Ынтымақтастық жаңа белеске көтерілді

684
0
Бөлісу:

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық рәуіштегі қарым-қатынас 1992 жылдан бастау алады. Сол жылы қазан айында екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнады. Содан бері Қазақстан мен БАӘ түрлі сала бойынша тығыз қарым-қатынасты да, барыс-келісті де арттырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ге жасап отырған осы жолғы сапары да осы ынтымақтастықты күшейте түсті. 

Сапар аясында Қазақстан Прези­дентінің Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекет қайраткерлерімен, іскер топ өкілдерімен бірқатар келіссөздері, сондай-ақ Х Дүниежүзілік «Болашақтың энер­гиясы» саммитінің жұмысына қатысуы жоспарланған еді. Сапардың әлқисасы Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкілдерімен кездесуімен басталды.
Кездесуге Әмірліктердің әлемдік дең­гейде жұмыс жүргізетін жетекші ком­пания­ларының басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серік­тесінің бірі екенін, тәуелсіздік алғалы бері елімізге бұл елден келген тікелей инвес­тиция көлемі 2 миллиард долларға жуық­тағанын айтты.
– Қазақстанда Әмірліктер капита­лының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруа­шылығы, металлургия және энер­гетика салаларын қамтиды. «Мубадала» мемлекеттік инвестициялық компания­сымен тығыз байланыс орнаған, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Астанада жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын «Әбу-Даби Плаза» екіжақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
Бұдан өзге, Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздің экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөліп, озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін алдына қойып отырғанына тоқталды.
– Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда бизнеске барынша жеңілдіктер қарасты­рылып, инвестиция тартуға қолайлы жағ­дай жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан тыс, республикамызда жүргізіліп жатқан бірқатар жүйелі шаралар мен институттық реформаларға тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік жылдары еліміздің эко­номикасына жұмсалған шетелдік тікелей инвестиция 265 миллиард доллардан асады. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-орынға ие болды. Бүгінгі таңда 56 мем­лекеттің азаматтары Қазақстанға ви­засыз келе алады. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға Біріккен Араб Әмірліктері компанияларын белсене қатысуға шақырып, еліміз жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Басымдығы бар салаларда инвестор корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Шетелдік кәсіп­кер­лер­ге қолдау көрсететін Шетелдік инвес­тор­лар кеңесі 19 жылдан бері тиімді жұмыс атқарып келеді, – деді Елбасы.

Бұдан бөлек Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
– Бізді Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Әмірліктердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын, оның аясында жеті жүздей мемлекеттік кәсіпорын саты­лымға шығарылғанын жеткізді.
– Бұл – тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындардың, инфра­құры­лым нысандарының акциялары. Біз Әмірліктер компанияларының осы жеке­ше­лендіру ісіне атсалысуын құптаймыз, – дей келе Мемлекет басшысы «Астана ха­лықаралық қаржы орталығының қызметіне және Әбу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы «ЭКСПО – 2017» халықара­лық көрмесіне тоқталып өтті.
– Қазақстанның Елордасында биыл «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялар қатысады. Әмірліктер – араб мемлекеттері арасынан «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты келіс­сөздер аясында «Астана ЭКСПО – 2017» мен «Бюро ЭКСПО Дубай – 2020» ара­сында ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойылғанын атап өтіп, «жасыл» энергия немесе баламалы және жаңар­тылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін жеткізді.
Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың бәріне алғыс айтып, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен болашағын айқындай алатынына сенім білдірді. Бұдан соң Елбасы Calatrava Grace Corporation компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесті. Кездесу барысында компанияның біздің елімізбен арадағы ұзақ мерзімге арналған ынты­мақтастығының перспективалары тал­қыланды. Атап айтқанда, Мемлекет бас­шысына Астанада іске асыру жоспарланып отырған жобалар таныстырылды. Calatrava Grace Corporation компаниясы жылжы­май­тын мүлік саласындағы жаһандық жоба­ларға өз клиенттерімен бірге әр транзакция үшін 100 млн долларға дейін қаржы бөле алатын мүмкіндігі бар инвестор болып саналады. Бүгінде компания портфолиосы 32 елдегі жалпы көлемі 1,9 млн шаршы метр болатын 340 жобаны қамтиды.

