ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ ҚАЙТА БӨЛУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ КЕЗЕҢІ

964
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев отырыста мемлекеттік биліктің тармақтары ара­сында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі екенін атап өтті.
– Мен ұсынған бес институттық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша ат­қарушылық өкілеттіктер беруді көз­дейді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конс­титуцияны қорғаудың және мем­лекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әуел бастан Қазақстан Президентінің ерекше құзы­рына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды.
– Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселе­лері, жаңа басқару органдарын құру Үкі­мет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде Парла­менттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігін атап өтті.
– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады. Осылайша, көптеген мәсе­лелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформалар мен олар­дың сәтті іске асырылуына мем­лекет­тік органдардың жауапкершілігі мәселесіне арнайы тоқталды.
Жұмыс тобының жетекшісі Елбасыға мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзір­ленген ұсыныстар туралы баяндады.
– Алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірленді.
Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет бас­шы­сының заңмен белгіленген өкілет­тік­терін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар. Бұған қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жүйеленді. Жалпы, ұсы­ныстар әлеуметтік-эконо­микалық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатыс­ты. Олар – эконо­миканы, қар­жыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәсе­лелері, әкімшілік-аумақтық құры­лымның жекелеген мәселелерін шешуге байла­нысты өкілеттіктер.
Екінші. Жоғарғы сот пен Бас про­куратура сот және құқық қорғау жүйе­сінің қызметін одан әрі жетілдіру жө­нінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, про­курорлардың азаматтық және әкім­шілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конс­титуциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды.
Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселе­де депутаттық корпус, ғылыми-са­рапшы­лық қауым белсенділік та­нытты. Енгізіл­ген ұсыныстар Парламент пен оның пала­таларының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құра­мын жасақтауға да қатысты. Соны­мен қатар үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есеп­тілігін күшейту ұсынылды.
Бұған қоса, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсы­ныстар келіп түсті. Сот-құқық саласын жаңғыртуға бағытталған ұсы­ныстардың да бір бөлігі Конститу­цияны өзгерту мәселесімен байланысты. Атап айтқанда, ол Жоғарғы соттың мәртебесі мен функ­цияларын нақтылау мүмкін­дігіне және судьяларға қойылатын талап­тарды анық­тауға қатысты. Проку­ратура органда­рының мәртебесі мен өкілеттігін анық­тай­тын нормаларға түзету енгізу ұсы­нылды. Конститу­циялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді.
Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конс­ти­туцияны өзгертпей, заңнамамен белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр.
Сондай-ақ Конституция нормала­рына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұстанымдар әзірле­ніп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.
Жұмыс тобының мүшесі З.Федотова ұсынылған түзетулердің сындарлы сипатына тоқталды.
– Біз негізінен үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмы­сына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағ­дайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз, – деді Мемле­кеттік басқару академия­сының профес­соры.
Сонымен қатар жұмыс тобының мүшесі, Әділет министрі М.Бекетаев Президенттің өкілеттігі бекітілген норма­ларды анықтау жөніндегі үкімет жүргізген талдауды жариялады.
– 11 конституциялық заңға, 20 кодекс пен 298 заңға талдау жасалды. 11 кодекс пен 80 заңда Президенттің өкілет­тігін белгілейтін нормалар қарасты­рылған. Үкімет жұмыс тобымен бірлесіп, Мемле­кет басшысының өкілет­тігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсы­ныс әзірледі. Бұл ұсыныс­тар Конститу­цияға өзгерістер енгізбей-ақ, басқа заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді, – деді Әділет министрі.
Сондай-ақ «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы жүргізілген талдаудың негізінде барлық филиалдарда талқы­лаулар өтіп жатқанын айтты.
– Заңгерлер қауымы жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігі мен дер кезінде жасалып жатқанын айтып, оған қолдау білдіруде, – деді Р.Мұқашев.
Отырыста жұмыс тобының басқа да мүшелері сөз сөйледі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*