Мал түлігін асылдандыру – заман талабы

1851
0
Бөлісу:

Осыдан біраз бұрын Астанада болғанымызда республика бойынша мал түлігін асылдандырумен айналысатын бірден-бір мекеме – «Асыл түлік» акционерлік қоғамында болып, осы мекемедегі маман-ғалымдардың атқарып жатқан игілікті істерімен жан-жақты танысқанымыз бар.

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында орналасқан «Асыл түлік» АҚ осыдан тура 16 жыл бұрын елімізде қабылданған «Ауыл­ша­руашылық өсімдіктері мен малда­рының текті қорларын сақтап қалу, дамыту және пайда­лану жө­ніндегі» республикалық бағдар­ламаны жүзеге асыру мақсатында құрылыпты. Содан еліміздің түкпір-түкпірінен ар­найы шақы­рылған ауыл ша­руашылығы, оның ішінде, мал шаруашы­лығының білікті де тәжірибелі маман-ғалымдарының алдына отандық және шетелдік ірі қара малдың асыл тұқымды аталық малдарын бағып-өсіріп, олардан ұрық өндіріп, жинақтап, оны еліміздегі шаруашылықтар мен жеке қожалықтарға сату арқылы елімізде ірі қара мал тұқымын асылдандыру міндеті қойылған-ды. Содан бері асылтү­ліктік ғалым-мамандар елімізде ірі қара мал тұқымын асылдандыру ісінде тамаша табыстарға жетіп келеді. Осында алынған асыл тұқымды ірі қараның ұрығы ТМД елдерінің Қырғызстан, Өзбек­стан, Түркі­менстан және көр­шілес Қытай мемлекеттерінде айрықша сұранысқа ие болып отыр. Осы елдердің ғалымдары­ның қазіргі күні «Асыл түлік» акционерлік қоғамымен тығыз ынтымақтастық орнатып, қазақ­стандық ғалымдар өсірген бұқа­лардың ұрығын жыл сайын ар­найы тапсырыспен сатып алуда. Бүгінгідей күрделі кезеңде мекеме ғалым-маманда­рының қолға алған істі табыспен орындап, көршілес елдердегі әріп­тестерін өздерінің жетістік­терін үйренуге тәнті етуі, бұл – жас та болса ұжым­­ның ұйытқы­сына айналған, білікті һәм тәжі­рибелі ұйымдас­тырушы, бас­қарма бастығы Әлжан Сма­йылұлы Шәмшідін мен аға буын өкілі, осы мекемеде ұзақ жылдар қызмет атқарған өз ісінің майтал­маны, мекеменің атқарушы директоры Жора Алмантайдың кез келген қиын­дықтан шығу жо­лын таба білетін, ұжым мүше­лерін ортақ іске бір кісідей жұмылдыра алатын зор іскерлік қабілет-қары­мының нә­тижесі. Бұған біз бірі аға, бірі іні қос басшы жетекшілік ететін «Асыл түлік» АҚ шаруа­шылығы­мен танысу барысында айқын көз жеткіздік. Бір байқа­ғанымыз, мұн­дағы ғалым-маман­дар уақыт­пен санаспай еңбек етеді екен. Сон­дай-ақ олар үнемі ізденіс үстінде.


Мекеме басшысы, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Смайылұлымен бірге шаруашылықты аралау ба­рысында мұндағы ауыр сал­мақты, асыл тұқымды бұқа­лардың ай­рықша күтімге алынып, бұқа­лардан алынған ұрығының сапасын терең тексеріп, қоры­тын­дысын шығаратын зертхана, ұрық сақтау қоймасының талапқа сай осы заманғы шетелдік озық техникалармен жабдықталғанын байқадық.


