Алыста қалған жағалау

1870
0
Бөлісу:

Ләйла Марабаева 50 жыл отасқан жұбайымен төрт бала өсіріп, он бір немере мен алты шөбере сүйіп отыр. Жұбайы Несіпқали Марабаев – мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің мұнай-газ өндірісін дамытуға ерекше үлес қосқан азамат. Ол еліміздің әртүрлі аймақтарында 4 мыңға жуық ұңғыманы қазуға қатысып, оған тікелей басшылық жасаған. Ұл-қыздары да әке жолын жалғастырып, еліміздің мұнай саласын дамытуға атсалысып келеді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған аяулы ана, асыл жар, сүйікті әже Ләйла Оқанқызы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағы туралы әңгіме өрбіткен еді…

– Сұрапыл соғыс жылдары көктемді тағатсыздана күтетінім есімде. Өйткені қыстың қаһарымен бірге қиын күндер де артта қалып, шуақты күндер келетіндей көрінетін. Орман-тоғай маңында өсетін атқұлақ пен жабайы жуаны азық қылдық. Оны анам жыралардан жинап әкелген жануарлардың сүйегінен алынған маймен араластырып, пісіріп беретін. Сүйекті жақ­сылап жуып, оны балтамен ұсақтап, қазанда ұзақ қайнататын. Сөйтіп, алынған майды тамаққа пайдаландық. Оның иісі де, дәмі де жағымсыз болғанымен, аштан өлмеу­дің амалы еді. Әкем Оқан Күзембаев 1941 жылы өз еркімен майданға аттанып, Ленинград түбіндегі бірінші шайқастан кейін-ақ хабар­сыз кеткен. Анам 28 жасында жесір атанып, қолында сіңлім Ғалия екеуміз және құрса­ғында інім Тілеубек қалды.

Соғыс жылдарындағы қасірет
Ауыр кезеңде көршілер бір-бірімізге қолдан келгенінше көмектесіп бақтық. Түні бойы көз ілмей жауынгерлерге жүннен шұлық пен қолғап тоқып, майданға жібердік. Ол кезде біз Семей өңіріндегі Жаңа Шүлбі ауылында тұратынбыз.
Бізбен бірге бірнеше жыл бұрын Шешен­станнан жер аударылып келген отбасы тұрды. Біз оларды өзге ұлттың балалары екен деп өзектен теппедік. Отбасымыз жалғыз сауын сиырдың сүтімен күнелтсе де, бақшадан алған картопты бөлісіп жедік.Үйімізде азық-түлік бітіп қалып, қыстан әрең шыққан кез де болды. Көктем шық­қанда әжем мен анам колхозға барып, ал­қапта қалып қойған масақтарды теретін. Ол кезде мұндай әрекет үшін қуғын-сүргінге ұшырап кететін жағдайлар да кездесетін. Сонда да тәуекел етіп жүрді. Терген масақтан анам бидай ботқасын пісіріп, бізге беретін.
Біздің ауылдың жанынан ағатын Ертіс дариясына Шүлбі өзені құятын. Сең жүрген кезінде Шүлбі буырқанған өзенге айналып, алдындағы көпір мен өткелдің бәрін бұзып кететін. Үйлерге залал келтіріп, жұртты біраз әуре-сарсаңға түсіріп, жазда қайтадан қал­пына келетін.
Бір ескеретіні, ол кезде үйлердің есігі ешқашан құлыпталмайтын. Қанша қиын болса да елдің ниеті түзу, пейілі кең еді.
Сол қиын-қыстау кездерге қарамастан, балалық, жастық шақтың есте қаларлық сәттері де аз болмады. Қыста тақтайлардан шаңғы, асық жіліктің сүйегінен жасалған конькиді пимамызға байлап, мәз болып тебетінбіз. «Қанағат қарын тойғызар» демек­ші, соның әсерінен қарнымыздың аш екенін, аналарымыздың көзінің жасын да бір мезет ұмытып кетіп жүрдік. Жазда мия тамырын дайындап, қарағай шайырларын қырып алып, сағыз етіп қайнатып, шайнай­ты­нымыз да бір қызық еді.
Біз, негізінен, орыс, неміс, еврей ұлт­тарының мұғалімдерінен тәлім-тәрбие алдық, жалғыз қазақ мұғалімі Қабдрахым ағай ана тілінен сабақ берді. Мектеп оқушылары арасында тек сіңілім екеуіміз ғана қазақ ұлтынан едік.
Мектепті ағашпен жылытатын, оның өзін мұғалімдердің өздері дайындап, бөренелерді колхоздың мектепке берген арбасымен таситын. Бір күні сабаққа аш кеткенім бар. Сол үшін қам жеген әжем сабақ үстінде сыныптың есігін сығырайтып қана ашып, саусағымен белгі беріп, мені шақырды. Сөйтсем, соғысқа дейін қолда­ныл­ған консервілік банкімен бидайдан жа­сал­ған ботқа алып келіпті. Бұл жайттар көз алдымда мәңгі елес боп қалды. Бәлкім, со­дан кейін шығар, мен үшін наннан асқан тәт­ті тағам жоқ.

