Қазақ әскері түріктермен бірге жаттығады

1614
0
Бөлісу:

Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері («спецназ») түркиялық әріптестерімен бірге жаттығулар өткізетін болды. Кеше Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста қалаулылар осыны заңдастыратын екіжақты құжатты ратификациялады. Жалпы, бауырлас қос ел арасындағы ірі жаттығу былтыр өтуге тиіс болған, бірақ Түркияны дүрліктірген былтырғы оқиға салдарынан бұл әскери шара 2018 жылға қалдырылыпты.

Мәжіліс Қазақстан мен Түркия үкімет­тері арасындағы «Арнайы мақсаттағы бө­лім­шелердің оқу-жаттығуларын өткізу к­езінде қабылдаушы тараптың қолдау көр­сетуі туралы өзара түсіністік туралы ме­мо­ран­думды» ратификациялауды қарас­ты­ра­тын заң жобасын мақұлдады.
Еліміздің Қорғаныс министрінің орын­басары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, бұл ме­морандум өткен жылы Анкарада жасал­ған. Оның мақсаты – оқу-жаттығуды өткізу уақытында тараптардың міндеттемелері мен жауапкершілігін, сондай-ақ, тараптар қарулы күштері арнайы мақсаттағы бөлім­шелерінің оқу-жаттығуын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуінің негізгі қағидаттарын айқындау.
Құжаттың жекелеген ережелері жіберу­ші жақтың техникасын, қаруы мен оқ-дә­рілерін әкелуге, ел ішінде алып жүруге және әкетуде қабылдаушының әуеайлақтарды, автомобиль және темір жолдарды ұсынуын, сон­дай-ақ оқу-жаттығу өту кезеңінде жі­беру­шінің өтінімі бойынша қаруды, ма­те­риал­дық құралдарды, жабдық пен оқ-дәрі­лер­ді өтеусіз негізде ұсынуды көздейді.
Оқу-жаттығулар тараптардың әскери ор­гандарының өкілдері бекітетін оқу-жат­тығуларды өткізу жоспарына сәйкес ұйым­дастырылады.
–Түркия өзінде халықаралық әскери жат­тығуларын өткізеді. Оған Грузия және Әзербайжан мемлекеттері қатысады. Олар­ға былтырдан Болгария қосылуда. Қазақ­стан­да бұған дейін Түркия ұйымдастырған оқу-жаттығуларға қатысу тәжірибесі бар ма? Алда осындай жаттығуларға қатысқанда, шы­ғындар қай тараптан өтеледі? – деп сұра­ды Мәжілістегі «Нұр Отан» фракция­сы­ның депутаты Бақытбек Смағұл.
Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, әскери даярлық аясында Түр­кия­дағы бірлескен жаттығуларға Қазақстан 2006 жылдан бері қатысып тұрады екен. «Ол кез­де «Анатолия» деп аталатын. Қазір «Қа­былан жолы» деген жаттығулар жүруде. Ен­ді мұндай бірлескен оқу-жаттығулар Қа­зақстан аумағында да өте бастайтын бо­лады. Шығындарға келсек, ол мемо­рандумда нақты айтылған: егер қабылдаушы тарап Қазақстан болса, олардың әскерін та­мақтандыру, орналастыру, оқ-дәрілерді беру, және мемлекет аумағында көлікпен қоз­ғалу бойынша шығындарын біздің ел кө­тереді. Мұның барлығы қабылдаушы та­рап мойнында. Қалған шығындарды жі­беруші жақ өзі өтейді» деді Талғат Мұхтаров.
Оның мәліметінше, осы меморандумды бе­кіту бастамасын Түркия көтеріпті. Қазақ­стан қолдаған.
«Өйткені, бұл елдің заңына сәйкес, енді бас­қа шет мемлекеттің қарулы күштері Түр­кия аумағында өтетін оқу-жаттығуларға қа­тысуға келуі үшін осындай екіжақты шарт бе­кітуі қажет» деді Талғат Сәбитұлы.
«Түркия НАТО мүшесі емес пе? Олармен ара­мызда шиеленіс жоқ па?» деп қауіп қыл­ған қалаулылар да болды. Қорғаныс ми­нист­рі орынбасарының айтуынша, Қа­зақ­стан қорғаныс саласында да көпбағытты сая­сат ұстанады және ешбір елді жау сана­май­ды.
