ҚАЗАҚСТАН ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

4374
1
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық телеарналар арқылы ел халқына арнаған Үндеуі билік тармақтары өкілеттіліктерін бөлісудің заман талабы екендігін айқындап берді. Елбасы өз сөзінде бірқатар өкілеттіліктердің заң шығарушы және атқарушы билік органдарына берілуі керек екендігін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта конституциялық реформа жасалатындығын айтты. Әрі бұл реформаның жалпыхалықтық талқылауға ұсынылатындығын тілге тиек етті. Елбасы Үндеуін қоғам өкілдері бірауыздан қолдап, реформаның Қазақстанның дамуында айрықша рөл атқаратындығына сенім білдіруде.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор:

Өкілеттікті Үкімет пен Парламентке бөліп беру – заман талабы

– Елбасының Жарлығымен билік тармақтарының ара­сындағы өкілеттікті бөлу мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Аталған топтың жұмысы кеше талқыға салынды. Бұл – негізі көптен бері айтылып келе жатқан дүние. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында да, «100 нақты қадамның» ішінде де бар. Соның ішінде үш нәрсені бөліп айтқым келеді. Өйткені бізде Конституция бойынша биліктің үш тармағы бар. Атқарушы билік, яғни Үкіметке көптеген өкілеттіктер, атап айтқанда, әлеуметтік және экономикалық бағыттағы болмақ. Себебі, Үкімет жаңа бағдарламаларды, бюджетті қабылдайды. Бірақ орындауға келгенде осы мәселелерге Президент жауап беретін секілді болып қалады. Сондықтан Үкімет әрбір ведомство, әрбір министрлік өздері қабылдаған бағдарламаларына жауапты болуы керек. Екіншіден, Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігіне қатысты айтып өткен жөн. Биліктің екінші тармағы – заң шығарушы органдар. Оның ішінде қос палата бар. Үкіметтің осы екі палатаның алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселесі тұр. Бұрын жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтайтын. Осымен барлық шаруа біткен секілді боп көрінетін. Енді Үкімет өзіне тиісті бағдарламаларды қабылдаған орган, министрлік солардың орындалу процесін, алға қойған жоспарларын, республикалық бюджеттің жұмсалуын көрсетіп, Парламент алдында есеп беруге міндеттеледі. Бұрын бұл мәселелер формальды түрде ғана жүрсе, енді өкілеттік берілмек. Үшіншіден, сот билігі. Бұл жерде әкімшілік сот, азаматтық істерге прокурорларды мейлінше аз қатыстыру қарастырылады. Сонымен бірге, сот орындаушыларды бақылау функциясы күшейтіледі. Міне, осы үш бағытта өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы, бұл мәселе қоғамда көп талқыланады. Президентке артылар жүк үлкен. Сол себепті, өкілеттікті үкімет пен Парламентке бөліп беру – заман талабы деп ойлаймын.


Жабал ЕРҒАЛИЕВ, сенатор:

Бұл – еліміздің дамуы үшін қажет дүние

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу мәселесі қаралып жатыр. Бұл орайда, арнайы комиссия құрылғаны белгілі. Сол комиссияның алғашқы нәтижелері де белгілі бола бастағандай. Тәуелсіздіктің 25 жылында Конституциядағы бар қағидалардың орындалуына қол жеткіздік. Қазақстан, әсіресе, экономикалық-әлеуметтік салада толағай табыстарға жетті. Ең бастысы, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың тең құқығын қамтамасыз етудің нәтижесінде, елімізде тұрақтылық пен тыныштықтың бірлігі сақталды. Бұл 25 жылда қол жеткізген үлкен жетістігіміз деп ойлаймын. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі оқиғалар, дау-дамайлар, қақтығыстар мемлекеттің кепілі сияқты ауызбіршіліктің болмауынан туындап отыр. Елімізді бірлік пен ынтымағынан ажыратпай, ілгері бастыра беру үшін демократияландыруды одан әрі тереңдету мәселесін Елбасы алға тартып отыр. Қазіргі жағдайда Президенттің бірнеше өкілеттігін Үкіметке беру мәселесі уақыт талабынан туындағанын Мемлекет басшысы атап көрсетті. Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі Республика дамуының ілгерілеуі үшін қажет екені баса айтылып отыр. Сыртқы саясат, қорғаныс қабілеті, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғауды және мемлекеттік билік тармақтарына тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді. Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері және басқару органдарын құру, Парламенттің құзырына өкілеттілік берілу мәселелерін Елбасы айтып өтті. Бұл Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейтетін оң ықпал болады деп есептейміз. Жалпы, қоғамды демократиялауға ептеп-ептеп тереңдеп келе жатқанымыз дұрыс әрі қажет деп санаймыз. Осы орайда, Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдай отырып, бес институттық реформа арқылы елді демократияландыру мәселесін толық қуаттаймыз. Бұл керек дүние деп санаймыз.


Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:

Елді ары қарай демократияландыру жүріп жатыр

– Елбасының өзі бастама көтеріп, билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлуді қолға алмақ. 25 жыл ішінде Мемлекет басшысымен бірге қандай толағай табыстарға қол жеткіздік. Осының барлығы Президент билігінің мықты болғанын көрсетеді. Енді әрі қарай елді демократияландыру жүргені дұрыс. Соған байланысты билікті Үкіметке және Парламентке берген дұрыс деп санаймын. Себебі, қазіргі таңда Елбасы айтқандай, сайлауда жеңген партия Үкіметті жасақтайды. Сол жасақталған Үкімет өзінің жаңа, тың бағдарламасымен келіп, назарға ұсыну керек. Сөйтіп, аталған бағдарлама Парламенттің бірлескен отырысында жан-жақты талқылануы тиіс. Қосымша ұсыныстар пайда болып қалып жатса, оны да ортаға салып, бағдарламаны бекіту керек. Одан кейін Үкімет орындауға кіріседі. Бүгінде мәселен, бағдарлама жасалады, оған Елбасының қолын қойдырады. Ақыры бәріне Мемлекет басшысы жауапты болып қалады. Үкіметтің бағдарламаны орындау барысынан Парламент мүшелері, комитеттер хабардар болып отыруы керек. Әр жыл сайын, не жарты жыл сайын Үкімет әр сала бойынша Парламент алдында есеп беруі тиіс болады. Бұлай ету арқылы Үкіметтің жауапкершілігінің қалай артқанын да алдағы уақытта көре алатын боламыз деп ойлаймын. Сондай-ақ атқарылатын шараларды орындау үшін Үкіметке толық құқық беру керек. Яғни, ішіндегі кадрлық ауыс-түйістер, қажет болған жағдайда жаңа органдар құру, жұмысы тиімсіз, қазіргі талаптарға сай келмейтін болса, бір органдарды жауып тастау не жұмысына өзгерістер енгізу секілді шараларды Үкімет өзі шешуі тиіс. Біз – заң негізінде жұмыс істейтін құқықтық мемлекетпіз. Соған орай заңдарды қарастырып, заңнамалық түрде қарастырып, бақылап отыруға міндеттіміз. Осы жерде мынадай мәселе туындайды. Бізде көп мәселеде Парламенттің қолын байлап қойған. Кез келген мәселе туындай қалса, Үкіметпен келісу қажет дейді. Яғни екіжақты келісімге қол жеткізбей, заң қабылдай алмаймыз. Үкімет болса, көп жағдайда өз ыңғайына қарай ғана келісім береді. Біріншіден, Үкіметті Парламент бекітетін болса, оның бағдарламасын бекітетін болса, соның барлығын орындай отырып, тек заң шығаруда ғана Үкіметпен келісіп отыру дегеніңіз дұрыс емес. Үлкен қаржы кететін мәселелерді келісуге болатын шығар. Бірақ бұл мәселелерді біз жылдың басында, көктемде, күзде жан-жақты қарастырамыз. Халыққа керек деген заңды депутаттардың бастамалары бойынша талқыға салып, Үкіметке өткізіп, ол орындалуы керек. Әйтпесе, барлық заңды қазірде Үкімет әкеледі. Ол заңдардың сапасы жоқ болып шығатыны да бар. Кейде тіпті сол заңдарды Парламент қарастырған кезде жартысына жуығы өтпей қалып жатады. Тағы бір мәселені айта кетейік. Парламенттің жанынан үлкен заңгерлік бағыттағы ғылыми-сараптама институты ашылуы керек. Яғни, ол орталық заңдардың өміршең болуын, бір-бірімен байланысын, теориялық жағын қарастыратын, орындалуын қадағалайтын орган Парламенттің өзінде болғаны дұрыс-ақ. Сонда ғана заң сапалы шығады.


Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

Парламентке ғылыми талдау ресурстары қажет

– Қазақстанға қай заманда да күшті президенттік билікті сақтау маңызды, сонымен бірге, Үкімет пен Парламенттің де елдегі ахуалға жауапкершілігі күшейтілуге тиіс. Бұл министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты болып келеді. Бірақ жауапкершілікпен бірге, Президенттің өкілеттіктерінің бір бөлігі де берілуі керек. Құзырлы комиссия осы бағыттағы жұмысын жалғастыруда.
Парламенттің өкілеттігін күшейту бойынша да белгілі бір қадамдар жасауға болады деген ойдамын. Бір мысал келтірейін: бізге, депутаттарға кейбір өзіміз жазған заң жобаларын ілгерілету қиынға соғып жатады. Халық бізге қандай да бір мәселемен жүгінеді, біз жағдайды жақсартып, мәселені шешу үшін заңнамаға бастамашы боламыз. Бірақ оны Парламент қарауға алу үшін өте көп келісімдерден өтуге тиіс болады. Жолай кедергі болар өте көп тетіктер түзілген. Нәтижесінде, заң жобасы аса сақтық танытқан әлдебіреудің келіспеуінен меселі қайтып, кері оралады, халық мәселенің шешілмегені үшін депутаттарға көңілтолмастық білдіріп жатады.
Бұл жерде белгілі бір жұмыстар жүргізіп, депутаттарға заң жобасына бастамашы болуға дербестік берген жөн.
Жалпы, билік өкілеттіктерін қайта бөлу секілді стратегиялық мәселелер бір-екі апта ішінде шұғыл шешуге жатпайды. Меніңше, бұл жұмыс асығыстыққа салынбай, кем дегенде екі айға созылуы керек.
Тағы бір ескерер жайт, Парламент қазір ғылыми-сараптамалық ресурстарға өте зәру. Парламент жанында ғылыми институттар жоқ, Үкіметтегідей заң жобаларын пысықтайтын үлкен орталықтар, мекемелер де жоқ. Сонымен бірге, Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларында кемшіліктер, мәселелер, шикіліктер көп кездеседі. Оларды талдау талап етіледі. Содан бір қайнауы кем заңдар қабылданып кететін жағдай болатыны жасырын емес. Демек, Парламентке ғылыми талдау ресурстары берілгені жөн.

 


Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты,
«Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Шынайы бәсекелестік туындатқан дұрыс

– Парламент өкілеттігін күшейтумен бірге партияларды да күшейту қажет. Қоспартиялық жүйені қолдаймын. Меніңше, тек саяси ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғы­сынан да ең оңтайлысы – көппартиялы емес, қоспартиялы жүйе болмақ. Сонда ол екеуі арасында шынайы бәсекелестік болады. Дамыған елдер көшін бастайтын АҚШ-та да, Ұлыбританияда да қоспартиялы жүйе қалыптасқан.
Тағы бір мәселе, Парламенттегі фракциялар функцияларын, құзырын және олардың депутаттарының санын арттыру керек. Мұның оң нәтижесі болуы ықтимал. Бұл оның үстіне парламенттік плюрализмнің дамуына ықпал етеді.


Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Демократиялық дамудың жаңа белесі

– Қазір әлем жаңа өмір шынайылығына, жаңа заманға аяқ басты. Бұл жағдай биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін, тіпті ел мүддесі жолындағы жанкештілігін арттыруды қажет етеді. Экономикалық өрлеу, әлеуметтік даму, қоғамдық тұрақтылық, дінаралық және этносаралық татулық, тұтас алғанда, Мәңгілік ел құру – осы істің басында жүрген жалғыз Елбасыға ғана емес, ең әуелі мына аумалы-төкпелі заманда жайлы жатып, жақсы тұруды тілейтін қалың жұртымызға керек. Демек, әрбір қазақстандық, соның ішінде, әсіресе, билікте жүрген әрбір азамат ортақ іске қомақты үлес қосқаны маңызды. Бұл ретте мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформаларға және олардың табысты іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігін көтеру қажеттігін атап көрсетті. Алда Үкіметтің дербестігі арттырылып, оның өз бетінше қимыл-маневрлар жасау өрісі кеңейтіледі деп күтілуде. Әйтпесе, кез келген салмақты мәселе бойынша Мемлекет басшысы атына хат жазу үшін министрлердің Үкіметке жүгініп жататынын білеміз. Елбасы мемлекеттік басқару жүйесіндегі біздің Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту керектігін қадап айтты. Атап айтқанда, көптеген мәселе бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлін қайта бөлу көзделуде. Кезінде қазақтың бас хандары да парламентаризмнің ежелгі үлгісі – халық таңдаған билер институтымен билік бөлісіп, бірқатар биік құзыреттерді соларға артып отырған. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да ел аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған дана да саналы тұлғалар ел тағдырын шешер шешімдерді қабылдауға тартылған. Олар бәрін ханға артпай, сын сәтте ел алдына шығып, тарихи жауапкершілік алып отырған. Қазақстан Көшбасшысының бұл шешімі «Мәңгілік ел құрамын» деген арманды тілектен, елін сүйген перзенттік жүректен туындағанын түсінеміз. Елбасының Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бастамасының болашаққа бағдарланғаны айқын аңғарылады. Парламент пен Үкіметтің, сондай-ақ Ұлт жоспары аясында сот билігінің дербестігін күшейту, жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеру сайып келгенде, Қазақстанды замананың дүлей дауылдарына оңай шыдас беретін конструкцияға айналдырады. Бұл – шетелдік инвесторлар да жоғары бағалайтын құндылық болып табылады. Мәселен, жақында бір қызықты құбылысқа куә болдық: АҚШ-та күтпеген жерден Трамп жеңіске жеткенде әлемдік биржалар алдымен селк етті де, келесі күнгі таң атқанда, бәрі орнына келді. Себебі, ірі инвесторлар жаңа президенті нені уәде етсе де, АҚШ-тың әр қимылы мемлекеттік мүддесіне толық сай болатынын жақсы біледі. Тәуелсіздіктің негізін қалап, қазақ мемлекеттілігін нығайтқан Елбасы енді Қазақстанды мәңгілік елге айналдыруда. Сонымен бірге, Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа белесі болып саналады. Осының барлығы республикамыздың дамыған мемлекетке айналуын қамтамасыз ететін қадамдардың бірі деген ойдамын.