– Біздің мекемеде алғашқы күннен күтімге алынған ірі қара малдың жиырма тұқымынан соңғы он екі жылда 9 миллион 800 мың мөлшер ұрық өндірілді. Мұның ішінде ет бағытында өсіріліп жатқан аталық бұқа­лардың ұрығы он пайызды, сүт бағытындағысы тоқсан пайызды құрайды. Ғалым-мамандарға қойылатын басты талап, мұнда өндірілген өнімнің (ұрықтың) санына емес, сапасына айрықша көңіл бөлінеді. Мысалы, осын­дағы голштиндік қара ала тұ­қымды сиырлардың сүт өнім­ділігі жылына – 12898 литр, майлылығы – 4,3 пайыз, ал дәл осындай қызыл ала тұқымның өнімділігі жылына – 12272 литр, майлылығы – 4,62 пайыз. Мұндай мысалды осындағы ірі қара малдың барлық тұқымы туралы айтуға болады. Қазіргі күні мекемеміздің ұрық сақтау қоймасында ірі қара малдың 22 тұқымынан алынған, жалпы құны 1 миллиард 500 миллион теңге тұратын 7 миллион 80 мың мөлшер ұрық сақтаулы. Мұның 53 пайызы арнайы баға­лау­дан өткізіліп, сатуға дайын тұр. Дегенмен қаржы тапшылығы салдарынан асыл тұқымды сақтау мәселесі қиындық тудыруда. Жалпы, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде ірі қара мал етінің әлеуетін арт­тыру бағдарламасының маңызды орын алатыны белгілі. Сондықтан елімізде мал басын өз төлі есебі­нен көбейтуге зор көңіл бөлінуде. Жалпы, мал басын асылдандыру және өз төлі есебінен көбейтудің нақты да, тиянақты жолы, ол – аналықты қолдан ұрықтандыру болып табылады. Сол үшін де жеке қожалықтардың аналық малдарын қолдан ұрықтандыруға кеткен барлық шығынды жергі­лікті бюджеттен қаржы­ландыру туралы ел Үкіметінің қаулысы бар. Мысалы, өткен жылы рес­публика бойынша жыл басында 2816 мың бас аналықтың 661 мы­ңы яғни, 23 пайызы қолдан ұрықтандырылды. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстары аналық малды қолдан ұрықтандыруға айрықша көңіл бөліп, аналық бастың 40-75 пайызын қолдан ұрықтандырумен қамтыған. Керісінше, Ақтөбе, Қарағанды, Қы­зылорда, Павлодар облыста­рында бұл жұмыс 10 пайызға да жетпейді. Осыдан екі жыл бұрын (2015 жылы) мекеме бойынша 518 мың мөлшер ұрық сатылды. Мұның сүтті бағыттағылары 314 мың, 128 мың етті-сүтті, 76 мыңы етті бағыттағылар. Бұған қоса, жеке адамдарға 47 мың, шаруа қожалықтары мен жекелеген фермерлерге 85 мың, дистрибью­терлік орталықтарға 386 мың мөлшер ұрық сатылды. Мекеме­міздің алға қойып отырған басты мақсаты – сатылым көлемін жылына миллион мөлшерге жеткізу. Өкінішке қарай, кейбір дистрибьютерлік орталықтар тауардың арзанын іздеп, шығу тегі белгісіз асыл тұқымды тауар­ды пайдаланып жүр. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында осыдан бір жыл бұрын еліміздің Ауыл шаруашы­лығы министрлігі жеке қожалық­тарда пайдаланатын асыл тұқым­ды тауарлар тек ғана асылдандыру орталықтарында өндірілген, шығу тегі, сапасы белгілі, жергі­лікті жерге, ауа райына, табиға­тына бейімделген асыл тұқымды тауар болуы тиіс деген талап қойды. Міне, мұндай батыл ше­шім біздің асылдандыру орталы­ғында өндірілген өнімге деген сұраныстың бұрынғыдан да ана­ғұрлым артуына игі ықпал етті, – деді «Асыл түлік» АҚ басқарма бастығы Әлжан Шәмшідін.
Сондай-ақ мекемеде маман­дардың біліктілігін көтеру, тәжі­рибе алмасу, жаңа осы заманғы инновациялық технологияларды пайдалану мәселесіне де айрықша назар аударылып келеді. Бұған қоса, алыс-жақын шетелдермен мал тұқымын асылдандыру саласында тәжірибе алмасу жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда, АҚШ, Франция, Индонезия, Қытай, Германия, Ресей тәрізді көптеген елдердің ғалымдарымен «Асыл түлік» АҚ-тың ғалым-мамандары үнемі кездесу өткізіп, үнемі тәжірибе алмасып отырады. Сондай-ақ мұнда мал басын өз төлі есебінен көбейту жолындағы негізгі жұмыстарды атқарушы техник-ұрықтандырушы маман­дардың да біліктілігін арттыру ұмыт қалған емес. Мысалы, 2015 жылы 246 техник-ұрықтан­дыру­шы арнайы курстарда білімдерін көтерсе, өткен жылы 310 маман арнайы дайындықтан өтті.


 

«Қазақстан үшін аграрлық сектор зор дәстүрлі мәнге ие, бұл – біздің халықты жұмыспен қамтып отырған ең үлкен сала және болашақтағы экономикалық әртараптандырудың басты көздерінің бірі.
…Қазақстандағы аграрлық бизнес экономика үшін пайдалы және маңызды секторға айналып келеді. Біз бүкіл әлеуетті толыққанды пайдалану үшін мақсатты түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. «Агробизнес – 2020» ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында аграрлық азық-түлік секторына 16 миллиард доллардан астам инвестиция салынды.»

(Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-жалпы отырысында сөйлеген сөзінен. Астана, 4 маусым, 2015 жыл.)

 

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*