Қазақстан – Бейбітшілік пен қауіпсіздіктің кепілі

471
0
Бөлісу:

Қазақстанның Орта Азия аймағында жатқан елдердің ішіндегі ең беделді мемлекет екенін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануынан көруге болады. Демек, елімізге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Оны абыройлы атқара білу бізге міндет.

Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше­лігіне сайлануына байланысты Үндеуінде жеріне жеткізе айтты. Үндеуде Елбасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше бола отырып, атқарат­ын жұмыстарын нақтылап берді. «Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақ­станның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Бұл халықаралық қаты­настардағы күрделі кезең болмақ. Оны бүгінгі күн ахуалына қарап-ақ көруге болады. Дүние созыл­малы жанжалдармен қатар, қауіп­сіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Біз жаһан­дық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз.Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық. Нақ сондықтан Қазақ­стан болашақ қазіргіден де сенім­дірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пай­даланып қалуға ұмтылатын бо­лады. Біз жаһандық қоғамдастық­тың назарын бұған дейінгі кө­кей­кесті бастамаларымызға аудару ниетіндеміз. Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған. Қазақстан осы ізгілікті мақсаттарына БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толатын 2045 жылға қарай қол жеткізу үшін жұмыс істейтін болады. Біз менің БҰҰ-ның 2015 жылы өткен Бас ассамблеясының 70-сессиясында жариялаған терроризмге қарсы бастамамды ілгерілетумен айна­лысамыз. Қазақстан, сондай-ақ су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге серпін беретін болады. Осының барлығы әркімге де қатысы бар толғақты мәселелер. Қазіргі за­манғы шетін проблемаларды ше­шуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен және өңір­лермен қарым-қатынаста­ры­мызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан хал­қының лайықты табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші» деген еді Президент. Бұл Елба­сымыздың Қазақстанның алдағы уақытта атқарар міндеттерін ай­қындап бергені. Ал Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне арналған саяси Үндеуінде тағыда жеті мәселені қозғады. Соның бірі жаһандағы текетірес­тер мәселесін шешу. Елбасының айтуынша, Қазақстанның Қауіп­сіздік кеңесіндегі күш-жігері жа­һандық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестің дәрежесін азайту арқылы жаһандық соғыс­тың алдын алу және оны толайым жою үшін барлық жағдайларды жасауға бағытталмақ. Қысқасы, Бейбітшілікке жету және мемле­кеттер арасындағы проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың XXI ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі.Бұл жөнінде Елбасы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде тілге тиек етіп, оның жолдарын көрсетіп берген. Қазақстан БҰҰ бітімгер­шілік жүйесін одан әрі жетілдіруді қолдап, БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларын­дағы бақылаушылары мен бітім­гер­лердің санын ұлғайтуға ниетті. Демек, Кеңес аясында жүргізілетін жұмыста Қазақстан, Палестина-Израиль арасындағы қарсылықты, Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, ТМД кеңістігіндегі қақтығыстарды бейбіт түрде шешуге, Корея тү­бегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағдарыс­тарды шешуге қолдан келгенше үлес қоспақ. Демек, Жаңа жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұ­мысқа кіріскен еліміз әлемдегі талай ірі оқиғаларға араласып, қажет жерінде бағыт-бағдар беріп һәм араағайындық қызмет атқар­мақшы. Бір сөзбен айтқанда, Қа­зақстан Бейбітшілік пен қауіпсіз­діктің кепілі болмақшы.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*