Елбасы БАӘ іскер адамдарымен болған жылы, шырайлы кездесулерден кейін, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Әбу-Дабидің тақ мұрагері сауда-эко­номикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халық­аралық мәселелер де назардан тыс қалмады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қажет­тіліктері үшін Астана қаласында және Әбу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
– Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– «Астана ЭКСПО – 2017» және «ЭКСПО Дубай – 2020» бюросы ара­сындағы өзара түсіністік пен ынтымақ­тастық туралы меморандум;
– Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері сыртқы істер министрлігі арасындағы консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы ме­морандум;
– Қазақстан Республикасы Ин­вес­тициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасындағы Туризм сала­сындағы ынты­мақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агенттігі арасындағы Жолау­шылар мен жүктердің автокөлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің көрмесін аралап көрді. Іс-шара барысында «ЭКСПО – 2017» павильонымен танысты және Х Дүниежүзілік «Болашақтың энер­гиясы» саммитіне қатысты. Мемлекет бас­шысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза техноло­гияларды дамытуға ықпал ету бағытында жү­ріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғанын айтты.
– Сарапшылар оны қазірдің өзінде «таза энергияның дипломатиясы» деп атауда. Бұл, әсіресе, жаңа Климат жөніндегі Париж келі­сі­мі ауқымында жұмыс жүргізіліп жатқан кез­де ерекше маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бүгінде ешбір ел «қазірше дами бер, экологиямен кейін айналысамыз» деген формуламен өмір сүре алмайтынына тоқталып, планетаның энер­ге­тикалық-экологиялық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ететін сценарий қажет екеніне тоқталды.
Сондай-ақ XXI ғасыр энергетика сала­сындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қа­жет екенін айтып, бұл тек энер­гетика сала­сы­ның даму векторын ғана емес, пла­не­та­­мыз­дың алдағы мыңдаған жылдардағы тағ­ды­рын анық­тайтын кезең болуға тиіс еке­нін атап өтті.
– Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға не­гізделген, – деді. Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энер­гетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін жеткізді.
– Бұрын тек дамыған елдердің ғана одан пайда табуға мүмкіндігі бар еді. Олар жаңа энергия саласындағы технологиялар бойынша білім мен техникалық тәжірибе жинақтай алды. Қазір дамушы елдер үшін осы үдеріске қосылуға ең қолайлы уақыт туып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар энергетикалық тренд­тердің көлік саласына да ықпал етіп отыр­ғанына тоқталды.
– Қазіргі таңда электромобильдер кең танылып, қолжетімділікке ие болып келеді. Әлемнің көптеген мегаполистері қоғамдық таза көлікке көшіп жатыр, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысушыларды еліміздің былтыр электромобиль шығаратын өз өндірісін бастағанын және оны келешекте кеңейте түсуге, сондай-ақ электрлі автобустар шығаруды қолға алуға ниетті екенін жеткізді. Қазақстан Президенті жаңартылатын энергия ұраны арқылы әлем елдерінің көбінің басын біріктіре алған Халықаралық жаңартылатын энергия көздері жөніндегі агенттіктің қызметіне тоқталды, сондай-ақ энергияның таза көздерін қаржыландыру ісінде «жасыл» қаржы маңызды рөл атқаруға тиіс екенін айтты.
– «Жасыл» құнды қағаздар нарығы соңғы жылдары шарықтап, 70 миллиард долларға дейін жетті. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 6 есе көп. Аталған бағалы қағаздар жаңартылатын энергетика үшін зор синергетикалық нәтиже бере алады, – деп атап өтті.
Сонымен қатар Елбасы баламалы энергетика мен қоршаған ортаны қорғау ісі ядролық әскери бағдарламалардан бас тартумен байланысты болуға тиіс екенін атап өтті.
– Қазақстан «Әлем. XXI ғасыр» мани­фесінде заманның ең күрделі проблемаларын шешу жолдарына қатысты өз көзқарасын ұсынды. Еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап ядросыз бейбіт қатар өмір сүру жоспарын ілгерілетіп келеді. Біз атом қаруының қуаттылығы жөнінен әлемдегі төртінші арсеналдан бас тарттық, – деді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қа­зақстанның бейбіт атомды қолданудың жақтаушысы екеніне назар аударып, 2015 жылы МАГАТЭ біздің ел аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы шешім қабылдағанын еске салды.
– Банк бейбіт атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мем­лекеттерге арналған. Бүгінде уранға балама ретінде торийді қолдану жайы қызу зерттелуде. Осыған байланысты атом саласының тиімділігі айтарлықтай арта түсуі мүмкін, – екенін ескертті Елбасы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы биыл еліміздің астанасы «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесін өткізетінін, көрме аяқталған соң оның инфрақұрылымы базасында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын да тілге тиек етті.
– Біз Дубай қаржы орталығымен келіссөз жүргіздік. Олардың тәжірибесін Қазақстанда қолдану жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде «ЭКСПО – 2017» көр­месінің база­сында БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл техно­логияларды және ин­вестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсынғанын айтты. «Астана» халық­аралық қаржы орталығы мен Жасыл техно­логияларды дамыту жөніндегі орталықтың бірлескен қызметі аймақтағы «жасыл» құнды қағаздар мен ислам қаржы саласының дамуына серпін беруге тиіс.
Сөз арасында Елбасы таза энергетиканы дамыту саласындағы бастамалар ын­тымақ­тастық үшін берік негіз бола алатынын атап өтті.
– Саммит мемлекеттер мен бизнестің осы саладағы өзара әрекеттестігінің жаңа форма­ларын бастап беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тал­қыланған мәселелер бойынша пайдалы пікірталас өтіп, ұтымды ұсыныстар ай­ты­луына тілектестік білдірді, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылуының 45 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан Президенті мерейтойлық саммит жұмысы аясында болашақтың энергиясы саласындағы Zyed Future Energy Prize халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.
Сыйлық 2008 жылы тағайындалды және Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде, Әбу-Дабидің тұрақты даму аптасы аясында әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның атынан жыл сайын табыс етіледі. Сыйлықты 5 аталым бойынша Біріккен Араб Әмірліктері бас­шылығының қатысуымен шет мемлекеттер басшыларының бірі табыстайды. Биыл мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Аднан Әминмен кездесті. Әңгіме барысында ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы IRENA агенттігінің көптеген елдің жаңартылатын энергетика саласындағы күшін жұмылдырушы ретіндегі рөлін атап өтті.
Тараптар серіктестік қарым-қа­ты­настардың табысты дами беретініне сенім білдірді. Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік 2009 жылы қаңтарда құрылды. Қазіргі уақытта оның жарғысына барлық континенттің 140-тан астам елі қол қойған. Бұдан соң, Қазақстан Президенті Abu Dhabi Global Market еркін қаржы аймағын аралап көрді. Мемлекет басшысы ха­лықаралық қаржы аймағының қызметімен және даму перспективаларымен танысты.
Іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Abu Dhabi Global Market көптеген жергілікті және шетелдік қаржы ұйымдары жұмыс жүргізетін халықаралық қаржы орталығы болып саналады. ADGM аумағында жалпы ағылшын құқығы мен ағылшын тілі қолданылады.
Темірлан БАЯЗИТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*