Трамп АҚШ гегемониясына нүкте қоя ма?

1529
0
Бөлісу:

АҚШ сыртқы әлемдегі мүддесінен бас тартты. Неге? Айтқымыз келгені, кеше ғана Ақ үйдегі Барак Обаманың орнына жайғасқан Дональд Трамптың алғашқы жарлығының бірі Транстынық мұхит әріптестігінен шығу болды. Барак Обама АҚШ-тың Тынық мұхит бассейніндегі мүддесін қорғайтын аса ірі жобаны әрең дегенде жүзеге асырып еді. Өткен жылдың ақпан айында АҚШ-тың Атланта шаһарында 12 елдің басын қосқан үлкен жиын болды. Онда көтерілген һәм қол қойылған мәселе Транстынық мұхит әріптестігін (ТТӘ) құру еді. ТТӘ құрамына АҚШ, Канада, Мексика, Перу, Малайзия, Бруней, Сингапур, Вьетнам, Жапония, Австралия және Жаңа Зеландия кіреді. Дегенмен бұл жобаның авторы АҚШ емес. Транстынық мұхит сауда әріптестігін құруды 2003 жылы Сингапур, Чили және Жаңа Зеландия көтерген болатын. Содан бері бұл мәселе талай мәрте талқыға түсіп, әбден «пісірілген».

Өйткені әріптестікке осы аймақта жатқан қай елдер кіруі керек, кімдер тыс қалуы тиіс дегендей. АҚШ басында тұрған бұл жобаның көздеген мақсаты не еді? Көптеген сарапшылар: «Бұл – дүниежүзілік сауда-сақтық тәртібіне өзгерістер енгізу. ХХІ ғасыр соны талап етуде. Сондай-ақ бұл осы аймақта жатқан Қытайдың тым жылдам дамып бара жатқанына (Қытайдың сыртқы саудасы өткен жылы 4,30 триллион долларды құраса, АҚШ 4,03 триллионға сауда жасаған) шектеу қоюдың бір тетігі» дескен. Мүмкін. Тіпті осы Атлантада өткен басқосуда АҚШ экс-президенті Барак Обама: «Біздің саудадағы әріптестеріміздің 95 пайызы шекарамыздан тыс жатыр. Сондықтан жаһандық сауда тәртібін Қытай емес біз жасауға тиіспіз. Америкалық азық-түлікті саудалайтын жаңа сауда алаңдарын аша отырып, ол тәртіпті жазу тек біздің құқымызда» деген-ді.
Обаманың кеудесін ұрып, тек «мен» деп сөйлегеніне сол кезде аждаһа елі ешқандай уәж айтпаған. Тек «дүниеге жаңа келген жобаның аяқ алысы қалай болар екен» деп аңысын аңдыған. Егерде ТТӘ сәтті болатын болса, бұған көп ұзамай Оңтүстік Корея, Тайвань, Филиппин және Латын Америкасынан Колумбия қосылуы тиіс-ті. ТТӘ үлесі әлемдік жылдық жалпы өнімде 40 пайыз, ал сауда-саттық айналымында 25 пайыздан жоғары деңгейді көрсеткен-тұғын. Ірі көрсеткішке ие, бұл сауда алаңы АҚШ үшін өте керек. АҚШ бұл аймаққа өзге тауарлармен қатар, тақтатастан өндіретін мұнайы мен газын саудалауға ұмтылыс жасады. Бас құжатқа қол қойылған басқосуда әріптестікке кіретін елдер арасындағы 10 мың тауардың салықтары алынып тасталуы көзделген. Сондай-ақ, қажет деп табылған елдерге миллиардтаған инвестиция бөлінбек. Ал ТТӘ аймағындағы экономикасы аса ірі Қытай неге бұл жобаға кірмей қалды дегенге келсек, аждаһа елі дәл осы өңірге арналған барлығын қамтитын аймақтық экономикалық әріптестік құруға талпынып жатқан. Бірақ АҚШ бастаған топ Қытайдың алдын орап кетті. Осылайша, АҚШ Қытайды емес, оған көрші елдердің экономикасын көтеруге ұмытылып, аждаһа елін саяқ қалдыруды көздеді. Сондай-ақ кәрі құрлықта дәл осындай Трансатланттық инвестиция және әріптестік жобасын құруға ұмтылды. Ондағы мақсат – АҚШ Еуроодақпен еркін сауда-саттық аймағын құра отырып, өз жерінде өндірілетін мұнай мен газды өткізу. Осылайша, кәрі құрлыққа қара алтыны мен көгілдір отынын сатып отырған Ресейді нарықтан итеріп шығару еді. Барак Обаманың тікелей атсалысуымен жасалған осы ірі екі жобаны Дональд Трамп құрбандыққа шалып отыр. Не үшін? АҚШ-тың жаңа президентінің айтуынша, бұл екі жоба да мемлекет үшін аса тиімсіз. «Егерде Транстынық мұхит әріптестігі жүзеге асатын болса, біз қаншама жұмыс орнын жоғалтамыз. Бұл – мемлекет үшін апатты жағдай. Бар қаржы, күш-қуатты сол жаққа салуға тура келеді. Ұтылатын – Америка жұмыс­шылары. Сауданың қызығын көретін – трансұлттық корпорациялар. Бұл бізге керек пе? Әрине, жоқ!». Трамп осылай дейді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс Трансатланттық инвестиция және әріптестік жобасына да қарсы екенін білдірді. Ол-ол ма, Мексика және Канадамен біріккен (НАФТА) еркін сауда аймақ мәселесіне де қайта оралып, көп түзетулер енгізілуі керек дегенді айтады. Дегенмен Дональд Трамптың Транстынық мұхит және Трансатланттық әріптестігін қырына алып, ол жобадан шығуына қарсы пікір айтып жатқандар да бар. Сарапшылардың айтуынша, «егерде ТТӘ және ТАИӘ-дан айырылатын болсақ, онда АҚШ әлемдік экономикада басты тұлға болудан қалады. Бұл – бір. Екіншіден, ішкі экономикаға күш салған, өндірісті күшейткен дұрыс. Бірақ сол өндірген өнімді қайда сатамыз? Бұл – ертең-ақ алдымыздан шығатын үлкен мәселе. Сондықтан АҚШ тауарын шығаратын ТТӘ және ТАИӘ нарығынан бас тартуға болмайды. Ертең Тынық мұхит бассейні Қытайдың қолына өтіп кетеді. Нағыз ұтылыс сонда болмақ» деседі. Мүмкін. Бірақ Дональд Трамп олардың айтқанына көне ме? Өйткені инаугурациядағы сөзінде: «Бұл сендердің күндерің! Бұл сендердің мейрамдарың! Бұл Отан сендердікі! Билікке қай партия келсе де міндет емес. Бастысы, Үкімет халықтың мүддесін қорғауы тиіс. 2017 жылдың 20 қаңтары тарихқа биліктің АҚШ халқына қайтадан оралған күні болып енеді!» деуінде үлкен гәп жатыр. Трамп елдің сыртқы мүддесінен гөрі, халқының мүддесін бірінші орынға шығаратынын анық көрсетті. Бірақ әлемдік гегемонияны қолынан шығарғысы келмейтін вашингтондық атқамінерлер Трамптың ұстанымын қолдай қояр ма екен? Қайдам…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*