Конституциялық реформалар бағдарламасы бастау алды

3687
0
Бөлісу:

Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан  Назарбаевтың  билік тармақтары  өкілеттіліктерін  бөлісу мәселесіне  орай Үндеу жариялап, арнайы Жарлық шығару  қоғам назарын бірден аударып отыр.  Президенттің Жарлығына  сәйкес алдағы бір айдың ішінде бұқара  халық Ата  заңға енгізілетін өзгерістерді  талқыламақ.  Ал  саяси қайраткерлер,  зиялы қауым өкілдері  Президент Үндеуі мен заң  жобасында   қарастырылған  мәселелерге қатысты өз ойларын білдіруде.  Халық  бұл өзгерістерді ел дамуындағы елеулі кезең ретінде бағалап  отыр. Сонымен қатар Қазақстандағы осынау  бастаманы  шетелдік  сарапшылардың да назарда  ұстауы  Президент бастамасының тек  ел үшін ғана емес, аймақ-тық саясатта да маңызды екендігін көрсетеді.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҚР Мәжілісінің депутаты:

Парламент пен Үкіметтің рөлі арта түспек

Елбасының мемлекетіміздегі реформаларға байланысты Үндеуін баршамыз естідік. Енді демократиялық саяси жүйеге біршама өзгеріс енеді. Мұның алдында да Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойының алдында болған жиындарда Президентіміз біртіндеп парламенттік-президенттік жүйеге ауысу туралы сөз қозғаған болатын. Осы мәселеге орай комиссия құрылды, жұмыс тобы қызмет атқарып жатыр. Ал кеше Мемлекет басшысы күллі қазақстандықтарға ойын ашық жеткізді. Бүгін мәтіні жарияланды. Алдағы уақытта кең көлемде талқылап, зерделеп, зерттейміз. Ең алдымен, Президент мемлекеттегі жүйелердің, өздеріңізге белгілі заң шығару, атқарушы жүйе және сот билігінің ара-жігін нақтылауды мақсат тұтып отыр. Парламент пен Үкіметке Президенттің көп өкілеттіктері берілмек. Конституциямыз бойынша, 1993-1994 жылдан бастап Президент көптеген міндеттер мен өкілеттерді өз мойнына алған еді. Енді соны бөліп беріп, сәйкесінше Парламент пен Үкіметтің рөлін арттыруды жоспарлап отыр. Менің ойымша, мұның екі бағыты бар секілді.
Оның біріншісі – Президенттің әлеуметтік және экономикалық процестердегі жұмыстарының барлығын атқару билігіне, сонымен қоса қырыққа жуық өз өкілеттігін бермек. Ал екіншіден, билік басындағылардың арасындағы қарым-қатынастың конституциялық түрде тепе-теңдігін орнатпақ. Оның ішінде, Парламенттің Үкіметті тағайындаудағы және депутаттық корпустың алдындағы міндеттердің көп болуы, соған орай қатаң бақылау орнату күшейеді. Үкімет бұрын көбіне Президенттің алдында жауап берсе, енді Парламентке есеп береді. Яғни, бұл жерде үлкен мәселе көтерілгелі тұр. Ол – Парламенттің рөлін жоғарылату. Одан кейін Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, осылардың алға қойған мін­дет-мақсаттарының орындалуына ықпал етуде тұр. Сонымен қоса, сот жүйесін­де үлкен өзгерістер болу керек. Бізде реформалар 1990 жылдан бастап жасалып келеді. Бірақ реформалардың да өз уақыттары болады. Президенттік жүйеден парламенттік жүйеге ауысу үшін бізге біраз уақыт қажет болды. Өйткені біздің жан басына шаққандағы экономикалық көрсеткішіміз төмен еді. Мемлекетте ақша болған жоқ. Ал бүгінде жан басына шаққандағы көрсеткіш көтерілуі үшін осындай өзгерістердің болуы – құптарлық іс. Ең алдымен, халықтың мемлекетті билеуге араласуына мүдделі болады. Мемлекетте демократия институттары одан ары дами түседі. Тағы бір айта кететіні, дүниежүзі қауымдастықтың тарихында ел басшыларының өз өкілеттіктерін басқа билік өкілеттіктеріне беруі өте сирек құбылыс. Бұл Үндеудің басты ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Егемендік алған ширек ғасыр уақыт өткен кезде мемлекетіміз дамудың екінші бір сатысына көтерілген секілді. Жұмыс тобының ұсыныстарымен бір күн ішінде танысып шығу оңай емес. Бірақ менің ойымша халықтың күткені де осы еді. Тепе-теңдік сақтай отырып, таңдап алған демократиялық жолда мұқият жұмыс істеген жөн. Заңдарды сапалы етіп ұсынатын боламыз деп ойлаймын.


