Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауы

5596
1
Бөлісу:
Назарбаев

Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік

Құрметті қазақстандықтар!
Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.
Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.
2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болды.
Биыл Астанада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлем­дік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.
Алматыда «Универсиада – 2017» спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.
Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.
Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында 2012 жылы хал­қыма ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындық­тар­ды уақтылы болжай алдық.
«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нә­тижесінде, осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп ке­леміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион тең­ге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күр­делі жағдайда айтарлықтай маңызды.
Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.
Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!
Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қар­сы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.
Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция басталды.
Экономиканы жаппай цифрландыру тұ­тас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өз­герістер – әрі тарихи сын-қатер әрі ұлтқа бе­рілген мүмкіндік.
Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаң­ғыр­ту жөнінде міндет қойып отырмын. Ел­дің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.
Қазіргі кезде көптеген елдер осындай мін­детті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әртүрлі еке­ніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуел­сіз­дігі­міз­дің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуе­тімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.
Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәрі­міздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қи­рандысынан шығып, өз жолымызды қа­лай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кез­де біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мем­лекет құрды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық эко­номикаға көшу жүзеге асырылды. Біз­дің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күй­реуге, азамат соғысына, экономикалық күй­зеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңыз­ды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шы­ғарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.
Екінші жаңғыру «Қазақстан – 2030» стра­тегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен бас­тал­ды. Оның нәтижелі болғаны дау ту­дырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан арт­та қалған аймақтан шығып, әлемдегі эко­номикасы бәсекеге қабілетті 50 мем­ле­кет­тің қатарына кірді.
Табысты өткен екі жаңғыру арқылы ба­ға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді ал­ға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыру­ды бастауға тиіспіз.
Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қа­тер­лермен күрес жоспары емес, бола­шақ­қа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақ­саттарына бастайтын сенімді көпір бол­мақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қа­дам» базасында өткізіледі.
Мен оның бес негізгі басымдығын кө­ріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсі­мінің орта деңгейден жоғары қарқынын қам­тамасыз етуге және 30 озық елдің қата­ры­на қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайық­талған.
Бірінші басымдық – экономиканың же­делдетілген технологиялық жаңғыр­тылуы.
Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өр­кендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешен­ді міндет.
Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мо­биль­ді банкинг, цифрлық қызмет көрсету се­кілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қол­данылатын және басқа да перс­пек­тива­лы салаларды дамыту керек. Бұл индуст­рия­лар қазірдің өзінде дамыған елдердің эко­номикаларының құрылымын өзгертіп, дәс­түрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қа­зақ­стан» жеке бағдарламасын әзірлеуді жә­не қабылдауды тапсырамын.
Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейім­деу керек.
Коммуникацияның дамуы мен опти­ка­лық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қол­жетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа бар­лық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкі­мет ІТ саласын дамыту мәселесін ерек­ше бақылауда ұстауға тиіс.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңыз­ды шарты инновацияны қолдау және олар­ды өндіріске тезірек енгізу болып сана­лады.
Үкіметке «ЭКСПО – 2017» нысандары­ның бірінің базасында IT-стартаптар х­а­лық­аралық технопаркін құруды тап­сыра­мын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіп­керлер мен инвесторлар тартудың платформасы болу­ға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым жә­не са­лық жеңілдіктерін, оңайлатылған ви­за мен еңбек режимін қоса алғанда, қо­лайлы жағ­дай керек.
Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев уни­верситеті және «Алатау» иннно­вация­лық технологиялар паркі базасында өзіміз­дің ғылыми және инновациялық әлеуе­ті­мізді дамытуымыз керек.
Екінші кешенді міндет. Жаңа индуст­рия­лар құрумен қатар дәстүрлі базалық са­лаларды дамытуға серпін беруіміз керек.
Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік ке­шен, көлік пен логистика, құрылыс сек­торы және басқа салалар.
Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арт­тыру керек.
Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнер­кәсіптік революция элементтерін жап­пай енгізу болуға тиіс.
Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жа­санды интеллект, «ауқымды мәліметтер» ал­масу, тағы басқа міндеттер.
Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жыл­ға дейін базалық салаларды техно­ло­гиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың ке­шенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.
Екінші. Басымдығы бар салалардағы бә­секеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.
Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жыл­ға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету те­тіктерін бір ведомствоға шоғырландыру қа­жет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қа­ғидаты бойынша өңірлерде де қолдау көр­сету керек.
Үкімет жанынан Экспорт саясаты жө­нін­дегі кеңес құруды тапсырамын. Оған биз­нес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.
Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкім­дермен және бизнес өкілдерімен бір­ле­сіп, Бірыңғай экспорт стратегиясын әзір­леуі керек.
Қазақстан шетел инвестицияларын тар­ту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы ор­талығы ел экономикасына қаржы ре­сурс­­тарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.
Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көр­сету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз ке­рек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық ком­панияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қы­таймен бірлескен инвестициялық бағ­дар­ламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қы­тай тарапымен уағдаластыққа қол жет­кізіл­ді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс іс­теу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұ­мыс орнын ашатын заманауи өндіріс бол­мақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бас­тады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC ав­томобильдерін ірі құрылғылардан құрас­ты­ратын зауыт.
Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған элект­ромобиль өндірісін одан әрі дамыту мә­се­лесін пысықтауды тапсырамын.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Ин­вестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзір­леуі керек.
Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қа­тысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.
Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақ­ты­лығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің страте­гия­лық маңызын сақтауға тиіс.
Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу ау­мағын кеңейту керек. Минералдық-ши­кі­зат­тық базаны кеңейтуге баса назар ауда­ры­луға тиіс. Геологиялық барлау жұ­мыс­тарын белсенді жүргізу керек.
Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикі­затты кешенді түрде қайта өңдеуді терең­дете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.
Жыл соңына дейін Жер қойнауы тура­лы жаңа кодексті қабылдап, салық заңна­ма­ларына қажетті өзгерістер енгізуді тап­сы­рамын.
***
Төртінші. Аграрлық сектор экономика­ның жаңа драйверіне айналуы керек.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кеше­ні­нің болашағы зор.
Көптеген позициялар бойынша біз әлем­де ірі аграрлық экспорттық өнім өнді­ру­шілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, эко­логиялық таза тағамдарға қатысты. Made in Kazakhstan бренді сондай өнім­дер­дің эталоны болуға тиіс.
Сонымен қатар астық өнімдері бойын­ша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуы­мыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өң­делген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сон­да ғана біз халықаралық нарықтарда бә­секеге қабілетті бола аламыз.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкі­мет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар бе­ремін:
біріншіден, субсидияларды бөлу қағи­да­ларын қайта қарастырып, біртіндеп өнім­ді сақтандыруға көшу қажет;
екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен ша­ғын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүм­кіндік беретін жағдай жасау керек;
үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақ­­­­сартып, тауарларды сақтаудың, тасы­мал­даудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;
төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түр­де арттырып, өндіріс шығындарын тө­мендету керек;
бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;
алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аг­рарлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.
Ауыл шаруашылығын әртараптан­ды­рып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.
Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы ая­сында іске асырылуы қажет.

