Талибан «қыр» көрсетті

1371
0
Бөлісу:

«Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы АҚШ президенті Дональд Трампты Ауғанстаннан америкалық әскерді әкетуге шақырды» деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.

«Трамп бұған дейін АҚШ-тың Ауғанстанда әскер ұстауын қолдап, осы елде тәжірибеден өткен бұрынғы екі генералды жоғары қауіпсіздік қызметіне басшы етіп тағайындағанымен, Ауғанстанға қатысты ұстанымын ешқашан білдірмеген. «Талибан» өзінің медиа ресурсында 23 қаңтарда жариялаған Дональд Трампқа арналған мәлімдемесінде АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізген 15 жылға жуық уақыт ішінде миллиардтаған доллар қаржы шығындап, ешқандай жетістікке жетпегенін және осыдан кейін сенімнен айырылғанын айтады. «Бұл соғысты тоқтату жауапкершілігі сіздің мойныңызға артылады» деген «Талибан». Қозғалыс бұған дейін де талай рет АҚШ пен оның одақтастарын Ауғанстаннан кетуге шақырып, Ауғанстаннан шетел әскері шығарылмайынша Кабулмен бейбіт келіссөз өткізуден бас тартып келді» дейді «Азаттық» радиосы. Бұған Дональд Трамп не демек? Кезінде Барак Обама «өзімнің президенттік мерзімім ішінде Ауғанстаннан АҚШ әскерін толық шығарамын» деп уәде еткен. Бірақ ол айтқанын жартылай ғана орындады. Өйткені ауған жерінде АҚШ әскерінің базасы тұруы тек ондағы лаңкестермен ғана соғысу мақсатында апарылмаған. Діттеген негізгі мәселе, ауған жеріне АҚШ әскери базаларын орната отырып, аймақтағы Қытай, Пәкстан, Иран, Үндістанды бақылауға алу еді. Сондықтан Обама АҚШ әскерін толықтай ол өңірден шығарудан бас тартқан. Кезек Трампқа келді. Ол қайтпек?

Сейсен Әмірбекұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*