Ахмед МУРАДОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА кеңесінің мүшесі:

Елбасы идеясын құптаймыз

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Үндеуі тарихи мәлімдеме болғандықтан, біз де Президент, Үкімет, Парламент арасындағы өкілеттілікті бөліп беру туралы құптаймыз. Ең бастысы, бұл халықпен келісіліп жасалады. Ертең тағдырын қазақ жерімен байланыстырып, оны Отаным деп танитын әрбір қазақстан­дықтың қатысуымен дайындалатын ұсыныстар жобасын көреміз деп ойлаймын. Сондықтан бірде-бір адам тысқары қалмай, талқылауларға міндетті түрде қатысуы керек деп санаймын. Заңмен бекітіп, Конституцияға кіргізетіндей, билік пен құрылымдар арасында байланыс орнататындай, бірде-бір мәселе шешімсіз қалмайтындай нақты ұсыныстар айтылуы тиіс. Ал оның қалай жүзеге асатыны жұрттың пікірлерінен белгілі болады. Бастысы, елімізде барлық жағдай жасалған, бейбітшілік, келісім, тұрақтылық, бірлік, еркіндік бар. Сондай-ақ еліміздегі бас партияның, Қазақстан халқы ассамблеясының басшысы болып отырған Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі де өз алдына. Бүгінгі таңда қандай болмасын саяси ұсыныстары­мызды еш кедергісіз жеткізе аламыз. Сол себепті де, барлығы Елбасының халыққа үндеуін қолдайтынына сенемін. Демократиялық жолмен реформа жасау жаңа қадамы еліміздің гүлденуіне алып келеді әрі өздерін нағыз патриот санайтын ұрпақ қалыптастырады деген ойдамын.


Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы:

Үлкен саяси өзгерістердің болары анық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет саяси Үндеу жариялады. Үндеу билік тармақтарындағы құзыреттіктерді бөлу мәселесін қамтиды және оны халыққа жеткізіп, талқылау қажет деген пікірлер айтылды.
Жалпы, қай халықтың, қай ұлттың болмасын басты арманы – тәуелсіз мемлекетін құру, бейбіт өмір сүру. Мемлекетті құрғаннан кейін әрбір ұлт оны үнемі жетілдіру үстінде болады. Бұл бізге де тән құбылыс. Сондықтан қанатымызды жаятын уақыт келді.
Бүгінде Қазақстанды әлем мойындады, шекарамыз бекіді, көршілермен қарым-қатынасымызды түзедік, ел ішінде татулық орнады. Экономикамызда нарықтық жүйе қалыптасты, қоғамда демократиялық үлкен өзгерістер орын алып, әлеуметтік, саяси топтар құрылды. Олардың әрқайсысының алға қойған міндеті, мақсаты, талаптары бар. Солардың барлығын Елбасы зерттеп, зерделеп, еліміздің дамуын әрі қарай жеделдету мақсатында саяси жүйені реформалауды ұсынды.
Мұндағы басты мақсат – демократиялық жолмен елдің дамуын жеделдету. Екіншіден, ел басқарудағы саяси жүйені нығайту, оны жетілдіру. Өйткені қоғам өзгерді, ал билік соған сәйкес болуы қажет. Үшіншіден, әлемнің ешбір мемлекетінде елді басқару, қалыптастыру, қандай саяси жүйені пайдалану керектігіне байланысты заңдылық жоқ. Оны әр мемлекет өзінің тәжірибесіне қарай қалыптастырады. Біз де 25 жыл ішінде Елбасы бастауымен мол тәжірибе жинадық. Жаңа жүйе де қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, ұсынылған дүние деп есептеймін. Мұны біз Н.Назарбаевтың жолы десек, артық айтқандық емес. Осы тұрғыда, алдымызда үлкен саяси өзгерістердің болары анық.


Динар НӨКЕТАЕВА,
Алматы мәслихатының депутаты, ҚазМемҚызПУ ректоры:

Үндеу – Қазақстанның өзіндік «Авторлық моделі»

Елбасы Н.Назарбаевтың «алдымен – экономика, одан кейін – саясат» деген ұстанымының бұған дейін берген уәдесі бойынша өзгеретін сәті туғанын уақыт айқындап берді. Мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына билік тармақтарын бөлу жөніндегі Үндеуінен осыны түйдім.
Дәл қазіргі уақытта жаһандану жүйесі әлем мемлекеттері алдына түрлі сынақтарды кесе көлденең қойып отыр. Осы орайда, Қазақстан да дүниежүзілік өзгерістен қалмай, оған сәйкес ілесу қажет. Өйткені Президент айтқандай, «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек».
Елбасы реформаның екі негізгі бағыт бойынша іске асатынын мәлімдеді. Біріншіден, экономикалық-әлеуметтік процестерді реттеудегі Президенттің біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілсе, екіншіден, билік тармақтары арасындағы қатынастарды теңгерімді ету бағытында заң шығарушы органның рөлін күшейту. Яғни, Парламенттің бақылауы үлкен тетікке айналады. Бұл билікті халыққа беріп, оның мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуына зор мүмкіндік беретіні анық.
Кезінде мемлекеттік басқару жүйесі шатқаяқтап тұрған уақытта тәуелсіз Қазақстанға мықты президенттік басқару тетігі керек болғанын білеміз. Ол өзін-өзі ақтады деуге толық негіз бар. Енді жаңадан басталған тәуелсіздіктің ширек ғасыры дамудың әлемдік қағидаттарына ықпалдасқан Қазақстанның жаңа дәуіріне есік ашпақ. Сондықтан Елбасы Үндеуі соны өзгерістерге жетелейтін мемлекет шежіресіне жаңа тарих пен жаңа заман беттерін ашып, елімізді іргелі де ірі серпіліске жетелемек.
Сондай-ақ бұл Үндеу Елбасы Н.Назарбаевтың Конституцияның басты кепілі екенін кезекті рет дәлелдеп берді.Мұндай реформа – әлем елдері алдындағы Ұлы дала елінің өзіндік авторлық моделі болып, талай мемлекетке үлгі болары сөзсіз.


Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

Парламентке – сенім, Үкіметке үміт артылды

– Еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде аяққа нық тұрып, әлем мойындайтындай жағдайға жетті. Бұл – Елбасының ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Президентіміздің ұстанымының барлығы халқымыздың болашағы еліміздің биіктен көрінуі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жасалды. Әрбір қазақстандық осындай Көшбасшымыздың барына қуанамыз, мақтанамыз!
Дегенмен барлық міндетті тек қана Елбасының иығына жүктей беруге болмайды. Ендігі жерде Парламент мүшелері және Үкімет өзі басқарып, өзі қадағалап отырған жұмысқа екі есе, үш есе сұрау болатынын сезінуі керек. Елбасы елді халықаралық дәрежеге көтерді. 2050 дейін бағыттап берген бағдарлары айқын тұр. Міне, осы жұмыстарды іске асыруда нәтижелі жауапкершілік ауадай қажет. Сондықтан Парламентке – сенім, Үкіметке – үміт артып отыр.
Елбасы «барлығын сендерге тапсырдым» деп қарап отырмайды, ары қарай да қадағалап, бақылауда ұстайтыны сөзсіз. Сенім арту бар да, сол сенімнен шыға білу деген тағы бар. Ал сенімнің нәтижесін көру ел үшін де, Елбасы үшін де маңызды болмақ.
Ата заңымызға өзгерістер енетіндігі, кейбір министрліктердің екіге бөлінуі өте құптарлық қадам. Әрқайсысы жеке сала ретінде жұмыс істегені дұрыс. Сонда Президенттің алдында ғана емес, халықтың алдында да борышты екенін түсінетін болады.


Борис ЖАПАРОВ,
ҚР Президенті Архивінің директоры техника ғылымдарының докторы,профессор:

Қоғамдық маңызы бар процесс басталды

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назар­баев­тың билік тармақтары өкілеттіліктерін бөлісу мәселесіне арналған Үндеуінде айтылған Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы ұсынысы қоғам тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Онда айтылған негізгі пікір Президент өкілеттілігінде жинақталынған мемлекет басқаруының бірқатарын Қазақстан Республикасының Парламентімен Үкіметіне беру. Бұл шешімге қалай келгендігін Президент өз сөзінде кеңінен түсіндіріп берді.
Кеңес Одағы кезінде 74 жылға созылған монополиялық билігінің аясында тәрбиеленген Қазақстан халқы Тәуелсіздік алған күні өз алдына дербес мемлекет болып шықты. Бірақ болашақтың қандай болатындығы әркімге де бұлыңғыр еді. Осы уақытта елді тығырықтан алып шығу үшін Қазақстан Республикасының Парламенті мемлекетті басқарудың негізгі функцияларын бір орталыққа шоғырландырып, Президенттің қолына табыс еткен болатын. Бұл өз кезінде өте дұрыс қабылданған шешім екендігін өмір өзі көрсетіп отыр. Сол тарихи уақыттың ішінде, күні кеше ғана 25 жылдығын тойлаған еліміз аяғынан тұрып, қазір дүниежүзілік қауымдастыққа белгілі, экономикасы дамыған, саяси халықаралық аренада өзінің орны бар мемлекет екендігін дәлелдей білді.
Үндеуде бүгінгі күннің талабына сәйкес мемлекетті басқарудың жаңа моделі ұсынылып отыр. Сол өкілеттілікпен бірге жауапкершілікте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне жүктелінетін болады. 40-қа жуық өкілеттілік осы екі мемлекеттік органдарға өткізіледі. Ол дегеніміз, Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық әкімшіліктердің де өкілеттілігі ұлғайып, халық алдындағы жауапкершілігі де артатын болады. Бұл елімізде демократияның одан ары орнығып, дамуына үлкен ықпал ететін фактор болатындығы белгілі.
Екінші мәселе Үкіметті қалыптастыру, Үкіметтің мүшелерін бекіту, енді Парламенттің құзырында болады. Өз кезегінде Парламент саяси бәсекелестігінің нәтижесінде жеңіске жеткен партиялардан құрылатын болады. Неғұрлым халықтың сеніміне көбірек ие болған партия өз билігін жүргізе алады деген сөз. Бұл партиялық және саяси қоғамдық ұйымдардың да рөлінің болашақта артатындығын көрсетіп отыр. Сондықтан да Қазақстан халқы өз мүддесін, өз мақсатын осы партияларға мүше бола отырып, солардың бағдарламасын құруда, мақсатын айқындауда өз белсенділігін таныта алады. Сол арқылы еліміздің мемлекеттік саясатына тікелей ықпал ете алатын жағдайда болады. Үлкен іс басталып жатыр, бұл үлкен саяси қоғамдық маңызы бар процесс. Осы жолда елімізге, халқымызға сәттілік тілеймін.


Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі:

Жауапкершілік күшейе түседі

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамуы туралы ой-пікірін білдіре отырып, осыдан бес-алты ай бұрын жалпы мемлекеттік билік тармақтары арасындағы лауазымды қызметтерді бөлу туралы мәселені қайта қарау керек деген болатын. Содан кейін көп ұзатпай Әділбек Жақсыбеков басқарған жұмысшы тобын жасақтап, осы бағытта жұмыс басталып кеткен. Міне, енді осы жұмыстардың барысы туралы арнайы Үндеу жариялады. Бұл өте дұрыс болды. Себебі, 25 жыл бойы дамыған жағдайымызда тікелей президенттік басқарудың қажеттілігін өмір көрсетті. Соның арқасында Қазақстан экономикасы өсіп, дамып, әлеуметтік салада да жақсы жетістіктерге жеттік. Сонымен қатар дүниежүзілік ауқымда Қазақстан өзінің айшықты орнын алып, танымал, беделді ел болып, жұмыстар жүргізіп жатты.
Елбасы Үндеуіндегі тапсырмалардың бірі – Конституцияға өзгерістер енгізу. Оның ішінде Үкіметтің құзырына бірнеше өз функцияларын беру туралы шешімдер қабылдап отыр. Әр сала бойынша, елдің, аймақтардың дамуы бойынша көптеген мемлекеттік бағ­дар­ламалар бар. Соның бәрін бұрынғыдай Президенттің бекітуімен, Президенттің қа­рауында емес, мемлекеттің өзі соларды жасап және өздері қарап, солардың орындалуын өз­деріне жүктесін деген мақсатпен осы міндеттерді бөліп бергісі келіп отыр. Ал қорғаныс са­ласы, Ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат мәселелері Президенттің өз құзырында қала береді.
Елбасы Парламенттің беделін көтеру мақсатында көптеген өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Соның бірі – мысалы осы кезге дейін Президент ауысқан кезінде Үкімет отставкаға кететін болса, енді Парламенттің Мәжіліс палатасы ауысқан кезде Үкіметтің ауысып тұруы, сонымен қатар Үкіметтің құрамын жасақтау, министрліктерді ашу, ашпау, соның бәрін Үкіметтің құзырына беріп, өздері қадағалау функциясын қосып отыр. Енді Конституцияға 40-қа жуық өзгеріс енгізілу қажеттілігі бар. Ол Жоғарғы сот, Бас прокуратура, құқық қорғау органдары, құзыретіндегі функцияларды қайта қарау, олардың жауапкершілігін арттыру, әсіресе, судья корпусына қандай талаптар қойылу керек, ол қалай орындалуы тиіс деген мәселелердің барлығын Конституция арқылы өзгерту сұрақтарын қойып отыр. Менің ойымша, бұл дер кезінде көтеріліп отырған мәселе. Шын мәнінде бұл жалғыз Президент жауапкершілігінде емес, басқа да лауазымды орындар, мемлекеттік қызметтер, әсіресе, Үкімет, Парламенттің беделін өсіріп, өздеріне жауапкершілікті тапсыру. Сондықтан бұл мәселеге халық түсіністікпен қарап, қолдайды деп ойлаймын.


Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор:

