Су дауы суыған жоқ

1331
0
Бөлісу:

Өзбек билігіне Шавкат Мирзиеев келгелі ол елде біраз өзгерістер орын алуда. Соның бірі – көрші елдермен тату-тәтті болу, ынтымақтастықты арттыру. Содан болар өзбек билігінің өкілдері Душанбе мен Бішкекке барып қайтты. Ол елдердің ресми басшылығы Ташкентке ат басын тіреді. Әрине, Ташкенттің бұл екі елмен де ше­караға байланысты даулары бар.
Ол мәселе көп ұзамай шешілетінге ұқсайды. Өйткені алдағы уақытта Ташкент қоңсылас отырған төрт елмен шекараларды делимитациялау және демаркациялау мәселесін қолға алмақшы. Демек шекараға байланысты дау енді туа қоймас. Алайда әлі күнге шешілмеген, ежелден келе жатқан үлкен даудың қақпағы сол күйінде жабық қала бере ме деген сауал туады? Ол Орта Азиядағы су да­уы. Даудың басы әрдайым Қыр­ғызстан мен Тәжікстанға барып тіреле­тіні белгілі. Неге? Өйт­кені судың құлағы со­лар­ға тиесілі. Қа­зақ­стан, Өз­бекстан және Түркіменстанға баратын мол судың басында осы екі ел отыр. Етекте отырған аталмыш үш ел су мәселесіне келгенде осы екі елдің қас-қабағына қарайтыны шындық. Айта кететін бір жайт, Қазақстанның оңтүстік өңірі болмаса, өзге аймақтары Қырғызстаннан келетін мол суға тәуелді емес. Тәжік пен қырғыздан келер суға Өзбекстан зәру. Содан болар Өзбекстан кешегі Ислам ака Кәрімовтың билігі тұсында осы су мәселесіне байланысты қырғыз және тәжікпен талай тартысты, араздыққа барды. Бірақ даулы мәселе сол күйінде қалған. Айтыс-тартыстың Ташкент пен Бішкек һәм Душанбе арасында қатты ушығуына байланысты көптеген сарапшылар: «Орталық Азия аймақтық жанжалдың табалдырығында тұр. Даудың басы су» дескен. Таулардан бастау алатын мол судың құлағына ие болып отырған қос ел көршілеріне шекесінен қарайды. Қажет етсе, суды басынан байлап алуға да әлеуетті. Осы су мәселесіне байланысты аймақта жатқан бес ел бірнеше мәрте жиын өткізді. Мәселені сараптады. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас».
Орталық Азиядағы су мәселесіне байланысты белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы: «Бүгін-ертең бұл өңірде суға байланысты қақтығыс туып кетеді деу – ерте. Егер де жағдай осы арнамен кете берсе, алдағы уақытта болуы мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмайды. Әрине, тәжіктерді де, қырғыздарды да түсінуге болады. Қуат көздерін өндіруге мүдделі. Бірақ қырғыздардың «суды сатамыз» деуі жөн деп айта алмаймын. Өйткені трансшекаралық өзендер еш елдің жекеменшігіне жатпайды. Ол сол елде тұйықталып қалатын өзен емес. Сырдария мен Әмудария трансшекаралық өзендерге жатады. Сондықтан Тәжікстан да, Қыр­ғызс­тан да екі өзенді жеке меншігіміз деп жария­лап, ойларына келгенін істеуге құқылы емес. Ол – халықаралық заңға қайшы. Ең бастысы, осы аймақта жатқан бес ел су мәселесін үстел үстінде оты­рып, бәтуалы шешкені жөн» дейді. Өзбек билігін қолына алған Шавкат Мирзиеев бұл даулы мәселенінің тігісін жат­қы­зып, бір жақты ете ала ма? Әл­де өзінен бұрынғы Ислам Кәрімов секілді «су мәселесі бейбіт шешілмесе, қарумен сөй­лесуге тура ке­ле­ді» деп көр­ші­леріне сес көрсете ме? Оны уақыт көрсете жатар.

Бөлісу:

Пікір жазу


*