3 миллионнан астам адам кәсіпкер

1692
0
Бөлісу:
кәсіпкер

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Қазақстан Президентіне Ұлттық палатаның 2016 жылғы жұмысының қорытындылары, республикалық бизнес қоғамдастығының дамуы, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы президиум төрағасы Т.Құлыбаев пен басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндады.

Елбасы бизнесті қолдау жөнінде Үкімет мақсатты түрде тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.

«Заңнамалық актілерге дер кезінде өзгерістер енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, тексеруші мекемелер саны қысқартылды, жоспарлы тексерістер алынып тасталды. Кәсіпкерлер заңнамалық үдерістерге белсене атсалысып келеді, бұл елдің ішкі жалпы өніміндегі бизнестің үлесін арттыруға ықпал етуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет қабылдап жатқан шараларға бизнес өкілдері тарапынан лайықты қайтарым болуға тиіс екеніне назар аударды.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен қолдауға бизнестің жауап беретін кезі келді. Азаматтарды кәсіпкерлік саласына тұрақты түрде тартып, ел экономикасындағы олардың үлесін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Палата басшылығы қазіргі уақытта шағын және орта бизнес үлесі ішкі жалпы өнімнің 25%-ын құрап, онда 3 миллионнан астам адам жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. 2016 жылы 11,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген, бұл – 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ға артық.

Сонымен бірге, басқарма төрағасы Елбасының тапсырмасы бойынша рұқсат беру және бақылау-қадағалау саласында ревизиялық жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның нәтижесінде рұқсат беру құжаттары айтарлықтай азайтылып, жоспарлы тексерістер алынып тасталды.

«Бас прокуратурамен, Парламент депутаттарымен бірлесіп, қазір шағын және орта бизнес қызметінің түрлі саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қайта қарастырудамыз», – деді А.Мырзахметов.

Бұдан бөлек, Ұлттық палата басшылығы отандық кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыру және тиімдірек ете түсу үшін мобилді қызметтер қалыптастыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*