Әлем назары Астанаға ауды

1714
3
Бөлісу:

«Сан алуан өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан киелі өлкедегі ұзақ уақытқа созылған қантөгістің тыйылуына Қазақ елі тілектес!». Кеше Қазақстанның бас қаласы Астанада басталған Сирия мәселесін реттеу жөніндегі халықаралық кездесу осы сөздермен ашылды. Келіссөздерге қатысушыларға жолдаған арнайы үндеуінде Елбасы осылай деді. Сирия дағдарысын шешпекке бекінген 7 тарап бас қосқан келіссөздерден жер-жаһанға хабар тарату үшін шетелдік 389 БАҚ өкілі тіркеліпті. Масс-медиа кейде БҰҰ Бас ассамблеясының мәжілістеріне де бұлай ықылас танытпайды. Демек, жаһан жұрты Шам жерінде тыныштық орнағанын қалап, бар үмітті Астанамен байланыстырып отырса керек.

Расында, бұл ел қазақ халқы үшін тіпті де жат емес. Мысалға, Ұлы Даланың ұлық ұла­ны, жаһандық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы Сыр жағасында орналасқан Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келіп, 950 жылы Шам (қазіргі Сирияның бас қаласы Дамаск) шаһарында қайтыс болған.
ХХІ ғасырдың екінші онжылдығымен бір­ге Сирияда басталған соғыс, сарап­шы­лар­дың айтуынша, елдегі бірліктің жоқ­ты­ғынан тұтанған. Нәтижесінде, эконо­ми­ка күйреді, мемлекеттің тоз-тозы шықты, же­­рінің біраз бөлігін террористік топтар ба­сып алып, «квазимемлекеттерін» құрды. Си­рияда 300 мыңдай адам қаза тапқан, мил­лиондай жан бар мал-мүлкін тастап, бас сауғалап, көрші елдерге босып кетті. Шы­ғыстың талай шайыры әнге қосқан, қазақтың да аңыз-хикаяларында кездесетін Шам (Дамаск) шаһарының қазіргі қираған аянышты кейпін суреттеген сарапшылар оны «мүгедекке айналған ару» деп атайды.
БҰҰ бүкіл адамзаттың Дүниежүзілік мә­дени мұрасы деп таныған, антика дәуі­рі­нен жеткен байырғы бай қала Пальмира жер­мен-жексен болды. 2015 жылдың ма­мырын­да лаңкестік ИГИЛ (ДАИШ) со­дыр­лары Пальмираны басып алып, ондағы ес­керткіштерді жойды. 2016 жылдың 27 нау­рызында ресейлік әуе-ғарыш күш­тері­нің тегеурінді соққысының қолдауымен Си­рия армиясы ежелгі қаланы босатқан, осы­дан кейін ескерткіштерді қалпына кел­тіру жоспары жарияланды. Алайда ресми би­лік ұзақ ұстап тұра алмады. 2016 жылдың соңында лаңкестер Пальмираны қайтара б­асып алды және жақында ғана ресейлік «Үл­кен театрдың» салтанатты қойылымы өт­кен көне амфитеатрдың орталық бөлігін жа­рып жіберді.
Мұның барлығы осы елде әрекет етуші конструктивті күштер бірауызды болып бірікпесе, елде бейбітшілік орнамайтынын және жеңіс күні алыстай беретінін паш етті. Осы орайда 17 желтоқсанда ресейлік және түркиялық әріптестерімен телефон арқылы сөйлескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы жағдайды реттеу бойынша ке­ліс­сөздерді Астанада өткізу ұсынысын құп­тады. РФ президенті Владимир Путин жә­не Түркия президенті Режеп Тайып Ер­до­ған Сириядағы қақтығысушы тараптар ара­сындағы ахуалды бейбіт реттеуге арнал­ған келіссөздерді Астанада өткізу туралы бас­тама көтерген болатын. Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жа­сауға дайын екенін мәлімдеді.
Енді, міне, бұл келіссөздер өте жақсы дең­гейде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Кездесу лайықты деңгейде өтуі, ал ке­ліс­сөзге қатысушылар мен ақпарат құ­рал­дары өкілдерінің Астанада тұруы қауіп­сіз, әрі жұмысқа қолайлы болуы үшін Қа­зақ­­стан өзіне байланыстының бәрін жа­­­­­­сады.
