Науан хазірет туралы шындықты қашан айтамыз?

1618
0
Бөлісу:

Жақында бір топ көкшетаулық зиялы қауым өкілдері Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасында қойылып жүрген «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліне байланысты хат жазған еді. Хатты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына жолдады. 

Онда: «Сан жылдар бойы құрсауда ұстаған тоталитарлық режимнің шеңгелінен босап, тіліміз бен дінімізге кеңшілік орнағанына шүкір етіп, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығын тойлап жатқан мынау қуанышты күндерде Алматы қаласынан жеткен бір жайсыз жаңалық көкшетаулықтардың көңіліне кірбің түсіріп отыр. Біздің ренішімізді тудырған – Әуезов театрында қойылып жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы. Бұл драматургиялық шығарма кеңестік кезеңнің саяси ұстанымдарына сәйкес жазылған, бүгінгі тәуелсіз көзқараспен Ғабит ағамыздың өзіне де абырой әперместей дүние. Әрине, Шекспирге еліктетіп бағамдаса жаман туынды емес. Бірақ өмірде болған адамдарды, қазақша айтқанда аруақтарды жағымсыз кейіпкерлерге айналдырып, жазықсыз күстаналау қате деп санаймыз.
Әр өңірдің жұрты қасиеттеп, қадірлейтін ұлы тұлғалары болады. Науан хазірет те, Ақан сері де сондай кемеңгерлер. Екеуі – бажа. Өмірде бір-бірімен, замандастарына, тіпті кейінгілерге де үлгі етерліктей деңгейде жақын сыйласып өткен ғазиз жандар еді. Бірін халық аса құрметтеп «хазірет» атаса, екіншісін «сері» деп еркелеткен.
Науан хазірет Таласұлы (шын аты − Наурызбай. Кенесарының інісі Нау­рызбайдың құрметіне қойылған). Ауыл молдасынан әліп танып, Қазанның «Ғалия» медресесі үлгісіндегі Қызылжар медресесін бітірген. Екі жыл Баратайда бала оқытқан ол алған білімін місе тұтпай Бұхарадағы «Көкілташ» медресесіне барып оқиды. Білім қуған Науан Сирияға барып та оқу оқып, ғұмырының 20 жылын білім алуға жұмсаған. Бұл жайында әйгілі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Кезінде Ломоносов Мәскеуге қалай барса, бұл да Бұхараға солай барды» деп жазған. Науан хазірет елге оралғанда тоғыз нарға кітап артып қайтқан. Көкшетауда мешіт салдырып, медресе ашады. Ол тек діни пәндерді оқытып қана қоймай, алгебра, жағрапия секілді сабақтарды оқытқан, Ресейден жер ауып келген Петр Гарлышев деген оқымыстыға орыс тілі пәнін, өзбектің азаматы Инғам қариге шығыс ақындарының поэзиясынан дәріс бергізген. Шәкірттеріне Абай өлеңдерін жаттатқан. Әр аптадағы жұма намазынан кейін шәкірттерді тысқа алып шығып күрес өткізеді екен. Науан атамыздың тоғыз нарға тиеп әкелген кітабының біреуі − Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» облыстық Әдебиет және өнер музейінде сақтаулы еді. Биыл аударма жасалып, баспадан кітап болып шығарылып жатыр.


