Үшжақты серіктестік дамитын болады

457
0
Бөлісу:

Премьер Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары және Қазақстандағы көмір өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Осы қос мәселе бойынша да бірталай қызықты ұсыныстар жария етілді. Мәселен, мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасында «АСАР» атты өзіндік бір «үштаған» құрылуы мүмкін. Ал ғалымдар республикадағы көмірмен жағылатын барлық қазандықтарды жаңа отын түріне көшіру бойынша сенсациялық ұсыныс жасады.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекетке үлкен қолғабыс, әрі серіктес екенін айтты. Бұл ретте Үкімет мемлекет пен ҮЕҰ-лардың өзара іс-қимылының басым бағыттарын анықтап отыр.
Жиында айтылғанындай, 2017 жылы «ҮЕҰ-ларға гранттарға бөлінген қаражат көлемі 3 есеге, ал жобалар тақырыптары саны 4 есеге көбейтілген». Министр мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимыл орнатуын жалғас­тыратынын, алайда енді қазақстандық бизнес те мемлекетпен және үкіметтік емес сектормен белсендірек жұмыс жасауы керектігін айтты.
– Әрине, бизнес қазірден әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға қатысуда. Бірақ оның деңгейі жеткіліксіз. Мысалы, ҮЕҰ-лар сарапшыларының тек 17 пайызы ғана бизнеспен өзара іс-қимылды оң бағалауда. Осыдан үшжақты тиімді серіктестік жүйесін орнату қажеттілігі туындайды. Өйткені қоғамдық ұйымдармен серіктесе отырып, бизнес өзінің әлеуметтік рөлін барынша толық жүзеге асыра алады. Бизнестің ҮЕҰ-ларға түрлі гранттар беруін ұйымдастыруды осындай өзара іс-қимылға арналған жаңа алаң – «Азаматтық бастамаларға қолдау көрсету орталығы» өз мойнына алуға дайын – деді Нұрлан Ермекбаев.
Ол жергілікті жерлерде кәсіпкер­лердің ҮЕҰ-лармен әлеуметтік серік­тестікке қаншалықты белсенді қатысып отырғанына мониторинг жүргізу жүйесін ұйымдастыруды «маңызды» деп атады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі 2015 жылы Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың деректер базасы құрыл­ғанын еске салды. Бұл «осы ұйым­дардың әлеуетін және мүмкіндіктерін білу үшін керек» көрінеді. Алайда базаның толтырылуы тым сылбыр жүруде екен: онда тек 2,5 мың ҮЕҰ ғана өзі туралы ақпарат ұсынған. Министр гранттар мен сыйақыларды (премия) тек осы базада тіркелген ұйымдар ала алатынын хабарлады және әкімдерден жергілікті қоғамдық ұйымдарды тіркеуге белсенді атсалысуын сұрады.
«Қазіргі кезде деректер базасын электронды форматқа көшіру жүзеге асырылуда. Оны түпкілікті түрде іске қосу үшін биыл 50 миллион теңгеге дейін қосымша қаржыландыру керек болады» деді министр.
Оның айтуынша, осы деректер базасы бойынша жұмыс барысында тағы бір түйткілді проблема анықталған:

– Әкімдіктердің мәліметі бойынша елімізде жұмыс жасамайтын ҮЕҰ-лар саны 9 мыңды құрайды. Бұл мәселені шешудің бір ықтимал жолы ретінде са­рап­шылар Қаржы министрлігіне аталған жұмыс жасамайтын ұйымдарға «ерікті рақымшылық-амнистия» жария­лауды ұсынады, – деді Н.Ермек­баев. Сонда олар өз еріктерімен жойы­лып, үкіметтік емес сектор тазарар еді. Бірақ кейбір «қимыл­сыз қалған» қоғамдық ұйымдардың мемлекет пен өзге серіктестері алдында қарызы және басқа да міндеттемелері болғандықтан, Қаржы министрлігі олардың жойы­луына жол бере алмай отырғаны мәлім.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі мемлекеттің ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимыл жасасу деңгейін әрі қарай арттыру мақсатында басқа да бірқатар жүйелі шараны іске асы­руды ұсынады. Мысалға, «бірлескен жобаларының тиім­ділігін арттыру үшін» орталық және жер­гілікті мемле­кеттік органдар енді мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыс қыз­мет­терінің сапасын арттыру бағытында жұмыс жасауы қажет. Сондай-ақ ҮЕҰ-ларды «жобалар тақырыптарын қалыптас­тыру үдерісіне белсендірек тартқан» және «әлеуметтік жобалардың салалық бағ­дарланушылығын кеңейткен» жөн.
