Ядролық отын банкінен сескенудің қажеті жоқ

1760
0
Бөлісу:

Әділхан ӘБІЛДАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры:

Ядролық отын банкінен сескенудің қажеті жоқ

Таңдау неге Қазақстанға түсті?
– Осы жылдың ортасында елімізде әлемдегі бірінші Ядролық отын банкі (ЯОБ) салынып бітетіні жарияланды. Бұл әңгіменің қозғал­ғанына біраз болғанынан хабардармыз. Таңдау неге Қазақстанға түсті?
– Ашығын айтқанда, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделінің арқасы. Уақыт өте көзіміз жетіп отырғандай, Елба­сымыздың бүкіл плане­тарлық маңызы бар көптеген ұсыныстарына кезінде көпшілік мән бермеді. Мамандар, саясаткерлер уақытында дұрыс түсінбеді ме, әлде түсінгісі келмеді ме, әйтеуір кешеуілдеп барып қана іске асып жатқан мәселелерге замандастары біздер куә болып отырмыз. Оған мысал: Кедендік одақ құру, Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу, т.б. Елбасымыздың ойының ұшқырлығы сол, ядролық қаруға бақылау жасау үшін дүниежүзінде дайындалып қойған материалдарды бір жерде ұстау керектігін, оны бір жерден бақылап және бақылау жасау жолдарының бәрі алдын ала жасалып, келісілу керектігін, бір елдің ядролық реакторына немесе басқа да мақсатқа қажет болса, соның бәріне Атом энергиясы бойынша халықаралық агент­тіктен (МАГАТЭ) рұқсат алуы тиіс еке­ніне өзге­лердің көзін жеткізе білді. Сонда көрін­геннің қолында ядролық қару жасайтын ма­териал болмайды. Бәрі бақылауда болады. Ел­басы осы ойды айтқалы біраз уақыт өтті. Дүниежүзінің алпауыттары ойланып, бірімен-бірі ақылдасып, үлкенді-кішілі келісімшарттар жасалып, ақырында біз әңгіме етіп отырған тоқтамға келді. Олар бір-біріне сенбейді. Жер бетінде атом энергиясын өндіретін реактор тұрғызуға, атом бомбасын жасауға қажет ши­кі­заттың бәрін өндіріп, өңдеуге рұқсаты бар, тұйықталған циклды іске асыруға (уранды өндіруден бастап реакторға не болмаса бом­баға салатындай етіп дайындау тұйық­тал­ған цикл деп аталады) құқылы бес-ақ мемле­кет бар. Олар – АҚШ, Ресей, Англия, Франция және Қытай. Ал енді атом қаруы бар мемле­кеттер одан да көп. Олар тұйықталған цикл жа­сай алмайды, жоғарыда аттары аталған бес мем­лекеттің бірінен сатып алады. Тұйық­талған циклды жасайтын мемлекеттер осыған дейін, яғни, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсы­нысына дейін бір-біріне сенбей келді. Біздің елдің, Елбасының саналы түрде ядро­лық қарудан бас тартуы олардың сенімін ұя­­лат­­ты.
– Негізі, Ядролық отын банкін өз елінде салу жайлы ой оларда да болды ғой?
– Бәрінің де ойы болды. Осы күнге дейін «Ядролық отынды қай елде жинап қоямыз?» деген сұрақ оларды мазалап келгені рас. Аме­рика Құрама Штаттарында ядролық мате­риал­­дарды Невадада салын­ған арнайы құрыл­ғы­ларда, стационар ядролық реактор­лар­дың жанындағы мамандан­ды­рыл­ған орындарда сақтайды. Өзге елдерге де сол жерге әкеліп сақ­­тауға, керек кезінде алып тұруға ұсыныс жа­­сады. Оған өзгелері келіспеді. Себебі сен­беді. Сондай сенімсіздіктен осы күнге дейін еш елге халықаралық ядролық отынды сақтау құ­қығын беруге келісім жасалынбады. Ядро­лық отын банкін құру жайлы ұсыныс жаппай бұқаралық сипатта, жария түрде айтылмаса да, дипломатиялық тұрғыдан, өзара, жабық жағдайда айтылып, талқы­ланып, тартысып, бір-біріне қимай жүрген мәселе болып келді. Ақырында Қазақстан тарапынан ұсыныс түскенде ядролық реакторлары, ядролық бом­ба­лары бар елдер тарапынан қарсылық бол­мады. Бұл жерде Қазақстанның ядролық қар­уы бар елдердің ішінде қуаты жағынан төртінші орында тұрып, сол қарудан өз еркімен бас тартқаны, өз жеріндегі сынақ полигонын үзіл­ді-кесілді жапқаны қай-қайсысының бол­са да Қазақстанға деген сенімін еселеп арттырғаны сөзсіз екені көрініп-ақ тұрды.

