Электромобиль өндірісіне жеке стандарт әзірленеді

1016
0
Бөлісу:

Кеше Мәжілісте «Стандарттау туралы» және оған ілеспе жаңа заң жобаларының тұсауы кесілді. Осы құжаттарда біраз жаңалық қарастырылған. Мәселен, Қазақстанда бензинмен, дизельмен, газбен емес, экологиялық таза электрмен жүретін «темір тұлпарлар» мен оларға қажетті нысандар үшін жеке стандарттар әзірленетіні мәлім болды. Қалаулылар алдында жаңа заң жобаларының таныстырылымын өткізіп шыққан Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау журналистерге 2017 жылдан бастап, еліміз электромобиль өндірісі мен осы көліктердің инфрақұрылымы үшін жеке стандарттар әзірлеуге кірісетінін хабарлады.

«Бұл біздің жоспарымызға енгізілді. Шамамен 13-17 стан­дартты жасау көзделуде. Бұл жер­де мәселе қуаттауға қажетті «розет­калар» және басқа да ин­фра­құ­рылымға қатысты стан­дарттар туралы сөз болып отыр. Бизнеспен уағдаласқа­нымыздай, жетіспейтін стандарт­тарды олар өз есебінен әзірлеулері керек» деді А.Рау.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар тоқпен жүретін көліктерді тым аз сатып алады. Себебі, жанар-жағармай және газ құю стансалары аяқ басқан сайын кезігеді, ал электрлі көлікті қуат­тандыратын стансаны Астананың өзінде табу қиындау. Оның үстіне әзірге бұлар дәстүрлі отынмен «қоректенетін» көлік­терге қара­ғанда, бір жарым еседей қымбат тұрады. Бірақ Үкімет өкілі бола­шақта электромобиль саудасы Қазақстанда өседі деп болжайды.
– Біз есептеп көрдік, бір шақырымға шаққанда шығын­далатын бензинге қарағанда, электр энергиясы төрт еседей арзанға түседі екен. Рас, бірдей модельдегі отынмен жүретін көлік пен электромобиль бағалары арасында шамамен 30-50 пайызға дейін айырмашылық бар. Бірақ үш-төрт жыл ішінде бензин мен электр қуаты ара­сындағы айырмашылық есебінен бұл баға толық өтеледі. Біз қазір ақырындап, қажетті инфра­құрылымды түзудеміз. Өйткені қазақстандықтар бәрібір электрлі көлікті сатып алуда: өткен жылы бірнеше жүзін иеленді. Бұл ретте керекті стандарттар да қатар түзі­луге тиіс және бұл жұмыс алда бас­талады, – деген І вице-ми­нистр аталған сала жұрт ойлаған­нан қарқындырақ дамитынына сендірді.
Ол сондай-ақ әлемде стан­дарттау – «өнімнің сапасын реттеу­дің аса маңызды құралы» екенін, оның «саудадағы ке­дергі­лерді жоюға, экономика­ның дамуын ынталан­дыруға, өнер­кәсіптік саясатты анықтауға, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және инновацияларды өркендетуге септесетінін» айтты. Дамыған елдерде, тіпті Еуразия­лық одаққа кіретін бірқатар мемлекеттерде бұл сала жеке заңмен реттелетін көрінеді. Қазақстан да осы жолға түсіп отыр.
Бұл заң жобалары сонымен қатар ұлттық заңнаманы ДСҰ мен ЕАЭО-ның өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы құқығына үйлестіруге бағыттал­ған. Жобалар енді жұмыс тобы­ның отырыстарында егжей-тег­жейлі талқыға салынатын болады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*