***
Бесінші. Жаңа еуразиялық логистика­лық инфрақұрылымды дамыту – маңызды ба­сымдықтардың бірі.
Оған қазірдің өзінде қомақты ин­вестиция жұмсалды. Енді одан эко­но­ми­ка­лық қайтарым ала бастау қажет.
Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік та­сымалдың жылдық көлемін:
– контейнерлермен тасымалданатын жүк­тер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін;
– жолаушыларды әуе көлігімен та­сы­мал­дауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жо­лаушыға дейін арттыруды тапсырамын.
Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард дол­лар­ға дейін көбейту қажет.
2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфра­құры­лымдық даму бағдарламасын ұсын­дым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін то­лық ақтады.
Биыл республикалық маңызы бар 4400 ша­қырым авто жол құрылысы мен қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 ша­қы­рымы пайдалануға беріліп, кезең-ке­зеңі­мен ақылы жүйе енгізіледі.
Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзи­тін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаң­ғыр­ту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инф­­рақұрылымын басқаруға, қызмет көр­сету деңгейін арттыруға және әкімшілік ке­дергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қа­жет.
Транскаспий дәлізі бойынша тасы­мал­дау көлемінің ұлғаюына байланысты Құ­рық портын салудың екінші кезеңі – авто­мо­биль өткелі құрылысын іске асыруға кі­рісу қажет.
Алтыншы. Урбанизация үдерісі құры­лыс секторын дамыту қажеттігін алға тар­тып отыр. Ол отандық экономиканың то­лық­қанды драйверіне айналуға тиіс.
Жол, тұрғын үй және басқа да инф­ра­құры­лым құрылысына инвестиция сала оты­рып, біз қалаларымыздың ұзақ жыл­дар­ға дейін сыртқы және технологиялық кел­бетін айқындайтынымызды ұмыт­па­ға­нымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құ­ры­лыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.
Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұр­лы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асы­рыла бастайды. Ол аса маңызды мін­дет­ті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 мил­лион отбасын тұрғын үймен қамта­ма­сыз етуге бағытталған.
Бағдарламада тұрғын үй нарығын да­мы­тудың кешенді шаралары көрініс тап­қан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қо­­­ғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есе­бі­нен құрылыс салушылар үшін банк не­сие­сін арзандату. Тұрғындар үшін «Қа­зақстан ипо­текалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипоте­ка­лық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салым­шы­лары үшін әкімдіктердің несиелік тұр­ғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бө­лінген қаржы «револьвер» қағидаты бойын­ша қайта пайдаланылады.
Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз то­птары үшін сатып алу құқығынсыз арен­далық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін бо­лады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкім­дер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.
Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән бе­­ретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қа­жет­ті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көр­сетеді.
Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қа­ла­лар­дың іргелес орналасқан елді ме­кен­дермен көлік байланысын дамыту жөнінде ша­ралар қабылдауы қажет.

