Астанада Сирия соғысын тоқтатуға қадам жасалды

854
0
Бөлісу:

Халықаралық сарапшылар қазақ жерінде, Астанада тарихи оқиға болғанын айтуда: елордада екі күн бойы жүрген келіссөздер арқасында ұзақ жылдардан бері жүздеген мың адамның қаны төгіліп, қасірет пен азап ошағына айналған Сирияда ақыры бейбітшіліктің орнауына қадам жасалды. Жаһан жұртшылығы осы елдегі бір-біріне тек қару кезене қарауға бой үйреткен тараптардың бір шаңырақ астында, бір үстел басында бас қосуының өзін жақсыға жорыған. Ал кеше тараптар елордамыздан өзара келісімнің тұрақты орнайтынына қатысты сенім мен үміт арқалап қайтты.

Алапат қақтығыс басталған 2011 жылдан бері өзара кек пен өшпен­діліктің құрдымына құлап, бір-бірімен тек «қанға-қан» қағидасы бойынша қарым-қатынас жасауға бой үйреткен Сириядағы ұлыс-этностарды, әртүрлі саяси-әскери күштерді бір күннің ішінде тату­ластыру мүмкін емес нәрсе. Қазақ­стан өз жерінде кездесу өткізіп, «Астана процесін» бастағанда ең басты мақсат «Сирияның ресми билігі мен оппозициясы арасында өзара сенімді орнатуға ықпал ету» болған.
Бұл сайып келгенде, қан-қасап қырғынды тоқтату бойынша ортақ шешімді түзуге апаратын ең тиімді жол саналады. Халықаралық сарап­шылардың бағалауынша, «Астана процесі» осы мақсат-міндет үдесі­нен шыға алды. Бұл ретте келіссөз­дер барысында алдымен Сириядағы атысты тоқтатуға маңыз берілді.
Екі күн бойы үздіксіз жүрді деуге болатын келіссөздер қоры­тындысында Иран, Ресей және Түркия бірлескен мәлімдеме жасады. Оның мәтінін тараптардың қатысуы жағдайында, әлемнің әр елінен келген ақпарат құралда­рының өкілдері мен халықаралық қоғамдастыққа қабылдаушы ел – Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жария етті. Оның айтуынша, қорытынды құжатта келіссөздер кезінде қол жеткен уағдаластықтар әдіптелген.
«Иран Ислам Республикасы­ның, Ресей Федерациясының, Түркия Республикасының делега­циялары Сирия Араб Респуб­ликасының үкіметі мен қарулы оппозиция арасында әңгімелердің басталуын қолдайды. Біз аталған келіссөздерде БҰҰ Бас хатшысы­ның Сирия бойынша арнайы елшісінің қатысуын жоғары баға­лаймыз және өмір сүруі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесімен кепілден­дірілетін көпэтносты, көпконфес­сиялы ел ретінде Сирия Араб Рес­публикасының егемендігімен тұтастығы идеяларын жақтайты­нымызды растаймыз» делінген құжатта.
Тараптар «бұл мәселенің әскери шешімі жоқ және ол БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің 2254 қарарын толыққанды жүзеге асыру негізінде тек саяси процесс арқылы ғана шешіле алады» деген сенім білдірді.
Атап айтқанда, аталған қарар тараптардың атысты тоқтату ре­жимі бойынша нақты қадамдары мен жауапкершілігін, зорлық-зом­былықты азайту және қысқар­туға, сенімді орнатуға, гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Сириядағы азаматтық тұлғалардың қозғалысын қорғауға үлес қосуын қарастырады.
«Атысты тоқтату режиміне толық сәйкес болуды, арандату­ларға жол берілмеуін және басқа да барлық қажетті мәселелерді қадаға­лайтын үшжақты тетік құруға ше­шім қабылданды. Біз ИГИЛ (ДАИШ) және «Ан-Нусраға» қарсы күресті жалғастыру және оларды қарулы оппозицияның өзге бөлік­терінен ажырату бойынша өзіміздің айқындалғанымызды растаймыз» делінген мәтінде.

