Қазақ киносына заңнамалық база қажет

492
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов ұлттық кино өндірісінің басты жетістіктерін атай келе, назар аударатын түйткілді мәселелерге де тоқталды.

Бұл – елімізде тұңғыш рет әзірленіп отыр­ған «Киноматография туралы» заң жобасын қабылдау. Ол наурыз айында Үкi­мет қарауына ұсынылып, мамырда Пар­ла­ментте қаралады деп жоспарланып отыр.
Екінші мәселе – отандық кине­ма­тог­рафияны 2050 жылға дейінгі дамыту тұ­жы­рым­дамасының жобасын дайындау. Құжат осы саланың дамуындағы негізгі тәсілдерді құ­қықтық тұрғыда бекітуге бағытталған.
– Біздің негізгі міндетіміз – Қазақ­стан­ның ерекше тарихи мұраларын, өзіндік мә­дениеті мен дәстүрін, біздің жетістік­те­рі­мізді әлемдік деңгейде көрсету, қазақ­стан­дық тарихи тұлғаларды таныту. Біз не­гізінен фильмді ішкі аудиторияға арнап тү­сі­реміз. Әлемдік үрдіс бойынша кино кар­тиналар өз тарихы мен мәдениетін са­палы түрде дүниежүзіне танытуға бағыт­тала­ды, – деді ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұл орайда, нарықта сұранысқа ие әрі ма­териалдық және материалдық емес та­быс әкелетін отандық фильмдер түсірілуде. Оның ішінде отандық және шетелдік кино ай­налымында танымал «28 панфиловшы» филь­мі, «Елбасы жолы» киноэпопеясының бе­сін­ші фильмі бар. Ұлттық кино айна­лы­мындағы алғашқы бестікке Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасы да енді.
Астанада өткен отандық және француз ки­но мамандарының кездесуінде шетелдік ки­но сарапшылары өз қызықты пікірлерін білдірді.
Танымал француз кино сарапшысы, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ки­нематографиясы бойынша Юнифранс жетекші маманы Жоэль Шапрон француз ки­носының сәтті дамуына қаржылан­дыру­дың жаңа механизмдері мен қағидаларын құру айтарлықтай ықпал етті деп санайды.
– Бүгінде Францияның мәдениет ми­нистр­лігі ешқандай отандық киноны қар­жыландырмайды. Біз мемлекеттік бюд­жет­ке параллельді жұмыс жасаймыз. Біз әр­түрлі кино түсіріп, оларды шетелге шы­ғаруға тыры­самыз, – дейді ол.
Жоэль Шапронның айтуынша, қазақ ки­носына қолдау қажет, атап айтқанда, ки­но өндірісі саласында салықтық жеңіл­дік­тер қарастыру маңызды.
– Қандай фильм түсіру және көрер­мен­ге не көрсету қажет, оны шенеуніктер емес, кәсіби мамандар шешуі тиіс. Бұл орайда, сіз­дің министрліктің киноматография ұйым­дарының қызметін заңнамалық бөлу әре­кетін қолдауға болады, – деп атап өтті Жоэль Шапрон.
Өңірлердегі және елді мекендерде мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кино көрсету желісін кеңейту маңызды мә­селе ретінде сақталып отыр. Бұл ретте, ки­но өндірісі мен айналым үрдісінің бар­лық қатысушының жаңа іс-қимыл фор­ма­сын құру қажет.
Айта кетейік, Қазақстанда қызмет ете­тін 35 киноөндіріс ұйымы жылына 250 ки­но картина шығарады, оның ішінде те­ле­визиялық және жеке жобалар да бар. Жал­пы, кинопрокат көлеміндегі отандық фи­льмдердің үлесі 6%. Кинокөрсетілімді 93 кинотеатр, 247 кинозал және 368 жыл­жы­малы және стационарлы киноқондырғы қам­тамасыз етеді. Соңғы үш жылда ҚР Мә­дениет және спорт министрлігінің ұлт­тық фильмдер өндірісі аясында 100-ден аса фи­льм шығарылды. Қазіргі уақытта 40 кар­тина түсірілу үстінде.

Бөлісу:

Пікір жазу


*