Шәкірттерін атасақ, Ақан сері де Науаннан білім алған. Басқаларды айтпағанда, белгілі Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакторы болған Зарап Темірбеков, екінші думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлов, кеңес дәуірінде республиканың ауыл шаруашылығын басқарған Темірхан Жапабаев секілді бірнеше кемеңгерлер Науан хазіреттің шәкірті болған.
Науан хазіреттің тарихи орны мен еңбегі жайлы, өз заманының рухани күрескері, ағартушысы болғаны туралы Ө. Озғанбаев, Қ. Әбуев, С. Ақтаев тағы басқа да ғалымдар мен жазушылар арнайы еңбектер жазып, кітаптар шығарған.
Көкшетау елі Науан хазіретті де, Ақан серіні де ұлы тұлға санап, ардақтайды. Қандай қиыншылық замандарда да оларды ұмытқан жоқ, мұраларына жауапкершілікпен қарады. Көкшетаудың орталығында жаңадан бой түзеген зәулім орталық мешіт – «Науан хазірет мешіті» аталды. Жерлес ақын-жазушы Құдайберлі Мырзабектің қаламынан туған «Науан хазірет» атты пьеса облыстық Шахмет Құсайынов театрының сахнасында екі жылдан бері қойылып, оң бағасын алып келеді. Сондықтан да Алматы секілді миллионнан артық тұрғыны бар қаланың сахнасында ислам дініне тіл тигізіп, өмірде сыйласып өткен екі бабамызды бір-бірімен қырқыстырып, артистердің шеберлігіне салып әжуалатып қоюға біз қарсылық білдіреміз. Бұл қойылымды тоқтатсаңыздар, оған Ғабит Мүсіреповтің аруағы да ренжімейді деп ойлаймыз. Үндемей қалсақ, ар-ұятымызға сын болар еді.
Құрметті министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, Көкшетаудағы ауылдар мен қалалардағы ел-жұрт бүгінде М.Әуезов театрының сахнасында қойылып жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын дереу тоқтатып, репертуардан мүлде алдырып тастауды сұрайды. Олай болмаған жағдайда біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы делегация жіберіп, мазалауға мәжбүр боламыз…» делінген.


Хатқа Көкшетау өңірінің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері атынан 222 адам қол қойыпты. Бұған дейін де газетіміздің бетінде «Науан хазірет қандай адам?», «Адасқан кім? Адастырған кім?» деп арнайы мәселе көтерген едік.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы:

 Ұлтын сақтаған қайраткер
– Науан хазірет – өз ұлтын, халқын сақтап қалудың амалдарын іздеген, үлкен қайраткер, ұлтжанды тұлға. XIX ғасырда орыстар Арқа өңірін түгелдей қаратып, барлық облыстарда өз округтарын құрып болған соң бір шетінен қазақтарды шоқындырып бастаған. Якуттар, Таулы Алтай жұртына қатысты да сондай әрекеттер жасаған. Соларға қарсы болып, күрескен бірден-бір адам болса, ол – Науан хазірет. Сол үшін Сібірге айдалып кеткен. Қазақ жазушылары болса, осыған обал жасады. Кеңестік саясаттың ырқында кеткен. Ақ­сақал жазушы Ғабит Мүсіреповтен бастап, кейін Ақан сері жайлы роман жазған Сәкен Жүнісов – бәрі шындықты айта алмай кетті. Науан хазірет – Ақанның ұстазы болған, оқытқан адам. Ол ғана емес, бүкіл Арқада оның шәкірттері көп болған. Осыны біз дұрыс көрсете алмай жүрміз. «Пирамида» деген әңгімемде қазақ баспасөзінде бірінші рет Науан хазірет жайлы сөз қозғалды. Әлі де сол пікірдемін. Ол жайлы материалдарды күні-бүгінге дейін жинап жүрмін. Түбінде Науан хазірет туралы арнайы шығарма жазу ойымда бар. «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында оның образы дұрыс көрсетіл­меген. Мүсіреповтің саясаттың ықпалымен кеткен жерлері көп. Барлығы амалдың жоқтығынан болды. Егер Науан хазіретті олай көрсетпесе, Ақан шықпай қалар еді. Құнанбайды жамандамасаң, Абай образы көрінбей қалатыны Әуезовте де бар. Әйтпесе, екеуі де халық үшін еңбек еткен тұлғалар.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:

Науандай тұлғалар қазақта сирек кездеседі
– Науан хазірет – қазақтың өте сирек кездесетін, киелі тұлғаларының бірі. Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романында Науан хазіреттің образы біршама көрсетілген. Сол өңірдің азаматтарының әңгімелеріне қарағанда, ол – тегін адам емес. Қазақтың әр жерінде, әр уақыт аралығында сондай киелі адамдардың болғаны тарихтан белгілі. Мысалы, Бекет атадан бастап, Мәшһүр Жүсіп Көпеевке дейін барлығы қасиетті тұлғалар саналады. Тіпті әлі күнге дейін оларды әулие тұтып, басына барып қонады. Ал енді Науан хазірет жайлы көркем шығарма қалай жазылды? Болмаса, қойылым қалай жазылды? Оның қойылу деңгейі қай дәрежеде дегеніміз – екінші әңгіме. Өз басым бұл пьесаны оқыған да, қойылымды көрген де емеспін. Сондықтан оның сапасы жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Айзат ҚЫДЫРАЛИЕВА, театртанушы:

Режиссерлер тар шеңберден шықпайды
– Негізінен, «Ақан сері – Ақтоқты» баяғыда қойылып кеткен дүние. Оны Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова сынды апаларымыз ойнағаны белгілі. Қойылымды репертуардан алып тастау туралы мәселе қозғалып жатқанын әлеуметтік желіден көргенде, шыны керек, қуандым. Себебі, бұл ерте ме, кеш пе, қозғалуы керек еді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында дәл осы қойылымның қойылуы қаншалықты қажет болды? Шынымен де Науан хазірет бейнесі ондай емес-етін. Барлығы кеңес заманында тапсырыспен жазылғаны көрініп тұр. Оны кезінде қойған кезде де бірталай сыни мақалалар жарық көрді. Егемендік алған соң қою керек емес деп ойлаймын. Содан соң қойылымда көп нәрсе өзгертілген. «Заманауи етіп қоямыз» деп біздікілер батыс пен шығыстың былығын қосуға бейім. Қоятыны бар – Әуезовтің, Шекспирдің, Гогольдің деңгейінде қойсын. Мүсіреповтің бір пьесасын қою үшін жалғыз соны оқу жеткіліксіз. Ол үшін жазушының барлық шығармасын оқып, дәуірімен, ғасырымен танысып шығу керек. Біздің қазіргі қоюшы-режиссер тар шеңберден шықпайды. Қазіргі жастардың кітап оқымайтыны шындық. Бәрін сахна мен экраннан көру арқылы ғана қабылдайды. Біз сахнада шығармаларды дұрыс дәріптеп жүрген жоқпыз. Бізде бұрмалаушылық көп, соның ішінде классикалық дүниелерге қатысты. Бүгінде эксперимент жасауға әуес. Десе де халық мойындаған шығармаларға тәжірибе жасауға болмайды. Ол – үлкен қиянат, насихат емес. Репертуардан алынып тастауға қатысты пікірмен толықтай келісемін.

Мұрат АХМАНОВ, режиссер:

Тарихи дүниелерге абай болуымыз керек
– Көптеген тарихи шығармалар зама­нына қарай бұрмаланған. Соларды өзгерту процесіне аса үлкен сақтықпен қарамаса, дініміздің қайта оралып жатқан сәтінде жағдай қиындайды. Айталық, Науан хазірет бейнесіне, Махамбет пен Исатай, Жәңгірге қатысты да мәселелер көтеріліп жатыр. Осындай тарихи анықтамасы белгісіз дүниелерге режиссерлер жоламай-ақ қойғаны дұрыс сияқты. Себебі, ол көркем шығарма болғандықтан, біраз өзгертіледі, сайып келгенде оны халық түсінбей қалады. Тарихи-документалды қойылым көремін деп келеді. Бейнесі бұрманалатын болса, оның ұрпақтары, ағайындары бар – ренжиді, келіспейді. Егер мен қоятын болсам, пьесаны ғана емес, Сәкен Жүнісовтың романымен ұштастыра келіп, қойған болар едім. «Абай жолындағы» Құнанбай бейнесі де біраз дауға қалды. Жақында ол туралы фильм жарық көріп, ондағы образ мүлдем басқа қырынан ашылды. Тарихи дүниелерге келгенде өте абай болу керек. Кеңес кезінде жазылған соң бұрмаланды деген болатын болса, оны жаңаша жазу керек болады. Бұл – драма­тургтерге берілетін тапсырма. Режиссерлер содан кейін барып қана кіріскені жөн.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Ғ.Мүсірепов музейінің директоры:

