ҚАЙТА ҚҰРЫЛҒАН КОМИТЕТТЕН НЕ КҮТЕМІЗ?

1306
0
Бөлісу:

Елімізде Көші-қон қызметі комитеті қайта құрылды. Елбасы қаулысымен Ішкі істер министрлігі құрамында құрылған комитет оралмандар квотасы мен шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны реттейтін болады. Бұл комитет бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрамында болғаны белгілі.
Айтқандай, осы жылдың сәуір айының 1-iне дейін 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі жоспарда тұр. Бұған дейін мұндай тұжырымдаманың болғаны рас. Оның мерзімі 2015 жылы аяқталған еді.
Жаңадан құрылған Көші-қон комитеті бұл салада қордаланып қалған мәселелерді шеше ала ма? Көші-қон саясатын қайта қарастыруда нені ұмытпаған абзал? Бұл орайда осы мәселенің айналасында жүрген мамандар не дейді?

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор:

Комитет ішкі көші-қон мәселесімен де айналысуы тиіс
– Елбасының жарлығымен Ішкі істер министрлігіне қарайтын Көші-қон ко­митеті құрылды. Бұл комитет бұрын да болып, жұмыс атқарған еді. Бірақ ол кезде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрамында болған. Дегенмен өмірдің өзі аталған комитеттің Ішкі істер министрлігіне қарасты болуы керектігін көрсетті деуге болады. Өйткені Көші-қон комитеті тек сыртқы ғана емес, ішкі көшу-қону мәселелерімен де ай­на­лысуы тиіс. Мәселен, осы күнге дейін нақ­ты қанша адам Астана, Алматы сияқты ірі мегаполистерде мерзімдік жұмыстарда істеп жүргенін анықтап көрсететін ста­ти­с­ти­ка жоқ. Ішкі көші-қон туралы айтып отырғаным да сондықтан. Енді бұл комитет осы мәселелерді назарға алуы тиіс. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, халық арасында дау тудырып отырған уақытша тіркеу мә­селесі. Құзырлы органдардың түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізбей, ақпарат таратпауынан мұндай түйткілге тап болып отырмыз. Заң бойынша, бұрын үш ай өткен соң барып уақытша тіркеуге тұру керек болатын. Ал жаңа заңға сәйкес,
ол мерзім бір ай деп көрсетілді. Жоғарыда айтып өт­кен статистика болмағандықтан, ажиотаж туын­дады. Кейбір ресми емес мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 3,5 млн адам жұмыс ба­бымен көшіп-қонып жүреді екен. Бұл ақпараттың қаншалықты негізі барын да біл­мейміз. Сондықтан уақытша тіркеу ар­қылы осындай деректерге қол жеткізуге бо­лады. Комитет осыны реттеп отыруы ке­рек. Үшіншіден, сыртқы көші-қон мә­се­лесі. Сырттағы қандастарымыздың келуі 2012 жылдан кейін ептеп азайды. Әсіресе, Қытайдан келетіндер бұрынғыдай көп емес. Осыған қатысты үлкен мәселе бар. Егер қандастарымыз Қытайдан келетін бол­са, міндетті түрде сотталмағаны туралы анық­тама әкелуі керек. Ал ол құжатты Қы­тайдан алу оңай емес. Олар сотталғандарды онсыз да сыртқа жібермейді. Осы жағынан келгенде, қандастарымыздың елге қайта оралуы қиынға соғып отыр. Жаңадан құрылған комитет осы мәселені назарға алып, жұмыс жүргізсе дейміз. Өркениетті ел­дердің көбінде Көші-қон комитеті Үкі­метке немесе тиісті құзырлы орындарға ба­ғы­нады. Әрі экстремизм мәселесі де осы арқ­ылы қолға алынуы керек. Елбасының бұл Жарлығын толықтай дұрыс деп есеп­тей­мін.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Оралман көшіне айрықша назар аударылса…
– Әрине, Көші-қон жөнінде жеке комитеттің құрылғанына бәріміз де қуаныштымыз. Еліміздің бүгіні мен болашағы үшін бұл мекеменің орны мен маңызы ерекше. Өйткені бүгінгі таңда көші-қон – бүкіл әлем бойынша ең күрделі мәселелердің бірі. Тіпті Еуропаның ең мықты мемлекеттерінің өздері де бұл жөнінен түрлі қиындықтарға душар болуда. Мұндай жағдайдың болашақта Қазақстанда да орын алмауын қазірден бастап ойластыра бергеніміз дұрыс. Көші-қон жөнінде жеке комитеттің құрылуы – осы бағыттағы қолға алынған нақты істердің бірі. Сондықтан да бұл комитеттің жұмысынан алдағы уақытта үлкен үміт күтеміз. Соған орай бір-екі ұсыныс-тілек те білдіре кеткіміз келеді.
