Досым СӘТБАЕВ: Бұл үндеу саяси технологиялар тұрғысынан қызық қадам

2176
0
Бөлісу:
Досым СӘТБАЕВ

Президенттің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін саясаттанушылар мен сарапшылар оң бағалап отыр. Халықаралық қауіп-қатерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаевтың ойынша, бұл жерде ерекше тоқталарлық бірнеше мәселе бар.  Жалпы, Парламент пен Үкіметке әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты бірқатар өкілеттіктер берілсе де, Президенттің қолында маңызды тетіктер сақталады. Сонымен, басқа билік тармақтарына қандай өкілеттіктердің берілетіні туралы саясаттанушы «Айқынға» арнайы сұхбат берді.   

          – Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселесі өткен жылы да белсенді талқыланған еді. Бұл тұста мемлекет басшысының үндеуінің өзі саяси технологиялар тұрғысынан өте қызық қадам болып саналады, – деп бастайды әңгімесін Досым Сәтбаев: – Себебі мемлекет басшысы мұндай мәлімдемелерді жиі жасамайды, тіпті, Қазақстан азаматтарына жиі қаратып сөз сөйлемейді, оның үстіне біздің елімізде бірқатар үйлестірушілік өзгерістерге әкеп соғуы мүмкін билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу ісі жиі қолға алынбайды. Бұл Президент әкімшілігіндегі кадрлық өзгерістермен, сондай-ақ, Марат Тәжиннің келуімен тұспа-тұс келгені түсінікті. Ол өз кезегінде нағыз ой-талқының орталығы ретінде қызмет атқарып келеді, бұл тұрғыдан оның Президент әкімшілігіне келудегі мақсатын да билік пен қоғам арасындағы байланысшы қызметімен ұштастырып жіберуге болады. Бәлкім, Президенттің Қазақстан азаматтарына тікелей шығуы – Ақ орда мен халық арасында жаңа коммуникациялық арсеналды қалыптастыру жөніндегі жаңа саясаттың бір белгісі шығар. Үндеудің өзіне келсек, баса мән берерлік бірнеше жәйт бар. Біріншіден, билік тармақтары арасындағы билікті бөлудің өзі соңғы бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Меніңше, өңірде болған кей оқиғалар бұл процесті Қазақстанда тездетті. Айтпақшы, Өзбекстанның өзінде өткен жылы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді президент пен парламенттің арасына бөліп беру жөнінде мәселе көтеріліп, қызу талқыланғанын баса айта кеткен жөн. Бұл тұрғыдан Қазақстан бұл жүйені жүзеге асырып жатқан жалғыз мемлекет емес. Көршілес Қырғызстанда бұдан да ары қадамдарға барып, өткен жылдың соңында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізді. Бұл өзгерістерге сәйкес, президент бірқатар өкілеттіктерін парламентке тапсырды. Осылайша Қырғызстанда парламенттік республиканы қалыптастырды.

Қазақстанға келсек, бізде президенттік жүйе сақталады. Әрине, кейбір сарапшылар күшті президенттік жүйе жай ғана президенттік жүйеге айналды деп мәлімдеп жатыр. Бірақ ең қызығы, біраз жылдар бұрын мемлекет басшысы президенттік-парламенттік республика құруды ұсынған еді. Кешегі үндеуде Президент бірқатар өкілеттіктерді парламентке беру қажеттігіне ерекше тоқталды. Мұнан кейін Қазақстанда президенттік-парламенттік мемлекет құрылады деп айтуға әлі ерте. Өкінішке қарай, қазіргі парламент тиімді жұмысқа әлі де дайын емес. Мұны өткен жылғы оқиғалар анық көрсетті. Тіпті, кешегі Президенттің үндеуінен бір нәрсені анық байқауға болады: бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың тиімсіз жұмыстарынан шыққан отты өшіретін өрт сөндіруші қызметін Президенттің өзі атқарып отырған соң, мемлекет басшысының да бұдан көңілі қалған сияқты. Өткен жылы жер митингілері болды, мемлекеттік құрылымдар мен халық арасындағы байланыста да кемшіліктер орын алды. Оның үстіне, өткен жылы Парламент пен Үкіметке көп сын айтылды. Президент екі бірдей министрді қызметінен босатты. Жаңа министрлік құрды. Өткен жылдың соңында сыбайлас жемқорлыққа байланысты үлкен дау-дамайлар тұтанды, олардың ішінде бұрынғы министрлерге қатысты істер де бар. Мұның бәрі Президенттің қандай мәселе болса да бар жауапкершілікті өз мойнына алудан әбден қажығанын аңғартады. Енді ол бұл жауапкершілікті Үкімет пен Парламенттің мойнына артпақ. Президент әлеуметтік-экономикалық салаларды осы билік тармақтарына бөліп бермек, ал өзіне қауіпсіздік, сыртқы саясат, ішкі саясатты, бүкіл билік тармақтары арасындағы байланысты реттеу қызметтерін қалдырды. Яғни, әлеуметтік-экономикалық мәселелер Үкімет пен Парламентке берілген соң, бүкіл жауапкершілік осылардың мойнында. Бұл өте маңызды элемент.

