Авиация қызметі жақсарады

1506
0
Бөлісу:

Астана әуежайында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаевтың төрағалығымен «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізу жөніндегі» заң жобасын әзірлеуші жұмыс тобының көшпелі отырысы өтті.

Жиынға ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов, ҚР Парламент Мәжілі­сінің депутаттары және мемлекеттік органдар мен әуе компаниялардың өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізу жөніндегі» заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Заң жобасының мақсаты – алдағы уақытта Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы заңнамасын жетілдіру, авиация қызметін бақылау және қадағалауды жақсарту, әуе көлігі жүйесінің тиімділігін және әуе қызметтерінің сапасын арттыру, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сала мамандарының жауапкершілігін күшейту. Сонымен қатар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандартына сай болу және ұлттық заңнамадан қарама-қайшылықтарды алып тастау мәселелері де қамтылған.
«Авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО-ның жоспарлы аудитінен сәтті өтуде негізгі критерийлердің бірі – мықты заңна­малық база болып саналады. Аудитке дайын­далу аясында заң жобасына елеулі өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, мемлекеттік инспекторлардың құзыретін кеңейтуге бағытталған, лауазымды тұлғалардың жауап­кершілігін күшейту және әуежайлардағы авиациялық қауіпсіздік қызметі персоналда­рына аттестация енгізу мәселелері бар» деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау.
Аталмыш отырыста тағы бірқатар мәселелер қаралды. Оның ішінде еліміздегі әуежайлардың даму перспективалары және «ЭКСПО – 2017» халықаралық маман­дандырылған көрмесіне Астана әуежайының дайындығы мәселелері бар.
Сонымен қатар көшпелі отырысқа қатысушылар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жалпы ауданы – 47 000 шаршы метр болатын жаңа жо­лаушылар терминалының құрылысымен танысты. Терминал құрылысы аяқталғаннан кейін күту залына бір уақытта 2 525 жолау­шыға дейін сиятын болады. Бүгінгі күні әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның ал­дында перронға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа бизнес-терминал пай­далануға берілген болатын.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйен­сек, Астана халықаралық әуежайы өндірістік көрсеткіші тұрғысынан Қазақстандағы екінші әуежай торабы болып саналады. Оңтүстік Шығыс Азия мен Батыс Еуропаны байланыстыруда Астана қаласының географиялық жағынан Еуразия материгінің дәл ортасында орналасуы трансферлік және транзиттік тасымал саласында авиацияны дамытуға зор мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*