Ең алдымен айтарымыз, соңғы он бес-жиырма жылда еліміздегі көші-қон мекемесінің аты да, мәртебесі де, құрылымы да сан рет өзгерді; бірнеше министрліктерге де қосылды; өз алдына жеке агенттік те, комитет те болып көрді. Осы жағдайға орай, көші-қон жөніндегі заң мен ереже-тәртіптер де талаптар да әлденеше рет өзгеріп, қайта жасалды. Мұның бәрі көші-қон жұмысында түрлі қиындықтар тудырды. Этникалық көші-қонның, яғни, оралмандар көшінің соңғы уақытта біраз азаюына бұл жағдай белгілі бір дәрежеде әсер етті. Сондықтан да дүниеге жаңадан, дәлірек айтқанда, қайтадан келген Көші-қон комитеті бұдан кейін ешқандай өзгеріске ұшырамай, осы қалпында барынша ұзақ қызмет атқарса дейміз.
Бұл ретте және бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Бүгінгі заманда көші-қон жұмыстарымен тек Қазақстан ғана емес, дүниежүзінің біраз мемлекеттері айналысады. Олардың арасында бұл жөнінен бізге ең жақыны – Германия, Израиль және Польша. Бұл мемлекеттер көші-қонды ең алдымен, сырт жерлердегі өз қандастарын атажұртқа көбірек әкелу үшін пайдаланады. Бұл жұмыстарды бір жүйеге түскен нақты әрі қатаң ереже-тәртіптерге сүйеніп жүзеге асырады. Жаңадан құрылған комитетте осы мемлекеттердің көші-қон саласындағы іс-тәжірибелерін айрықша назарға алып, тиімді пайдалана білсе, дұрыс болар еді. Өйткені бізде соңғы уақытта босқындар көші-қоны, еңбек көші-қоны және ішкі көші-қон алға шығып, этникалық көші-қон олардың көлеңкесінде қалуға бейімделген сыңайлы. Бұл –ойландыратын жағдай. Жер көлемі ұшан-теңіз кең, ал тұрғын халқының саны онымен салыстырғанда әлдеқайда аз Қазақстан үшін этникалық көші-қонның маңызы айрықша. Нақтырақ айтқанда, бұл – еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар мәселе. Өйткені кең-байтақ жерімізді өз халқымызбен тезірек толтырмасақ, күндердің күні алыс-жақыннан заңды-заңсыз мигранттардың қаптап келе бастауы әбден мүмкін. Бұл да – бүгінгі таңда дүниенің біраз мемлекеттері бастан кешіріп отырған жағдай. Біз осы жағдайдың алдын алуға да қазірден бастап қам жасауымыз керек. Сондықтан Көші-қон комитеті оралмандар көшіне айрықша назар аударып, барынша жанашырлық жасауы қажет. Бұл жанашырлық әншейін сөз жүзінде емес, нақты іспен, дәлірек айтқанда, айқын, анық жасалған ереже-тәртіптермен жүзеге асуға тиіс. Ол ереже-тәртіптерді көші-қон мекемелерінің қызметкерлері де, алыс-жақыннан атажұртқа қоныс аударған ағайындар да бұлжытпай орындаулары керек. Осыған орай төмендегідей және бір мәселеге де тоқтала кеткіміз келеді.
Бүкіл әлемде көші-қон жұмысымен, негізінен, мемлекеттік мекемелер айналысады. Біздің Қазақстанда да сырт жерлердегі ағайындарды көшіріп әкелу, қажет құжаттарын дайындап, реттеп беру, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты жұмыстармен мемлекеттік мекемелер айналысуға тиіс. Бұл міндеттер тиісті заңдармен, басқа да құжаттармен ресми түрде бекітіліп, көрсетілген. Ол заң-ережелерді бұзуға, соған орай мемлекеттік мекемелердің көші-қон саласындағы жұмыстарына көлденеңнен килігіп, араласуға ешкімнің құқы жоқ.
Жалпы, бұл – тек көші-қонға ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің кез келген саласына ортақ шарт-талап. Өкінішке қарай, кейде осы мәселе ескерілмейді. Мысалы, қазір «Көші-қон жұмысымен біз айналысамыз, оралман мәселесін біз шешеміз» дейтін түрлі заңды тұлғалар мен жеке кісілер біршама көбейген. Бірақ олардың арасында алыстан келген ағайындарға көші-қонға қатысты заң-ережелерді дұрыс түсіндіріп, нақты, айқын жол көрсететіндер өте сирек. Керісінше, бұл заң-ережелерге мүлдем сәйкес келмейтін әңгімелер айтып, орынсыз талап қоятындар жиі кездеседі. Мысалы, атажұртқа келіп, Қазақстан азаматтығын әлдеқашан алғандарды да арада пәлен жыл өтсе де әлі күнге «оралман» деп есептейтін қате түсінік осыдан туады. Тарихи отанына келген ағайындардың кейде неше түрлі қиындықтарға кездесіп, әуре-сарсаңға түсуінің де басты бір себебі, міне, осында жатыр.
Жаңадан құрылған Көші-қон комитеті алдағы уақытта осы мәселеге де айрықша назар аударуы қажет. Яғни, бұл мекеме Қазақстанда көші-қон жұмыстарымен мемлекеттік мекемелердің айналысатынын және бұл саладағы заңдар мен ереже-тәртіптердің бұлжытпай орындалуы тиіс екендігін негізге ала отырып, жалпы жұртшылыққа, оның ішінде, әсіресе, оралман ағайындарға бұл заңдар мен ереже-тәртіптерді барынша кең түрде жан-жақты түсіндіріп, насихаттап отыруды тұрақты жүзеге асырса дейміз.