Жалпы, министрлік азаматтық сектор мәселелері жөніндегі қолда­ныстағы заңнамалық, нормативтік базаға ревизия жасап жатқан көрінеді. Анықталған кем­шіліктерді ескере отырып, мемле­кеттік әлеуметтік тапсы­рыс нәтижелерін қалып­тастыру, бақылау және бағалаудың, ҮЕҰ қызметтерін стандарттаудың нақты құ­қықтық тетіктерін әзірлеу жоспар­лануда.
Сонымен қатар ҮЕҰ-лармен бірге «Грант беру ережелеріне» өзгерістер әзірленуде. Орталық меморгандарды тақырыптар мен қаржыландыру көлемін қалыптастыруға тарту көз­делу­де. Ал жер­гілікті атқарушы орган­дарға өздеріндегі өңірлік ҮЕҰ-ларды гранттық қаржы­ландыру құқығын беру ұсынылды.
Министр ҮЕҰ-лардың шағын қалалар мен ауылдардағы тұрақты­лығына ол жер­лерде ақпараттық-ресурстық орта­лықтардың қызметін ұйымдастыру ар­қылы қол жеткізуге болатынын атап көр­сетті. ҮЕҰ сарап­шыларының пікі­рінше, облыс орта­лық­тарында, Астана, Алматы қала­ларында ҮЕҰ-лар мен бас­тамашыл азаматтар үшін қызметтердің кең спектрін ұсынатын «консалтингтік орталықтар» құру қажет. Осы орайда министр Нұрлан Ермекбаев әкімдік­терге «бір терезе» қағидасы бойынша Аза­маттық орталықтар ашу үшін бос ғимарат тауып беру мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Олардың қызметін үйлестіру, Азаматтық бастамаларға қолдау көрсету орталығының тарапынан жүргізілуі мүмкін.
– Бизнес-қоғамдастықты әлеумет­тік серіктестікке кеңінен тарту үшін мемле­кет, бизнес және ҮЕҰ арасында үшжақты алаң құру ұсынылады. Оны мысалға, «АСАР» деп атауға болады. Бұл форумды еліміздің түрлі өңірле­рінде жыл сайынғы негізде өткізу қажет. Аталған алаңның басым бағыт­тарының бірі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту болады, – деді министр.
Тағы бір елең еткізерлік ұсыныс жария етілді: «Орталық меморгандарға өңірлерге сапарлары барысында өзде­рінің салалық ҮЕҰ-ларымен кездесу тәжірибесін қол­дануға кеңес береміз. Жергілікті жер­дегі кездесу­лерімізде белгілі болға­нындай, Қоғамдық кеңестер (әкімдіктер мен ведомстволар жанынан құрылған) қызметі ортақ алаңға зәру. Осыған бай­ланысты Қо­ғамдық кеңестердің І рес­публика­лық мәжілісін өткізу туралы ұсыны­сы­мызды қолдауларыңызды сұраймыз!» деді Нұрлан Ермекбаев.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда соңғы жылда­ры халыққа арнайы қызмет көрсету үшін мемлекетпен бірге жұмыс жа­сай­тын үкіметтік емес ұйымдардың саны ұлғай­ғанын жеткізді. Атап айт­қанда, үкіметтік емес сектор «күрделі өмір жағ­да­йына тап болған адамдарға арнайы көмек көрсету үшін, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, туберку­лезбен күрес және тағы басқа жағдайларда көмек көрсету мақсатында жұмысқа тартылады».
– Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтер 2009 жылдан бастап көрсе­тіледі. Осы сектордағы ҮЕҰ-лар мен мем­лекет ынтымақтастығына 7 жыл­дам астам уақыт болды және ол өмірінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға тең жағдай жасауға бағыт­талған. Осы аралықта ҮЕҰ-лардың арнайы әлеуметтік қызмет көрсету нарығына қатысуы 2009 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті, бюджеттік қаражат көлемі мен арнайы қызмет көрсетілетін адамдардың саны да артты, – деді Тамара Қасымқызы.
Мысалға, инватакси қызметі 2014 жылы бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қолдау көрсетудің қосым­ша тәсілі ретінде енгізілген болатын. Бұл бастаманы мүгедектердің қоғам­дық бірлестіктері ұсынған. Бүгінде елімізде 13 инватакси қызметі жұмыс жасайды, олардың 183 машинадан тұратын авто­паркі бар. 2016 жылы кемтар жандарды таситын бұл такси қызметін 35 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам пай­даланыпты.
