Қапшағайдың дамуы қарқынды

1422
0
Бөлісу:

Заманында Балқаш ауданының құйқалы даласында егін, оның ішінде күріш шаруашылығын дамыту мақсатында Іле өзенін бұғаулау нәтижесінде, пайда болған жасанды су қоймасының жағалауында бой көтерген Қапшағай қаласын жұрт заманымыздың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен байланыстыра айтады. Өйткені бүгінде ел игілігіне қызмет етіп отырған су электр стансасы мен Балқашты күріштің отанына айналдырған су қоймасы Қонаевтың бастамасымен дүниеге келген еді. Құрылысы үлкен су электр стансасымен қатар жүргізілген шағын шаһарда бүгінде туризм мен ойын бизнесі өркендеп тұр. Халық саны да алға жылжыған жылдармен бірге артып келеді. Сонымен бірге, өндіріс өркендеп, ауыл шаруашылығы алға басып отыр.

Күні кеше Қапшағай қаласы әкімдігінің басқаруындағы аумаққа арнайы ат ізін сал­ған Алматы облысының әкімі Амандық Ба­талов бірінші кезекте қаланың шека­ра­сында орнатылған стенділердегі ақпараттар арқылы жол жиегіндегі құрылыс нысан­да­ры­ның жұмысын жақсарту жобаларымен та­нысты. Қала әкімі Талғат Қайнарбеков Ал­маты – Өскемен автожолы бойының қа­ла құрылыстық жоспарлау кешені, Алматы – Арқарлы телімі, ондағы сервистік қызмет көрсету нысандарының жобалары туралы баяндап, қаланың кіреберісінің сәулеттік жобаларын да көрсетті.
Облыс басшысы Заречный ауылдық ок­­ру­гіндегі азық-түлік өнімдерін өндіру зауы­ты құрылысына назар аударды. «Арна» өн­дірістік аумағында 13,5 гектарға орна­ла­сатын зауыт тәулігіне 90 тонна тамақ өн­діру­ге қауқарлы. Қазіргі кезде мұнда жер те­гіс­теу жұмысы аяқталып, геодезиялық, сырт­қы электр, су және кәріз жүйелерінің құры­лыс-монтаждау жүріп жатыр. Жалпы, сме­талық құны – 6,4 млрд теңгені құрайтын зауыт шығаратын өнімдер Моңғолия, Өз­бекстан, Қырғыз, Қытай елдеріне экспортқа шығарылатын болады. Мұндай аса ірі инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтқан әкім, алдағы уақытта зауыт учаскесінің шекарасына дейін табиғи газ тартылатынын жеткізді.
Аумағы 5 гектар жерге қияр мен қызанақ өсіріп отырған «Грин Лэнд Алатау» ЖШС-ның тиянақты жұмысы да разышылық тудырды. Өткен жылы 1693 тонна қызанақ, 1595 тонна қияр өсірілген. Өндірілген өнім Қазақстанмен қатар Ресей мемлекетінде де өз тұтынушыларын тауыпты. Голландиялық құрал-жабдықтар орнатылған жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Серіктестік директоры Алмас Дауытовтың айтуынша, жобаның екінші кезеңі 2018 жы­лы жүзеге асырылмақ. Табиғи газ тар­тыл­ғаннан кейін әзірге бос жатқан 15 гектар жерге де жылыжай салынады.
Қапшағай қаласындағы көпқабатты тұр­ғын үйлердің аулаларын жаңарту да – уа­қыт талабы. Осыған орай облыс басшысы қа­ланың 1-ықшамауданындағы №17, 19 үй­лер­дің ауласында болып, оларды жаңарту жо­басымен танысты. Аудандық ТҮКШ бөлі­мінің басшысы Қайрат Күленбаевтың баян­дауынша, жалпы аулаларды кезең-ке­зеңімен абаттандыруға 687 млн теңге бө­лін­бек, ал биыл бұл жұмыстың алғашқы ке­зеңі­не 100 млн теңге облыстық бюджеттен қа­рас­тырылып, 12 ауланы көркейту жос­пар­­ланған. Балалардың ойын алаңдары, бас­кетбол, футбол алаңдары, орындықтар, қо­қыс жәшіктері, қоршаулар, жаяу жүргін­ші жолы барлығы жасалатын болады. Облыс әкімі Амандық Баталов ауланы абат­тандыру барысында абалалардың еркін ой­нап, қариялардың демалып, әңгімелесіп отыруларына қолайлы жағдайларды қарас­тыруды тапсырды.
Саябақ кешені жобасымен танысқан об­лыс әкімі қала басшылығына орталық алаң­дағы құрылысы аяқсыз қалған Мә­дениет үйі ғимаратын қалпына келтіру тұр­ғы­сында бағыт-бағдар берді. Қалада ал­дағы уақытта Жеңіс саябағы, мәдени жә­не демалыс саябағы біріктіріліп, өз алдына демалыс кешені ретінде қалыптастырылмақ.
Қапшағайдың ең басты бағыттарының бірі – көл жағалауын дамыту. Осы істің ал­да­ғы жоспарын таныстырған қала бас­шы­сы­ның айтуынша, жалпы аумағы 8,2 гектар бо­латын 5 және 6-жағажайларға биыл 265 млн теңге бөлінген. Мұнда жағажай волей­болы, жағажай футболы алаңдары, жағалау бульвары, балалардың ойын алаңдары, қайыққа арналған пирс, басқа да қажетті мүм­кіндіктер жасалмақ. Облыс әкімі көл жа­ғалауы демалыс аймағының ең алдымен, са­палы жасалуына, қызмет көрсету құны қара­пайым тұрғындар үшін қолжетімді болуы­на назар аударуды міндеттеді. Туризм­ді дамытуға зор ықпал ететін демалыс ай­мақтарын абаттандыру жобасын әзірлеп, ұсынуды тапсырып, облыс басшылығы тара­пынан бұл іске барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты.
Осыдан кейін облыс әкімі Қапшағай қа­­ласы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысып, кездесу барысында қалаға жасаған жұмыс сапарын қоры­тын­дылай келе, қала басшысының жұмысына қа­нағаттанатындығын айтты. Қапшағай­лық­тар да тағайындалғанына бірнеше ай ғана болған Талғат Қайнарбековтың қар­қын­ды қимылы мен батыл шешімдері шаһар­дың дамуына серпін беретіндігіне се­нім білдірді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*