Ауыт МҰҚИБЕК, ақын:

Көші-қон – ұлт Көш­басшысы­ның ұлы саясаты
– Мемлекет басшысының Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті құрылатын болды.
Өз басым бұл жаңалықты қуана-қуана қабылдадым.
Себебі, көші-қон – ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін алмай жатып, Қаулы шығартып жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты! Міне, соңғы 2015 жылы 24 қарашада қайталай өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Елбасы қол қойған «Халықтың көші-қоны туралы» заңында шеттен келетін қандастарымыздың атажұртына тұрақтап қалуы үшін көп жеңілдіктер жасалған және ішкі көші-қон үшін де тиімділіктер молынан қарастырылған. Сондай-ақ Үкімет Қаулы шығарып, солтүстіктегі 7 облысты шеттен келген қандастарымыз, 3 облысты халқы тығыз орналасқан жерлердің тұрғындары қоныстанатын арнайы өңір етіп тағы белгілеп қойды. Шеттегі этникалық қазақ жастары мен балаларының елімізден білім алу жағы да заңмен қамтамасыз етілген.
Демек, осыдан-ақ көші-қон саясатының тарихи және стратегиялық маңызының зор екенін бағамдауға болады.
Көшіп келген ағайынның бірінші болып ат байлайтын қазығы – Ішкі істер министрлігі. Ағайындардың құжаттануы осы жерге тіркеуге тұрудан басталады.
Жоғарыда айтқан заң жобасының оң өзгерістері соңғы жылдары қарқыны бәсеңдеп қалған көшті қайта жандандырды. Өткен 2016 жылы 30 мыңға таяу қандасымыз оралды. Биыл бұл сан екі-үш есе арта түсуі мүмкін. Сол үшін Көші-қон департаментінің Көші-қон қызметі комитеті болып құрылғаны дұрыс болды.
Осы жерде бір түйінді айта кеткен дұрыс, Қытайдан келетін қандастарымыздан тұрақты тіркеуде тұратын кезде талап етілетін сотталмағаны туралы дәлелдейтін «анықтама» мәселесі шешілуі керек! Қытай үкіметі сотталған азаматтарын шетелге шығармайды. Ол заңмен бекітілген.


