Қазақстан жауапты кезеңге қадам басты

646
0
Бөлісу:

Бүгінде Қазақстанның кез келген салада жеткен жетістігін әлем мойындаған. Бұған ешкімнің күмәні болмаса керек. Алдыңғы қатардағы 30 мемлекеттің қатарына кірмекке ұмтылып, қарқынды дамып келеміз біз. Жаһан жұртының алдындағы беделіміз де жақсы, табысымыз да мол қазір. Еліміздің мұндай деңгейге көтерілуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы да, салиқалы саясатының арқасы. Өйткені заманның парқын бағамдайтын реформалар уақытында жасалды. Болашақты болжай алдық. Барлық күш-жігер ішкі-сыртқы саясатты бекемдеуге, бұған дейін сыры беймәлім болған нарықтық экономиканы еңсеруге, халықтың әл-ауқатын жөндеуге жұмылдырылды. Демократия талаптарын сіңіруге тырыстық. Мұның бәрі уақыт өте келе жемісін берді. Қазақстан зайырлы мемлекетке айналды. Тізелімен тізе, кеуделімен кеуде қағыстыратын жағдайға жеттік. Енді Тәуелсіз Қазақ елін жаңа белестер күтіп тұр. Конституцияға реформалар жасалып, билік тармақтары өкілеттіліктерін түрлі құрылымдарға бөлу мәселесі тұр алдымызда. Мемлекет басшысының халыққа арнайы Үндеу жариялап, конституциялық реформалар бағдарламасын бастағаны да содан.

Рас, бұл күшті президенттік басқары­лымның жетістігі мол болды. 1995 жылғы конституциялық реформада Президенттің қолына барлық билік шоғырландырылды. Заман талабы солай еді. Елбасының тілімен айтқанда: «Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды». Бұл ақиқат. Ал қазір жағдай өзгерді. Етек-жеңімізді тү­зедік. Алды-артымызды межеледік. Өзгеге үлгі болар өркениетке иек артқан мемле­кеттердің қатарынан табылдық. Президент өзі айтқан, «алдымен экономика, сосын саясат» дейтін кезге жеттік. Ендігі мақсат, биліктің тармақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлу. Бұл үлкен қажыр-қайратты, біліктілікті талап ететін жауапты кезең. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, «Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жө­ніндегі Үндеуінде» кеңінен атап өтті. Осы Үндеуде Елбасы өкілеттіктерді қайта бөлуді нақтылап берді. Онда:
«Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу.
Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр.
Қазір заманның дидары өзгерді.
Біз де өзгеруге тиіспіз.
Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді.
Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады.
Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн.
Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады.
Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады.
Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету.
Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшей­теміз.Парламент сайлауында жеңген пар­тия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады.
Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін артты­рады.
Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.
Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді» делінген.
Демек, билік тармақтарын өзгерістер күтіп тұр. Енді әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілет­тіктер Үкіметке берілмек. Тіпті Елбасы өз Үндеуінде Президенттен Үкімет пен Парламентке беруге болатын 40-қа жуық өкілеттілік бар екендігін де атап өтті. Де­мек, енді біраз жүкті Парламент пен Үкі­мет көтермек. Бұл заң шығарушы және атқа­рушы биліктің әрбір шешімге мұқият болуын міндеттейді, олар әр жұмысқа толықтай жауап бермек. Конституциялық реформалар нәтижесінде Парламенттің өкілеттігі арта түспек. Яғни, Парламент сайлауында жеңген партия жаңа Үкіметті жасақтауға мүмкіндік алмақ. Бұл министр­лер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттыра түсері хақ. Осылайша, алдағы уақытта Үкімет пен Парламенттің рөлі күшеймек. Демек, Қазақстан басқарылым саласында осындай реформалар жасай отырып, өркениеттің жаңа бір табалдырығына қадам баспақ.
Президент Үндеу жариялау арқылы және өзінің арнайы Жарлығымен конс­титуциялық реформалар мәселесін тал­қылауға барша отандастарымызды шақы­рып отыр. Ата заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты Қазақстанның кез келген азаматы өз ой-пікірін білдіре алады. Талқылау кеше 26 қаңтарда басталды, 26 ақпанға дейін жалғасады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*