Келіссөздер ресми беделсөздерден бас­талды. Алдымен еліміздің Сыртқы істер ми­нистрі Қайрат Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия мәселесін реттеу жөніндегі халықаралық кездесу (Ас­тана процесі) қатысушыларына үндеуін оқып берді.
– Сириядағы күрделі ахуал бүкіл әлем жұрт­шылығының назарын өзіне аударуда. Алты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қақтығыс түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан киелі өлкеге қай­ғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелме­ген­дігін мойындауға мәжбүрміз. Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнауына және нығаюына мүдделі! – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев аталған кездесуді «Си­рия­дағы жағдайды бейбіт реттеуге бағытталған ха­лықаралық қоғамдастық күш-жігерінің ай­қын көрінісі» және ұмтылысы ретінде ба­ғалады.
«Қазақстан Сириядағы жағдайды ше­шу­дің жалғыз дұрыс жолы – өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болу­ға тиіс деп санайды. Еліміздің осы ке­ліс­сөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кез­дейсоқ емес. 2015 жылы Астанада бір­қа­тар сириялық оппозиция топтары ара­сын­дағы келіссөздердің 2 раунды өтті. Қа­зақ елі Сирия халқына түскен ауыртпа­лық­ты жеңілдету мақсатында осы елдің бос­қындарына 700 мың доллардан астам қаржы бөлді. Жақында азық-түлік түрінде 500 тонна гуманитарлық жүк жөнелттік» деп хабарлады Елбасы.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ас­та­надағы кездесу барлық мүдделі тарап­тар­дың «БҰҰ қолдауымен өтетін женевалық процесс аясында сириялық дағдарысқа қа­тысты оңтайлы шешімнің табылуына» қа­жетті алғышарттарды қамтамасыз етіп, Си­рия жерінде бейбітшілік пен тұрақты­лық­ты орнату ісіне лайықты үлес қосады де­ген сенім білдірді.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Қ.Әб­дірахманов Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері Қазақстанның және Ел­басы бастамаларының жаһандық қауіп­сіз­дікке үлес қосып келе жатқанына тоқталды. «Біз осы беріліп отырған мүмкіндікті Си­рия халқына бейбіт өмірге деген құқығын қайтару үшін пайдалануға тиіспіз» деді елі­міздің сыртқы саяси ведомствосының бас­шысы.
СІМ дерегінше, «Астана процесіне» 7 та­рап қатысуда. Оның біріншісін – Сирия Араб республикасы үкіметінің делега­ция­сын осы елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ба­шар әл-Жафари бастап келді. Екін­ші­сінде Сирия оппозициясын шамамен 15 оп­позициялық топтың өкілі бар. Бұған қо­са, «келіссөздерге кепілдік беруші» деп ата­латын үш тарап қатысуда. Соның ішінде Ре­сей делегациясына РФ президентінің си­риялық реттеу мәселелері жөніндегі ар­наулы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия деле­гациясына – сыртқы істер министрінің орынбасары Седад Оңал, Иран Ислам Рес­публикасы делегациясын осы елдің сыртқы іс­тер министрінің орынбасары Садек Ху­сейн Жабери Ансари жетекшілік етуде.
Мұның сыртында тағы екі тарап бар: БҰҰ-дан – жаһандық ұйым Бас хатшы­сы­ның Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаф­фан де Мистура, АҚШ-тан оның еліміздегі ел­шісі Джордж Крол қатысуда.

