«Ресеймен абайлап сөйлесу керек»

1471
0
Бөлісу:
Ресей

АҚШ-қа ресми сапармен барған Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Америка басшылығын Ресеймен, әсіресе Владимир Путинмен абайлап сөйлесуге шақырды.

«Ең алдымен Ресеймен арадағы жағдайды жақсарту керек. Ресми Мәскеумен саясатта сенім білдіре отырып, олардың әр қадамын тексеріп отыру қажет», -деп мәлімдеді Тереза Мэй.

Бұл орайда ағылшын үкіметінің басшысы Трамп басқаратын Ақ үй қазіргі кезеңде АҚШ-тың 40 – президенті Рональд Рейганның саясатын ұстану керек деп есептейді. Рейган КСРО – ның бірінші президенті Горбачевке сенім білдіре отырып, ресми Мәскеумен тең дәрежеде сөйлесті. Ол «сенім білдір, бірақ тексер» саясатын ұстанды. Сөйте отырып, КСРО-ны құрдымға жіберді.

  • Ресей мен Батыс елдері арасында қазір қандай да бір шарасыздық жағдай орын алып отырған жоқ. Болашақта «қырғи-қабақ  соғыстың» болуы да мүмкін емес. Бірақ АҚШ-тың қуатты күшінің бар екендігін сездіре отырып, Мәскеумен басым дәрежеде сөйлескен абзал. Сонда ғана ол аяғын тартады. Жалпы алғанда, Ресейдің Қырымды заңсыз аннексиялауы Еуропадағы бірқатар елдердің үрейін туғызды. Сондықтан кез келген ел ең алдымен өзінің қауіпсіздігін ойлағаны дұрыс,- деді Тереза Мэй.

Ағылшын премьер-министрі бұл орайда болашақта әлемдік саясатта бостандық пен адам құқы және аздаған демократиялық құндылықтары арқылы  агрессиялық сипатын көрсете бастаған Қытай мен Ресейді ерекше атады.  «Ресейдің Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде геосаяси мүддесі бар. Сондықтан олардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керек». АҚШ-тың бірқатар телеарналарына берген сұхбатында Тереза Мэй осылай деп өз көзқарасын білдірді.

АҚШ-тың жаңа президенті Трамп пен  ағылшын премьер-министрі Тереза Мэйдің кездесуі 27 қаңтар күні болатынын ескерсек, Ақ үйде халықаралық саясаттағы бірқатар түйткілдер сөз болатыны ақаиқат.

Жалпы Ресейдің қазіргі жүргізіп отырған саясатына қатысты әлемде пікірлер әртүрлі. АҚШ-та президенттік сайлауда жеңілген Хиллари Клинтон Трампты «Ресейдің кибершабуылы арқылы жеңіске жетті» деп айыптағаны белгілі. Бірақ бұл мәселе әлі  дәлелденген жоқ, қауесет күйінде қалды. Десек те, жақында Болгарияның қызметтен кетіп бара жатқан президенті Росен Плевнелиев Frankfurter Allgemeinen Zeitung (FAZ) басылымына берген сұхбатында «Ресей ЕуроОдақтың іргесіне сына қағып, ішкі жағдайды тұрақсыздандыруға күш салуда»,-  деді. Оның сөзіне қарағанда, «ресми Мәскеу қазіргі таңда ЕуроОдақ елдеріндегі және сонымен қатар, Болгариядағы  бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен ұлтшыл партияларды қаржыландырып, жағдайды күрделендіруге бар күшін жұмсауда. Осы әрекеттері арқылы Ресей ЕуроОдақтың ішіне іріткі салмақ».

2017 жылдың қаңтарының аяғында президенттік өкілеттілігі бітетін Росен Плевнелиевтың орнына тайталаста оппозияция өкілі, Социалистік партияның басшысы Румен Радевтың келгені белгілі. Бірқатар БАҚ Радевті «ресейлік көзқарасты қолдайтын кандидат» деп атауда. Шындығында, оның бірқатар пікірлері ресейлік сарапшылардың көзқарасымен үндес келеді. Румен Радев «болашақта Ресеймен арадағы қарым-қатынасты жақсартып, Украинадағы жағдайға байланысты Мәскеуге салынған санкциялардың барлығын алып тастау керек» деген пікірде.

