Қазақтың халық емі – ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы

5357
2
Бөлісу:

Зиядан қажы ҚОЖАЛЫМОВ,
«Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:

Қазақтың халық емі –  ұлттық шипагерлік дәстүрдің түпқазығы

Соғыстан кейінгі жылдары елімізде көзі қарақты зиялы қауым тарапынан халықтық емнің мәртебесін өсіруге бағытталған шаралардың бірі – 1962 жылы министр С.Қарынбаевтың бастамасымен Алматыда өткен халық медицинасының І дүниежүзілік конгресі. Өкініштісі сол, уақыт өте келе Қарынбаевтай қарымды азаматтардың көзі кеткеннен кейін халықтық емдеу жүйесі үкіметке де, дәс­түрлі медицинаға да қажет болмай қалды. Тек еліміз тәуелсіздікке бет бұрған 1990 жылы елімізде тұңғыш рет Денсаулық сақтау министрлігі жанынан жұмыс істейтін республикалық халықтық емдеу орталығы ашылды. Бұл да – баламалы медицина жолының даңғыл болуына жасалған бір мүмкіндік. Алайда ол кездері шипагерлердің емдеу жүйесіне емші түгілі, Аллаға сенбейтін түрлі кәсіп иелері баға беретін болды да, көп ұзамай емшілер «емдеуден еш хабары жоқ» деген айыппен орталықтан аластатыла бастады. Осы­лайша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан ашылған, түрлі сала мамандары басқарған халық медицинасы орталығы 20 жылдай жұмыс істеді де, артынша жекенің қолына өтті. Еліміз егемендік алып, емшілерге де еркіндік берілген тұста, өз қабілеті мен мүмкіндігіне сенетін жандарға арналып ашылған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұстанған жолы олармен мүлдем тоғыспайды. 1992 жыл­дың 22 қаңтарында ресми тіркеліп, куә­лігін алған бірлестіктің құрылғанына биыл – 25 жыл. Біз мерейтой қарсаңында осы қауымдастықтың төрағасы ҚР Құрметті халық емшісі, халықаралық дәрежедегі парапсихолог Зиядан Қожалымовпен жо­лығып, аз-кем тілдескен едік.
– Зиядан қажы, қауымдастықтың екі мүшел ғұмыры – 25 жыл аз уақыт емес. Осы мерзім аралығында еліміздегі халық емі жүйесі өз бағытын нақты айқындай алды ма?
– Бүгінгі таңда біздің ұйымға еліміз бойынша 5000-нан астам мүше бар. Алай­да жарғылық негізде жұмыс істейтін бұл ұйымның Алматыдағы орталығында 1200 адам тіркелсе, олардың қазірде бізбен үнемі байланыста жүргені 600 адамнан аспайды. 20 жыл бойы емші-тәуіптер халық емшілері орталығында сынақтан өткізіліп, лицензия беріліп келді. Соңғы жылдары бұл лицензияға ҚР заңдары негізінде бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, соның бірі – 2012 жылы 10 шіл­деде ҚР Денсаулық сақтау заңының 54-бабының 4-тармағына сәйкес, «ем­шілер жарты жыл бойы медициналық мекемеден тексеруден өтуі тиіс» деген қаулы алынып тасталды. Содан бері біздің бірлестіктің әр облыстағы бөлімшелері өз емшісіне өзі жауап беретін болды. Енді біздегі шипагерлердің емдеу әдіс-тәсіл­дерінде анағұрлым алға жылжушылық бар екенін айта аламын. Біздің орталықта еңбектенетін қасиет иелері науқасқа дұға сүрелері арқылы үшкіру мен немесе тіл-көз тию мен дұғаның құрсауына шыр­малған жандардың тәнін аластаумен ғана шектелмейді. Олар ота жасауды қажет ететін небір күрделі дерттің алдын алуда, тері, сал аурулары мен жүйке жүйесі қалыпты