«2016 жылдың желтоқсанының аяғында Түркия мен Ресейдің белсенді араласуы нәтижесінде, қол жеткізілген «атысты тоқтату» режимін қолдағандар атынан бүгінгі келіссөз үстеліне Сирияның шамамен 15 оппозициялық тобының өкілдері қатысуда. Негізі, сириялық оппозиция өз делегациясының басшысы ретінде қандай да бір топты белгілеген жоқ. Сирияның бүкіл қарулы оппозициясын ұсыну өкілдігі де ешкімге берілмеген. Тиісінше, олардың әрқайсысы тек өз топтары атынан ғана өкілдік етеді және келіссөз барысында өз ұстанымдарын үйлестіріп отырады» деп түсіндірді ақпарат құралдарына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко.
БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура өз сөзін­де Президент Н.Назарбаевқа Астана­дағы келіссөздер процесін ұйымдастырғаны және оның жоғары деңгейде өтуіне барлық жағдайды жасағаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, БҰҰ Астанада кездесу өткізу идеясын бірінші болып қолдаған.
Жалпы, кездесудің ақпарат құралда­рының қатысуынсыз өткен бөлігінде Сирия үкіметінің де, осы елдегі қарулы оппози­цияның да өкілдеріне сөз берілген, өз ойлары мен ұсыныстарын еркін айтуына мүмкіндік жасалған. Сарапшылар бұлардың бір бөлмеде, бір үстел басында бас қосуы­ның өзін жетістік деп санайды. Әрі бі­тімді келіссөздер «олардың ертең бір-біріне қару кезенуін доғаруына, кейін соғыстың да толық тоқтауына ықпал етуі» ықтимал.
Журналистерге арнап, баспасөз
мә­сли­хатын өткізген Сыртқы істер ми­нис­трі­­нің орынбасары Роман Василенко та­раптардың басқосулары Астанадағы кез­десумен бітпейтінін, Женевада жал­ғасын табатынын айтады. Негізгі келі­сімдерге де сонда қол жеткізілуге тиіс. Бұл ретте ҚР СІМ Қазақ елінің бұл келіс­сөздердің бір тарабы емес екендігіне екпін түсіреді. Себебі, өзгелерден бір айыр­машылығы, республикамыз Сирия­дағы қақтығысқа араласып не сонда соғыс жүргізіп жатқан жоқ.
«Сириядағы ахуалды реттеуге арналған кездесу Түркия мен Ресей президенттерінің бастамасы бойынша өтіп отырғанын еске салғымыз келеді. Бұл ретте Қазақстан ке­ліс­сөз процесіне тартылмай, тек сирия­аралық сұхбаттастыққа алаң ғана ұсы­натынын ескерген маңызды және бұл принципті жайт болып саналады!» деп қадап айтты Р.Василенко.
Оның айтуынша, Қазақстан «Ас­танадағы кездесу БҰҰ қолдауымен өтетін Женевадағы келіссөздерде Сириядағы шиеленісті жан-жақты шешу үшін қажетті жағдай туғызады» деген сенімде.
«Тағы бір принципті жайт сол, біз бұл келіссөздерді женевалық келіссөздік процеске балама ретінде қарастырмаймыз, керісінше, оны толықтырушы элемент­тердің бірі деп санаймыз. Бұл ұстанымның дұрыстығын БҰҰ да құптады: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі биылғы 20 қаңтарда Астанадағы кездесуді «Сирия жүргізіп отырған саяси процестің маңызды бөлігі және биылғы жылдың 8 ақпанында БҰҰ қолдауымен Женевада өтетін келіссөздерді қайта жандандыру жолындағы маңызды қадам деп қарастыратынын» жариялады. Сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Астанадағы кездесу туралы жеке мәлімдеме жасауға ұйғаруы оның Сирия дағдарысын саяси реттеудің жалпы процесінде бір төбе болып тұрғанын куәландырады» деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Шетелдік журналистер одан Сириядағы соғыс тоқтағанша, «Астанада жаңа тұлғалармен және жаңа топтармен тағы кездесу ұйымдастырылуы мүмкін бе?» деп сұрады.
– Қазіргі кезде біз қабылдаушы тарап ретінде өз міндетімізге дәл осы келіссөздерді өткізу кіреді деп санаймыз. Егер қажет болып жатса, ары қарайғы келіссөздер жүргізу үшін де алаң ұсынуға дайынбыз! Қазақстан бұл кездесуді кепілдендіруші тарап болып есептелмейді. Біз қабылдаушы тараппыз. Ендеше, ондай шешімдерді қабылдау біздің еншімізде емес және келіссөз құрамын кеңейту немесе оны ары қарай жалғастыру біздің құзырымызға жатпайды. Қазақстан осы істің табысқа жетуіне одан әрі де барынша қолдау және жәрдем көрсетуге әзір, – деді Роман Василенко.
Жалпы, Астанадағы кездесу әлемде үлкен қызығушылық туғызғанын айта кеткен жөн. ҚР СІМ дерегінше, бұл халық­аралық іс-шараны өз аудиториясына жариялау үшін әлемнің әр елінен 389 шетелдік журналист, блогер, продюсер тіркеліпті. Ал бұл іске ынта-ықылас танытқан отандық ақпарат құралдары өкілдерінің саны – 120 адам.
Келіссөздер бүгін, 24 қаңтарда да жалғасатын болады. Кеше негізгі кездесу сыртында астаналық «Риксос Президент» қонақүйінің әртүрлі залдарында кеш қарайғанша екіжақты және көпжақты келіссөздер жүрді. Оған қатысушылардың барлығы конструктивті диалогқа, еркін әңгімеге Қазақстанның қолайлы жағдайлар жасағанын растады.
«Астана процесінің» қорытындысында тараптардың келіссөздерді жалғастыруға және бітімге деген ынта-ықыласын білді­ретін құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Кепілдік беруші елдер делегациялары, БҰҰ қолдауымен, қол жеткізілген уағдалас­тықтар көрініс беретін осы қорытынды құжат жобасын бүгін де пысықтайды деген ақпар бар.