Сондай-ақ, Президент жүйелік ойыншы, арбитр қызметін атқармақ ниетте екенін жеткізді. Айтпақшы, бұл бірінші рет айтылып отырған мәселе. 2010 жылы Президент Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие болғаннан бері жүйелік ойыншы қызметін атқаратындай мүмкіндігін арттырды. Кешегі үндеулер алғашқы қадамдардың бірі. Өйткені алда терең саяси реформалар күтіп тұр. Бұл тұрғыдан саяси заңнамаларды өзгерту турасында ғана емес, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару ісін өзгертуге қатысты да мәселелер бар. Мәселен, төмендегі құрылымдарға да бірқатар өкілеттіктерді беру мәселесін меңзейміз. Шын мәнінде, бұл жақта аймақтағы қарапайым азаматтардың мәселелерін тиімді әрі жедел шешуге мүмкіндік беретін құрылымдар дүниеге келу үшін жұмыс істеуі керек. Бұл процесс енді басталып жатыр. Бұдан ары біз бұл саясаттың жалғасын көретін шығармыз.

Қайталап айтамын, бұл билік тармақтарын бөлісу ісі барлық мәселелерді түбегейлі шешеді деген ойдан аулақпын. Бізге мұнымен қоса саяси институттарды күшейту қажет. Олар өз кезегінде бұл өкілеттіктерді тиімді жүзеге асыра алар еді.

Қандай өкілеттіктер Парламент пен Үкіметке өтеді?

          – Үкіметке кейбір мемлекеттік органдарды құру жөніндегі өкілеттікті беруі мүмкін. Бұл бұған дейін болмаған нәрсе. Бұған дейін бұл өкілеттілік Президент қолында еді. Сондай-ақ, Президент міндетті түрде қабылданатын жарлықтардан да бас тартуы мүмкін. Енді Үкімет пен Парламент өз мойнына үлкен жауапкершілік алып, кейбір заңдарды қабылдау жөнінде көбірек еркіндікке қол жеткізеді. Бұдан тыс Парламент төменгі палатада даусы басым партия арқылы Үкіметті қалыптастыруда белсенді жұмыс атқаруға мәжбүр болады. Үкімет пен Парламент үкіметті таратуда да тығыз байланыста болады, яғни, сенімсіздік білдіре алады. Яғни, президент формальді тұрғыдан Үкіметтің, Парламенттің қызметін қадағалау жөніндегі өкілеттіктерін беріп отыр. Бұрын Президент кадрлық ауыс-түйістер мен жарлықтар арқылы жүзеге асырған қызметтерін Парламент пен Үкіметке жүктеп жатыр. Қайталап айтайын, Президенттің қолында әлі де басқарудың негізгі тетіктері қала береді, оның ішінде ішкі саясат мәселелері де бар. Мәселен, Президент кадрлық тағайындау ісінен мүлдем қол үзеді дей алмас едім. Себебі бұл өте маңызды ресурс. Бұл ресурс президенттің қолында қала бермек.

Бұл ретте саяси институттарды күшейтудің қандай амалдарын көріп тұрсыз?