емес жандарды қатарға қосуда, ішімдікке салынғандар мен есірткіге еліткендерді емдеп, айықтыруда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бүгінде емшілер отандық дәрігерлер пышақ арқылы жүзеге асыратын күрделі отаны скальпельсіз, науқастың астралдық денесіне ену ар­қылы энергетикалық әдіспен сылып тас­тайтын деңгейге жетті. Сырқаттың жан әлемін мазалаған тұқымқуалаушылық сабақ­тас­тығы тізбегінде қордаланып, күрмеуі шешілмей қалған қарғыс түйінінен туын­даған психосоматикалық ауруларды ем­деуде әріптестеріміз филиппиндік хил­лер­лер мен тибеттік емшілерден қалыс қал­майды. Әр емшінің емдеу тәсілі бір-бі­рін қайталамайды және ол сонысымен де құнды.
– Елімізде халық еміне деген сұраныс қандай? Халық медицинасының озық үлгілері бүгінгі таңда дәстүрлі меди­ци­на­мен бәсекеге түсуге қабілетті ме?
– Бүгінгі күні баламалы медицина Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кең қанат жайып отыр. Қазіргі уақытта емдеудің бұл түріне Азия мем­ле­кеттері тұрғындардың 75 пайызы жүгінеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметіне сүйенсек, халық меди­цинасына сұраныс біздің елде ғана емес, аса дамыған Еуропа елдерінде екі есе арта түскен. Бүкіл әлем халықтарының 65 пайызы түрлі сырқаттарының дауасын осы халықтық емнен тапқан. Халық меди­цинасына жүгінетіндер санының жылдан-жылға артуының себебін зерт­теушілер шипагерлік өнердің шыңдала түсуімен және оның қауіпсіздігімен байла­ныс­ты­рады. Емшілер пайдаланатын дәрумендер экологиялық жағынан таза, сапалы өнім болуымен бірге ағзаға дәрілер құрамын­дағы химикаттар секілді зиян кел­тірмей­тіндігімен ерекшеленеді. Айта­лық, дәрілік өсімдіктерден тұнба жасау, омыртқа, сегізкөзге жиналған тұзды еріту мен белдің құяңын тарқату үшін қайың, самырсын суына булау, денеге түскен жаралардағы іріңді тарту үшін мал терісін пайдалану, энер­гия көздерінің бітеуін ашу үшін қол­мен сылау тәсілдері сан жылғы тәжірибе жүзінде мойындалып, оң нәтижелерін берген методикалар. Сүйегі сынған адам­ның жарықшақтанған жерлерін қалпына келтіру үшін де көбінесе кәнігі сынық­шылар жылқының майын жағып, сылап барып, орнына салады. Халықтық емнің дәстүрлі медицинадан бір ғана айыр­ма­шылығы – жұқпалы дерттерге екпе жа­сап, пышақпен ота жасамайды, бас­қа жа­ғынан одан қалыс қалып жатыр деп айта алмай­мын.
– Дәріптеуге тұрарлық дәстүрі бар халық емінің жылдар бойы қағажу көріп, ғылымнан шеттетілуінің басты себебі неде?
– Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған сәтте де орайын тауып халық емінің нұсқаларын дәстүрлі еммен қатар қолданған дәрігерлер болған. Соның бірі – медицина ғылымының докторы Естөре Оразақов. Ұлы Отан соғысы кезін­де осы Естөре ағамыз Алатаудың бөкте­рінде әскерлерді халықтық еммен сауық­тырды. «Қазақ халық медицинасы» деген еңбегінде: «Мынау солақай саясаттың салдарынан халық емі құлашын кең жая алмады-ау, өзінің ғылыми арнасын таба алма­ды-ау», – деп ашына жазды. КСРО-ның ең соңғы Денсаулық сақтау министрі Б.Петровскийге сол кездегі одақтас елдер арасында халық медицинасының атасы деп танылған Я.