Үшінші кешенді міндет – еңбек нары­ғын жаңғырту.
Жаңа технологиялардың енгізілуіне бай­ланысты дәстүрлі салаларда еңбек ре­сурс­тары босап қалатын болады. Сонымен бір­ге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұ­мыспен қамтудың және азаматтардың нақ­ты табысын өсірудің қосымша мүм­кіндігі болуға тиіс.
Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің бас­қа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.
Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бір­лесе отырып, тиісті жол карталарын әзір­леуі керек. Онда қысқартылатын жұ­мыс­шыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қа­жет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден бас­қа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қа­лаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тар­туға қолдау көрсету керек.
Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн плат­форма қалыптастыруы қажет.

Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбе­гейлі жақсарту және кеңейту.
Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын жә­не орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жет­кізуге болады. Оны орындау үшін қазір­гі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қа­жет.
Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті да­мы­ту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кет­ті.
Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз биз­несін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала ала­ды.
Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кә­сіп­керлерге кепілдік жасау және қызмет көр­сету тетіктерін белсенді пайдалану ке­рек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қар­жылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйым­дастырумен қатар атқару керек.
Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңі­рі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде от­басылық кәсіпкерлікті дамыту бағытын­да кешенді шаралар ұсынуға тиіс.
Жаңадан ашылған жұмыс орындары­ның саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қыз­метінің тиімділігін бағалаудың негізгі кри­терийінің бірі болмақ.
Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кә­сіп­­керлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, биз­нестің барлық шығынын жаппай азайту жө­нінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсі­ресе, энергетика, көлік және логистика, сон­дай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық салаларындағы қызмет көр­сету құнына қатысты.
Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мей­лінше оңтайландырылуға тиіс. Құжат­тар­дың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қай­таланатын рәсімдерді жою керек. Бұл орай­да адамның өзінің баруын қажет­сін­бей­тін толық электрондық форматқа кө­шіру керек.
Сондай-ақ бизнестің қазіргі қолданыс­тағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді.
Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйе­лі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.
Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.
Бұл жұмысты әсіресе, өңірлік деңгейде ат­қару маңызды.
Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүние­жүзі­лік банк рейтингі негізінде өңірлерде биз­нес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жө­нінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.
Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жө­нінен өңірлер мен қалалар рейтингін ен­гізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сый­лық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс ете­міз.
Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.
Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жеке­ше­лендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қам­титын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.
Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды же­кешелендіруді тездетіп, оны 2018 жыл­дың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Ірі компанияларымызды ІРО-ға да­йын­­дау және оған бейімдеу ісін де жедел­дету керек. Yellow Pages қағидаттарын ен­гізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түр­лерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқар­туға мүмкіндік берді.
Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кә­сіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қа­жет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.
Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс.
Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қа­растыру керек.
Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін са­палы түрде трансформациялау ісін жүзе­ге асыруды тапсырамын.
Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайлан­дыру­дан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиім­ділігі жоғары, жинақы және кәсіби хол­дингке айналуға тиіс. Менеджмент пен кор­поративті басқару сапасын халық­ара­лық деңгейге жеткізу керек.
Мемлекетке қандай маңызды сек­тор­лар­да, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен жә­не не қалдыратынымызды нақты анық­тап алуымыз керек.
Табиғи монополияларды және стра­те­гиялық маңызы бар, соның ішінде Тран­с­ұлт­тық компаниялар қатысатын жоба­лар­ды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру ке­рек. Бұл жобалар мультипликативті нә­ти­же беруге тиіс.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдинг­те­рін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олар­дың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.
Сондай-ақ оларға бағдарламаларды іс­ке асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көз­дері арқылы қор қалыптастырумен ай­налысу керек.
Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мем­лекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңей­ту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әң­гіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қа­тысты болып отыр.
Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақ­сы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мем­лекет 40 мың орынға арналған 189 бала­бақ­ша салса, жекеменшік сектор 100 мың орын­ға арналған 1300 балабақша ашты. Же­кеменшік балабақшалардың ең көбі Оң­түстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қы­зылорда (181) облыстарында ашылды.
Мен үшін осы сектордағы мемлекет-же­­кеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңыз­ды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мә­селесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігін да­мыту әкімдердің нақты және кәсіби жұ­мысына байланысты.
Жекеменшік капитал тарту үшін мем­лекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы бас­қалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсім­де­рін, әсіресе, шағын жобаларға қатысты рә­сімдерді мейлінше жеңілдету және же­дел­дету қажет.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инф­рақұрылымды, соның ішінде әлеумет­тік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қа­жет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді до­ғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандан­ды­ра түсу керек.
Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымы­раласуға жол бермеу қажет.
Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірле­сіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нор­ма­ларды анықтауға қатысты барлық заң­на­маға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық.
Мұндағы басты міндет – ақша-несие сая­­сатының ынталандырушы рөлін қа­л­пына келтіру және экономиканы қаржы­лан­дыру­ға жекеменшік капитал тарту.
Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.
Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.
Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қам­тамасыз ету керек. Банктердің ахуалына же­дел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке кө­бірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, олар­ға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін фор­мальді көзқарастан ықтимал қатер­лерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.
Сондай-ақ аудиторлық компаниялар­дың жауапкершілігін арттырып, акцио­нер­лердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжым­дық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.
Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөл­шер­леме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлт­тық банк пен Үкіметке теңге түрінде қол­же­тімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жө­нінде кешенді шаралар қабылдауды тап­сырамын.
Ұлттық банк инфляция ғана емес, со­нымен қатар Үкіметпен бірге эконо­ми­каның өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.
Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.
Жекешелендіру оның дамуына серпін беру­ге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры ком­панияларының акцияларын орналас­тыру керек. Халықтың жинаған өз қаража­тын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға ин­вестициялау мүмкіндігін одан әрі арт­тыру қажет.
Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру нау­қанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәти­же­сін­де 5,7 триллион теңге, оның ішінде қа­ра­жат түрінде 4,1 триллион теңге заңдас­ты­рылды.
Үкіметтің міндеті – бұл қаражаттың эко­но­микаға, соның ішінде жекешелен­діру­ге қатысу арқылы пайда беруін қам­тамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның же­кеменшік кәсіпорындарының облига­ция шығарылымдарын субсидиялау мәсе­ле­сін пысықтау қажет.
Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отан­дық қор нарығын жандандыруға ба­ғытталған шаралар қабылдауды тап­сыра­мын.
Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейім­деу.
Бірінші. Бюджет шығыстарының тиім­ділігін түбегейлі арттыру қажет.
Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағ­дар­ламаларын қажетті ресурстармен то­лық­тай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиім­ділігін тексеру қажет.
Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау ке­рек. Оның қорытындысы бойынша ма­ған баяндалсын.
Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшін­ші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ қаражатты нақты эко­номикаға неғұрлым тезірек әрі тиім­ді­рек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңіл­деткен жөн.
Біз фискалдық орталықсыздандыру сая­сатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілет­тік­тердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай ау­дандық және ауылдық жерлерге беру ке­рек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңы­зы бар мәселелерді шешуге тиіс, ал Үкімет жал­пымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.
Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайда­лану­ға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.
Ұлттық қордан алынған кепілден­діріл­ген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.
Салық саясатын бизнестің «көлеңке­ден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ дек­ларациялау қарсаңында арнаулы салық ре­жімін жаңаша қарастыру керек.
Салықтық әкімшілендіру тетіктері же­тілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қо­сымша құн салығын жинауға қатысы бар.
Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сек­тордың сыртқы және ішкі қарыздарына мо­ниторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйе­сін қалыптастырып, онда тәртіп ор­нату керек.

