Елбасы Алматыдағы Универсиада ойындарын ашты

548
0
Бөлісу:

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев XXVIII Бүкiләлемдiк қысқы Универсиаданы ашық деп жариялады. Сондай-ақ, ашылу рәсiмiнде 2 500 шақырымға созылған алау эстафетасы аяқталып, Универсиада алауы жағылды.

Универсиадаға қатысатын спортшылардың шеруiнде Қазақстан құрамасының туын шаңғышы Дәулет Рақымбаев алып өттi. Ал Халықаралық Студенттiк спорт федерациясының (FISU) туын Василий Подкорытов, Данияр Елеусiнов, Әдiлет Давлумбаев, Динара Сәдуақасова, Екатерина Айдова, Мариани Урдабаева алып шықты. Спортшылар жарысқа әдiл қатысатынын айтып, ант бердi. Айта кетейік, Универсиадада спорттың 12 түрінен 175 спортшы Қазақстан намысын қорғайды.

Ашылу салтанатының шоу бағдарламасында түрлi ұлт өкiлдерi өнерлерiн ортаға салып, елiмiздегi ұлтаралық татулық пен бiрлiктi паш ететiн қойылымдарды сахналанады. Опера әншiсi Зарина Алтынбаева мен Димаш Құдайбергенов опера композициясын шырқап, көрерменнiң қошеметiне бөлендi. Кеште Қайрат Нұртас, Кәмшат Жолдыбаева, Ерболат Құдайбергенов, Алмас Кiшкенбаев, Әйгерiм Қалаубаева, Индира Едiлбаева сынды Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Универсиадаға арналған әнді шырқады. Кеш соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Универсиада ойындарын ашып, шаңырақ пiшiнiндегi алау жағылды.

2 сағат 40 минутқа жалғасқан ашылу рәсiмiне 1,5 мың әртiс атсалысты. Олардың қатарында опера және эстрада әншiлерi, цирк гимнастшылары, спорт мектептерiнiң мәнерлеп сырғанаушылары, би ұжымдары, Алматы театрларының актерлерi мен басқа әртiстер бар. Сондай-ақ жарысты ұйымдастыруға 3 мың ерікті жұмылдырылып, ойындарға 30 мыңға жуық шетелдік қонақ пен турист келдi. 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарында 57 елден 2 мыңға жуық спортшы бақ сынамақ. 10 жарыс күнінде 85 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады. Мұз айдынындағы 12 мың көрерменмен қатар, телеарналар мен интернет арқылы Универсиаданы 80 елден 1 млрд адам тамашалады.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
https://baq.kz/kk/news/universiada/elbasi_almatidagi_universiada_oiindarin_ashti20170129_214500

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*