Гальперин: «Халық меди­ци­насынан неге ғылыми диссертация қорғамасқа?», – деп сауал тастағанда, шенеунік бұл ұсынысты өз мансабы үшін жоғарғы жаққа жеткізе алмайтынын өкінішпен айта отырып, «халық меди­цинасы нағыз зерттеу нысанасы болуға лайықты сала, бірақ мұны мен бақилық болғаннан кейін бір ғасырдан кейін жүзеге асыр» деген екен. Дәл осы сауалға Кре­мль­дегілердің бәрінің «жаназасын шығарған» дәрігер-академик Чазов та «баламалы медицина бағалауға тұрарлық, десек те оны «ғылым» атты өрісті өткелге мені жер­леп келгеннен кейін ғана өткізулеріңді сұрай­мын» депті. Мұның бәрі өз заманы­ның саясатынан аса алмаса да, сөзі – дуа, емі – дауа емшілер еңбегінің елеулі екендіктерін мойындап, оны ғылыми айналымға енгізудің дұрыстығын айтып кеткен медицинаның озық ойлы ғалым-мамандарының пікірі. Шынында да, кешегі кеңес заманындағы емдеу жүйе­сінің төменгі институттарын алып қара­йықшы, көршілес жатқан қырғыздардың да, түркімендердің де халық емшілігінің мұрты бұзылмаған. XIV ғасырдан бергі мұ­ра­ғаттарды тексерсек, аса бай рухани ілім­дерге негізделген қазақтың халықтық емдеу мектебінің нұқсалары бірде-бір жерде кездеспейді. Мұның бәрі біздің еліміздегі баламалы медицинаға теріс көз­қарастың қалыптасуынан туындаған келең­сіздіктер.
– Өзіңіз жинақтаған Ө. Тілеуқабылұлы мұраларын қазақ халық емінің әу баста қаланған іргетасы деуге негіз бар ма?
– Ұлттық шипагерлік мектеп мұра­ларының көзден таса болуы, менің қазақ даласындағы халық емін дәстүрлі меди­цинаның ұтымды тұстарымен орайлас­тырып, шипагерліктің 3 шыңы мен 12 кезеңін және 6 сатысын жасаған дала ғұламасы Өтебойдақ мұраларын зерт­те­уіме түрткі болды. Ғылым-білімнің әлі де кен­­же қалған тұсында XV ғасырда дәс­түрлі емді қолданушы әрі зерттеуші ре­тін­де Ө.Тілеуқабылұлы бес мың беттен тұ­ра­тын «Шипагерлік баян» атты қолжазба ең­бегін жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдыр­ғанымен, бізге оның тоз-тоз болып жет­кені, небәрі 1095 бет қана. Үсігенді тіріл­тіп, суға батқанға жан бітіретін, шиқанға қарсы егетін бірегей дәрумен ойлап тауып, оны әуелі өзіне қолданып, өзін-өзі «жеке ғылыми зертханасының» тірі жәндігіне айналдырған бабамыз әз Жәнібектің оң қолы болған атақты уәзірі Жиренше шешенді емдеп, ажал аузынан алып қалмағанда, бұл еңбек жарыққа шықпас па еді, кім білсін? Ойы озық, санасы сергек, сөзі түзу Жиреншенің Өтебойдақты ханмен таныстыруы, 1467–1474 жылдар аралығында ханның «Ақ ордасында» отырып, оның жетпіс сегіз жасқа таяған шағында, осы еңбекті жазуы, бабамызға Жаратқанның өзі берген бір мүмкіндік болғаны рас. Бұл еңбекте ол, адам бала­сының бойындағы дерттің пайда болу себептері, қайғы-қасіреттен, жоқшылық­тан, көреалмаушылықтан, ағза биоқуа­тының ауытқуынан, сиқыр мен дуадан, тіл-көз бен қарғыстан деп, сипаттай келе, оны шариғат жолымен, Құран сүрелерімен, дәрілік өсімдіктермен емдеудің түрлі тәсілдерін түсіндіреді. Жеке тәжірибесінде емші 758 дәрілік шөптен, 318 жан-жануар мүшесі мен 60-қа жуық металлоид құра­мынан 1050 түрлі дәрі-дәрмек жасаудың қыр-сырын меңгеріп, оның 4577 түрінің рецептісін ұсынған. Кітапта ол имандылық негіздерінің дәстүрлі медицинамен астасып жатқан тұстарын егжей-тегжейлі баяндап, аспан денелері мен жантану ілімінің жан иесіне қатысты жақтарының Құранның құпия иірімдермен ұштаса­тынын зерделей отырып, оны емдеу жүйесіне енгізуге болатынын жеткізген. Мұның бәрі Ө.