***
Төртінші басымдық – адами капитал са­пасын жақсарту.
Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйе­сі­нің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа мо­делінің орталық буынына айналдыру. Оқы­ту бағдарламаларын сыни ойлау қабі­ле­тін және өз бетімен іздену дағдыларын да­мытуға бағыттау қажет.
Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауат­тылықты қалыптастыруға, ұлтжанды­лық­ты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қа­ла мен ауыл мектептері арасындағы бі­лім беру сапасының алшақтығын азайту қа­жет.
Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тап­сырамын.
Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-ке­зең­мен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзір­ленсін.
Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Со­нымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып оты­рады. Ағылшын тілін меңгермей, Қа­зақ­стан жалпы ұлттық прогреске жете ал­майды.
2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кей­­бір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.
Мектептердің және мұғалімдердің дең­гейі, әсіресе, ауыл мен қалада әртүрлі. Бі­лікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан осының барлығын ес­ке­ріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен ен­гізу­і­міз керек.
Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.
Менің бастамам бойынша биыл «Бар­шаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.
Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз жә­не өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жас­тар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ере­сек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, эконо­ми­ка­д­ағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.
Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек на­ры­ғының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәй­кес жаңартылуы қажет.
Сонымен қатар жоғары білім беру жүйе­сі сапасына ерекше назар аударылады. Жо­ғары оқу орындарының кадрлық құра­мы­на, материалдық-техникалық жабдық­талу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