Жолыңды тосып ана жүр
Анам Хафиза Ғафурқызының маман­дығы – дәрігер. Уақытының көбін жұмыста өткізетін. Ауылда дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жетіспейтіндіктен, ол қоң­сылас ауыл тұрғындарын емдеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар анам ылғи да халық қосшысы, биі ретінде сот отырыстарына қатысып жүрді.
1945 жылы жеңіске жеткенде қатты қуандық. Өйткені ол бізге қаншама қантөгіс пен арпалыспен келді. Адамдар қуаныш пен қайғыда бір-біріне сүйеніш болды. Бір үзім нанды да бөлісіп жеді, егінді де бірге егіп, бірге жинасты.
Жеңіс күнін ауылдастар қайғымен, күйінішпен қарсы алды. Сонда біз үлкен­дермен бірге дауыс зорайтқыш орнатылған телеграф бағандарының жанында тұрып, олардың неліктен жылап-сықтап жатқанын түсінбейтінбіз. Фашистерді жазғырған дауыстар естілетін. Радиодан Ұлы Отан соғысы аяқталғаны хабарланып жатты. Жетім-жесірлердің қайғысын кеш ұқтым. Балаларынан айырылған аналардың, бауырларынан көз жазып қалған арулар мен ерте жесір қалған келіншектердің шерлі дауыстары әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрады.
Анам 1945 жылы 6 маусымда «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін», 1956 жылы 20 қазанда «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапат­талды. 1946 жылы анамның інісі Ғалиасқар әскерден келді. Өнеркәсіп комбинатына жұмысқа орналасып, өңірдің алғашқы жүгізушісі болды. Анамның құрбысының күйеуі де аман-есен оралды. Олардың қуа­нышында шек болмады, тек анамның көңілі жабырқау екенін, ұрланып көзінің жасын сығып алатынын көру жаныма бататын.
Бізбен бірге тұрған шешен балалары соғыс біткеннен кейін ғана жеке үйге шықты. Аттары есімде қалмапты, бірақ сол үш ұл да ержетіп, Киров колхозында жұмыс істеді. Техникумда оқып жүрген шағымда, тракторшы болып жұмыс істейтін біреуі аштық жылдарына бірге төзе білгеніміз үшін алғыс ретінде өзінің тапқан-таян­ғанына бір машина бидай әкеп тастапты. Өйткені колхозшылар еңбегі үшін заттай ақы алатын. Шыны керек, отба­сы­ла­ры­мыз­дың достығы ұзаққа созылды. Алайда ол кезде Семейде, Мәскеуде оқып жүрдім. Одан кейін тұр­мыс­қа шығып, Қазақстанның батысына қоныс аудардым.
Ауылымызда өзге де ұлт өкілдері тұрды. Бакуден депортацияланғандар арасында құлақ құрышымызды қандыратын өнерлі отбасы жайында айтпай кетуге болмас. Күнде кешке 9-10 жасар Ленька үйдің іргесіне отырып, аккордеонда ойнайды, ауыл тұрғындары қыбыр етпей тыңдай­тынбыз. Теледидардың жоғы да жанға медеу еді. Себебі, радио үкіметтің жедел хабарла­маларын жеткізу үшін ғана істеді. Саманнан тұрғызылған үйдің төбесіне шығып, аспан­дағы жұлдыздарды қызықтап, аккордеонның үнін күтіп жататынбыз. Анам бауыры Ғалиасқардың патефоны мен бірнеше күйтабағын кейде бізге тыңдауға рұқсат ететін. Бір күні сүйікті әншіміз, қазақтың бұлбұлы, мақтанышы Күләш Байсейітова­ның сыңғырлаған керемет дауысы мен орыс халқының әншісі Лидия Русланованың үнін естігеніміз бар. Соғыстан соң дүкендерге әуендер жазылған күйтабақтар түсе бастады. Лемешовтың итальянша «Соррентоға орал» деген әнін мағынасын түсіне бермесем де, жаттап алып, айтып жүретінмін. Бұл да қызық­ты шақтардың бір сәті…

 
Нұрай РАХЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*