Алау – спорттағы күш-қайрат нышаны!

339
0
Бөлісу:

Кеше Астанада Елбасының қатысуымен, әлемдік дәрежедегі айтулы да, абыройлы спорт сайысы – XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алғашқы алауын жағу салтанаты өтті. Жалпы, осындай жаһандық жарысты Қазақстанның өзінде өткізуі – оның халықаралық беделінің ғана емес, сондай-ақ елдегі бейбітшілік пен бірліктің нышаны болып саналады. Әйтпесе, тұрақсыздық жайлап, берекесі кеткен болашағы бұлыңғыр елге ешбір мемлекет өз спортшысын жібермес еді.

Рәсімде сөз сөйлеген Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев Уни­версиаданы «еліміздің тәуелсіздігі тарихында халықтың бірлігін одан әрі нығайтуға ықпал ететін спорт са­ласындағы ең ірі оқиға» деп атады.
– Бүгін біз 29 қаңтарда Ал­матыда ашылатын XXVIII жа­һандық Универсиаданың алауын жаққалы тұрмыз. Қазақстанның жеңістері тәуелсіздік жылда­рында елеулі болып, еліміз ең­селене түсті. Дәл осындай ауқым­дағы және деңгейдегі әлемдік спорт сайысын Қазақстан бұрын-соңды өткізіп көрген емес. Әрі бұл мем­лекеттердің барлығының бірдей қолынан келе бермейді. Сондық­тан өздеріңіз білетіндей, таңдау біздің елімізге түсті. Мен бұл жа­рыстарды абыроймен өткізеті­німізге бек сенімдімін, өйткені соған лайықты дайын­далдық, – деген Н.Назарбаев ел намысын қорғар ұлттық құрама команда­мыздың мүшелеріне қайырылды.
«Енді бұл алау республи­ка­мыздың барлық өңірлерін ара­лайды. Бұл сіздер жанкүйерлердің кең қолдауына, ізгі тілектеріне ие болуларыңыз және сол арқылы үлкен жеңістерге шабыттану­ларыңыз үшін жасалып отыр. Ко­мандамыздың 168 мүшесінің әрқайсысы жеңістің биік тұғы­рына көтерілуге лайық. Мен солай болады деп сенемін. Бүкіл Қазақ­стан сіздерге жанкүйер болады. Бүкіл Қазақстан студент­тік ко­мандамыздың биіктен кө­рі­нуін тілейді!» деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Универ­сиа­даны өткізу біріншіден, қа­зақстандық жастардың спортқа де­ген қызығушылығын артты­ратынын атап өтті. Екіншіден, жа­һандық жарыс үшін ха­лықара­лық жоғары стандарттарға жауап беретін за­манауи спорт нысан­дары салын­ды. Оның барлығы болашақ спорт­­шыларды баулуға үлкен көмек.
– Атқарылған жұмыстардың бәрін жастар үшін жасадық. Уни­версиаданың әлеуметтік инфра­құрылымы, спорт нысандары бізге ұзақ жыл бойы қызмет ете­тін бо­лады, – деді Мемлекет бас­шысы.
Үшіншіден, Қазақстан Уни­вер­сиаданы өткізген санаулы, таң­даулы елдердің қатарына қосылады, бұл еліміздің таны­мал­ды­лығын арттыра түсуге тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы Универсиада шын мә­нінде, бүкілхалықтық мерекеге айнала­тынына сенім білдірді. Сөз соңын­да Елбасы спорт­шы­ларға ал­дағы жарыстарда табыс және жарқын жеңістер тіледі: «Араларыңыздан аты бүкіл әлемге тарайтын таны­мал спорт­шылар шығады және еліміздің мақтанышына айналады деп үміттенемін!» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Президент «От ұясындағы» Универсиада алауын жағып, эстафетаны Астанадан бас­тап берді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*