***
Екінші. Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.
Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұ­мыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауап­кершілігіне негізделген міндетті ме­дициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) ен­гізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлем­дік тәжірибе арқылы дәлелденген.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қа­тысушыларға кең ауқымдағы медицина­лық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бә­­секелестікті дамыту үшін жекеменшік­те­гі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.
Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақ­параттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.
Сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан бар­лық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.
Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету са­ла­сына қатысты.
Менің тапсырмам бойынша 2017 жыл­ғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.
Бұдан бөлек, базалық зейнетақы та­ғайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Осы өсімнің барлығы 2018 жылы база­лық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық ба­ла туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті ал­дағы уақытта да сақтау керек.
Менің тапсырмам бойынша 2017 жыл­ғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсі­рі­леді.
Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қа­рас­тыру керек. Ол қазақстандықтардың нақ­ты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап базалық зейнетақы, мүге­дек­терге және асыраушысынан айырылған от­басыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атау­лы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 мил­­лион адам үшін өсіруге мүмкіндік бе­ре­ді.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеу­меттік көмек көрсету шегін ең төменгі күн­көріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өс­іріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қа­тысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болу­ға тиіс.
Бесінші басымдық – институттық өзге­ріс­терге, қауіпсіздікке және сыбайлас жем­қорлықпен күреске қатысты.
Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту ая­сында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.
Екінші. Біз жекеменшікті қорғауға, құ­қық үстемдігіне және баршаның заң ал­дын­да теңдігін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жа­лғастыру керек.
Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және аза­маттық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке­мен­шік құқығын қорғауды күшейтуге қа­тыс­ты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.
Сонымен қатар әкімшілік және қыл­мыс­тық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкім­­шілік айыппұлдар әділетті және құ­қық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.
Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұ­мысын одан әрі жүргізе беру керек. Қо­ғамға қауіптілігі жоғары емес эконо­ми­ка­лық қылмыс құрамын криминалдық си­пат­тан арылту керек.
Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңыз­ды.
Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне ай­на­лып келеді.
Қазіргі заманда адамзат терроризмнің бе­лең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл рет­те деструктивті күштерді қаржы­лан­дыра­тындарға, шетелдік террористік ұйым­дармен байланыс жасайтындарға қар­сы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе бо­лып саналады.
Діни экстремизмді насихаттаудың ал­дын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік же­ліде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қа­тынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.
Бас бостандығынан айыру орындарын­да сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұ­мысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақ­ты рухани-адамгершілік рухында тәр­биелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.
Бұл іске мемлекеттік емес секторды жә­не діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.
Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен тер­роризмге қарсы әрекет жөніндегі мем­лекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.
Киберқылмыспен күрестің өзектілігі бар­ған сайын арта түсуде.
Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комите­тіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқор­лық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда басты назар кө­біне сыбайлас жемқорлықтың салдар­лары­мен күресуге аударылып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.
Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.
Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйе­сін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.
Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану са­лаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәр­се бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына ай­налу­ға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!
Осы Жолдау арқылы еліміздің әр аза­ма­тына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жө­ніндегі өз көзқарасымды жеткізгім кел­ді.
Үкіметке «Қазақстанның ұлттық тех­но­логиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшін­ші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзір­леуді тапсырамын.
Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.
Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүм­кіндікті толықтай пайдалана алаты­ны­на сенемін.

Қымбатты достар!
Қазақстан – жас, көпұлтты, болаша­ғы­на сенімді және қарқынды дамып келе жат­қан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақ­стан­ның 25 жылдық даму жолынан өттік. Ал­да­ғы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.
Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.
Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. supremefinance 26 Ақпан, 2017 at 04:45 Жауап

    Сіз бизнес қарыз, жеке қарыз, үй заем, автонесие, студенттік несие, қарыз шоғырландыру несие, кепілсіз несие, венчурлық капитал және т.б. іздеп, не бір немесе бірнеше себептер бойынша банк немесе қаржы институты бас тартты несие алынды. Сіз өзіңіздің несие шешімдер дұрыс жерде боласыз! Мен 3% үлесін төмен және қол жетімді пайыздық ставка бойынша компаниялар және жеке тұлғаларға заем беруге, жеке несие беруші болып табыламын. электрондық пошта арқылы бізге хабарласыңыз: supremefinance.link@gmail.com

Пікір жазу


*