Ерлан Қарин: Астана процесі Сирия бойынша келіссөздерге жаңа серпін береді

1309
0
Бөлісу:

Бұл кездесу – біздің ел үшін мұсылмандық парыз жағынан  да үлкен сауапты іс-әрекет

23 қаңтарда Астанада өтетін Сирия мәселесі бойынша келіссөздерге Мәскеу, Анкара мен Тегеранның ресми өкілдері және бұл елдер ықпал ететін сириялық топтар қатыспақ ниетте. «Айқын» газетіне үлкен халықаралық келіссөздер алдында эксклюзивті сұхбат берген Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Ерлан Қарин Астана процесінің әлеуметтік-гуманитарлық өлшеміне жоғары баға бере отырып, Сирия кикілжіңінің астарына терең үңілуге жол ашты.  

– Ерлан аға, Астанада өтетін келіс­сөздерге сириялық қарулы оппозиция өкілдерінің келмейтінін Батыс БАҚ-тары жарыса жазуда. Мәселен, оның ішінде Ахрар аш-Шам, Жебхат-ан-Нусри сияқты қарулы ұйым өкілдері бар. Екінші жағынан, әлемде лаңкестік ұйымдар ретінде танылған топтармен бір үстел басында отырудың өзі нонсенс сияқ­ты. Десе де, қазіргі Сирияда қалыптасқан қарулы қақтығыстың бір шеті дәл осы топтарға қатысты боп тұр ғой. Яғни, кейбір сарапшылар айтып жүргендей, Астанада ресми билік – Башар Асадтың өкілдері, зайырлы оппозиция мен мүдделес елдердің тараптары ғана бас қоса ма?
– Сирия дағдарысы – өте күрделі тақырып. Сондықтан көптеген сарапшылар бұл тақырыпта пікір білдірген кезде Сирия дағдарысының ерекшеліктерін, тереңдігін көп түсіне бермейтін сияқты. Сирия мәселесі – жай ғана азаматтық соғыс емес. Түптеп келгенде, әу бастан азаматтық соғыстан басталған бұл қақтығыс үлкен аймақтық дағдарысқа ұласып кетті. Нәтижесінде, бүгінгі таңда бұл аймақтық қақтығысқа алуан түрлі өзара қырқысып жатқан топтар араласып отыр. Бұл топтардың әрқайсысы артында тұрған белгілі бір күштерге арқа сүйейді. Сондықтан Сирия дағдарысы алуан түрлі ішкі аймақтық және жаһандық қарама-қайшылықтардың шиеленіскен бір көрінісі. Осы жерде бұл мәселені тарқатып шешу өте қиын. Ешбір тарап та, ешбір топ та «Сирия дағдарысын біржолата шеше аламыз» деп айтып отырған жоқ. Себебі, барлығы да оның күрделілігін түсінеді. Бұл – бір. Екіншіден, Сирия оппозициясын айтқан кезде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Сирия оппозициясы деген – біржақты ұғым мен біржақты күш жоқ. Шындап келгенде, сириялық оппозиция – шартты ұғым. Себебі, ол әртүрлі және өзара қырқысып отырған қарулы топтардың шартты жиынтығы. Олар одақ та емес, коалиция да емес.
Оның үстіне, бұл жерде оларды зайырлы және зайырлы емес оппозиция деп бөлудің өзі қиын. Мұндай бөлініс жоқ та. Мұнда түрлі діни, геосаяси мүдделер тоғысқан. Егерде оларды белгілі бір деңгейде жіктейтін болсақ, радикалды немесе сондай-ақ, радикалды емес деп бөлуге болатын шығар. Бірақ басым көпшілігі қарулы топтар. Ал жоғарыда айтылған Ахрар аш-Шам, Жебхат-ан-Нусри сияқты топтардың келіссөздерге қатысуы жөнінде о бастан-ақ әңгіме айтылған жоқ, себебі көптеген тараптар оларды радикалды террористік ұйымдар ретінде таныған. Сондықтан олардың қатысу-қатыспауы бұл келіссөздерге қандай деңгейде әсер ететіні жөнінде ешқандай да әңгіме айта алмаймыз.
Жалпы, әу бастан-ақ Астанада Сирия мәселесі бойынша өтетін келіссөздер міндетті түрде барлық тараптар, барлық күштер, барлық топтар қатысады дегенді білдірмеген. Астана процесі Женева форматынан өзгешелеу. Дегенмен, бұл оның маңыздылығын кемсітпейді. Астана процесінің бір айырмашылығы, мұндағы жиын нақты келіссөздерге мүдделілік танытып отырған тараптар­дың негізінде ұйымдастырылып отыр. Яғни, негізгі тараптар – Мәскеу, Ан­кара және Тегеран. Не­гіз­гі келіссөздерді ұйым­дастыратын осы тараптар. Бұл тараптардың белгілі бір топтар мен күштерге ықпалы бар.
– Ал Сирияның өзінен нақты қандай топтар келіссөздерге келеді?