ЯОБ қайда салынады?
– Ядролық отын банкі әу баста айтылған Үлбі металлургия зауыты аймағында бола ма? Әлде басқа да нұсқалар бар ма?
– Солай болатын шығар. Өйткені ол жер­де инфрақұрылымның бәрі дайын тұр. Жұ­мыс­­шылар да бар. Тіпті бұл жерде тұ­ратын адам­дардың менталитетінің өзі со­ған бейім­дел­ген. Олар Металлургия зауы­тына тіпті жақын­дауға болмайтынын жақсы біледі. Екін­ші, Курчатов бар. Кеңес Одағы кезіндегі карталарда Курчатов деген елді мекен жоқ. Дегелең, Конечная деген темір жол стансасы болды, ал Курчатов еш жерде жазылған да, айтылған да жоқ. Қазір Курчатов – ядролық фи­зиканы, радио­экологияны зерттейтін ғы­лы­­ми-зерт­теу институттары бар қала. Менің ойымша, Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыруға ыңғайлы тағы да бір орын бар. Ол – Ақтөбе облысы. Бірақ мұндай ой мем­ле­кеттік тұрғыдан әлі еш жерде айтылған жоқ.
– Неге Ақтөбеде болуы керек дедіңіз?
– Себебі ядролық отынның бәрін шетел­ден темір жолмен әкеліп Қазақ­станға кіргізетін жер – Ақтөбе. Ядролық отын реакторы бар Еуропа мен Америкадан Ресей арқылы темір­ жол­мен тасымал­данады. Өйткені контейнер үлкен, ауыр. Сондықтан Ақтөбе облысы гео­гра­фиялық жағы­нан тиімді дер едім.
– Ел арасында «Семей ядролық сына­ғынан әрең құтылғанда бұл қайдан шыққан ой?» деген қауіп бар екені аңғарылады. Бір жа­ғынан бұл әлі зерттелмеген сала. Көбінің ха­бары жоқ. Осы қауіпті қалай сейілтеміз?
– Бұл жерде ешқандай қауіп жоқ, тек қана үрей бар. Бір сөзбен айтқанда, фобия. Халық­қа түсіндіру арқылы ақырындап сол үрейді басуымыз ке­рек. Технологиялық, техникалық, ғылыми жағынан келгенде ешқандай да қауіп жоқ. Қауіпсіздік техни­ка­сын дұрыс сақтасақ болғаны. Ал қауіп басқада.
– Бұл жерде нені меңзеп отырсыз?
– Менің айтайын дегенім, қауіп жем­қор­лықта. Біздің елде қанша жемқорлықпен кү­ре­сіп жатсақ та, жақын арада оның деңгейі төмендейді дей алмаймын. Себебі, ол қазір елдің миын, ой-санасын алып кетті. Сы­байлас жемқорлықтың тамыры те­реңге жайылып тұр. Осы жерде де жем­қор­лық белең алса, бұл елге ұят кел­ті­ре­тін үлкен мәселе. Ядролық отын бан­кін құру туралы тәуекел жасағаннан біздің ел­дің жоғалтатын ештеңесі жоқ. Ақшасын бер­се, ядролық отынды сақ­тай­тын қой­ма­ны жер­дің астынан үлкен сарай етіп саламыз. Жер­дің үстінде барлық инфра­құ­ры­лым бо­ла­ды. Оны салуда, сақтауда еш­қан­дай қиын­дық жоқ. Өзімізге деген сенім­ді ақтауымыз керек.