«Ақан сері – Ақтоқты» – күллі қазақтың табысы
– «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы тек Ғабит Мүсіреповтың ғана емес, күллі қазақтың табысы. Ондағы жекелеген образдарға қатысты қазіргі кездегі көзқарасқа сәйкес келмейтіні рас. Өйткені кешегі кеңес идеологиясының салқыны бар. Ақан мен Науан хазіретті бір-біріне қарсы қоюынан көрінеді. Бірақ бұл жалғыз ғана жағдай емес. Кеңес кезінде жазылғандардың көбінен табылады. Олардың кейбіріне бәлкім, өңдеу жүргізу керек шығар. Ол енді – режиссердің шаруасы. Қоюшы-режиссер шығарманы қайта қойған кезде бірнеше образдарға басқаша трактовка жасау керек болады. Қойылымдағыны қателік деуге келер ме екен? Ол бір ізбен, қалыптасқан дәстүрлі классикалық жолмен кеткен. Мүмкін қазіргі күннің көзқарасымен қарағаны дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі оқырман Науан хазіретке, Мәшһүр Жүсіпке басқаша қарайды. Тіпті Кенесарыға деген көзқарас та осыған дейін бөлек болып келді. Жалпы, спектакльді репертуардан алып тастауға қарсымын. Кейбір сөздерді айтқызбай, кейбірін тұспалдап жеткізу керек шығар. Себебі, классикалық дүниелерді түгелдей жойып жіберуге болмайды. Онда біз жазушыға қиянат жасаймыз.

Аманкелді МҰҚАН,М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино өнері бөлімінің меңгерушісі:

Шығармаға Қиянат жасауға болмайды
– Ғабит Мүсіреповтің бұл трагедиясы – кезінде керемет жазылған шығармалардың бірі. Ол бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Аталған шығарманы бәрі мойындады. Заманның, кеңестік идеоло­гияның көлеңкелі тұстары пьесаға елеулі әсер еткені рас. Осындай шығарманы барша Көкшетау өңірінің зиялылары жиналып, Алматы театрының сахнасындағы жүрісін тоқтату керек деуі – діннің театр ісіне араласып, қоқан-лоққы көрсету деп білемін.
Тарихты ақтарып отырып, мынадай мәліметтерге тап болдым. Жүсіпбек Аймауытов 1914 жылы «Айқап» журналына «Көкшетауда көргендерім» атты мақала жазады. Көкшетаудағы білім беру, оқу ісінің хал-күйінен хабардар ететін мақалада Науан хазірет жайлы, оның айналадағы жасап отырған ісіне төмендегідей баға береді. Онда: «Оның үстіне медресенің ішінде болсын, тысында болсын газет-журнал һәм жаңа шыққан жанды кітаптарды оқу шәкірттер үшін және харам екен, мұны айтасыңдар ма? Көкшетаудың іші түгел, тіпті бұған қараған он бір-екі болыс Атығай, Қарауыл баласына газет-журнал оқуды һәм жарқыраған жаңа мұғалималар ұстап, жандай ғазиз балаларына тезірек жарық сәуле көрсетуді мүлде харам қылып қойса керек. Өйткені мен үйден шығып Бейімбетск, Айыртауск, Шалқарск, Мезгілск һәм Зерендинск Көкшетауға қараған қатар бес болыс елде не бір газет- журнал, не бір жаңа шыққан кітап оқыған һәм төте оқумен балаларын төтелетіп, жарыстырып жатқан Атығай, Қарауыл бір адам, бір ауыл көре алмадым», – дейді. (Энциклопедия «Айқап» //Бас редактор
Р.Нұрғалиев – Алматы: «Қазақ энциклопе­диясы» Бас редакциясы. 1995.). Аймауытов оқу турасында барып, әрі жастарды оқу-білімге шақырып, төте жазуды үйретуді мақсат етті. Сол кезде Көкшетаудағы екі мешіттің бірін басқарып, имам болып отырған Науан хазірет ол жаңалыққа қарсы болғанын Аймауытов бірнеше беттік мақаласында Науан хазіреттің сипаттамасын осылай келтіріп, өткір сынап жазады. Бұған қалай сенбейсің? Науан хазірет жастардың сауатты болуға ұмтылыстарын харамға теңеп, діни фанатизммен қараған тұстары айтылады. Мүсірепов пьесасындағы образ шындыққа жақын секілді боп көрінеді. Әрі Ғ.Мүсірепов 1941 жылы жарық көрген пьесаны жазуға кіріскенде Ақан серіні, Науанды толықтай зерттегенін де айта кету керек. Кеңестік кезде сұрақ тудырмаған бұл пьеса 1991 жылдан кейінгі уақытта театрдың алдына проблема туындатты. Режиссерлер пьесаны қалай қоярын білмей біраз уақыт дал болды. Ислам діні ресми мемлекеттік болмаса да, ата дініміз болғандықтан бұрынғы кеңес кезіндегідей көзқарас 180 градусқа өзгерді. Әрине, өзі жоқ автордың жазған пьесасын алып тастау, кесіп тастау оңай. Бірақ ол кезде біз авторға, оның шығармасының идеясына қиянат жасаймыз. Енді театрдағы қойылымдарға келетін болсақ, пьесаның ізімен жүргендіктен Науан хазірет пен Ақан арасындағы тартыс сол қалпында қалған. Билік пен өнер адамының арасындағы айтыс-тартыс көрсетіледі. Бірақ көкшетаулықтар қалайша министрге хат жолдап, алып тастасын деп шу көтереді? Олай етудің біздің ойымызша, ешқандай реті жоқ. Уақыт бәрін орнына қояды. Дәл осыған ұқсас жағдай Ресейде де орын алып отыр. Ол жақта православ дінінің фанаттары қарсы көзқарастағы қойылымдар деп спектакльдер­ді репертуардан алып тастауға түрткі болуда. Новосибирск опера театрының бас режис­сері, директоры жұмыстан кетті. Пушкиннің «Поп пен Балда» шығармасын мектеп бағдарламасынан алып тастаған. Себебі, «попты ол жерде ақымақ қылып көрсетуі – қазіргі ресми дінге керағар» дегенді алға тартады. Бірақ мұнымен біз келіспейміз. Жазылған дүние – өз кезеңнің өнімі. Егер ұнамаса сахнаға қоймасын, діндар көрермен қойылымға бармасын. Түптеп келгенде халықтың барлығы діндар емес. Яғни басқа көрермендердің құқығына қол сұғуға болмайды. Театр маманы ретінде, қарсылығымды білдіргім келеді. Келешекте пьесаның дінге тиесілі мәселелерін сәл жұмсартып қойса деген тілек бар. Ғабит Мүсіреповтың бұл пьесасын түбегейлі алып тастасақ, қазақ драматургиясының шоқтығы биік шығармасынан айырылған боламыз. Заңмен немесе қорқытып-үркітіп «Президентке барамын» деу жөн емес. Өнердің, мәдениеттің ісіне араласуы – діндарлардың шаруасы емес.