Зинаида ФЕДОТОВА, Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, жұмыс тобының мүшесі:

Жауапкершілікті арттырады

– Мемлекеттік басқару тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу мәселесі бүгінгі күн талабына сай туындап отырғаны ақиқат. Ең бастысы, мемлекеттік басқару тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу еліміздің әрбір басқарушы тармағының жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түседі. Осы мәселені талқылаумен айналысып жатқан біздің жұмыс тобының отырысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселенің ел дамуының жүйелі әрі заңды кезеңі екендігін ерекше атап көрсетті. Шын мәнінде, қазіргі күні бес институттық реформаны жүзеге асыру үшін Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер берілуі қажет. Керісінше, қорғаныс қабілетін, сыртқы саясатты, мемлекеттік басқаруды, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тар­мақ­тарының тиімді жұмысын қамтамасыз етуге қатысты негізгі мәселелер қалып­тасқан дәстүр бойынша Президенттің құзырында қалуы тиіс деп ойлаймын. Енді бұған дейін Елбасының құзырында болып келген мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгеріс мәселелері, сондай-ақ жаңа басқару органдарын құру тәрізді іс-шараларды жүзеге асыруды Үкімет пен Парламенттің құзырына бергеніміз жөн. Сөйтіп, Үкіметке тиісті ұйымдастыру-атқару қызметтерін беру ұсынылып отыр. Тағы бір айта­рым, Парламентің жұмысына қатысты мәселені алатын болсақ, әзірге Мәжіліс тек келі­сім беру жөніндегі өкілеттікке ғана ие. Демек, Парламенттің, атап айтқанда, Сенат пен Мәжілістің рөлін анағұрлым пәрменді түрде күшейту керек. Мысалы, қай мемлекетті алсақ та, әдетте, Үкіметтің жеңіске жеткен партия немесе фракция мүшелерінен жасақ­та­латыны белгілі. Міне, сондықтан билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу кезін­де Парламенттің Үкіметке байланысты рөлін қайта қарағанымыз абзал. Билік тар­мақ­тарының өкілеттіктерін қайта бөлу, ең алдымен, жоғарыдан төменге дейінгі мем­лекеттік орган қызметкерлерінің еліміздің ертеңіне деген жауапкершілігін күшейтіп, арттыра түсетіні анық.


Рахмет МҰҚАШЕВ, Қазақстан Заңгерлер одағы ҚБ төрағасы, жұмыс тобының мүшесі:

Уақыт талабы

– Билік өкілеттіктерін бөлу мәселесін қарастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде айтар болсам, мұндай іс-шара Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Бұл – елімізде жүзеге асырылып жатқан демократияның нақты нәтижесі. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуді қарастыру арқылы биліктің барлық тармақтарына тәуелсіз еліміздің болашағы үшін еселенген жігермен, аянбай еңбек ету мүмкіндігін беруді көздеп отыр. Бұл – оңды әрі өте дұрыс шешім. Сондықтан біз жұмыс тобында еліміздің ертеңгі экономикалық, әлеуметтік дамуында айрықша рөл атқаратын маңызды мәселені егжей-тегжейлі талқылап, жан-жақты қарастырудамыз. Қазіргі күні біздің жұмысшы тобының атына бірқатар мемлекеттік құрылымдардан көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, олардың арасында Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныс бар. Басты нәрсе, бұл ұсыныстар Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Олардың арасында сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын шектеу қажеттігі туралы тағы басқа да ұсыныстар бар. Жалпы, сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін әзірге, он үш ұсыныс бар.
Менің ойымша, билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу барысында Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін барынша арттырған, Сенат пен Мәжілістің және оның палаталарының өкілеттіктерін анағұрлым кеңейткен мақұл. Бұған қоса, ел Үкіметінің Парламент пен оның палаталары алдында дәстүрлі түрде есеп беруін талапқа сай кү­шей­ту қажет. Елімізде Конституциялық бақылау тетігін анағұрлым жетілдіруге назар ау­дар­ған жөн. Жалпы, билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу, бұл – уақыт талабы!