– «Ядролық отынды тасымалдау қауіпсіз, жо­ға­рыдан төмен түссе де, құласа да жарыл­май­ды» дегенді айтып та, жазып та жатыр. Осы саланың маманы ретінде сіз бұған не дейсіз?
– Техникалық, технологиялық жағынан со­лай. Техникалық жағына тоқталатын бол­сам, ол – білік (стер­жень, яғни, қаламсап сияқ­ты нәрсе). Біздің Алматыдағы реак­торда осын­дай 16 білік тұр. Бір кәрзеңке. Оның сыр­тында кастрөл – реактор бар. Реак­тордағы белсенді аймақ сол кәр­зең­кенің айнала­сын­дағы кеңістікте орна­ласқан күрделі ғылыми-тех­ни­калық ин­ф­ра­­құрылым. Тізбекті реак­ция жүру үшін, яғни, жай сөзбен айтқанда, ядро­лық отын реакторда жану үшін, біріншіден, оты­нымыздың біртұтас болып бірігіп тұрған бөлігінің массасы үлкен де емес, кіші де емес, осы изотоп үшін берілген байытылу пайызына сәйкес дәлме-дәл есептелген «сындық» мас­са­ға тең болуы қажет. Екін­шіден, осы «сын­дық» масса өзіне сәйкес келетін «сындық» кө­лемде орна­ласуы шарт. Мысалы, «Уран-235» изотопын алсақ, байытылу үлесі 5,56 па­йызды құрайды десек, оның «сын­дық» мас­са­сының ең төменгі мәні 0,8 келі болады. Яғни, 800 грамм уран бір білік болып салынып, ол білік «сындық» көлемнің ішінде тұруы керек. Олай болмаған жағдайда бұл білік ешуақытта жанбайды. Сондықтан дайын­дап қойған отынымыз өзінен-өзі жарылып кетпе­сін десек, оны «сындық» массаға жеткізбей бөл­шектеп, әр бөлшекті бір-бірінен қашықта ұстау керек. Міне, бомба да сол сияқты. «Уран-235» изо­топынан жаса­лынған бомба ба­йытылу пайызы 100-ге жақын болған жағ­дайда оның «сындық» массасының ең аз мәні бар болғаны 252 грам­ды құрайды. Осы бас бармақтай метал­ды екіге бөліп бір-біріне өз бетінше (рұқ­сатсыз) жақындаса алмайтын етіп орна­ластырса болғаны, ол бомба ешуа­қыт­та жарылмайды. Ядролық отын банкін сақ­тау шараларының да ең бірінші және ең бас­ты шарты – отынның бір-біріне тиіп тұрған бөлігінің массасы ешқашан «сын­дық» мас­саға тең болмауы керек. Әрине, екін­ші шарт бо­­йынша ол «сындық» көлемде орна­лас­пауы ке­рек. Міне, осы шарттар орын­далса ядролық отын еш уайымсыз сақ­та­лады. Ядролық отын­ның сақталу шарттары одан әрі қарай да үшін­шіден, төртіншіден,.. оныншыдан деп жалғаса бе­реді. Оның бәрі отынды апарып реакторға ор­наластырғанда «су» ағаш сияқты бықсып жан­бай қалма­сын, «жан» деген бұйрық беріл­генде дүрілдеп жанып, «өш» дегенде «ко мне!» де­ген бұйрықты естіген ит сияқты дымын шы­­ғармай өше қалатын жағдайда ұстау үшін жа­­салынатын шаралар болып та­бы­ла­ды. Міне, осы ай­тыл­ғандарға сәйкес хал­қы­мызға яд­ролық отын­мен қалай «сөйлесу» керектігін ке­ңі­нен түсіндіру қажет. Осы жұ­м­ыстарды ке­шен­­ді түрде жүргізетін уа­қыт келді деп ой­лай­мын.
– Ядролық отын банкі МАГАТЭ-нің қа­таң бақылауында болатыны айтылып отыр.