Алмас АХМЕТБЕК,ақын:

Шетелдегі қазақтардың елге оралу құқы айқындалса дейміз
– Көші-қон туралы заңның қабылданғанына 20 жылдай уақыт болды. Ол қазақ тіліндегі алғашқы заң ретінде де, қазақтың ұлттық тұтастығын білдіретін заң ретінде де құнды. 1997 жылы қабылданған тұста біз жұмысшы тобында болғанбыз. Ең алдымен, тұжырымдамада шетелдегі қазақтардың елге оралу құқы мен оның оралғаннан кейінгі мәртебесі айқындалуы керек. Біздің кейінгі заңдарымыздың барлығында осы мәселеге тиісті мән беріліп жүрген жоқ. Елбасымыз «Біз шетелдегі қазақтарды елге оралту арқылы тарихи әділет орнатуды дұрыс көрдік» деп айтқан болатын. Тәуелсіздік алғанымызға 15 күн болған кезде-ақ Мемлекет басшысы шетелдегі қазақтар туралы Үндеу жолдады. Миллионға жуық қазақ қайта оралады дегенімізге де бес жыл болды. Мәселен, менің өз жұртым, нағашы, қайын жұртымды қосқанда шамамен 200-ге жуық адам қайта оралды. Солар келген соң санап отырсам, бүгінде саны 400 болып отыр екен. 2000 жылдары Отанға оралу мәселесі бір жаққа қойылып, оралушылар мәртебесі айқындалып қалған болатын. Кейінгі кезде бұған қатысты түсінік теріс бағыт алып кетті. Мәселен, 190 қазақты «Қазақстанда жүріп-тұру заңын бұздың» деп бес жылға дейін елге кіргізбейтіндей етіп, сот шешімімен шығарып жіберген. Шетелден келгендер визасыз 1 ай жүре алады. Ол уақыт өткен соң елден кетуі керек. Бірақ ол шетелдіктерге қаратылған мәселе болуы тиіс. Жоғарыда елден шығарып жібергендерді осы себепті елден қуған. Бұл дегеніміз – «шетелдегі қазақтың мәртебесін жөнді айқындамады» дегенді білдіреді. Олар шет жақтан қайта келген адам емес, тарихи отанына оралушы, әділеттікті қалпына келтіруші тұлға ретінде қарастырылуы тиіс. Олар отыз күннен кейін де елде қала алатындай болғаны жөн. Менің айтқым келетіні, шетелдегі қандастарымыздың елде тұру құқын қалпына келтіру керек. Осыны реттемей, еш мәселе шешілмейді. Қазір билікті полицияның қолына табыстап отыр. Олар – заң орындаушылар, көрсеткіш жасаушылар ғана. Бұл полиция алдына келген қазақты ешқашан «бұл қазақ екен, Қытайда тұрғанымен, елде қалуы керек» деп қарамайды. 2000 жылдардың басында Алматы облысы Көші-қон полициясын басқарған Сәрсен Көкебаев деген азамат бар еді. Ол бірде-бір қазаққа айыппұл салдырмаған екен. Визалары өтіп кетіп, елде артығырақ жүріп қойса да, аймақтағы бөлімшелерінің барлығына «айыппұл салмаңдар» деп ескертіп, ауызша ғана ескерту жасайды екен. Негізі алғашқы заңда бұлардың барлығы бар болатын. Тек жөнді орындалмай жүргені болмаса. Айтайын дегенім, қосымша құқықтар қарастырылып, мәртебесі айқындалуы керек. Қым-қуыт мәселелердің кесірінен іс алға баспай келеді.

Түйін:

Біріншіден, Көші-қон қызметі комитетінің қайта құрылғаны қуантады. Екіншіден, жаңа құрылған комитет бүгінге дейін көші-қон саласында қордаланған мәселелердің шешімін табуға тиіс. Елімізде көші-қон жұмысымен мемлекеттік мекеме айналысуы тиіс екенін уақыт айқындап берді. Сол себепті де, ішкі миграцияны реттеуде де, сырттан келген қандастарымызға да заңдар мен ереже-тәртіптерді барынша кең түрде түсіндіру шарт болуы тиіс. Дұрыс насихат болмаған жерде, мәселе күрделене түседі. Мәселені ұтымды шешудің жолы – көші-қон саласына қатысты тиімді ұсыныстар мен талап-тілектерді ескеру.

 

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ,
Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*