– Мұны әлі ешкім де дөп басып айта алмай­ды. Бұл негізгі тақырып та емес. Сараптама жасаған кезде бұған тоқталудың қажеті жоқ. Себебі, қазіргі уақытта Сириядағы жағдайдың, трагедияның осындай кең ауқымға ойысып кетуін ескере отырып, ха­лықаралық қауымдастық үшін қандай да бір бейбіт процеске жол ашатын әрекетке бару әлдеқайда маңызды. Сондықтан біз үшін ғана емес, жалпы халықаралық қауымдастық үшін бұл процестің басталып отырғаны аса маңызды. Бүгінгі таңда бір нәрсені ғана нақты айтуға болады. Қазір бәрі де «қаншалықты бұл келіссөздер нәтижелі болады» деп көп сұрайды. Мұны ешкім де білмейді. Бірақ Астана процесі Сирия мәселесі бойынша бейбіт процестерге белгілі бір деңгейде жаңа серпін берді. Астана процесі Сирия дағдарысына, қасіретіне халықаралық қауымдастықтың назарын тағы бір аудартты. Осы күндері Астанада өтетін келіссөздер мен оның перспективасы жөнінде айтпаған ақпарат құралдары қалмаған шығар. Қазіргі таңда Қытай, Америка, Еуропадан ақпарат құралдарының өкілдері бізге шығып, пікірімізді сұрап жатыр. Осының өзінен-ақ бұл келіссөздер айтулы процестерге жаңа серпін берді деп айта аламыз. Мұның өзі жетістік. Себебі, бұл хаостың қалай күш жинап жатқанын көріп отырып, бейбіт процеске жол ашатын кез келген әрекет маңызды. Астана процесі де үлкен бір әрекет.
– Сарапшылар Сирияны алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан ойын алаңына балайды. Үлкен алпауыт елдерден қандай тараптар қатыспақ? Мәселен, жақында Ресей тарапынан министр Сергей Лавров АҚШ-тың билік өкілдерін бұл келіссөздерге қа­тысуға шақырып жатыр. Яғни, Батыс тарапынан, әсіресе Сириядағы кейбір қарулы күштерді демеп отырған елдерден кімдер болады?
– Қазірше, бұл туралы айту қиын. Қазіргі уақытта бұл маңызды емес. Негізгі тараптар – Анкара, Мәскеу мен Тегеран. Олар өздері ықпал ететін күштерге әсер етіп, ең болмаса соларды жинап, солар арқылы белгілі бір нәтижеге жете алсақ, мұның өзі үлкен қадам болар еді. Егер бұл келіссөздер сәтті өтіп жатса, оған басқа да тараптар қатысуы мүмкін. Соның ішінде Америка тарапы да қатысуы ықтимал. Жақында ғана америкалық сарапшылармен пікір-таластырған едік. Америкалық әріптестерімнің өздері «Болашақта бұл процеске америкалық тараптың да қатысуын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, қазірше бұл туралы айту ерте. Десе де, ондай ықтималдылық бар» дейді. Бұл да мүмкін. Себебі, қазіргі уақытта АҚШ-та жаңа президент сайланып, оның инаугурациясынан кейін жаңа әкімшілік жұмысын бастайды. Жаңа әкімшілік, жаңа президент Ресеймен халықаралық саясат бойынша ымыраға келу жөнінде мүдделілік танытып отыр. Соның бірі – Сирия мәселесі. Сондықтан бұл да кішкентай болса да үміт сыйлайды.
Бұл жерде біз ол процестерді бастап отырған Мәскеу, Тегеран мен Анкара екенін түсінуіміз керек. Біз тек қана осы алаңды беріп, келіссөздердің дұрыс форматта өтуіне жағдай жасаймыз.
– Біраз жылдардан бері Қа­зақ­станның Астананы диалог алаңы ретінде ұсынып жүргенін білеміз. Жал­пы, кейбір шетелдік басылымдар жазбақшы, бұл Қазақстан дип­ло­ма­тиясы үшін де сындарлы кездің келгенін аңғартпай ма? Мәселен, бұған дейін Ақорда Ресей мен Түркия, Ресей мен Украина, т.б. арасына сызат түскенде, арағайындық, бітімгерлік қызметін сәтті атқарып шықты. Ал Сирия сияқты отты ошақтың мәселесін қазақ еліндегі келіссөздерде талқылау арқылы мойнымызға ауыр жүк ар­тып алған жоқпыз ба? Бұл қазақ дип­ломатиясы үшін сыни кезең емес пе?
– Егер де біз бұл процестің бас­тамашысы болсақ, онда біз белгілі бір жауапкершілік пен салмақ туралы айтар едік. Қазіргі жағдайда оның бастамашысы – жоғарыда айтылған үш тарап. Астанада бұл келіссөздерді өткізу бастамасы солардың тарапынан жасалған еді. Біз бұл бастаманы қабылдаушы елміз. Сондықтан бұл елімізге үлкен салмақ салмайды.
Әрине кез келген саяси әрекет қашанда белгілі бір жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан, қалай болғанда да, біз бұған аса үлкен жауапкершілікпен қарап отырғанымызды айта кетуіміз керек. Бірақ нақты бұл жағдайда бейтарап, диалог алаңын беріп отырған ғана жақпыз. Кейбіреулер айтып жүргендей, біз үшін бұл үлкен қауіп-қатер туғызбайды. Керісінше, бұл біздің халықаралық саясаттағы салмағымызды, беделімізді одан бетер арттырады. Біздің осы және басқа да тараптар үшін сенімді серіктес ретіндегі көзқарасты күшейтуге серпін береді. Сонымен қатар болашақта екіжақты, көпжақты қарым-қатынастарды жаңа мазмұнда тереңдетуге жол ашады.