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары өкілдіктерін бөлісу мәселесіне қатысты жасаған Үндеуін зиялы қауым өкілдері, сарапшылар мен заңгерлер жоғары бағалап отыр. Бұл бастама ел дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар билік тармақтарының өкілеттіліктерін бөлісу демократиялық үрдістердің жаңа белесі саналып отыр. «Айқын» газеті Президент Үндеуіне орай бірқатар сарапшылар мен мамандардың пікірлерін оқырман назарына ұсынады.

Өмірәлі ЖАЛАИРИ, заң ғылымдарының докторы, профессор,
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, жұмыс тобының мүшесі:

Жаңа ұстанымды толық қолдаймын

– Еліміз үшін биылғы жылдың үлкен жаңалығы – Президентіміз Н.Назарбаев 11 қаңтарда Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құруға қол қойған еді. Әрине, оған Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, басқа мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгерлер мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері тартылды.
Осы жұмыс тобының мүшесі ретінде ұлт Көшбасшысының жаңа ұстанымын толық қолдайтынымды айтқым келеді. Біз тәуелсіздігін кеше ғана алған жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт талабына, даму, өркендеу бағытымызға сай қашан кемелділік дәрежесіне жеткенше Конституциямызды, заңдарымызды жылдан-жылға толықтыра, жетілдіре беретініміз анық. Егемен ел болған жиырма бес жылда президенттік басқару нысанында қызмет жасап жатырмыз. Конституциямызға сүйеніп, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет сипатында өркениетті түрде ілгерілей бермекпіз. Бүкіл билікті бір қолда ұстау қағидатын өтпелі кезеңде пайдаландық. Ол өз кезінде нарықтық-экономикалық реформалау үдерістерін қалыптастырып, дамытуға ықпал етті. Қоғамдық қатынастар ары қарай дамып, нығайып, бір ізге түскеннен кейін қазір күн тәртібінде дамудың жаңа ірі белесіндей, ізгі белгісіндей болып Президенттің кейбір өкілеттіктерін Парламентке, Үкіметке беру қажеттігі туындады. Бұрын Президент сайланғаннан кейін Үкімет жұмысын тоқтататын. Ендігі жерде Үкімет Мәжіліс сайланғаннан кейін жұмысын тоқтататын болады. Үкімет жеңген партия арқылы жасақталады. Мемлекет басшысына ішкі-сыртқы саясат, қорғаныс, т.б. аса маңызды істерді қалдырып, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгеріс, жаңа басқару органдарын құру сияқты мәселелерді Үкімет пен Парламенттің құзырына беру тәрізді қағидаттар жүзеге асырылады.
Сөйтіп, Парламент Мәжілісінің рөлі пәрменді түрде күшейеді.
Әрине, бұл мәселелер алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барша халықтың назарына ұсынылып, ел тағдыры елеңдетер әр азамат өз ой-пікірін білдіре алады. Осы орайда Әділбек Жақсыбековтың Елбасына бұл аса маңызды іске байланысты құрылған жұмысшы тобының үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірлегенін жеткізгенін айта кету орынды болар:
1) Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін Мемлекет басшысының заңмен белгіленген өкілеттіктерін қайта бөлу;
2) Жоғары сот пен Бас прокуратураның сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар беруі. Сот-құқықтық саласы бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды;
3) Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі күшейту.
Меніңше, халық назарына ұсынылатындықтан, басқа да отандастарымыздан маңызды, көңілге қонымды ұсыныстар түсетіні сөзсіз. Ендеше, бұл ұлы істен сіз де тыс қалмаңыз, ағайын.