– Солай болуға тиіс. Дегенмен дүниенің бәрі ықтималдыққа бағынады ғой. МАГАТЭ-нің өзінде де қаншалықты қатаң түрде бақы­ла­нады дегенмен оның орындалуы ешуа­қыт­та 100 пайыз болмайды. Бұл кішкентай, 100-ден 1 пайыз, тіпті 1000-нан 1 пайыз орын­­далмай қал­са да қауіп. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ешқашан естен шығармауға тиіс­піз.


Ядролық отын банкін құру туралы тәуекел жасағаннан біздің елдің жоғалтатын ештеңесі жоқ. Ақшасын берсе, ядролық отынды сақтайтын қойманы жердің астынан үлкен сарай етіп саламыз. Жердің үстінде барлық инфрақұрылым болады. Оны салуда, сақтауда ешқандай қиындық жоқ. Өзімізге деген сенімді ақтауымыз керек.


Қаржы мәселесі бірден шешілді

– МАГАТЭ Ядролық отын банкі ерікті салым­дар негізінде қаржыландырылатынын айтқан. Донорлар банкті аяғынан тік тұр­ғы­зып, жұмысын жүргізу үшін шамамен 150 мил­лион доллар қажет екенін айтты және қар­жыландыру мәселесі бірден шешілді. Әлем­дік миллиардер Уоррен Баффеттің өзі бір­ден 50 миллион доллар берді. Қалған 100 мил­лион долларды Қазақстан, Еуропалық Одақ, Кувейт, Норвегия, БАӘ мен АҚШ бө­ле­тін болды. Осы құлшыныстың өзі бұл банк­­тің қаншалықты керек екенін аңғартса керек.
– Дұрыс айтасыз. Өйткені бұл бәрінің баяғыдан күтіп отырған мәселесі. Бәрінің ойы Ядролық отын банкін тезірек құру болатын. Енді уақыт өте келе ядролық қалдықтарды әке­летін боламыз. Ядролық қал­дықтардан елдің бәрі қорқады, ал шын мәнінде, ол ағып тұр­ған ақша. Себебі, реактор жұмыс істеп тұр­ғаннан кейін қалдық болады. Ол қалдықты бір жер­де сақтау керек. Әзірге еш мемлекет «Осы­ны біз алайық» деп құлшынып жатқан жоқ. «Осы мәселеге бай­ланысты өз ойыңызды айтыңыз» дегенде мен «Кеш болмай тұрғанда, қарпып қалу керек» деген ойым­ды ашық айт­қанмын. Оның пайдасы бар екенін білсе Аф­рика елдерінің кез келгені қалдықты өзде­рін­де сақтауға ұсыныс білдірер еді. Егер бір алып қалсақ, одан ке­йін бізден оны ешкім ала ал­майды. Ядролық қал­дықтар жер астынан са­лын­ған сарай­лар­да сақ­талады. Бұл жай ғана жер­дің ас­тына апарып, цементпен жертөле жасап, төге салатын нәрсе емес. Ядролық оты­н­ға да, ядролық қалдыққа да арнайы сөрелер дайындалып, алыстан келген қонақты қарсы алғандай жайғастыру керек. Дамыған мемлекеттер мұның бәрін есептеп, қалай жасау керектігін жоспарлап қойған. Тек бір ғана мәселе отынды бір жерге жинау, бір жер­ден бақылау деген бірінші рет болып тұр. Бәрі өткізіп, өздері де содан қайтып алуы керек. Ал енді қоқысты бір жерге жи­нау деген баяғыда піскен мәселе. Еуропада қо­қысты көметін жер жоқ. Сондықтан олар ядролық қоқысты қайда тасырын білмей отыр. Көптеген реакторлар ядролық қал­дықты көметін жер болма­ған­дық­тан жабылып тұр. Реактордың жұмыс істемей, бос тұрғаны мемлекетке тиімсіз. Ол бос тұрғанда, тек жерді ғана алып тұрса жақ­сы, оның ішінде күзет, жылу, желдеткіш, электр, бәрі жұмыс істеп тұр. Тек энергия бер­мей­ді. Ақшаны жұтып, қып-қызыл шығын әке­ліп жатыр. Сондықтан олар «Ядролық қалдықты қай мемлекет алады екен» деп іздеп отыр. Егер біз ядролық қал­дықты ала­мыз деп шешім қабылдасақ, оны өткізгісі келетіндер жан-жақтан ағылатыны анық. Расымен де алдағы уақытта Қазақстан Австралия, Африка континенттеріндегі бос жатқан жерлері көп елдерде өзінің бөлім­шелерін ашуы мүмкін. Қазақстан негізгі мемлекет болып қалып, ел бюджетіне ақша түсіп жатады. Сондай болу үшін халықты дайындап, үйретуіміз керек. Келесі буын бізден басқаша ойлайтын болады. Біз соларға жол ашып беріп жатырмыз. Бұл мемлекетке үлкен табыс көзі әрі әлем ал­дын­­да­ғы беделі артып, сенімділік кү­шейеді. Бұл өте ауқымды мәселе.
