Қазақтың аяғы Антарктидаға жетті

881
0
Бөлісу:

Қазақстан болашақта Антарктидада ғылыми-зерттеу стансасын ашуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Қазақ географиялық қоғамы төралқасының төрағасы Т.Тастанбеков мәлім етті. Бұл брифинг Антарктидаға барып қайтқан «Тәуелсіздік полюсі» атты қазақстандық экспедицияға арналды.

БҰҰ ешбір мемле­кеттің аумағына және меншігіне кірмейді деп жариялаған осынау мұз құрлы­ғына әр ел қызығу­шылық білдіріп отыр. Мәселен, дүниенің төрт бұры­шынан жиыл­ған ғалымдар онда мұзға бұрғы сала зерттеу арқылы жер шарын­дағы климаттың өзгерісін бақы­лайды. Ғылыми мүдде сыртында, зерттеушілер ықыласының «ресурстық астары» да бар: Ан­тарк­тида астында орасан зор пайдалы қазба байлық тұнып жатыр деп саналады. Оның үс­тіндегі мұздары планетамыздағы тұщы су қорының 80%-ын құ­райды. Болашақта осы ресурстар тапшылыққа айналғанда, адамзат «оңтүстік материкті» де бөліске салады деген тұжырымдар бар. Сонда Мәңгілік ел құрушы қазақ халқы да өз үлесінен құр қалмауы керек.
Төлеген Тастанбековтың ай­туын­ша, жалғыз Қазақ геогра­фия­лық қоғамының ғылыми станса ашуға күші жетпейді, мемлекеттік қолдау керек. Әрине, ондай бюд­жетте бекітілмеген. Әйтсе де, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, алғашқы қадамдар жасалуда екен. Әзірше, біздің бір топ альпинистер ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Антаркти­даның ең жоғарғы нүктесіне – Винсон шыңына (4 892 метр) Қазақстанның көк туын қадап, барлап қайтты.
Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы секторының меңге­ру­шісі Нәзипа Шанаи біздің байырғы ата -бабаларымыздың да жерұйық іздеп, әлемнің әр атыра­бына барғанын еске салды: «2016 жылғы жазда Норвегияның ғы­лы­ми қоға­мы Қазақстанға келіп, норвегтердің қазақтармен қаны бір, геномдық деңгейде жақын­дығына қатысты зерттеу жүргізді. Расында, бұл елдің бізбен фило­логиялық, мәдени ұқсастықтары бар. Біраз сөздері қазақшаға ұқсас. Норвег тілінде біздің көп­тік жалғаулар қолданы­лады. Тіп­тен ең негізгі тарихи мұража­йы­ның аты – «Кон-тики» (Ослода), бұл қазақша «Күн тегі» деген сөз».
Брифингте «Тәуелсіздік полюсі» ғылыми-зерттеу сапары­ның капитаны Мағжан Сағым­баев сапарлаушылардың жолда біраз қиындыққа ұшырағанын әңгіме­леді: аңдаусызда шатыр­лардың бірі өртенген, қол-аяғы үсіген.
Құрамына экологтар, био­логтар, сондай-ақ Антарк­тида­ның экстремалды жағдайларының адам ағзасына ықпалын зерттеу­шілер кірген отандық экспедиция барысында алынған материалдар қазір сұрыпталып, талдануда. Оның қорытындылары жұрт­шы­лыққа кейін жария етіл­мек: жеке дөңгелек үстел мен ше­берлік сабақтары ұйымдасты­рылады екен.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*