Пiкiрлер

АСТАНА ПРОЦЕСІ – СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ТАБЫСТАРЫМЫЗДЫҢ БІРІ

Сирия жанжалын реттеу үшін өтіп жатқан Астана процесі бірінші кезекте Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға ықпал етуге бағытталғаны анық. Сонымен қатар Қазақстанның арағайындық қызметін көрші-қолаң ғана емес, әлемдік қауымдастық та жоғары бағалап отырғанының көрінісі. Сарапшылар Астана процесінде ең алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырған қазақ дипломаттарының еңбегі зор екендігін атап өтуде.

Анастасия РЕШЕТНЯК,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері:

– Астанада Сирия жанжалына байланысты келіссөз басталып кетті. Қазақстанның елордасы Астанаға Ресей, Иран, Түркия және БҰҰ мен АҚШ өкілдері келді. Келіссөзге Сирия оппозициясы жиырмаға тарта қақтығысқа қатысып жатқан топтарды тартты. Осының өзі Сирия жерінде бейбітшілікті, тұрақтылықты қалпына келтіруге тырысқан түрлі топтардың барлығын көрсетеді. Астанада өтіп жатқан келіссөз, топтардың ұстанған идеологиясы әртүрлі болғанына қарамастан, ортақ шешімге келу үшін бар күшті жұмылдырары хақ. Қазақстан келіссөзге келгендерді қарсы алып әрі медиатор қызметін атқаруға сақадай сай екенін таныта білді. «Жабық есік жағдайындағы» формат келіссөздерге қатысушылардың бір-бірімен ашық әңгіме құруына мүмкіндік беруі тиіс. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыру жұмыстарының тігісін жатқыза білуі тараптардың бір-біріне деген қырғи-қабақ көңілдерін жібітуі бек мүмкін.

 

Нұрсұлтан АХМЕДИЯ,
«Парасат» жүйелі зерттеу институтының директоры:
– Бір емес, бір­не­ше елдің мем­лекет басшылары жан­жалға еш қатысы жоқ мемлекетті келіссөз алаңы болуға шақыруы, келіссөз жүргізу тарихында өте сирек болатын құбылыс. Сөз жоқ, осы орайда бейбіт келіссөз алаңы ретінде Астананың таңдалуы, тегінен-тегін емес. Ең бастысы, бұл жерде Қазақстан Президентінің әлем алдындағы бет-беделі һәм өзге мемлекетті сөзсіз мойындатқан бітімгершілік қасиеті айрықша рөл атқарғаны даусыз. Бұл жерде еліміздің Сыртқы істер саласындағы қызметкерлердің біліктілігін айтпай кетуге болмайды. Қысқа ғана уақыт ішінде Қазақстан СІМ өзара тартысқандарды бітімге шақыратын алаңды ұйымдастырып үлгерді. Мұны біздің дипломаттардың бейбіт күндегі ерең еңбегі, ерлігі деп ұқсақ артық болмайды. Келіссөз өтетін жерді нақтылап, жұмыс кестесін белгілеу, қатысатындарды ұйымдастыру өте жоғары деңгейдегі еңбекті талап етеді. Өйткені бүкіл әлем қазір назарын Астанаға аударып отыр. Астана сол өреден табылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Tangie 1 Наурыз, 2017 at 12:41 Жауап

    I must be hungry.I just read ‘I don’t much like drh8#ots&gu217; and I thought, geez, I can’t believe Nancy doesn’t like doughnuts. Oh well, they can be really greasy.’

  2. Esther 1 Наурыз, 2017 at 13:51 Жауап

    I try to keep up with your Page editor website guy, but when it8Ùs busy it’s busy. I liked seeing Collision being performed. I would have to agree with the consensus about Crack Hitler though. Of course they played it on the Angel dust tour – but man oh man!

Пікір жазу


*