Мемлекеттік стипендия табыс етілді

744
0
Бөлісу:

Президент тапсырмасы бойынша Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы 2016 жылғы мемлекеттік стипендиясын табыс етті.

Бұл марапат жыл сайын құрметтi атақ­тар мен мемлекеттiк наградаларға ие болған шығармашылық өкілдері мен мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ руханият саласын қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін айрықша дарынды жастарға мем­лекеттік қолдау көрсету мақсатымен берiледi.
Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты рәсімге қатысушыларды құттықтап, оларға мемлекеттік стипендияның тап­сырылуы Қазақстан мәдениетін дамы­туға қосқан елеулі үлестеріне берілген жоғары баға екенін жеткізді.
Сондай-ақ 2016 жылдың басты оқиғасы –Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу болғанын атап өтті. Президент Жарлығымен бекітілген «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжы­рымдамасы аясында мерекелік іс-ша­ралар өткізілгеніне тоқталды. «Тәуел­сіздік мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар арқылы мемлекеттілікті және халықтың бірлігін одан әрі нығайтуға, қазақстандықтарды Мәңгілік ел жал­пыұлттық идеясы төңірегіне топтас­тыруға негізделген басты мақсаттарға қол жеткізілді» деді Г.Әбдіхалықова.
2016 жылы отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін әдебиет пен өнердің 75 қайраткеріне мемлекеттік стипендия тағайындалыпты. Стипен­дияға ие болғандар қатарында: Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Владимир Толоконников және тағы басқа майтал­ман­дар бар. Сонымен бірге, Ерлан Жүніс, Мәдина Баспаева, Тасқын Жар­мұхамед, Димаш Құдайберген және өзге де жас дарындарға қолдау көрсетілді.
Мемлекеттік хатшы кездесу бары­сында 2017 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік рәміздері – Ту мен Елтаңбаның қабылданғанына 25 жыл толатынын атап өтті. Сондай-ақ өзге де маңызды оқиғалар қатарына еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүшелігі, ЕХРО-2017 ха­лықаралық мамандандырылған көрмесі, Дүниежүзілік қысқы Универсиада кіреді.
Кездесу соңында Гүлшара Әбді­қалықова шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің Мәңгілік ел жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілетуге, Қазақстан мәдениетін одан әрі дамытуға елеулі үлес қоса беретіндеріне сенім білдірді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*