Төлеш ҚАУДЫРОВ, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, Азаматтық-құқықтық зерттеу институтының директоры, жұмыс тобының мүшесі:

Ел дамуын айқындайтын қадам

– Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу және осы мәселеге арнап жұмыс тобын жасақтау – еліміз үшін қажетті әрі керек маңызды қадам. Неге десеңіз, Конституциямыз 1995 жылы қабылданды, одан бері де біраз уақыт өтті. Ішкі саясатта, халықаралық аренада күн сайын өзгерістер болып жатыр. Ішінде жақсысы да, жаманы да бар. Сондықтан билік тармақтарының арасындағы атқарушы өкілеттіліктер осы өзгерістерге сай болуы керек. Тәуелсіздік алған тұста, Ата заң қабылдаған уақытта біз Мемлекет құру үшін Президентке өте салмақты жауапкершілік арттық. Қазір уақыт өзгерді, Елбасы мемлекеттік биліктің бірлігінің кепілі ретіндегі функциясын орындау керек. Үкімет күнделікті ел басқару функциясын жүзеге асыруы тиіс. Парламент халық сайлаған өкілдерден тұратындықтан, қазіргі күнге қарағанда пәрмені нығаю керек. Үкімет, атқару органдарының билігі Парламентке есеп беруі қажет. Сол себептен, өкілеттіліктерді қайта бөлудің нәтижесі түбінде Парламенттің құзыретін күшейтуге алып келеді.
Өз басым Президенттің ұсынысын қолдаймын және елімізге келешекте пайда әкеледі деген сенімдемін. Парламенттің рөлі күшейсе, жергілікті басқару құзыреті көтерілсе, халыққа да жаман болмайды.
Бұдан бөлек, соңғы екі-үш жыл ішінде әділ соттар төңірегінде өзгерістер болды. Меніңше, бұл бөлініс сол талаптарды жалғастырады. Прокуратура саласын күрт өзгертпесе де басқа биліктермен рөлін анықтау артық етпейді. Қорыта айтқанда, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу құзырлы орындардың жауапкершілігін көтереді деп ойлаймын.


Ерлан ҚАРИН, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Жаңа реформалар Қазақстандағы билік тармақтарының өзара қарым-қатынасының принципиалды жаңа қағидаттарын бекітпек

– Бұл – өте маңызды бетбұрысты сәт. Себебі, Президент жариялаған жаңа өзгерістер Қазақстанның дамуында әлеуметтік-экономикалық және саяси модернизациясының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Президент қашанда жаңарту процесін бірқалыпты бірізділікпен жүзеге асырудың жақтаушысы. Елбасы өз сөздерінде, баяндамаларында, жаһандық конъюнктураны ескере отырып, соған сәйкес бейімделу қажеттігін атайды. Сондықтан да соңғы жылдары Президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды жаңалай отырып, бұл реформалардың сәтті жүзеге асуының бірден-бір алғышарты ретінде саяси модернизация процесін де жүзеге асыру қажет болатынын ескерткен еді. Яғни, бұл кеше ғана кенеттен пайда болған күн тәртібіндегі мәселе емес. Бұл – соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің логикасына сай қосымша саяси модернизацияны жүзеге асырудың қажеттіліктерінен туындаған бастама.
Бұл жерде бірнеше нәрсені анық айтып кету керек. Президенттің көтеріп отырған жаңа бастамалары Қазақстандағы билік тармақтарының өзара қарым-қатынасының принципиалды жаңа қағидаттарын бекітпек. Екіншіден, президент реформаларын жүзеге асыру нәтижесінде, Парламенттің статусы жоғарылай түседі, Парламентке жаңа өкілеттіліктер беріледі. Үкіметтің жауапкершілігі арта түседі. Себебі, Үкімет өзінің күнделікті жұмысында шешімдер қабылдауда, жаңа тетіктерге қол жеткізеді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларды бекіту немесе мемлекеттік құрылымдарды құру, тарату жөніндегі шешімдерді өз бетімен қабылдайтын болады. Яғни, Үкіметке бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер беріліп, еркін саясат жүргізу тетіктері арта түседі. Бірақ келесі мәселені баса айта кету керек: жүзеге асатын бұл реформалар әлі талқыланады, тиянақты сарапталып, бір жүйеге түсіріледі. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл біздің конституциялық құрылымдағы жаңа принципиалды қағидаттарды енгізуге бағытталған. Президент негізгі саяси орталық болып қала береді. Ол сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелеріндегі өз өкілеттіктерін сақтайтын болады. Парламенттің, Үкіметтің статусы арта түседі. Бірақ Қазақстан бұл реформалардың нәтижесінде қалай болғанда да президенттік республика және унитарлы мемлекет болып қалады. Мұны анық түсіну қажет. Қазақстанның президенттік республика, унитарлы мемлекет ретіндегі негіздері өзгермейді, бірақ билік тармақтары қарым-қатынасында принципиалды өзгеріс болады. Бұл бастамалар біздің еліміздің үлкен жаңа саяси өзгерістер кезеңіне аяқ басқандығын аңғартып отыр.