Жуырда ғана Таяу Шығыс елдеріне жұмыс сапарынан келдім. Таяу Шығыс аймағында Қазақстанның осындай қызметті атқарып отырғанына позитивті сезіммен қарап, жоғары бағалап отыр. Мен көп жерде айтпаған тағы бір нәрсені айтайын, шындығын айтсақ, бұның бір гуманитарлық өлшемі де бар. Сирия дағдарысы халықаралық саясаттағы ең үлкен кикілжің болумен қоса, бұл үлкен гуманитарлық трагедия. Көптеген бейбіт тұрғындардың қазасына алып келген, әлі күнге дейін жалғасып жатқан қасірет. Бұл мұсылмандық парыз жағынан да біздің ел үшін үлкен сауапты іс-әрекет. Кейбір адамдар «бұл біздің елге қауіп-қатер туғызып, террористік ұйымдардың назарын бізге аудартпай ма» деп қорқады. Керісінше, бұл түрлі радикалды ой-пиғылдағы адамдарға қарсы айтатын аргументіміз. Біз осылайша мұсылман бауырларымызға бейбіт жолды табуға септесіп, барлық тараптарды бітімгерлікке шақырып жатырмыз, бұл бейбітшілік үшін қосқан біздің бір үлесіміз дей аламыз. Бұдан артық қандай сауапты іс болуы мүмкін? Біздің басқа да әрекеттерімізді айтпағанның өзінде араздасып жатқан, соғысты басынан кешіріп отырған, халыққа бейбіт өмір жолын табуға жол ашып отырғанымыздың өзі мұсылмандық тұрғысынан да атқарып отырған үлкен, сауапты іс-парызымыз. Сондықтан Қазақстан азаматтары бұл әрекетті мақтан етіп айта алады.
Бұл ресми Астана немесе Сыртқы істер министрлігінің атқарып отырған жұмысы ғана емес, бұл Елбасымыз бастап отырған үлкен бейбіт саясаттың жалғасы, нақты көрсеткіші. Сондықтан біз Батыс БАҚ-тарына еліктеп, Астанада болып жатқан келіссөздерге тек саяси және геосаяси өлшем тұрғысынан ғана баға бермеуіміз керек. Менің ылғи айтатыным, біз кез келген халықаралық жағдайға өз көзқарасымызбен қа­рап үйренуіміз керек. Бұл жағдайда біздің көз­қарасымыз – ішкі және сыртқы саясатымыздың үйлесімділігінде. Яғни, біз әрқашанда да елдің ішінде де, сыртта да тұрақтылыққа, бейбіт өмірге, келісімге шақырамыз. Бұл оқиға да біздің ішкі және сыртқы саясатымыздың үйлесімділігін көрсетеді. Біз осы жөнінде де айтуымыз керек. Яғни, біздің еліміз осындай үлкен гуманитарлық миссия атқарып жатыр.
– Журналистер мен жалпы аза­маттарымызды мазалап отырған тағы бір мәселе – Сирияда соғысып жүрген Қазақстан азамат­тарының тағдыры. Бұл мәселеге көңіл аударудың мүм­кіндігі бола ма?
– Бұл келіссөздерді біз ұйым­дастырмаймыз, олардың күн тәртібін анықтайтын басқа тараптар. Ол мәселе бойынша бас­қа бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл – бізді алаңдататын ауыр тақырыптардың бірі. Ал бұл келіссөздер – өзара қырқысып жатқан тараптардың мәмілеге келуі, соғысты тоқтатудың амалдарын қарастыру жолдарынан тұрады.
Астананы диалог ала­ңына ай­налдырудың арқа­сында қатысушы тараптар көптеген мәселені (саяси, ұйымдастырушылық, т.б.) шешіп тастады. Тағы бір көп айта бермейтін мәселе, жылдың басынан бері көптеген әлемдік саяси зерттеу орталықтары өз болжамдарын жариялап жатыр. Сондай болжамдарында еуропалық, америкалық, ресейлік зерттеу орталықтары бір нәрсені анық айтып жатты: үстіміздегі жылы халықаралық саясатта айқындылықтың жоқтығы, хаостық процестердің күшейіп бара жатқандығы байқалады. Осыны айта келе, шетелдік сарапшылар халықаралық хаостық жағдайдың күшейіп бара жатқандығы, шиеленістің ушығуы жағдайында халықаралық мәселеде конструктивті бағытты сақтап отыратын мемлекеттердің рөлі ерекше болады деп болжап жатты. Бұл жағдайда Қазақстан сияқты мемлекеттердің әрекетін меңзейді. Қазіргідей үлкен ғаламдық дағдарыстардың орын алу ықтималдылығы артып отырған кезде мемлекеттер, әртүрлі тараптар үшін диалогтық процестерді мүмкіндігінше сақтап отыруға жол ашатын әрбір әрекет маңызды. Бұл тұста Қазақстанның рөлі ерекше.
– Бұл тұрғыдан халықаралық ұйымдардың да мән-маңызын айтсақ. Мәселен, соңғы жылдары БҰҰ-ның салмағы кеміп кетті деп сынаушылар көп. Бұл орайда Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қандай қызмет атқара алады?
– Біріккен Ұлттар ұйымы – үлкен ауқымды халықаралық құрылым. Онда келісімге келу механизмдері өте күрделі. Сондықтан Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғаннан кейін бүкіл халықаралық мәселелерді шешіп тастаймыз деген жалған үміт болмауы керек. Бірақ біздің нақты прагматикалық мақсат-басымдықтарымыз бар. Ең алдымен, біз аймақтық күрделі мәселелерді халықаралық саясаттың күн тәртібіне енгізуге ниеттеміз. Біз бұл жерде бүкіл аймақтың мүддесін жеткізетін жақпыз. Екіншіден, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше боп сайланып жұмыс бастау кезеңі БҰҰ-дағы жаңа басшының жұмыс кестесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тек формальді оқиға сияқты, екінші жағынан, жаңа хатшы да БҰҰ-ның ықпалын арттыруды, жаңа механизмдерді іздестірудің маңызын қайта-қайта көтеруде. Сондықтан Қазақстанның жұмысы БҰҰ-ның жаңа кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кезеңде Қазақстан сияқты белсенді мемлекеттердің де осындай орынға сайлануы өте маңызды оқиға.
– 2017 жылға байланысты ҚСЗИ сарапшылары өз болжамдарын жасап жатыр. Білуімізше, сіз Сириядағы кейбір күштердің Ауғанстанға ену мүмкіндігін болжапсыз. Ал Орталық Азияға осындай қауіп бар ма?
– Орталық Азияға мұндай тікелей қауіп жоқ. Қазіргі уақытта Сириядан, Ауғанстаннан Орталық Азияға қарулы топтардың ену мүмкіндігі жоғары емес. Біздің соңғы болжамдарда әңгіме болған басты мәселе – Сириядағы жағдайға байланысты кейбір радикалды топтардың басқа аймақтарға, оның ішінде, Ауғанстанға өз әрекеттерін көшіру ықтималдылығының жоғары болуы. Қазірдің өзінде кейбір радикалды топтар Ауғанстанда өз бөлімшелерінің ашылғандығы туралы жариялауда. Бұл Си­риядағы жағдайдың өзгеріп жатқандығын және олардың басқа аймақтарды паналап, жаңа елдерді іздеп жатқандығын аңғартады. Болашақта бұл қандай жаңа трендтерге әкеп соғуы мүмкін? Бұл жайлы айту әлі ертерек. Жуырда мен америкалық әріптесім Джейкобсонмен бірге дәл осы тақырыпқа байланысты кітабымды аяқтадым. Бәлкім, ақпан айында баспадан шығар. Бұл кітап негізінен Сирияда соғысып жүрген орталықазиялық радикалдар жөнінде болмақ. Бұл кітапта біз өз болжамдарымызды жеткізетін боламыз.
– Өкінішке қарай, өткен жылы Қазақстанның екі бірдей қаласында террорлық актілер болды. Бұндай оқиғалардың қайталанбауына кепілдік бар ма? Жалпы, құзырлы органдар үшін бұл сабақ болды ма?
– Өткен жылы болған қанды оқиғалар мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де сабақ болған сияқты. Себебі, қоғамда да белгілі бір талқылауларды көріп жатырмыз. Мұның барлығы билік және азаматтық деңгейде жаңа қауіп-қатерлермен қалай күресудің, жаңа жолдарды қарастырудың әрекеті мен түсінігі бар екенін көрсетеді. Мемлекет тарапынан бірқатар әрекеттер жасалған болатын. Бұл мемлекеттің осы қауіп-қатерлерге тойтарыс берудегі жаңа шараларды қабылдауға мүмкіндігі барын көрсетті. Мен үшін сарапшы ретінде осы маңызды.
Жуырда бұл туралы мақала жазғанмын, мұндай террористік актілер көбіне-көп мемлекеттің саясатына ықпал етіп, оның бағыт-бағдарын өзгертіп жібереді. Яғни, өткен жылы болған оқиғалар осындай деңгейде қауіп-қатер туғызған еді. «Мемлекет өзінің саясатында модернизациялық күн тәртібінен қауіпсіздік күн тәртібіне ауысып кетпей ме» деген сияқты ойлар болған. «Мемлекет тек қауіпсіздікті нығайту мәселесімен әуестеніп кетпей ме» дегендей талқылаулар да көтерілді. Қарап отырсақ, мемлекет пен билік модернизациялық күн тәртібін өзгертуге еш нәрсенің әсер етпейтіндігін көрсетіп отыр. Керісінше, билік мемлекеттік экономикалық, әкімшілік-саяси жүйені жаңартып, өзгертуге, тиімділігін арттыруға деген жұмысты жандандыру қажеттігін түсініп отырғандығын көрсетеді. Себебі, билік бұрын жарияланған Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадам бойынша іс-әрекеттерді ары қарай да жалғастырып отыр. Өзіңіз байқағандай, жуырда мемлекет басшысы бастама көтеріп, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді үлестіру бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Яғни, Елбасының мемлекеттің дамуы жөніндегі стратегиялық көзқарасының анық екенін көрсетеді. Елбасының қоғам мен мемлекеттің дамуы жөнінде жүйелі көзқарас-жоспары барын аңғартады.
– Әңгімеңізге рақмет!


