Қазақстан – Канада байланысы нығайып келеді

950
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Канада парламенті қауымдастықтар палатасының сыртқы істер және халықаралық даму комитеті төрағасы, сондай-ақ «Қазақстан – Канада» парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы Роберт Нолт бастаған парламенттік делегация өкілдерімен кездесті.  

Кездесу барысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Канада дипломатиялық қатынастар орнатқан 25 жыл ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Канадамен өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға, жоғары технологиялық бірлескен өндірістерді құруға, сауда-инвестициялық байланыстарды өрістетуге баса назар аударып келе жатқанын айтты. Сенат төрағасы канадалық депутаттарды Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін көруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы аясындағы Қазақстан мен Канада парламентшілерінің сындарлы ынтымақтастығын атап өтті. Ол канадалық депутаттардың Астанаға сапары екіжақты парламентаралық диалогке жаңа серпін беретініне сенім артатынын жеткізді.
Жүздесушілер халықаралық саладағы маңызды мәселелер, олардың ішінде Сириядағы жағдай туралы пікір алмасты. «Сирия үкіметі мен оппозициясы өкілдерінің таяуда Астанада өтетін кездесуіне Қазақстан зор үмітпен қарайды. Сирия қақтығыстары тараптарының қантөгісті тоқтатуға, саяси трансформациялану мен елді соғыстан кейінгі қалпына келтіру үдерістерін бастауға тамаша мүмкіндігі бар. Әлем қоғамдастығы бұл үдеріске жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Елордасы маңызды келіссөздердің басталуы үшін ең қолайлы орын және біздің еліміз оған барлық жағдайды жасауға әзір» деді Сенат төрағасы.
Құрметті мейманның пікірінше, Қа­зақстан – Канаданың жақын досы. Екі елдің ортақ жақтары көп, оның ішінде климаты мен географиясының да ұқсастықтары бар. Канада парламентшілері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуда нәтижелі рөл атқарғысы келеді. Депутаттар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылындағы тамаша же­тістіктерін атап өтті. Парламентшілер біздің елімізге алдағы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымында жемісті жұмыс атқаруына тілектестігін айта отырып, күрделі халықаралық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Роберт Нолт пен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кездесуінде екі ел арасындағы қарым-қатынас тілге тиек етілді. Мәжіліс төрағасы атап өткендей, бұл сапар – Қазақстан Канаданың маңызды әріптестерінің бірі екендігінің жарқын көрсеткіші. Биыл – Канада елінің 150 жылдық мерейтойы. Әріптестерін осы айтулы датамен құттықтаған спикер Канада халқына игілік пен гүлдену және табыс тілеген ізгі сәлемін жолдады. Сондай-ақ биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толып отыр. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның былтыр Қытайда өткен «G-20» саммитінде кездесуі екіжақты саяси үнқатысу үшін маңызды орын алып отыр. Кездесу барысында тараптар уран, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ білім және туризм салаларына басымдық бере отырып, казақстандық-канадалық қарым-қатынасты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне арнаған саяси үндеуіне айрықша назар аударды. Бұл – ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптас­тыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру. Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин:
– Біз Канадамен үнемі пікір алмасу, түрлі халықаралық құрылымдарда күштерімізді үйлестіру, бастамалар мен позицияларымызды өзара қолдау жолымен халықаралық аренадағы іс-қимылымызды нығайтатын боламыз, – деді.
Роберт Нолт Қазақстанның қазіргі даму деңгейін жоғары бағалай келіп, «Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан құқық үстемдігі, плюрализм, мемлекеттік қызметті реформалаумен қатар, көптеген маңызды бағдарламаларды жүзеге асырды. Бір әрқашанда Қазақстанды қолдаймыз» деді.
Тараптар парламентаралық байланысты тереңдету жайына да ерекше көңіл бөлді.
Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы канадалық әріптесіне біздің елімізге ресми сапармен келу туралы шақыру жолдады.
Сол күні Сенат төрағасы Германияның Қа­зақ­стандағы елшісі Рольф Мафаэльді де қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатты біздің еліміздегі қызметінің басталуымен құттықтады және Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын нығай­тудағы маңызды жұмысында табысты болуға тілектестігін білдірді.

Темірлан БАЯЗИТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*