– Елімізде атом электр стансасын салу мә­­се­лесі бір кездері қызу талқыланды да, қа­зір бі­раз саябырсып қалды. Жалпы, АЭС са­луға біз­дің дайындығымыз қандай деңгейде?
– Бүгін бастап кетсек те біз оған дайын­быз. Не­гізі, «Уран-235»-ті пай­даланатын болсақ, қай жерде су көп, АЭС сол жерде салынуы ке­рек. Ол Бал­қаш көлінің, Каспий те­ңізінің маңы, Ертіс немесе Сырдария өзен­­дерінің бойы болуы мүмкін. Көксарай су қоймасы бар. Үлкен су қоймасы реак­тор­ды суыту үшін қа­жет. Егер су болмаса жерді қазып, матормен шы­ғаруға тура келеді. Не­гізі, дайын суды пай­да­ланған тиімді. АЭС салу қазір кешеуілдеп жа­тыр. Әзірге мұнай бар деп, соған сеніп отыр­мыз. Бірақ алдағы уақытта өндірісті дамытатын болсақ, әлі де энергия тапшылығы болады. «Арбаңды қыста, шанаңды жазда сайла» дейді. Тура энергия тапшылығы болған уақытта сас­қа­лақтап, апыл-ғұпыл салатын болсақ, шикі болады. Қазір салып қойып, ақы­рын­дап, бүкіл елімізге қажетті энергияның 10 пайы­зын алып отырсақ, біздің ұтарымыз көп бо­лары сөзсіз. Ол жерде маман­дарымызды дайын­даймыз, менталитет жайлап өзгереді. Себебі, ол жерде жұмыс істеу мүлдем бөлек әң­­гіме. Ресейдің Воронеж электр стан­сасында болғанмын. Атом электр стан­са­сында жұмыс істейтін адам мен қалада оны­мен көршілес тұратын, бірақ басқа ме­ке­меде істейтін қала тұрғынының ден­сау­лықтарын салыстырғанда қала тұрғынының ден­саулығы едәуір нашар бо­лып шыққан. Көр­діңіз бе, электр станса­сын­­да жұмыс істейтіндердің денсаулығына зиян келмеу үшін бар жағдай жасалған. Үш ай сайын ақысыз медициналық тексеруден өтіп, ақысыз демалыс орындарына жіберіліп отыр­ған. Үйінде де жағдайдың бәрі жа­сал­ған. Міне, АЭС-те жұмыс істейтіндерге сон­дай жағдай жасау керек. Бір атом электр стансасын са­лып алсақ, екінші, үшіншісін салу оңай бо­лады. Себебі, бірінші АЭС-тен тәжірибе жи­наймыз. Өз еліңде жүріп жи­на­ған тәжірибе қан­дай? Өзге елге барып, «Ер­тең кетем» деп асы­ғыс-үсігіс, оның үстіне ақ­ша төлеп үйрен­ген қандай?
Қазақстанда АЭС түбі салынады. Жасыл эко­номика, басқа деп жат­қанмен, олар көпке шы­дамайды. Қаншалықты үнем­­де­генмен энергияға қажеттілік күннен-күнге ар­тып келеді. Күннен, жел­ден, судан алынған энер­гия­ның ешқайсысы АЭС-тің берген энер­гия­сын өтей алмайды. Сон­дық­тан алдағы уақытта қа­лай да атом электр стан­сасын салуға тура келеді.