Жұмысты үйлестіруге жақсы

– Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жылда болмайды. Заманына қарай заңы. Бұл әрекет Үкімет пен Парламенттің жұмысын жандандыру, күшейтуге байланысты. Екіншіден, біз президенттік мемлекетпіз. Мемлекет Президентпен ақылдасып, заңдарды қабылдағанда соның тұжырымдамаларын қабылдау. Бұл жерде көптеген өзгерістер бар. Үкімет мүшелерін Парламент бекітеді. Соның ішінде Премьер-министрдің ұсынысымен Президент тағайындайтын қызметтер бар. Олар Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі сияқты қызметтер. Бұл заңда айқындалып көрсетілген. Үкімет мүшелерінің антын қабылдау, тағайындау, олардың есебін тыңдау Парламенттің Мәжіліс палатасына тапсырылған және оның мерзімі көрсетіліп отыр. Сосын ауылдық, қалалық әкімдіктердің нормативтік актілерінің күшін жою, өзгерту немесе тоқтатып тұру Парламентке жүктелмек. Бұл жерде конституциялық кеңестің де рөлі үлкейіп отыр. Конституциялық кеңестің тұжырымы бойынша Парламент кейбір мәселелерді қарайтын болып көрсетілген. Сосын Прокуратура органдарының қызметі нақтыланған. Прокуратура органдарының қызметі заңның біркелкі орындалуын қадағалаумен бірге заңдылықты сақтау, заңның өзгеріс, ұсыныстары болса, Парламентке хабарлау мәселелері тұжырымдалып отыр. Жоғарғы соттың істері жаңадан қабылданған үш сатылы сотқа байланысты жазылған. Кез келген жоғарғы сот азаматтық қылмыстық істер, басқа да жергілікті соттардың қараған барлық істерін қарауға құқылы. Сондай-ақ сот практикасының мәселелері бойынша түсініктеме береді. Жалпы, сот мәселесіне қарайтын болсақ, Жоғарғы сот бұрыннан қадағалау функциясын атқаратын. Қазір Жоғарғы сот кассациялық тәртіппен ғана іс қарайды. Бүкіл Жоғарғы соттың судьяларының саны да көбейеді және Қазақстан Республикасы бойынша барлық сотты кассациялық инстанция Жоғарғы сотқа барады. Меніңше, Жоғарғы сот облысаралық етіп, екі-үш облыста бір кассациялық инстанция құрып, Жоғарғы сот тек сот әділдігін бақылап, қадағалайтын орган болып қалса, істерді қарау практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер берсе, жалпы заңдылықтың соттарда қалай жүзеге асып жатқанын қадағалайтын орган болып қалса, дұрыс болар еді. Бұл менің өз ойым.
Сосын мәслихатты өкілетті мерзімінен бұрын босатып, жұмысын тоқтату үшін Премьер-министр, Парламент палаталарының төрағалары кеңес алуы керек. Олардың қабылдаған шешімдерінің күшін жою үшін Президентпен кеңес болуы керек. Бұрын мұндай жоқ болатын. Меніңше, бұл өте жақсы өзгерістер мен толықтырулар. Жұмысты үйлестіруге жақсы. Бұл қоғамымызды дамытуға үлес қосады. Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттырады. Президент билігінің күші одан да зор болады. Барлық жағынан жауапкершілік күшейе түседі.
Бұл өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әрбір еңбек ұжымында талқылауы тиіс. Әрбір еңбек ұжымының өзгерістері, ұсыныстары, толықтыруларын заң шығаратын органға жіберу керек. Олар тұжырымдап, толықтырып, жинақтап, соның бәрін ескеру керек деп ойлаймын.
Ауылдық жерлердің жағдайын жақсартатын ұсыныстар да ескерілуі тиіс. Ауылды дамытатын ауыл ақсақалдарының кеңесі, ауыл тұрғындарының ұсынысын жергілікті биліктегілер қарап, тиісті жауабын беріп отырса, бұл да біздің Конституциямыздың дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын.


Сайра ЖИЕНБАЕВА,
Қыздар педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Түбегейлі өзгерістердің басы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бүгінгі күннің талабы. Демократияның барлық үрдістеріне жауап береді. Ешқандай шерусіз, қақтығыссыз жасалып жатқан бұл реформа, Мемлекет басшысының сындарлы да, салиқалы саясатының жемісі дер едім. Тәуелсіздік алған жылдардың басында Елбасының қолына бүкіл өкілеттілік берілді. Себебі, КСРО тарап, көрші елдермен барлық экономикалық интеграция үзілген қиын-қыстау тұста, мемлекетті алға сүйреуге тиесілі заңдарды жедел қабылдап, жүзеге асыру қажет болды. Егер де Парламентке салатын болсақ, заңдарды қабылдау айларға созылып кетер еді. Ондай жағдайда еліміздің түрлі қиындықтарға тойтарыс беруі екіталай болмақ. Демек, парламенттік емес, президенттік басқару уақытында жемісін берді. Көрші мемлекеттермен салыстырғанда, суырылып алға шықтық. Ал бүгінгі күні жағдай түбегейлі өзгерді. Саясатта салмақты көзқарасымыз бар, Әлем таныған мемлекетке айналдық. Тығырықтың бәрін еңсердік. Енді барлық салмақты Президентке сала бермей, Парламент пен Үкіметті күшейтуге пәрмен беру керек. Сонымен бірге, бұқара Президенттің бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалар бағдарламасын талқылауға атсалысқаны дұрыс деген ойдамын.


Қайрат БАЛАБИЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы:

Ендігі сөз – халық талқысында

– Әу баста іргетасы мықты қаланған үй қандай да болсын табиғаттың тосын құбылыстарына шыдас береді. Егер осы түсінікті мемлекет тұрғысында пайдалансақ экономикалық қуаты күшті Қа­зақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі бол­ды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мем­лекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңыз да тамаша табыстарға жеткеніміз әуелі Алла, содан соң Ел­басымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едік.
Осындай жағдайды малданып қала берудің түбінде зардап шектіретінін бажайлаған Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу арқылы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн екендігін айтады. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуді ұсынып отыр. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтілмек. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл сол сияқты министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алғанды көтермейді. Көш соңында қалдырып кетеді.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Мемлекет басшысы еліміздің келешегін одан ары нығайту үшін осындай қадамға барды. Біз Үндеуді толықтай қолдаймыз.
Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратындығы сөзсіз. Сондықтан жұмысшы тобына қоғамдық талқылауға шығарылатын сұрақтарды барынша зерттеп, нақтылаған жөн болар еді.
Заман бір орында тұрмайды. Жаһандық қауіп-қатерлер әлемдегі мықты саналатын талай мемлекеттердің қабырғасын күйретпегенімен айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Үндеудегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды.
Ендігі сөз – халық талқысында.


Мақсат БАЙЖАРҚЫНОВ,
Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері:

Өкілеттіктер өміршеңдікті көрсетті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін аса маңызды әрі тағдырлы мәселені жұрт назарына ұсынды.
Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі шын мәнінде тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы елеулі оқиға деуге негіз бар. Бұл жерде Елбасы «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді.
Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», деп көрегенділігін көрсетті.
Екі негізгі бағыт бойынша іске асатын реформа келешекте мемлекет басқару ісінде өзінің тиімділігін көрсетері анық. Бірінші мәселе бойынша Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы орындарға берген жөн екендігі айтылса, екінші мәселе бойынша билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осылайша, Президент өзінің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке береді. Сондықтан болар Мемлекет басшысы «Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді», деп ерекше атап көрсетті.


Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары:

Билік тармақтарының теңгерімді қадамы

– Қазақстан Республикасы Президентінің елдің саяси билігіне қатысты және оның болашағын айқындауға арналған Үндеуінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына», Ұлт жоспары болып табылатын 5 институттық реформаларды жүзеге асыру сияқты маңызды құжаттарға сәйкес келетін сындарлы тұжырымдар айтылды.
Қоғам – үздіксіз дамитын жүйе екенін ескерсек, мемлекеттің даму процессінде билік жүйесі де заман талабына сай өзгерістерге тап болары сөзсіз. Жаңа стратегиялық мақсат пен заманауи жаһандық сын-қатерлер қоғам тарапынан уақтылы және тиімді жауап қайтаруды қажет етеді. Бұл өз орайында мықты институттарға негізделген, теңдестірілген және тиімді билік жүйесін талап етеді.
Сол себепті, конституциялық реформа аясында Үкіметті жасақтауда және бақылауда Парламенттің рөлінің күшейтілуі, тиісінше саяси партиялардың маңызының артуымен қатар, мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігі мен кәсібилігін, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырады.Бұл реформалар еліміздің қазіргі заман талабына сай, қисынды да дәйекті даму жолы. Елбасының көреген және сарабдал саясатының тағы да бір айқын дәлелі.
Еліміздегі билік тармақтарының қызметіне жаңа серпін беру, бұрын негізінен президенттік биліктің құзырында болып келген көптеген қоғамдық, саяси және мемлекеттік жауапкершіліктерді Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметіне, әртүрлі министрліктерге, әкімдерге тікелей жүктеу, сеніммен тапсырумемлекетіміздің шынайы тәуелсіздігін нығайту мен еліміздегідемократиялық реформаларды ары қарай өрбіте түсуіжолындағы өзіндік өркениеттік қадамы болып табылады.


Ахметжан ШАРДИНОВ,
Алматы көпір құрылғылары зауыты директорлар кеңесінің төрағасы,
ҚХА саяси бюросының мүшесі:

Үкімет пен Парламенттің құзырын арттыру қажет

– Еліміздің барша тұрғындары тәрізді мен де сәрсенбінің сәтінде кешқұрым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Үндеуін отбасыммен бірге тыңдап, еліміздің болашағы туралы үлкен ой түйдім. Елбасы атап көрсеткеніндей, Қазақстанда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, бұл – еліміз үшін аса маңызды әрі тағдырлы мәселе! Өйткені осынау маңызды іс-шараны еліміздің Ата заңы – Конституция мен қолданылып жүрген заңдарға қажетті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асыруға болады. Мұндай дәстүр дүниежүзіндегі бірқатар елдердің мемлекеттік басқаруында ежелден бар. Меніңше, Елбасы билік тармақтарына өкілеттіктерді қайта бөліп беру арқылы олардың арасындағы қарым-қатынастарды теңгерімді жағдайда ұстауға айрықша назар аударып отыр. Сондай-ақ мұндай батыл шешім – Үкіметтің, Парламенттің қос қанаты – Сенат пен Мәжілістің рөлін күшейтіп, олардың құзыретін көтеруге ықпал ететіні даусыз. Ал Үкімет пен биліктің осы екі тармағының құзыретін көтеру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Елбасының билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы ұсынысын мен осылай қабылдаймын. Ең бастысы, билік тармақтарының қай қайсысы болмасын тәуелсіз Қазақ елінің өркенді дамуына барынша жауапкершілікпен қарап, адал әрі әділ болуы қажет деп ойлаймын.


Кенжеболат БЕКНАЗАРОВ,
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полковник

Ардагерлер реформаны құптайды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша жасаған Үндеуін Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері зерделеп, толықтай қолдайтындығын білдіреді. Биліктің өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бөліп жүктегені уақыт талабы екендігін ардагерлер жақсы түсінеді. Бұл реформаны жасаудың нәтижесінде Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеді. Бұл заң шығаратын орган атқарушы билікке бақылауын күшейтеді деген сөз. Ал әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі бірқатар өкілеттіктер Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетін болды. Бұл екі бағыт та жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Президент өз жұмысында сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетіне басымдық береді. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Президенттің бұл бастамасын құптайды және ақпараттық-насихат тобының мүшелері алдағы уақытта Елбасының үндеуі бойынша ардагерлер арасында түсіндіру жұмыстарына кіріседі.

 


Сырт көз


 

Тофик Мохсен оглы АББАСОВ,
Баку Халықаралық Мультикультурализм орталығының кеңесшісі, Әзірбайжан:

Билікке сенген кезде ғана ол күшті

Елдегі атқарылып жатқан құқықтық салада реформалар тұрақты даму дәстүрімен уақыт талабына бағынады. Кез келген басқару тұжырымдамасы, тіпті ол жетілген және жұмыс істеп тұрған күннің өзінде, келе-келе уақыттың талаптарына жауап беруден қала бастайды, былайша айтқанда ескіреді. Тек болашақты болжай білетін билік қана қиындықтар, қатер тудыруы мүмкін коллизиялар мен қайшылықтарды күтпей-ақ, институттық инновациялар енгізу арқылы реформалар жасайды. Әсіресе, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу қалыптасқан нормалар мен қағидалардың жүйесін уақтылы ретке келтіру өте маңызды. Заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары жүйесінде қызметтік міндеттерді «платформаларға» ұтымды орналастыру, әдетте неғұрлым тиімді және ұтқыр конъюнктураны құруға кепілдік береді.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары жинақталған болашақты жоспарлаудың бай тәжірибесі бар, ал өмірлік маңызды трендтің реңін республикасының алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев береді. Оны инновациялар және креативтілік шебері деп ұлықтайтыны бекер емес. Ел басқарудағы реформа бойынша және қоғаммен диалог орнату әрқашан жұрттың көңілінен шықты.
Мінеки, бүгінгі күні ұлттық саясаттың патриархы мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттігін қайта бөлу туралы жаңа бастаманы ұсынды. Бұл заңды да, өйткені Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде алғаш рет жинақталған тәжірибе негізінде басқару механизмдерін оңтайландыру объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Енді елдің басшысы экономика саласына үлкен динамикалық өзгерістер енгізу үшін Үкіметке қосымша өкілеттіктер беруді ұсынады. Негізгі заңда қарастырылғандай, азаматтардың әлеуметтік қорғалуының және қауіпсіздігінің кепілі – Президент, қорғаныс, сыртқы саясат, Конституцияны қорғау, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тиімді жұмысты қамтамасыз ету мәселелерін өзіне қалдырды.
Шын мәнінде, Үкіметтің өкілеттігін кеңейту, бұл болашақты көздейтін батыл қадам. Мүмкін, келешекте Қазақстан маңызды конституциялық реформаларды жүзеге асырғаннан кейін, жайлап парламенттік басқару формасына үйлесімді көшетін болар. Сондықтан бүгіннің өзінде мемлекеттік басқару органын құрудағы жауапкершілікті және кең ауқымды мәселелер Үкімет пен Парламенттің құзырына беріліп жатыр.

Юрий ШЕВЦОВ,
Еуропалық интеграция мәселелері орталығының директоры, Белоруссия:

Көреген әке даналыққа барады

– Н.Назарбаевтың мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртып, елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, маңызды байлам жасауы, оның тәжірибелі саяси қайраткер және Көшбасшы екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Қиын-қыстау күндері билік басына келіп, ұлтаралық татулық орнатып, халықаралық деңгейде бастамалар жасады. Білікті басшының Қазақстанның болашағына көз жіберіп, мемлекет тағдырына ары қарай алаңдамауы мүмкін емес еді. Сондықтан әр өкілетті органға жауапкершілік жүктеп, енші бөліп берді. Көреген әке ғана өз перзенті үшін осындай даналыққа бара алады.
Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беруі, Парламент пәрменін арттыруы – уақыт талабынан туған шешім деп білемін. Әрі осы атқарушы және өкілетті органдардың тәжірибе жинақтап, сонымен қатар сыналар тұсы. Олардың қаншалықты өз міндетіне сай екендігін анықтауға да мүмкіндік туады. Сол себептен, мойнына міндет алған басқарушылар халықпен тізе қосып, бірлесе жұмыс істеуді үйренуі қажет.
Қазақстанды сырттай бақылап отырғандар саяси реформаның дұрыс қабылданып, басқару жүйесіндегі өзгерістердің орнықты орындалу барысына бұрынғыдан да екі есе көз тігері анық.
Бұл жолда да Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің артпаса, кемімейтініне сенім білдіремін!

Алексей ДЗЕРАНТ,
саясаттанушы, Белоруссия:

Қазақстан саяси жаңаруға дайын

– Қазақстандағы басқару жүйесіндегі процестер кез келген мемлекет дамуында болатын заңды құбылыстар. Қазақстанмен қатар, өзге көршілес елдерде де біраз жылдан бері мемлекетті тығырықтан алып шығу үшін басқару жүйесі бір қолда болғаны тиімді болып келді. Ал сіздердің мемлекеттеріңіздің басқалардан ерекшелігі – билік құрылымдары арасындағы өкілеттіктерді бөлу туралы маңызды шешімді дер кезінде қабылдады. Екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асатын реформа оң өзгеріс әкеліп, ел дамуы ілгерілей түсеріне үмітіміз зор.
Әрине, жаңа жауапкершілік міндеттелген органдар қарапайым халықтың мүддесін ескере отырып, іс-қимыл жасауы тиіс. Жұмыс тобы басқарушылар мен бұқараның арасын жақындастыруға ықпал ету үшін құрылды деп ойлаймын.
Бір қарағанда, Президенттің жүгі жеңілдегендей көрінгенімен, сенім артқан өкілеттіліктердің қалыптасуы мен жұмысты алып кетуін қадағалау да оңай шаруа емес. Соған қарамастан, Қазақстанның саяси жаңаруға дайын екендігін көріп отырмыз. Бұл өзгеріс көп ұзамай өзге елдерге де үлгі бола бастайды. Қазірдің өзінде Белоруссияда Үндеуде көтерілген тақырыптар талқыланып, жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатыр. Билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесін шешуге бел байлағандар міндетті түрде Қазақстанның тәжірибесіне сүйенетін болады.

Никита МЕНДКОВИЧ,
Еуразиялық Сараптама Клубының басшысы, Ауғанстан:

Үкіметтің жауапкершілігі артады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттік билік тармақтары арасындағы қайта бөлу туралы маңызды шешім қабылдады. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Іс жүзінде тәуелсіздік жылдары елде тікелей президенттік күшті режим болды. Ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алмаған Еуразия құрлығындағы кейбір елдердің жағдайына қарап отырсақ, Қазақстандағы басқарудың президенттік формасы бірден-бір дұрыс шешім екендігін түсінуге болады.
Сонымен қатар басқарудың президенттік формасы Қазақстанда қалады және таяу, орта мерзімде өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Алайда сонымен бірге, Мемлекет басшысы Үкімет және Парламент өкілеттіктерін кезең-кезеңімен орнатуға нақты тапсырмалар берді. Әлбетте, бұл өзін ақтайтын шара. Заманауи технологиялар өмір сүру дәстүрін ғана ауыстырмайды, сондай-ақ ойлау қабілетін, білім деңгейін, ішкі қоғамдық дискурс нысаны мен мазмұнын өзгертеді. Елбасы ұсынған бастамалары елдің мәдениетін және мемлекеттік органдардың арасындағы қарым-қатынас форматын өзгертеді.
Үкімет даму бағдарламасын және мемлекеттік стратегияны өзі бекітуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар Үкіметтің жергілікті атқару органдарының барлық саясатын анықтап, ықпал етуге мүмкіндігі болады.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Парламенті Үкімет құрамын қалыптастыру құқығына ие болады, соған сәйкес Еуропа елдерінің көбінде қолданылатын жергілікті билік тармақтарының саясатын айқындайды. Парламенттің рөлі күшейеді. Сайлау бойынша Парламентте ең көп орын алған партия фракциясының Үкімет саясатына елеулі әсер ететін болады. Әрине, бұл Парламентке де, депутаттарға да жауапкершілік жүктейді. Бұл оқиғалар тізбегі Қазақстанның кезең-кезеңімен мемлекеттік басқару институттарды демократияландыру жолымен сенімді алға басып келе жатқанын айқын айғақтайды.

Ким Санг Чуль,
Шетелдік зерттеу университетіндегі Орталық Азия зерттеулер институтының профессоры, Оңтүстік Корея:

Саяси дамудың мәртебесі

– ҚР Президентінің 2017жылғы 25 қаңтарға қараған түнгі сөзі Еуразия құрлығында экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның саяси дамуының қажетті мәртебесін ресми растау болды,
Экономикалық табысты даму нәтижелерді, сонымен қатар басқару процесін бөлуді сөзсіз талап етеді. Экономика саласын кеңейту дамыту саясатын әртараптандыруға, сондай-ақ басқару әртараптандыру процесіне әсер етуі тиіс. Яғни, бұл процестер басқаруды мамандандыруға табиғи жолмен әкеледі. Сондай-ақ бұл жерде ол басқару және әртүрлі акторлардың саяси қатысуын кеңейту процесінде билік қайта бөлуді білдіреді.
Бүгінде Қазақстан 4-индустриялық революцияға баруға қажетті, ұзақмерзімдік сапалы даму сатысына көшу үстінде.
Қазақстанның болашағына ұзақмерзімдік өсуіне кепілдік үшін бүгінде әртүрлі акторлардың жаңа басқару тетіктерін белсендіру керек.
Көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ұлттық көшбасшының сынға түскен, қиын жағдайларда басқаруды қайта бөлу келесі деңгейге қадам жасауда және жаһандық қоғам шарттарына енуде дұрыс таңдау.
Осыған байланысты, 25 қаңтардағы Үндеу – Қазақстанның болашақ ұзақмерзімдік өсуін тұрақтандыру және сапалы өсуінің бастамасы.

Абрахам АЛТОНАЯН,
Брунел университетінің PhD докторы, Ұлыбритания:

Үндеу қатты тебірентті

– Қазақстан Президентінің әлеуметтік-экономикалық процес­тер­ді реттеуге байланысты билік құрылымдары арасындағы өкі­лет­тіктерді бөлу туралы Үндеуі мені қатты тебірентті. Бұл ұлт мүддесі жолындағы маңызды әрі батыл шешім деп есептеймін. Өкілет­ті­лік­терді бөлу – жарқын болашаққа жасалған сындарлы қадам. Президенттің саяси реформасы Қазақстанның стратегиялық дамуына және ішкі-сыртқы саясаттағы беделінің бұрынғыдан да арта түсуіне кепіл болады.

 


 

Бөлісу:

Пікір жазу


*