Қазір бәрі де «қаншалықты бұл келіссөздер нәтижелі болады» деп көп сұрайды. Мұны ешкім де білмейді. Бірақ Астана процесі Сирия мәселесі бойынша бейбіт процестерге белгілі бір деңгейде жаңа серпін берді. Астана процесі Сирия дағдарысына, қасіретіне халықаралық қауымдастықтың назарын тағы бір аудартты. 


Сирия дағдарысы халықаралық саясаттағы ең үлкен кикілжің болумен қоса, бұл үлкен гуманитарлық трагедия. Көптеген бейбіт тұрғындардың қазасына алып келген, әлі күнге дейін жалғасып жатқан қасірет. Бұл мұсылмандық парыз жағынан да біздің ел үшін үлкен сауапты іс-әрекет. Кейбір адамдар «бұл біздің елге қауіп-қатер туғызып, террористік ұйымдардың назарын бізге аудартпай ма» деп қорқады. Керісінше, бұл түрлі радикалды ой-пиғылдағы адамдарға қарсы айтатын аргументіміз. 


 

Менің ылғи айтатыным, біз кез келген халықаралық жағдайға өз көзқарасымызбен қарап үйренуіміз керек. Бұл жағдайда біздің көзқарасымыз – ішкі және сыртқы саясатымыздың үйлесімділігінде.

Сұхбаттасқан
Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*