Болгарияның қазіргі президенті Росен Плевнелиев өзінің президенттік сайлаудағы жеңілісін Мәскеудің  жасап отырған жасырын саясатынан көріп отырғанын ашық айтты. Австралияняң Die Presse газетіне берген сұхбатында ол «Ресей ЕуроОдақтағы солшыл күштерге жасырын дем беріп отыр. Владимир Путиннің бар мақсаты – Еуропаны әлсіретіп, осы аймақта өз мүддесін жүзеге асыру»,- деп мәлімдеді.

Жалпы бұл Ресей мен оның басшысын кінәлап отырған бірінші пікір емес. Осыдан бірнеше уақыт бұрын Хорватияның президенті де «ресми Мәскеу әртүрлі жолдармен елдегі жағдайды күрделендіруге күш салуда. Сербия арқылы Балкан елдерінде жағдайды тұрақсыздандыруға ұмтылуда»,  – деп пікір білдіргені мәлім. Ал Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарған.  Бұған қатысты Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров  «Мен Хорватия президентімен жақсы таныспын. Ол Сыртқы істер министр болып жүрген кезінде талай проблемаларды бірге шештік. Халықаралық дипломатияны жақсы білетін адамның  аузынан осындай пікірдің шыққанына мен таңқалып отырмын. Егер де қандай бір шиеленіскен жағдай болса, біз түйткілдерді бірігіп шешуге дайынбыз» дегені белгілі.

Бірақ Ресейдің сыртқы саясатына қатысты жағымсыз пікірлер ағыны мұнымен толас тауып отырған жоқ.

Financial Times басылымы Венгрияның арнайы қызмет орындарының зерттеуіне сілтеме жасай отырып, «Мәскеу Венгрияның ұлтшылдарына жасырын құпия келіссөздер арқылы қолдау білдіруде» деп мәлімдеме таратқан. Ал Ресей елшілігі мұны «ақымақтық, жалған әңгіме» деп өз позициясын білдірді. Жалпы Ресейге қатысты әңгіме туа қалса, Еуропадағы біраз елдердің басшылары мен сарапшыларын үрей билейтіні де жасырын емес. Осыдан біраз уақыт бұрын Черногорияда ұсталған Ресей азаматына «елдің премьер-министрі Мило Джунаковичке қастандық жасамақ болды» деп айып тағылғаны да белгілі. Мәскеу бұл пікірді де жоққа шығарды.

Орын алып  жатқан осы оқиғалар мен айыптауларға қатысты Владимир Путин өткен айда өткізген үлкен баспасөз мәслихатында «Ресей ЕуроОдақпен әлеуметтік— экономикалық ынтымақтастықты дамытуға барынша мүдделі болып отыр. Еуропаны дамыту біздің емес, олардың  – өз ісі. Сондықтан олардың қандай да бір ішкі ісіне біз араласа алмаймыз» деп пікір білдіргені белгілі.

Бұл ғана емес, өткен аптада Косованың президенті Хашим Тачи де «Сербияға қауіп төніп тұр» деген желеумен Ресей осы аймақта тұрақсыздық туғызуға ұмтылуда. Мұның барлығы да Сербия арқылы жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Ресейдің көмегі арқылы  Сербия Косованың ішкі ісіне араласуын қояр емес, ел ішіне іріткі салуда, сол арқылы еліміздің бірқатар территориясын басып алмақ» деп мәлімдеді.  Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдеменің де теріс екенін айтты.

Ал әкімшілік бөлініске келетін болсақ,  Косово мен Метохия  Сербияның құрамына енетін автономиялық өлке. Бір жағынан алғанда, Косовоның бірқатар бөлігі тәуелсіздігін жариялаған. Осы аймақта 50 мыңнан аса этникалық сербтер тұратыны да мәлім. Балкан түбегінде бірқатар елдер Ресейдің Сербиямен стратегиялық одастас екендігін де біледі. Сондықтан да ресми Мәскеудің саясатынан ығатынын да жасырмайды.

Әсіресе, Украинаның шығысындағы және Қырымдағы оқиғадан кейін Еуроодақтағы бірқатар елдер Ресейден үрейленетінін жасырмай, ашық  айта бастады. Ресми Мәскеумен «қырғи-қабақ» болғанша, жағдайды жақсартып, ынтымақтастықты күшейткен абзал» деген дауыстар да Еуропа жақтан  кейінгі кезде жиі естіле бастады.

Өйткені санкциядан шаршаған елдердің нарықтағы шырайы бұзылды. Сауда қатынасы төмендеді. Бұл ЕуроОдақ пен Ресей арасындағы жағдайды шиеленістірді. Сондықтан биылғы тауық жылында ЕуроОдақ елдері мен Ресей арасындағы жағдай жағдай тұрақтанады деген ойдамыз.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*