«Қытай жобасы» жүзеге асса…

1904
0
Бөлісу:

Әңгіменің әлқисасын,  Дональд  Трамптың   президенттік  таққа  отыра  салып,  қол қойған  алғашқы жарлығынан  бастаған  дұрыс сияқты. Ол АҚШ-тың Транстынық  мұхит  әріптестігінен (ТТӘ)  шығуы жөнінде. Трамптың  айтуынша,  ТТӘ АҚШ үшін  басы артық  дүние. Ол  жерде тек  трансұлттық компаниялардың мүддесі көзделген.  Шаш-етек  пайданы  көретін де  солар. Ал  АҚШ халқы  үшін көк тиындық құны жоқ. Демек, одан дер кезінде  бас  тартқан жөн.Трамптың  бұл  Жарлығы Қытай  үшін үлкен қуанышқа айналып отыр. Неге десең, ТТӘ секілді  аймақтық экономикалық  серіктестікті Қытай да құруға  талпынып  жатқан. Бірақ Барак Обама  тікелей араласып, ТТӘ бірінші құрылды. Оған Тынық мұхит бассейніндегі  12  мемлекет енген. Ал аспанасты  елі құруға  ұмтылған еркін  экономикалық,  сауда-саттық  ұйымына  16  алты  мемлекет  кіруге тиіс-ті. Бірақ  АҚШ пен Ресей оның ішінде  жоқ.  «Ол  өңірге жіберетін   әскери  кемелер  тобынан гөрі, ТТӘ –нің  рөлі  үлкен еді. Бір  топ  кемемен  Қытайға қысым жасау қиын. Ал   топтасқан мемлекеттерді араға  тарта  отырып,  сауда-саттық  жағынан қысым  келтіру, жеңіл.  Дамып  бара  жатқан Қытайды аяқтан  шалудың бірден-бір   ойлап табылған жолы  осы еді. Бұдан  бас  тартуымыз   өкінішті» дейді АҚШ-тың бұрынғы  Қорғаныс  министрі  Эштон Картер. Кім не десе де, АҚШ ТТӘ-дан бас  тартты. Қытай  қайтпек?  Аспанасты елі уақытша  болса да  тоқтап қалған,  Барлығын  Біріктіретін  Аймақтық Экономикалық  әріптестікті (ББАЭӘ)  жедел дамытуды  қолға алмақ. Оған Оңтүстің Шығыс Азия   елдері, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Жаңа Зеландия және Үндістан кіреді. Егер де  бұл  жоба  іске асатын болса, жер шарындағы  әлеуеті аса  зор  сауда аймағы болмақ. Бұл  аспанасты еліне  үлкен  мүмкіндік  бермек. Бір сөзбен айтқанда, Тынық  мұхит  аймағының  негізгі  қожайыны Қытайға айналмақ.  Қысқасы, Трамп қайта ойланып, Қытайды тежейтін  қандай  мүмкіндікті қолдан шығарып алғанын сезінгенше,  аждаһа  елі осы  жылдан  қалдырмай ББАЭӘ-ке  кіретін  мемлекеттермен шарт жасасып,  еркін экономикалық аймақтың көрігін  қыздырмақ.

 

Айнұр Қазыкенова

Бөлісу:

Пікір жазу


*