Министрдің мәліметінше, жыл сайын ҮЕҰ-ларды арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге тарту үшін республи­калық бюд­жеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. 2017-2019 жылдарға арналған республика­лық бюджет жоба­сында 3,8 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қоғамдық ұйым­дармен және белсенді азамат­тармен өзара ынтымақтастық жайына тоқталды. Ол азаматтық қоғамның мемлекеттік ше­шімдер қабылдау үр­дісіне сындарлы қатысуының ма­ңызды шарттарының бірі олардың мемлекеттік органдардың қыз­меті туралы ақпараттануы болып та­была­тынын атап өтті. Осыған байланысты өткен жылы қабылданған «Ақпараттың қол жеткізу туралы» заңның толық­қанды жүзеге асуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң норма­ларының орын­далуына мони­торинг жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша мемлекеттік орган­дарға өз интернет-ресурстарын жақсарту бойынша сәйкес ұсыныстар жасалады» деді ол.
Бірінші мәселе бойынша талқы­лауды түйіндеген Премьер Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылды нығайтуды тапсырды. Сондай-ақ Дін істері және азаматтық қоғам минис­тріне ҮЕҰ өкілдерінің «бір­лескен жұмысты әрі қарай жүргізу бо­йынша ұсыныстарын» ескеруді жүктеді.
Екінші мәселе бойынша баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейдің Қазақстан көмірінен бас тартып, өз электр стансалары мен жылу орта­лықтарын Кузбасс және басқа да отандық көмір өндірістері өніміне жаппай бейім­деп жатқанын жеткізді. Ал алыс нарық­тарға сатайын десе, Ресей алыс бағдар­ларға көмір тасушы шетелдік, соның ішінде қазақстандық компаниялар үшін өзінің темір жол тасымалы тарифтерін көтеруді жоспарлауда екен. Яғни, қазақ­стандық көмірді өткізу нарық­тары тары­луда. Осыған байланысты Энер­гетика министрлігі шикізатты сатудан бірте-бірте бойды аулақ салып, оның орнына көмірді қайта өңдеуге, одан дизель отынын және басқа да өнімдерді өндіруге ден қоюды ұсынды.
Осы тұста Көмір химиясы және тех­нологиялары институтының дирек­торы Болат Ермағамбетов Үкіметке қызықты идеямен шықты.
– Қазақ жері көмірге бай. Бірақ оны шикізат түрінде сата бермей, өңдеу техно­логияларын дамыту кезек күттірмес мәселе. Еліміздегі аудандарда және ірі ауылдарда 6 мың 500-дей шағын қазан­дықтар бар, оларда құрал-жабдықтардың тозуы кесірінен әр жылдары 26 апат, жарылыс болды. Біз жағу технологиясын қайта қарап, қазандықтардың бәрін көмірден және қалдықтан өндірілетін газға көшіру керек деп санаймыз. Оның техноло­гиясы Сарыадыр көмір кені­шіндегі тәжірибелік-сынақтық кешенде қолданылуда. Автоматтандырылған мини-зауыт тәулігіне 10 тоннаға дейін көмірді өңдейді және одан сұйық мотор майын, синтетикалық газ шығарады. Бұл кешен, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды, биомассаны, тақтатас-сланецті де өңдей алады, – деді ол. Қалдық пен қоқыстан алынатын газды «синтез-газ» деп атайтыны мәлім.
Ал министр Қанат Бозымбаев Қазақ­станда көмір химиясын дамыту мақса­тында көмір қыртыстарынан метан өндіріле бастайтынын жеткізді. Бұл Қазақ­станның «жасыл» эконо­микаға көшуіне толық жауап береді. Тиісті ке­шенді жоба қазір әзірленуде екен. Қара­ғанды көмір бассейнінде көмір қыртыс­тарын газсыздандыру есебінен тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пилоттық жобалар бойынша жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарттарға сәйкес метанды барлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Министрліктің алдында өнеркә­сіптік игеру үшін көмір қыртыста­рынан метан алу міндеті тұр, бұл еліміздің бір­қатар аймақтарында әлеуметтік-эконо­микалық жағдайды біршама жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені бұл метанды электр энергия­сын өндіруге, сондай-ақ тұрмыстық мақсаттарда, автокөліктер үшін отын ретінде, металлургия өнеркә­сібінде және химия салаларында пайда­лануға болады. Көмір өндіру бары­сындағы жұмыстардың қауіпсіздігі біршама артып, қоршаған ортаға метан шығарынды­ларының кемуі есебінен экологиялық жағдай жақсарады, – деді министр.
Жиын соңында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Қазақстанда көмір химиясы саласын одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Премьер өзінің бірінші орынбасары А.Маминге аталған мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеп, бұл жұмысты жалпы үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ Б.Са­ғынтаев көмір өндірілетін орындарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару қажеттігін атап көрсетті.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*