Дабыл белгісі далада қалдырмай ма?

1657
0
Бөлісу:

Соңғы кездері қозғалып жатқан әңгіменің бірі де бірегейі автокөліктерге дабыл беру құралын орнатуға байланысты болып тұр. Ғарыштық қадағалау жүйесінің пайдасын айтушылар көп. Бұл мәселені қозғаушылардың сөзіне қарағанда, бұл Қазақстан жағдайында өте қажетті құрал. Біріншіден – еліміздің аумағы өте үлкен. Шалғайда жол апатына ұшырағанда немесе қыста далада қалған жағдайда сол жерге жол полициясының, жедел жәрдемнің шұғыл жетуіне ғарыштық байланыс құралының септігі тимек. Қазақстан автобизнес қауымдастығының басшылары жаңалықтың жағымды тұсын айтып, мұның көлік бағасына еш әсер етпейтіндігін де құлаққағыс жасады. «Мемлекеттер арасындағы Кедендік одақтың 2011 жылғы техрагламентіне сай 2015 жылы қаңтар айынан бастап күшіне енген ережелеріне сәйкес биылдан бастап мендетті түрде ғарыштық навигация жүйесін орнату міндетті болып саналады. Ғарыштық маниторинг жасау жүйесін жаңа көліктерге орнатуды өндірушілер өз қолына алады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ал, бағасы шамамен 100 мың теңге тұрады», – дейді қауымдастық мамандары.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев осыған байланысты білдірген пікіріне қарағанда, бірыңғай жүйе тосын оқиға кезінде жедел қимылдау үшін аса қажет. Алайда мұнымен келіспейтіндер де баршылық. Бұл туралы 365info.kz порталының редакторы Айдын Олжаев былай дейді:
-«1 қаңтардан бастап кеден одағының аумағына ресейлік «Эра-Глонасс» жүйесі немесе оның қазақстандық баламасы орнатылмаған автокөліктер кіре алмайды дегенді естідік. Заң қабылданса, бұл әлдебіреулерге керек деген сөз шығар. Бірақ қарапайым қазаққа керегі шамалы. «Автокөлікте болуы міндетті» делінген SOS кнопкасы көлік жүргізетін қазақтар үшін түк пайдасыз. Өйткені қазақтың бәрінде тамыр-таныс бар, қиын жағдайға тап болса, қалтасында телефон, таныс «гаишнигі» де, басқасы да табылады.
Білуімше, бұл заң талабы ел аумағына, біздің «одаққа» кіретін жаңа көліктерге ғана қатысты. Қазақстандық салондарда онсыз да өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатылатын жаңа көліктер енді одан сайын қымбаттайды. Байқасаңыз, қазақстандықтар үшін жаңа көлік сатып алу бақыты жыл өткен сайын қымбатқа түсіп барады. Қазақстанда алғаш рет тіркеу кезінде де шытырлатып ақша төлеуіңіз керек. Қысқасы, жаңа көлік міну үшін бай адам болуыңыз, не жақсылап тұрып несиеге ұрынуыңыз керек.
Жалпы, мен жұртқа жаңа көлік алу үшін салондарға жүгіре жөнелмеуге кеңес берер едім.
Қазір жаппай несиеге алып жатқан «Тойота» мен «Ниссан», басқа да бірталай маркалар Ресейде жасалады. Көлікті жасап жатып, оған өздерінің «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесін орната салу оларға қиын емес. Ресейдің бұл заңды кедендік одақтағы өз автокөлігін өткізетін үлкен нарығына бәсекелестерді жібермеу үшін қабылданғаны кез келген түсінікті ғой. Батыс әлемін білмеймін, бірақ біз жақтағы әлемдегі барша адамның санасын қауіпсіздік пен тәртіпке деген ұмтылыс емес, ақша билейді. «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесімен қатар, қазақстандық ЭВАК жүйесі де болуы мүмкін. Ал, ЭВАК-тың болашақ қожайыны кім болатынын білмейміз, бірақ ол кісіні болашақ майшелпегімен құттықтап қоюға болады».
Әрине, бұл жеке адамның пікірі делік. Алайда кейбіреулер ғарыштық байланыс дамыған бүгінгі уақытта көліктерге дабыл беретін құралды орнатудың жөні жоқтығын ескертіп отыр. Әрі дабыл беретін құралдың құны қымбат.
ГЛОНАСС GPS навигациясын мақтаушылар көп. Өкінішке қарай, олар – сол құралды жасаушылар мен жарнама берушілер. «Ақшаңыз бен уақытты үнемдейді» деген құралдың Ресейде қаншалықты пайдасы тиіп жатқанын жазып жатқан ешкім жоқ.
Ресейде GPS-навигациясы негізінде «Геоцентр-Консалтинг» компаниясы көптеген карталар жасаған. Онда жол бойында нақтыланған нүктелер, мекен жайлар мен басқа да нысандар анық көрсетілген. Осындай қажеттіліктер бізде бар ма?
Әрине тегін жатқан дүние жоқ. Оны да ұялы телефон секілді ақша салу арқылы ғана жұмыс істетеміз бе, әлде «қоңырау» тегін бе? Күнделікті жедел жәрдем немесе полиция шақырудың өзі қиын уақытта тосын апатты тиісті орындар қалай тіркейді?
GPS General Positioning System ғарыштық жүйесі жиі ауызға алынады. Ол 24 спутникпен байланыс орнатқан. Ондағы біріңғай жүйе әлемнің кез келген нүктесінен санаулы секундта хабар береді. Автоөнеркәсіп дамыған XXI ғасырыдың басында темір тұлпарларға GPS орнату шұғыл қолға алынды. Осының пайдасын көріп жатқан жұрт баршылық. Мәселен BMW, Audi, Mercedes көліктеріндегі қосымша құрал – ғарыштық навигаторлар қарапайым халық үшін тиімді болған сыңайлы. Әрине бұл темірдей тәртіп орныққан елдердегі жағдай.
Бізде ше? Ең алдымен айтарымыз, түсіндіру жұмыстары жүргізілгені дұрыс.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*