Түркіменстан «қай дәуірге» қадам баспақ?

2649
0
Бөлісу:

Түркіменстанда президент сай­лауына дайындық жүріп жатыр. Бірақ сайлау өтпей-ақ, оның жеңімпазы кім болатыны қазірдің өзінде белгілі деуге болады. Ол – Гурбангулы Бердімұхамедов. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Өткеннің жүлгегіне үңілетін болсақ, жабық, бейтарап Түркіменстанды 1991 – 2006 жылдар аралығында Сапармұрат Ниязов басқарды. Одан кейінгі билік тізгіні Гурбангулы Бердімұхамедовтың қолына көшті. Ол 2007 жылы президенттік сайлауда жеңіске жетіп, ел билігін қолына алды. Ал 2012 жылы өткен президенттік сайлауда тағы да асығы алшысынан түсті.
Нақтылай түсетін болсақ, 2007 жылы 89,23 %, ал 2012 жылғы президенттік додада 97,14 пайыз сайлаушылардың дауысына ие болды. Бұл жолы да солай болуы мүмкін. Бір еске са­ла кететін жайт, Бердімұхаме­довтың 2007 жылы басталған алғашқы президенттік кезеңі «Қайта жаңғыру дәуірі» деп аталған. Ал 2012 жылы екін­ші мәрте сай­лауда жеңіске жеткен соң Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Гурбангулы Бердімұхамедов президент болып қайта сайланған сәттен бастап ел «Түркіменстан шексіз бақыт дәуіріне» аяқ басты деп хабарлаған-ды. Ал осы жолы Гурбангулы Бердімұхамедов бұл сайлаудың демократиялық бағытта өтетініне баса назар аударып отыр. Неге? Себеп бар. Өйткені Түркіменстан шексіз-шетсіз бейтараптықты сақтап отыра беруі мүмкін емес. Қалай десеңде жаһандану дәуірі өз дегенін істері хақ. Бұдан тыс, түркімен жерінде жатқан табиғи мол байлықты игеру үшін міндетті түрде сырттан инвестиция тартылуы керек. Қаржы келуі үшін міндетті түрде елдің заңдары халықаралық талаптарға сай болуы шарт. Елде демократия құндылықтары бүр жаруы тиіс.
Сондықтан Түркіменстандағы бұл сайлау, бұрынғылардан өзгерек. Қысқасы, Бердімұхамедовтың бұл жолғы сайлауға өзге де үміткерлерді қосуы демократияға жасаған алғашқы қадамы деуге болады. Сайлауға тоғыз кандидат тіркелді. Олардың арасында Мары уәлаяты басшысының орынбасары Жұманазар Аннаев, «Сейди» мұнай өңдеу зауытының директоры, парламент депутаты Рамазан Дурдиев, Дашогуз уәлаяты басшысының орынбасары Меретдурды Гурбанов, Ахал уәлая­тының экономикалық даму департаментінің басшысы Сердар Желилов және «Гара­богазсульфат» мемлекеттік концернінің атқарушы директоры Сулейманнепес Нұрпересов, «Рысгал» коммерциялық банкінің атқарушы директоры әрі парламент депутаты Бекмұрат Аталиев, Аграрлық партияның Мары уәлаяты комитетінің төрағасы Дурдыгылыч Оразов және мемлекеттік азық-түлік индус­триясы ассоциация­сының басшысы Мақсат Ананпесов бар. Сайлауға көп қалған жоқ. Додада Бердімұхамедовтың асығы алшысынан түсетіні белгілі. Бір қызығы, ол осы сай­лаудан кейін «Түркіменстан қай дәуірге аяқ басады» деп айтар екен, ә?

Сейсен Әмірбекұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*