Бүгінгі іс – келер ұрпаққа өнеге

1384
0
Бөлісу:

Көрнекті ақын, сыршыл лирик Сабырхан Асанов есімімен аталатын мектепте жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталарлықтай іс атқарылды. Ақынға арнап ескерткіш орнатылды. «Ағадан – ізет, ініден құрмет тапқан жан аға» тақырыбында ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Сабырхан Асановтың сүйікті жары Шолпан апай ұл-қыздары мен туған-туыстарын ерте келіп, ескерт­кішіне тағзым етіп, мектеп ішін ара­лады. Мектеп директоры Б.Шойбеков ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған қауымды қарсы алды. С.Асанов атындағы мұражайға кіріп, ақынның өмір деректеріне шолу жасады, суреттерін көріп, ақынмен болған сәттерін еске алып, әңгіме-дүкен құрды. Мектепке келген қонақтар арасында Елбасымыздың сыныптасы Роза Мәтейқызы мен аудандық әкімдік аппаратынан Кәмира апай өз ілтипаттарын білдіре отырып, мектеп ұжымымен танысты.
Салтанатты жиынды ашу, ескерт­кішінің лентасын қию рәсімін аудан әкімі Ғалым Исмайылов, Мақтаарал аудандық білім бөлімінің бастығы Лесхан Қойлыбаев, Құрметті азамат­тар Бегім Серіков, Омарбек Нұржа­нов, Тойым Жүнісов орындады. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек сөз сөйлеп, өзі шығарған кітапты тарту етті.
Сабырхан ағаның ескерткішін тұрғызуға атсалысқан азаматтарға Шолпан апай алғыс айтты. Сабырхан ағаның сыныптасы Қайып Рүстемов балалық шақтың естеліктерін парақ­тады. Құрметті қонақтар арасынан ауданның тумасы, белгілі ақын Ағман Сабырханов, аудан депутаты Жұма­ғали Төреқұлов өздерінің ізгі тілек­терін білдірді. Жиын барысында мектеп оқушылары Сабырхан Аса­нов­тың өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. С.Асановтың сөзіне жазылған әндерді мектеп оқушылары нақышына келтіріп орындады. 10 «А» сынып оқушысы Нұрислам Қыдыр­бай «Дүнген қызы» әнін, 10 «Ә» сынып оқушысы Сымбат Әлімқұл «Теріскей» әнін, 7 «Б» сынып оқушы­сы Ақжарқын Пірімқұл «Отырардағы той» әнін, 8 «Ә» сынып оқушысы Аяжан Өмірзақ «Сағынышым менің» әнін орындап, көрермен көзайымы болды.
Көпшіліктің бастамасымен қолға алынған іс мәресіне жетті. Осы ескерткіштің орнатылуына көп үлес қосқан, істің басы-қасында болған ақынның інісі Тұрсынхан Асанов, Тұрсынханның ұлы Әмірханның еңбегі ерекше.
Осы істі бастан-аяқ қолға алып, ескерткішті тұрғызуға рұқсат алу, шешім шығару, мүсіншілерді тауып, тапсырыс беру, ескерткішті мектепке алып келіп орнату, ескерткішті ор­нататын жерді дайындау, құрылыс жұмыстарын жүргізу, демеушілер табу, ескерткіштің ашылу салтанатын өткізу, келген қонақтарды күту сияқты жұ­мыстардың атқарылуын тікелей өз мойындарына алып, іс барысын жоғары деңгейде жүргізген аяулы да ардақты жандар бар. Олар – мектебіміздің тәрбие ісі меңгерушісі Бақыт Еденов пен оқу ісі меңгерушісі Рәбия Әбенова. осы ұстаздардың еңбектерін ерекше атап өту керек. Сабырлы да еңбекқор ұстаздар мек­тептегі талай игі істі жауапкершілік­пен, атсалыса орындап келеді.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*