Әбдіқаһар СЕЙІТЖАНОВ, заңгер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер қалашығының директоры:

Бұл – әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізіліп жатқан дүние

– Елбасының пәрменімен арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын білеміз. Бүгінгі таңда бұл жерде негізгі бағдар мемлекеттегі биліктің бір-бірінен бөліну принципі негізіндегі бастаманы іс жүзінде жүзеге асыру мәселесіне ауып отыр. Мұнда сот билігі, атқарушы билік, заң шығарушы билік туралы айтып отырмыз. Бізде білесіздер, президенттік республика болғандықтан, Елбасы көптеген құзыреттерді Үкіметке өткізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл тұста біз президенттік республика болып қаламыз, Президенттің құзыреті сақталады, бірақ Үкіметке, Парламентке қатысты құзыреттерді өзгерту мәселесі талқыланады. Сайлауда қай партия жеңсе, сол партияның билік құруы, Үкімет басшысы, құрамын Парламентпен келісу арқылы қалыптастыру құқықтары қаралып жатыр, Парламенттің мәртебесін күшейту мәселелері, сонымен қатар сот билігінің дәрежесі мен жалпы тәуелсіз сот билігін қалыптастыру бағыттары қарастырылу үстінде. Бұл – қоғамның дамуына байланысты бүкіләлемдік стандарттарға сәйкес жүргізіліп жатқан дүние.
Меніңше, президенттік биліктен, президенттік республикадан бас тартуға болмайды. Бізде әруақытта президенттік биліктің құзыреті сақталған. Бұл өзгерістер кезінде де осы қағидат – президенттік басқару формасы өз деңгейінде сақталып қалады. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жағдайда биліктің бөліну қағидасы негізінде заң шығарушы, атқарушы, сот билігі арасындағы құзыреттерді күшейту мәселесі талқылануда. Мұның қорытындысын көрерміз. Әрине, бұл комиссия өте тәжірибелі, білгір заңгерлер, қоғам қайраткерлерінен құралып отыр. Сондықтан әлі де халық алдында талқылаулар болуы тиіс деп ойлаймын. Жалпы, дүниежүзінің бірде-бір елінде кемшіліксіз мемлекеттің формасы, ол республикалық болсын, парламенттік болсын қалыптасты деп айта алмаймыз. Кез келген жерде билік органдары арасында туындайтын кикілжіңдер болады. АҚШ болсын, Еуропа елдері болсын, билік жүйесі арасында қарама-қайшылықтардың болуы заңды. Сол себепті біз ұлттық менталитетімізге, республикамыздың болашағына байланысты осы қағидаттарды да ескеріп, қарастыруымыз керек.


Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА,
саяси ғылымдар докторы, профессор:

Өте орынды бастама

– Әрине, биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі өте орынды. 1995 жылғы Конституция барлық билікті Президенттің қолына шоғырландыруға жол ашты. Жедел заңдарды қабылдау, оларды жүзеге асыру үшін президенттік басқарылым аса қажет еді. Қысқасы, жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізген елімізде саяси-экономикалық реформаларды шұғыл түрде жүзеге асыру міндеті тұрды. Сондықтан Конституция аясында Президенттің өкілеттігі күшейтілді. Ол өзінің міндетін ақтады деуге болады. Қазақстан қысқа ғана уақытта жүзеге асырылған саяси және экономикалық реформалардың арқасында ТМД мемлекеттерінің алдына шықты. Бұл біздің ұстанған бағыттың дұрыстығын көрсетті. 2007 жылғы конституциялық реформада біраз өзгерістер орын алды. Мәселен, Парламент құзыреті кеңейтілді. Үкімет бұрын Парламент палаталарына және Парламентке есеп берумен шектелсе, ендігі жерде өзінің бүкіл қызметінде Президент алдындағы жауаптылығымен бірге, Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты болды. Қазіргі кезде жағдай өзгерді. Халықаралық аренада кеңінен танылдық. Соның арқасында үлкен құзыретке ие ұйымдарды басқардық. Тіпті Орта Азия мемлекеттерінің арасынан суырылып шығып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайландық. Бұл да біздің елдің адамзат тағдыры алдында үлкен жауапкершілікке ие болғанын көрсетеді. Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге келсек, қазіргі жағдай соны талап етуде. Қиындықтардың бәрі артта қалды. Енді билік тармақтарына байланысты реформаны жүзеге асыруға болады. Әрине, Парламентпен Үкіметке кейбір өкілеттіліктер берілгені дұрыс. Алайда Елбасының өзі көрсетіп бергендей, қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала бергені жөн. Бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі оңды болмақ. Бұған тағы Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздеу – Елбасының тарапынан көтеріліп отырған дұрыс шешім. Алдағы уақытта осы мәселемен айналысып жатқан жұмыс тобы Елбасының айтқандарын жүзеге асырады деп сенемін.


Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

Реформалардан қашпауымыз керек

– Елімізде басталып жатқан саяси реформаларға тек оң көзбен қарау керек. Тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі Конституцияға сай еліміз парламенттік республика болғаны белгілі. Бірақ дәл сол кезде ол өте тиімсіз еді. Парламент жаңадан қалыптасып келе жатқан нарықтық экономика талап етіп отырған жаңа заңдарды қабылдаудың орнына, саяси тартыстың шылауында кетті, ел ішіндегі және сыртқы факторларды дер кезінде бағамдай алмады. Сондықтан 1995 жылғы Конституцияда осының бәрі ескеріліп, барлық мүмкіндікті, үлкен өкілеттікті Президентке берілді. Өйткені сол кездегі қиын межеден асудың бірден-бір жолы осы еді. Президент соны ақтады. Елді дағдарысты кезеңнен алып шықты. «Алдымен экономика, саясат артынан» деген ұстанымда болды. Рас, экономика реттелді. Айналадағы елдермен қарым-қатынас, сауда-саттық бір жолға қойылды. Қазақстан әлемге бітімгершілік рөл атқаратын, бейбітшіліксүйгіш мемлекет ретінде танылды. Сыртқы саясатты бекемдеп алдық. Енді іштегі билік тармақтарын реформалау кезеңі келді. Президенттің тапсырмасымен біраздан бері осы мәселе бойынша жұмыс тобы істеп жатыр. Елбасы айтпақшы, Парламент пен Үкіметтің мүмкіндіктерін еселеуге жол ашылмақ. Осыдан сәл бұрын Елбасы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыратын күн келді деп есептеймін. Егерде зайырлы демократиялық елге айналамыз десек, өркениетке жетелер реформалардан қашпауымыз керек.


Дәулет БАЙДЕЛДИНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы,
заң ғылымдарының докторы, профессор:

ІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖЕТІСТІКТЕР ЖОЛЫНДА

– Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нақты мәселе көтеріп, билік тармақтарына өкілеттіктерді бөлудің заңдық тұрғыдан жолдарын қарастыру жөнінде Үкімет пен Парламентке арнайы тапсырма берген-ді. Осы сейсенбіде Ақордада Елбасының қатысуымен алқалы кеңес өткізіліп, онда биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді жүзеге асырудың бағыт-бағдары қарастырыла бастады. Бұл сөз жоқ, Тәуелсіз Қазақстанды басқаруды бұдан былай да демократияландыру бағытында жүзеге асырылып келе жатқан ізгі саясаттың заңды жалғасы. Сондай-ақ бұл іс-шара – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарлық құжаттарында айқындалғандай, қоғамдық ұйымдар мен саяси партияларды, жергілікті билік органдарын мемлекетті тікелей басқаруға белсенділікпен тартуға бағытталған батыл қадам.
Әсілінде, билік тармақтарына өкілеттіктерді бөліп беру – көптеген елдерде ежелден қалыптасқан дәстүр. Елімізде билік өкілеттіктерін бөлу мәселесінің көтерілуі, ең алдымен, Қазақстандағы демократияның шынайы көрінісі. Сондай-ақ бұл – тәуелсіз елімізде демократияның пісіп-жетілгенінің белгісі. Мысалы, бірқатар мемлекеттерде негізгі басшылық Мемлекет басшысына беріліп, Үкіметтің өзі Парламенттің басқаруына берілген. Егер мемлекетті басқарудың әлемдік тәжірибесіне зер салсақ, көптеген елде президенттік билік мемлекетті басқаруда айрықша рөлге ие.
Кеңесте Елбасы «Қазіргі уақытта сол өкілеттіктерді Үкіметке, Парламентке, Президентке бөлу мәселесін қарау керек. Бұл уақыты жеткен мәселе деп санаймын. Оның үстіне Президенттік жүйе қала береді. Біз оны жояйық деп отырғанымыз жоқ. Ол Қазақстан үшін өте қажет» деп шегелеп айтты. Қалай десек те, еліміздің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу – бүгінгі күннің талабы!


Қазбек МАМСУРОВ,
ҚХА Алматы қаласы төрағасының орынбасары:

Тың өзгерістер күтеміз

– Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөліп беруі еліміздегі әрбір органның жауапкершілігін арттырады деп санаймын. Сондықтан қандай болмасын мәселе әр басшының жауапкершілігін арттыру негізінде шешілуі тиіс. Барлық істі үнемі Елбасына жүктей беру әділетсіздік болар еді. Сол себепті, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Жоспарлы шараларды үйлестіру бойынша тың өзгерістер болатынына үміт зор. Бұл өзгеріс Қазақстандағы стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жасалған негізгі қадамдардың бірі боларына сенемін.

 

Бөлісу: