістер елеулі азайғанын алға тартты. Салыстырыңыз: 2013 жылы 12,2 мың тек­серу жүргізіліп, 0,9%-ы қамтылған екен.

Министр қызықты бір дерек келтірді:
– 2013 жылы салықтық тексерулер саны 12 242 болды, бұл ретте қосымша есептелген салықтың сомасы бір тексеруге шаққанда 35,4 млн теңге еді. Ал 2016 жылы 10 087 тексеру жүргізілді, бұл ретте аталған көрсеткіш сомасы 54,6 млн теңге болды! Кедендік тексерулер де осыған ұқсас: 2013 жылы 1 385 тексеру жүргізілді, 1 тексеру­ден салықтың түгел есептелген сомасы 11 млн теңгені құрады, 2016 жылы 1 064 тексеру болды, салықтың түгел есептелген сомасы 28,7 млн теңгеге жетті. Яғни, тексерулер саны азайғанымен, салықтың түгел есептелу сомасы 1,8 есеге өсті, – деді Бақыт Сұлтанов.
Осы орайда Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова айыппұл салу тәжірибесі онсыз да күйзелген кәсіпорындарды жарға жығатынын айтты.
– Жасыратыны жоқ, айыппұл салудың зиянды тәжірибесі бақылаушы органдар үшін бюджет кірісін толтырудың бір көзі болып саналады. Бірақ бұл мемлекет пен салық төлеушілердің өзара қарым-қатынасындағы деструктивті механизм екенін ашық айтуымыз керек. 2015 жылы Мемлекеттік кірістер комитеті салған айыппұлдар есебінен республикалық бюджетке түсетін түсімдер сомасы 2014 жылмен салыстырғанда 45 пайызға өскен! Тарата айтсақ, 2014 жылы 2,6 млрд теңге айыппұл алынса, 2015 жылы ол сома 4,8 млрд теңгеге жетіпті. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткеніндей, айыппұлдан көбінесе салық есептеуде шамалы қате жіберген немесе уақытында салық есептілігін тапсыра алмаған адал салық төлеушілер зардап шегеді, – деді Г.Қарағұсова.
Өйткені адал емес фирмалар салықтан бәрібір жалтарып кетеді және төлемеудің жолын табады. Нәтижесінде, жоспар, негізі­нен, адал салық төлеушілерге салынған айып­пұл­­дар есебінен орындалады, бюджетке де қо­­сым­ша есептелген салықтар солардан түседі.
Ол-ол ма, қалаулының мәліметінше, «салық органдарының өздерінің электронды бағдарламаларының тиімсіз жұмыс жасағаны үшін салық төлеушілерді жазалаудың көптеген фактілері» анықталуда.
Алысқа бармай-ақ, бір мысал келтірейік: белгілі бұқаралық ақпарат құралына Мемкірістер комитетінен «сіздерде салық төлеуден жалтарған адал емес салық төлеушілер жұмыс істейді» деген ескерту хат түсіпті. Хатта ешқандай баспанасы да, жері де жоқ журналистің мүлік салығы бойынша қарызының барлығы және ол қарызға өсімақы айыппұлы есептелгені айтылған. Тексере келгенде, салық органдары мұның қате екенін мойындап, өздеріне БТИ («Жылжымайтын мүлік») мекемесі дұрыс ақпарат бермеген деп ақталған.
– Есептелген айыппұлдар Салық кодек­сіне және осы саладағы халықаралық шарттар мен конвенцияларға қайшы келетін жағдайлар аз емес. Бірақ олар айғақ-дәйектемелерді қабылдамайды және істі бірден сотқа жөнелтеді. Неге адал салық төлеушілер салық қызметкерінің сауатсыздығын дәлелдеуге тиіс? Салық төлеушілерге өздерінің ақ, адал екенін дәлелдеу үшін қаншама тауқымет тартып, қилы сынақтардан өтуіне тура келеді. Ал әлгі орган басшылары болса, салық асыра орындалды деп «көркем» көрсеткіштерімен мақтанады. Оған қандай әдістермен қол жеткізілетіні ешкімді де қызықтырмайды, – деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы.
Г.Қарақұсова біз ұмтылып отырған дамыған елдерде айыптылығы әбден дәлелденбейінше, айыппұл салынбайтынын, кінәсіздік презумпциясы қағидаты ұсталатынын еске салды. Оның байламынша, айыппұл салу ең соңғы шара болуы тиіс. «Айыппұл салу – салық органдарының жұмысының тиімсіздігін көрсететін көрсеткіш! Ол салық төлеушілерге конституциялық міндеттерін орындауына көмектесе алмады деген сөз» деді қалаулы. Оның үстіне, Елбасы Н.Назарбаев «салықтан жалтарудан гөрі, салықты төлеу әлдеқайда қолайлы болатын жағдай жасау» міндетін қойған болатын.
Өз кезегінде министр салық және кеден жүйелерінің жаппай автоматтандырылып жатқанын жеткізді. «Бүгінде кедендік рәсімдеу және ол рәсімдерді бақылау про­цестері әртүрлі ақпараттық жүйелерінде шашылып жатқаны мәлім. БҰҰ әзірлеген АСИКУДА халықаралық платформасы базасында «АСТАНА-1» («Автоматизиро­ванная Система Таможенного Адми­нис­три­рования и Налогового Администрирования») ақпараттық жүйесі құрылуда. Онда элек­тронды кедендік декларациялаудың толық циклы болады. Бұл жүйе пилоттық режимде Алматы облысында және Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында қолданылуда» деді ол.
– Автоматтандырудың деңгейі жоғарылап жатса, коррупциялық схемалар фактілеріне қалайша жол берілуде? – деп қайран қалды депутат Ш.Хахазов. – Мемкірістер органдары қызметкерлерінің жалған кәсіпкерлерге жәрдемдесу оқиғалары бой көрсетуде. Кеден органдарының жұмысы да кемелдіктен алыс.
Министр Б.Сұлтанов мұны болдырмау үшін де салық төлеуші мен бақылаушылардың байланысын шектеуге бағытталған алдын алу шаралары жалғасатынын айтты. Мұның сыр­тында кандидаттарды тексеру күшейтіліп, кадр таңдау бағытында жұмыстар жасалмақ екен.
«Әрине, қатарымызды арам қолдылардан тазарту бойынша да нақты жұмыстар қолға алынуда. Өткен жылы қызметкерлерімізге қа­тысты сотқа дейінгі тергеулер саны алдыңғы жыл­ғы 355 деректен 222-ге дейін, яғни 38 пайызға азайды. Оның ішінде 131 іс немесе 59 пайы­зы өзіміздің ішкі қауіпсіздік қызметінің қатысуымен жүрді. Бұл жұмысты жалғас­ты­рамыз» деп уәде етті Бақыт Сұлтанов.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*