– Қазір шетел АЭС-терінің көбін ши­кі­зат­­пен қамтамасыз етіп отырған түбі қаз­ақ­стан­дық отын ғой.
– Иә. Дегенмен таблетканы Ресей жа­сап, ше­телдік АЭС-тарға сатады. Шикі­заттан таблетка жасалып, шетелге сатылса, содан түскен пай­даның Қазақстан шамамен жар­ты­сын, Ресей қалғанын алады. Деген­мен бұл жерде ұтатын – Ресей, себебі, са­тыл­ған таб­летка 9 жылдан кейін бірнеше па­йызға аза­йып, Ресейге қайтып келеді. Ре­сей сол кем­тік­ті толтырады да, қайта са­та­ды. Міне, осы екін­ші және одан кейінгі қай­тып айналып кел­ген таблеткалардан біз­ге ешқандай пайда түспейді, себебі, бұл Ре­сейдің иелігіндегі мүлік бо­лып қала береді.
– Уранның бай қоры бар мемлекет екен­ді­гіміз өз алдына, Ядролық отын банкін құ­рып, ядролық қалдықтарды сақтап, бұл жа­ғы­нан қомақты пайда түсіре бастасақ, алдағы уа­қытта ядролық таблеткаларды да өзімізде шы­ғаруға мойын бұру керек шығар?
– Ол үшін МАГАТЭ-нің рұқсаты керек. Түбі олай болуы да мүмкін. Базаны құрып, елдің бәріне сата бастаған кезде, бұл мәселе көтерілуі әбден мүмкін. Бұл бір-екі жылда бола қалатын нәрсе емес, ойланып, алдын ала есеп­теліп жасалатын дүние. Уақыт өте келе тұ­йықталған циклға ие бес мемлекеттің қата­рына қосылатынымыз анық. Алтыншы мем­ле­кет біз боламыз, басқа мемлекет бұл қатарға қосыла алмайды. Пайданы 100 пайыз өзіміз көрсек, жаман ба? Егер бәрі дұрыс болса, халқымыздың санасын соған дайындап, осы саладан түсетін бай­лықтың қалай келіп жат­қа­нын дұ­рыстап түсіндіре алсақ, халық соған бейімделеді.

Бізде талантты жастар өте көп
– Егер ядролық отын банкін құратын бол­сақ, оған арнаулы маман­дар керек екені ақи­­қат. Біздің мамандарымыздың жайы қалай?
– Ақтауда энергетикалық реактор, Курча­товта екі, Алматыда бір ғылыми-зерт­­т­еу реак­торы болды. Курчатовтағы реак­торлар жұмыс істемейді, Алма­тыдағы қол­даныста. Үлбі ме­тал­лургия зауытымыз бар. Бұл жағынан кезін­де мамандар болды. Олардың көбі өмір­ден оз­­ған, барының жасы біразға келді. Көп жыл­дан бері бұл саламен айналысатын практика жоқ.
– Ядролық отын банкін осы жылы салып біті­реміз деп отырмыз. Сіз бұл салада маман тап­шы дейсіз. Сонда бұл қалай болғаны?
– Маман дайындау оңай емес. Алдағы уақытта жабық циклы бар бес мемлекеттің біреуінде не бесеуінде де біздің мамандарды апарып тегін оқытуы мүмкін. Ядролық отын­ды дайындау қалай басталады, қалай аяқ­та­лады, қалай сақталады, соның бәрін көрсетуі ке­рек. Шетелдіктер ядролық отын­ды сақ­тағанымыз үшін бізге ақша тө­лей­ді, сол ақ­ша­ның есебінен арнайы маман даярлау үшін қо­мақты қаржы бөлінуі керек. Маман дайын­дауға болады, өйткені бізде негіз бар.
– Ядролық физика саласына мамандар да­йындап келесіздер. Жастардың осы салаға де­ген құл­шынысы қалай?