Ерлан БІЛӘЛ, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

Бұл – қазақ әдебиетінің жауһары

– Министрдің атына жолданған хаттың мәтінімен танысып шықтық. Театрдың көркемдік кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, осы мәселені талқыға салдық. Ойлана келе министрлікке қайтадан хат жолдау туралы шешімге тоқталдық. Негізі хатта біздің театрдың қойылымына қатысты айтылмаған. Мәселе – Ғабит Мүсіреповтың кеңес кезінде жазылған «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында, нақтырақ айтқанда, Науан хазіреттің шығармадағы бейнесіне қатысты болып отыр. Сондықтан пьесаға байланысты болғандықтан театр шешетін нәрсе емес екенін айта кету керек. Бұл – қазақ әдебиетінің классикасы, жауһарына айналған шығарма. Енді әрі қарай аталған қойылым қойыла ма, жоқ па – Жазушылар одағы, Әдебиет және өнер институты қарасын деген ұсыныс жасап отырмыз. Бірақ әзірге қойылымды тоқтатып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған көркемдік кеңес бар, сол жерде қаралады. Біздің ұсыныс – арнайы комиссия құру. Осы мамандар нақты шешім қабылдаған кезде біздің тараптан да қоятынымыз не қоймайтынымыз белгілі болады.

Түйін:

Қалай десек те, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы – өз заманының шындығы. Егер ол шығарма бүгінгі күннің талабына жауап бере алмаса, оған қаламгер кінәлі емес. Науан хазірет бейнесіне келер болсақ, оны ақтап алу да, даттау да оңай. Хазіреттің шынайы бейнесі Мүсіреповтің пьесасында да, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» дилогиясында да көрсетілмесе, оған кеңестік идеологияның әсері болғаны рас. Бірақ тәуелсіздік алған 25 жылда Науан хазірет бейнесін ақтай алдық па, жоқ па? Мәселе – осында. 

Гүлзина БЕКТАС, Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз