Нұротандықтар боулингтен жарыс өткізді

1189
0
Бөлісу:

«Метро» ойын-сауық орталығында  «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен отбасылар арасында өткен боулингтен жарыс  өте тартысты өтті.

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбыловтың айтуы бойынша, жұрт арасында енді ғана кеңінен тарай бастаған бұл спорт түрін алматылықтар арасында насихаттау мақсатындағы өткен жарыс үлкен-кішінің қызығушылығын туғызатын сияқты. Оның қайдан шыққанын жақсы білмесе де, біреулер немістер ойлап тапқан деседі, енді біреулер ағылшындарға телиді.

–  Мәселе, бұл қызықты ойынның қайдан шыққандығында емес. Қазіргі күні қалалықтардың арасында айырықша белең алған спорттың осынау жеңіл және қызықты түрі нағыз отбасылық сайыстарға сұранып тұр. Партиялықтардың ұсынысын қолдап, өздерінің спорт залдарын тегін берген «Метро» ойын-сауық ұжымына жарысқа қатысушылардың ықыласы шексіз. Нағыз денсаулық шыңдаудың кепілі – бұқаралық спортты осындай қолдаушылар арқылы ғана дамыта аламыз, – дейді Б.Жамбылов.

Бұл жолы жарысқа осы боулингтен хабары бар 10 алматылық отбасы сайланып келіпті.Bekker жарыстық жүйесі бойынша өткен сайыстың шарты бойынша әкесі, анасы, балалары қатысқан шара шынында да есте қаларлықтай әсерлі болды.

– Боулинг деген шалт қимылды ғана емес, адамға ептілік пен есептілікке үйретеді. Біздің халқымыз үшін енді ғана танылған ерекше ойын түрі болса да, оның  қатарындағы үйренушілер күн сайын артып келеді. Балалар мен үлкендердің бір-бірімен өзара сыйласытқта, сеніммен араласуы үшін аса керекті ойын. Оған бүгін қатысып отырғандардың белсенділігі куә, – дейді жарыс төрешісі  Пазыл Сауытбеков.

Жарыс соңында жеке дара жарып шыққан мықтылар анықталып, 1 орын – Раул Тойшыбаев,2 орын –

Нариман Саитов,3  орын – Медет Манасовтар отбасына берілді. Жарыс жеңімпаздарына «Нұр Отан» партиясы АҚФ атынан Алғыс хаттар, медальдар мен сыйлықтар тапсырылды.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*