Атап айтқанда, Қазақстанда 2003 жыл­дан бері «Дала қыраны» деген атаумен ха­лық­аралық оқу-жаттығулары өтіп келеді, оған Ұлыбритания, Америка Құрама Штат­тары, Литва, Түркия және басқа да НАТО мүше-елдері қатысады. Жаттығулар бары­сын­да көпұлтты күштердің әскери кон­тин­генті әлемнің бір атырабындағы шартты қақ­тығыс аймағында бітімгершілік опе­рация­ларын бірлесе жүргізуді тәжірибе тү­рінде пысықтайтыны мәлім. Олар бір­не­ше күн бойы жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, гуманитарлық операцияларды да «жүр­гізеді». Жаттығулардың басты тапсыр­маларының бірі – бөлімшелердің шоғыр­лануы және іс-қимылдардың айқындығы, су кедергілерінен өту, әртүрлі жүктерді алып жүру, ең бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша операциялар жүргізу. Бұл жаттығулар бейбітшілікті қолдау операция­ларындағы «Қазбригтің» жедел қимыл жа­саудағы жетістігі мен қазақстандық бітім­гер­­лік бөлімшенің көпұлтты құрамда тап­­сырмаларды орындау қабілетін тексеру бо­лып саналады.
«Қазбриг» қатысқан «Дала қыраны – 2016» тактикалық-арнаулы бітімгершілік жат­тығулары былтыр Ұлыбританияда өт­кен.
Қазақ жеріндегі халықаралық жаттығу­лар сонымен бірге Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдермен де бірлесіп ұйым­дас­тырылады.
«Жыл сайын бізде «Алтын үкі» халық­аралық әскери сайыстары өткізіледі. Оған снай­перлік және барлау бөлімшелері қаты­сады. Мұның сыртында түрік жерінде «Қабылан жолы» жаттығулары ұйымдас­ты­рылады. Рас, Түркиядағы соңғы оқиғаларға және Сирияда «Евфрат қалқаны» операция­с­ы­ның басталуына байланысты бұл жат­тығулар 2016 жылдан 2018 жылға көшірілді» де­ді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Т.Мұхтаров қазіргі кезде Түркиямен бір­лескен әскери-қорғаныс кәсіпорындары да жұмыс жасайтынын еске салды, мәселен олар­дың бірі оптикалық құралдар өндіреді екен. «Қазақстанның Қарулы күштері құ­рыл­ғалы бері біздің курсанттар мен сар­дар­лар бұл елде маман ретінде даярланды. Қа­зіргі уақытта шамамен 50 офицеріміз Түр­кияның әскери академияларында оқуда. Олар­дың ішінде құрлық әскері де, әуе қор­ғанысы әскері де, әскери-теңіз күшінің де өкілдері бар» деді Талғат Мұхтаров.
Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының де­путаты Жанат Жарасов қазақ елі мен түрік елінің өзара қарым-қатынасы тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарынан бері қар­қын­ды дамып келе жатқанын айтты:
– Бұл құжат екі ел арасындағы әскери ын­тымақтастықты одан әрі нығайтуға және өзара сенімді арттыруға бағытталған. Оны ра­тификациялау арнайы мақсаттағы бө­лімшелердің оқу-жаттығуларын жүргізуге, жауынгерлердің әскери біліктілігін кө­теру­ге, болуы мүмкін әртүрлі қарулы қақ­ты­ғыс­тардың сан алуан сценарийлерін қарас­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жөніндегі ұлттық мүдделеріне толықтай сәйкес келеді, – деді Ж.Жарасов.
Сондай-ақ осы күні Мәжіліс депутат­тары Польшамен адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратифи­кация­лады. Ішкі істер министрі Қ.Қасы­мов­тың түсіндіруінше, бұл заң жобасы екі мем­лекеттің аумағына заңсыз келген, онда бол­ған немесе тұрып жатқан уағдаласушы та­раптардың азаматтары, үшінші мемлекет­тердің азаматтары немесе азаматығы жоқ адамдар реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастыру мәселелерін реттеуді көздейді.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып бол­ған соң, қалаулылар құзырлы органдарға сауалдар жолдады.
Нұротандық депутат Б.Ізмұхамбетов Үкі­мет басшысына депутаттық сауалмен қайы­рылып, «коммуналдық мекемелерді же­­­кешелендіру тізіміне кіргізу тиімсіз» де­ген ойын жеткізді.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі
Б.Мә­кен де Премьерге жүгініп, «Каспий теңі­зі­нің қазақстандық жағалауы қайраңға отыр­ған кемелердің қоқыс-полигонына ай­на­лып бара жатыр» деп дабыл қақты.
Нұротандық депутат З.Бәлиева көптен бе­рі қалаулылар көтеріп келе жатқан бала­лар­ды егу-вакцинациялау мәселесіне қайта ора­лып, Үкімет жетекшісінің назарын ау­дарт­ты.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі
Д.Нұрманбетова Индустрияландыру бағ­дар­ламасының кәсіпорындарына білікті кадр даярлау мәселесін Премьердің қапе­рі­не салды.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*