– Біріншіден, мұны саяси реформалар жүргізу арқылы жүзеге асыруға болады. Саяси институттар дегеніміз не? Саяси институттар дегеніміз тек қана парламент емес. Себебі Парламент саяси партиялардан құралған. Ал парламентте отырған партиялар, өкінішке қарай, классикалық электоральді партияға жатпайды. Соңғы жылдардағы оқиғалар көрсеткендей, олардың көбі өз электоратының қандай екенін жіті түсіне бермейді. Содан болар, қандай да бір процестерге дұрыс қатынаста бола алмайды. Сондықтан егерде саяси институттарға жағдай жасау мәселесі туындаса, онда ең алдымен Қазақстанда партиялар құру процесі жеңілдетілуі керек. Қазір бұл өте қиын мәселе. Себебі жасанды кедергілер де жоқ емес. Бұл біріншіден. Екіншіден, саяси партиялар әу бастан-ақ тек билікпен қосылмауы керек. Онда баланс болуы қажет, сондай-ақ, билік партиясына қарсы тұрып, пікір таластыратын оппозициялық партиялардың болуы да міндет. Себебі байсалды оппозициялық партиялардың барлығы заң аясында жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы қарсылық көңіл-күйді біршама заңды саяси алаңға жеткізуге мүмкіндік береді. Меніңше, парламент жаңа жүйе арқылы қалыптасуы керек. Қазіргідей тек партиялық тізім бойынша ғана емес, сондай-ақ, Парламентте бір мандатты депутаттардың пайда болуына мүмкіндік беретін мажоритарлық жүйе де жүзеге асса жөн. Бұл бұрын болды, кейін біз бұл жүйеден бас тарттық. Бірақ бір мандатты депутаттар өз шешімдері мен іс-әрекеттерінде әлдеқайда еркін. Бұл жағдайда, бәлкім, парламент белсенді ойыншы болар ма еді. Бұл тұста ұжымдық мұрагер болар ма еді, бұл жайында да президенттің бірнеше рет мәлімдеме жасағаны есімізде.

Саяси институттар дегенімізде, әңгіме азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдар жайлы да айтылады.  Олар да еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде белсенді жұмыс істеуі керек, әсіресе әңгіме өзекті мәселелер, атап айтсақ, экологиялық проблемалар, әлеуметтік қорғау, т.б. түйткілдерге қатысты болса, белсенділік қажет. Үкіметтік емес ұйымдардың әсіресе өңірлерде экстремизм және терроризммен күресте жұмысы өте тиімді болар еді. Жоғарыда айтқанымдай, жергілікті өзін-өзі басқару органдары туралы заң қабылдау қажет. Себебі бізде бұған қатысты заң жоқ. Бізге олардың әрбір қызметі жеке-дара жазылатын арнайы заң қажет. Сондай-ақ, Қазақстанда тәуелсіз, еркін Бұқаралық ақпарат құралдарын да көбірек қалыптастыру қажет. Олар да саяси институттарға жатады. Олар әлемнің көп елдерінде маңызды қызмет атқарады. Өкінішке қарай, Қазақстанда әсіресе төтенше жағдайлар кезінде біз кейбір ақпарат құралдарының жедел ақпарат тарату жағынан артта қалып жатқанын байқаймыз. Бұл өз кезегінде ел ішінде дүрбелең мен қауесет сөздің таралуына ықпал етеді. Сондықтан билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлу бірінші қадам ретінде қызық нәрсе, бірақ бұдан кейін жоғарыда айтылған барлық бағыттар бойынша өзгерістер басталады деп үміттенгіміз келеді.

Бұл бастамаларда азаматтық қоғамның белсенділігі қандай болуы тиіс?

– Президент билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселесін жалпыхалықтық талқыға салу туралы шешімді қабылдағанының өзі формальді түрде биліктің азаматтық қоғам өкілдерінің пікір-таласқа қатысқанын қалайтынын аңғартады. Бірақ бар мәселе мынада, шенеуніктер азаматтық қоғам өкілдерінің пікіріне құлақ аса ма екен? Себебі өткен жылғы соңғы оқиғалар көрсеткендей, әсіресе Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру туралы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатқан тұста күштік құрылымдар азаматтарды тіркеу туралы бапты енгізуді жақтап шықты. Ал бұған азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар қарсы келсе де, заң қабылданып кетті. Бұл орайда биліктің тыңдауды үйренгені байқалады, бірақ әлі де құлақ аспайтыны бар. Бұл да маңызды жәйт. Әрине, көптеген сарапшыларды, заңгерлер мен қоғам өкілдерін талқыға тартып, пікір-таластар өткізуге болады. Бірақ олардың айтқаны бірден қабылданады дей алмаймыз. Сондықтан диалогтың иммитациясын жасаудың қажеті жоқ. Өйткені ол көптің көңілін қалдырады. Егерде диалог болса, онда конструктивті пікірлерді ескерумен жүзеге асуы керек. Әйтпесе билік ұсынған бастаманың нұсқасы өтіп кетеді де, ал қалғандары тобыр қызметін атқарып, ақпараттық шу шығарады, өз кезегінде бұл жәйт демократиялық талқылардың көрінісіндей жасанды болмауы керек. Біз мұның бәрінен өткенбіз. Қазір байқап отырғанымыздай, мұның ешқайсысы да жақсылыққа апармады.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*