Кәсіпкерлікке бағытталған қаражат

1583
0
Бөлісу:

Қазақстандық KMF микроқаржылық ұйымы мен Дүниежүзілік банк тобының мүшесі – IFC (Халықаралық қаржы корпорациясы) 44 миллион доллар бірлестірілген несие келісімшартына қол қойды. Бұл еліміздің микроқаржылық нарығына беріп отырған IFC-дің қомақты қарызы. 14,5 миллиард теңгеге жуық қаражат ұлттық валютада бірнеше траншпен беріледі. Осылайша, KMF өз клиенттерін валюталық тәуекелден қорғайды. 

Отандық компания Халықаралық қаржы институтынан тартқан қаражатты кіші, шағын және агробизнес өкілдерін несиелеу, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қолданады. Инвестициялар KMF-тің несие қоржынын ұлғайтуға және табысы төмен тұтынушыларды, әсіресе, ауыл тұрғындарын қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
– KMF микроқаржылық ұйымы іспетті қаржылық институттарды қолдау арқылы біз бүкіл республика бойынша кіші және шағын кәсіпорындарды дамытуға үлес қосамыз. Осылайша, IFC міндетін орындаймыз. Біздің тұрақты ынтымақтастығымыз Қазақстанда жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерліктің дамуына қолдау көр­сететініне кәміл сенеміз, – дейді IFC-дің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Моаззам Мекан мырза.
– KMF – қаржы нарығында жедел өсіп келе жатқан компания. Сондықтан аталмыш компаниямен ынтымақ­тастығымызды жоғары бағалаймыз. Осындай маңызды салтанатқа қа­тысқаныма қуаныштымын. Бұл жергілікті валютамен ұсынылып отырған өте қомақты қаражат. Алдағы уақытта да бірге жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Бұл қаражаттың шағын және орта кәсіпкерлік саласына, ел экономикасын әртараптандыруға бағытталып отырғаны қуантады, өйткені шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың негізі.
– Бұл Қазақстан микроқаржы секторы үшін өте үлкен қаражат. Осы мәмілені жасау үшін, әсіресе, соңғы жылдары өте көп жұмыс жасалды. Өткен жылы біздің несие қоржынымыз 48 пайызға, клиенттеріміздің саны 21 пайызға ұлғайды. Бұл Қазақстанның шағын кәсіпкерлік секторының қарқынды дамуын, ал кәсіпкерлердің қолжетімді несиеге аса зәру екендігін көрсетіп отыр. IFC бірлестірілген қарызы аясында алынатын қаражат кәсіпкерлерді, әсіресе, банктік қар­жыландыруға қолжетімділігі шектеулі ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру мақсатында пайдаланылады. Үстіміздегі жылы KMF өзінің 20 жылдық мерей­тойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде біз ең үздік қарыз алушы және өз саласының көшбасшысы деген марапатқа лайық деп танылдық. Біз IFC-ге қаржылан­дыруды тарту арқылы микроқаржылық сектор үшін зор мүмкіндіктер ашып жатқандығына алғыс білдіреміз. Бұл біздің табысты болуымыз үшін де аса маңызды – деп атап өтті KMF басқармасының төрағасы Шалқар Жүсіпов.
Реті келіп тұрғанда айта кету керек, KMF компаниясы қазір тек елімізде емес, халықаралық нарықта да үлкен танымалдылыққа ие. Осындай ауқымды қаржы тартуы да осы зор беделінің арқасы.
– KMF алдағы уақытта шетелдік нарыққа шығуы мүмкін бе? – деген сауалымызға компания басшысы Шалқар Аманғосұлы:
– KMF қазір тек Орталық Азияда ғана емес, Кавказ, ТМД елдері мен Шығыс Еуропадағы микроқар­жы­ландыру саласы көшбасшыларының бірі болып саналады. Шетел нарығына шығу әзірге компанияның жоспарында жоқ. Біздің қазіргі алға қойып отырған жоспарымыз – еліміздің микроқаржылық ұйымдары жоқ бірталай аймақтарында бөлімшелерімізді ашу. Мақсатымыз – алдымен Қазақстан нарығын шағын несиемен қамтамасыз ету, – деп жауап берді.
Шетелдік қаржы институты басшысы Моаззам Мекан мырзаның әңгіме арасында «Қазақстандық ірі банктердің өзі KMF микроқаржы ұйымынан қалай жұмыс істеу керектігін үйренсе болады» деуінің өзі отандық компанияға берілген үлкен баға деп білуіміз керек.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*