Ең бастысы, келіссөз процесінің осымен үзіліп қалмай, ары қарай жал­ғасатынына сенім нығайды. «Біз оппози­циялық қарулы топтардың 2017 жылғы 8 ақпанда Женевада БҰҰ қол­дауымен Сирия үкіметі мен оп­позиция арасында өтетін келіссөз­дердің келесі раундына қатысу тілектеріне қолдау білдіреміз» делінген қорытынды құжатта.
Онда, сондай-ақ «Астанадағы Сирия бойынша халықаралық кездесу» БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарары талап ететін сириялық ресми билік пен оған қарсы күштер арасындағы тікелей диалогқа арналған баламалы тұғыр­нама екені атап көрсетілген.
«Біз халықаралық қоғамдастық­тың барлық мүшесін БҰҰ ҚК-нің 2254 қарары бойынша келісілген бүкіл іс-шараларды жүзеге асыра отырып, саяси процесті қолдау­ға ша­қырамыз!» деген үндеумен қайы­рылды әлемге Иран, РФ және Түркия.
Сириялық реттеу жөніндегі осы халық­аралық кездесуге (Астана процесі) қатысу­шылар оны өткізуге мүмкіндік жасаған Қазақстан Пре­зидентіне риза­шылығын білдірді: «Біз Сирия­дағы саяси процесті қамтамасыз ету, жаһандық процес­терге және 2254 қарарын жүзеге асы­руға үлес қосу үшін БҰҰ қолдауымен Астана тұғырнамасында белсенді ынты­мақтасуға шешім қабылдадық. Біз Қазақстан Республикасының Пре­зиденті, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев­қа және Қазақстанға өз аумағында, Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесуді қабылдағаны үшін алғысы­мызды білдіреміз» делінген қорытынды құжатта.
Астанадағы кездесуге өз бағасын берген БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы елшісі Стеффан де Мистура үлкен жұмыс атқарылғанын айтты. Оның байла­мынша, келіссөз процесі барған сайын берік бола түсуде. Ол «Астана процесі» қоры­тынды­сында қабылданған құжатты «жай қағаз емес, адамдарды құтқару туралы құжат» деп атады.
Сирия оппозициясының кеңес­шісі Яхья әл-Ариди Қазақ елінің бас қала­сындағы кездесуде әр тарап бейбітшілікке қол жет­кізудің өз жолдарын ұсынып, талқыла­ғандарын хабарлады:
«Оппозиция БҰҰ арнайы елші­сінің қатысуымен, ресейлік, түр­кия­лық тараптар­мен кездесулер өткізді. Бұл өте ұзақ, бірақ өнімді кездесу болды. Әр тарап өздері үшін ерекше мәселелер, ал тұтастай алғанда бүкіл ел бойынша атысты тоқтатудың пәрменді, өміршең режиміне қол жеткізу талаптары туралы әңгіме қозғады. Тараптар осыны мүмкін ететін өз тәсілдерін түзуге ниетті. Сондай-ақ гуманитарлық жағдай, қоршау және қамауды тоқтату, ізгі ерік танытып, кепілге алынғандарды бостандыққа шығару мәселелері көтерілді» деді ол.
Айтқандай, қорытынды құжатқа сирия­лық оппозиция өкілдерінің ешқай­сысы қол қойған жоқ. Яхья әл-Аридидің түсіндіруінше, бұл құжат тараптардың қол қоюын талап етпеген. «Коммюникеге ешкім қол қоймайды және ол қол қоюды да қарастырмайды. Ресей, Түркия және Иран атынан жарияла­нады. Аталған құжат «Женевада ұсынылып, кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шығары­лады, бұ­рын­ғы қарардың күшін жояды» деп күту ағаттық болады. Әйтпесе, бұл бұрыңғы уағдаластық­тардың күшін жояр еді. Біз бұған дейін Сирияда талқыланған жайт­тарды өші­ріп тастап, бәрін басынан бастай алмай­мыз. Астанада біршама жайт бойынша уағда­ластық. Ары қарайғы пікірталастар да бірте-бірте іргесі қаланып жатқан негізге құрылады» деді Сирия оппозиция­сының кеңесшісі.
Ресейлік сарапшы, РФ үкіметі жа­нындағы Қаржы университетінің саясат­тану департа­ментінің доценті Геворг Мирзаян ресми Дамаск пен қарулы оппозициялық топтар ара­сындағы Астана кездесуін «Сирия­дағы соғысты аяқтау жолындағы қадам» деп атады.
«Әрине, бір-біріне кектене қара­ған адамдардың арасында түсініс­беушіліктер болады, оларды бірден келісімге келтіру қиын. Мысалы, оппозиция Башар Асадтың кетуі туралы талаптарында табан­дауда. Бірақ тараптарды бір үстел басына жиюдың өзі – үлкен жетістік. Аста­надағы келіссөздер бірнеше себеп бойынша Сириядағы соғысты тоқтату жолындағы қадам саналады. Бірін­шіден, бұл Сириядағы азаматтық қақтығысқа қатысушы үш ірі сыртқы күш – Ресей, Түркия және Иранның өзара үйлестіріл­ген іс-шарасы болып саналады. Бұл елдер Сирия соғысын тоқтатуға деген принципті дайын­дықтарын мәлімдеді» дейді сарапшы.
Екіншіден, оның айтуынша, Астанада үкіметтердің, саясаткер­лердің немесе саяси эмигранттардың жай басқосуы емес, қолда­рына қару алып, соғысқа нақты тартылған және Сириядағы нақты аумақтарды бақылауда ұстап отырған тұлғалардың келіссөзі болды.
«Ешкім де олардан тез шешім қабыл­дауын күте алмайды. Бірақ кабинеттер мен кеңселерде арқаны кеңге салмай, майдан даласында қарулы күрес жүргізе­тіндердің ақыры атысты тоқтату бойынша сындарлы диалогы басталғанын бүкіл әлем куә болды» деп түйді Геворг Мирзаян.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*