– Жастардың құлшынысы болуы тиіс еді, бірақ қазір үміт ақталмай жатыр. Ядро­лық физика – тұтас ғылым. Қазір реактор жоқ. Олар – бұл салада жақсы білім алып шық­қанмен, жұмыс істейтін жер жоқ. Егер реактор болса, біз өз мамандарымызды тә­жірибеден өткізіп, дайындауға да мүмкіндік ашылады. Жоға­ры­да атап өткен Воронеж­де­гідей жағдай болса, сол жерде жұмыс істеуге бәрі ұмтылар еді. Ол жер­де конкурс­пен жұмысқа қабыл­данар еді. Кон­ку­рстан білімі барлар өтеді. Сондықтан жас­тар сту­дент кезінен неғұрлым кө­бірек білім алуға ты­­рысады. Ол жерде тек қана энер­­гия алу ем­ес, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­та­ры көп бола­р еді. Инфра­құ­ры­лым, тұтас қа­­л­­а­шық бо­­­­лады.
– Студенттерді тәжірибеден өтуге қай мемлекеттерге жіберіп отырсыздар?
– Германия, Ресейге жібереміз, бірақ олар біздің студенттерімізге соншалықты мардым­ды нәрсе көрсетеді дей алмаймын. Жағдайды білеміз, бірақ қолдан келер ештеңе жоқ. Қа­зақ­стан мен Ресей мем­ле­кет­тері арасында сту­д­енттерді бака­лав­риат­та тегін оқытуға ке­лі­сім бар. Біздің бала­лар­дың барғанына олар қуанады, бірақ өз­­дерінікі сияқты біздікілерге бәрін айт­пайды. Құпия сақтап қалады. «Біл­сем» деп ұмтылып тұрған жастар шетелдерге кетіп жатыр. Тоқтар Белгібаев сияқты білуге құштар жастарды олар қайтып жі­бер­меуге, өздерінде алып қалуға тырысады. Себебі, олар мұн­дай жастардың ғылымда бір же­тістікке же­тетінін біледі.
– Сондай алғыр жастарымыздың өзге ел­дерде қалып қойып жатқанына іштеріңіз аши­тын болар?
– Әрине, ашиды. Америка, Австралия, Германия, Польша, Чехославакия, Ресей және басқа елдерде еңбек етіп жүрген біздің бі­лімді жастарымыз көп. Әсіресе, Ресейде. Мен­де тек қана біздің ядролық физика кафе­дра­сынан кеткен жастардың тізімі бар. Бір кез­дері 32 еді, қазір олардың ұзын саны 68 бо­лыпты.
– Мықты мамандарды шетелдерге дайын­дап беріп жатқан сияқтысыздар. Өкінішті…
– Иә. Өзімізде қалып жатқандары орта­ша­лар. Олардың ішінде де таланттылар бар, бі­рақ терең оқығысы келмейді. Өйткені мүм­кін­діктерін аша алмайды. Олар мектепте мұ­ға­лім, ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тында ла­бо­рант я болмаса ЖОО-да инженер-лаборант бо­лады. Олардың бастапқы жалақысы 40-50 мың теңге. Бұл жалақы оларды қанағат­тан­дырмайды.
– Егер АЭС салынса, Ядролық отын банкі құ­рылып, іс алға қарай жылжитын болса, сол шетелдерде жүрген маман­да­ры­мызды бір­тін­деп тартуға болады ғой.
– Шетелдерге кеткен мамандарды айт­па­ған­да, қазір дайындап жатқан маман­да­рымыздың өзі жетер еді. Бұл жағынан тез-ақ же­тіліп кететініміз анық, өйткені бізде негіз бар. Тек қана алдында перспектива болса, біз­де көзінде оты бар, білуге құштар талантты ба­­лалар өте көп. Емтихан, сынақ­тар­ға дайын­дал­май келсе, «Неге оқы­мадың?» деп рен­жи­ті­німіз рас. Сонда олар «Ағай, білімімнің қы­з­ығын көре алмасам бұл саланы өзгеден артық біл­геннен не пайда?» деп ашық айтады. Олар­ға ештеңе айта алмайсың. Сол таланттарды ашып, ел игілігі үшін пайдалануымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*