Тілеуқабылұлының жеке ізденісі аясында қағазға түсіріліп, небір қилы кезеңде қолдан-қолға өтіп, там-тұмдап болса да бізге жеткен, қазіргі қол­даныстағы қазақ халық емінің әу баста қаланған іргетасы. Баламалы медици­наның ғылымда орны бар екенін дәлелдеу мақсатында осы еңбекті басшылыққа ала отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ға­лым­дарының жетекшілігімен «Шипа­гер­лік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбек жазып шықтым. Бүгінгі күні бұл еліміздегі емшілер мен пара­психологтардың, астролог, теолог-ғалым­дардың танымына тірек, іс-тәжірибелеріне арқау болатын еңбек болып отыр.
– Сіздіңше, дәстүрлі медицина мен халық емін бір арнаға тоғыстырудың жолдары қандай?
– Егер халықтық емдеу жүйесіне үкі­мет тарапынан жасалған қамқорлық, қолдау ресми медицинадағыдай емес. Емшілер емдеуге лицензия алғанымен, үкіметтен жалақы алмайды. Әрқайсысы өздері ашқан немесе жалға алған орын­дарда отырып, адам қабылдап, күнделікті нәпақасын табады. Емшілердің дәрі­герлермен теңестірілмеуінің басты себебі, бүгінгі қоғамда әлі де болса, адам сана­сындағы имандылықтың таяздығы, олар­дың миссиясына күдік-күмәннің сейілмей отырғандығы. Дәрігерлердің ішінде де дарындылары мен орта дең­гейдегі маман­дар болатыны белгілі. Кейбір жағдайларда психосоматикалық аурулар мен тіл-көзге ұшыраған сыртқаттарды емдеуде дәрі­герлердің қолынан келмейтін шаруа қас­иет иелерінің еншісіне тиесілі екенін ес­тен шығармауымыз керек. Өркениетті елдерде баламалы медицина әлдеқашан дәстүрлі емдеу жүйесінің теориялық, іс-тәжірибелік айналымдарына енгізілген. Емшілер мен ғалым-дәрігерлердің «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еңбектенуі өлім мен өмір арасындағы науқастардың «екінші демінің» ашылуына негіз болуда. Алысқа бармай-ақ, Аспа­н­асты елі – Қытайды алайық. Оларда ем­шілік, емдеу жүйесінің негізгі бөлігіне кіреді және науқастың қандай да бір сырқатын анықтауда дәрігер мен емші бірлесіп жұмыс істейді. Басқаны айт­пағанда, адамның физикалық денесі тек тәннен ғана тұрмайды, оны жаны толық­тырады. Сондықтан да ол – біртұтас ағза. Әсі­ресе, осы адам жанының дауасын із­деуде ақ халаттылар дәрменсіз екенін атап өткім келеді. Тағы бір айтқым келгені, сы­нықшылық – айрықша өнер. Неге қазіргі кәсіби травматологтарға қазақтың ежелгі сынықшылық мектебін жетік мең­герген оташылардан сабақ алмасқа? Айналып келгенде, бұл екеуі де адам тәні мен жанының саулығы үшін қызмет етеді. Ендеше, емші мен дәрігердің бір-бірін жатсынбай, қоян-қолтық еңбектеніп, бір-бірін толықтыруы, отандық емдеу мектеп­терінің іргетасының одан ары қатайып, беки түсуіне негіз болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арай САХАРИЕВА

Бөлісу:

2 пікір жазылған

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз