Үкімет Жолдауды жүзеге асыруға кірісті

465
0
Бөлісу:

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға ел Үкіметі жедел ден қойды. Кеше
Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Президентінің Жолдауда белгілеген тапсырмаларына дербес жауап беретін тұлғалар нақты анықталды.

– Жолдауды іске асыруға бүгіннен бастап кірісуіміз қажет, – деді Премьер Б.Сағынтаев. – Президент Қазақстанның үшінші жаңғыруы бойынша кең ауқымды міндет қойды. Оны іске асыру үшін қазіргі күрделі уақытта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін «эконо­микалық өсімнің жаңа моделін» құру талап етіледі. Бүгінде тиісті жалпыұлттық жоспар дайындалып жатыр. Оған дейін мен Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқталып, мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар беремін.
Үкімет жетекшісі Елбасының 5 негізгі басымдықты белгілегеніне назар аударт­ты. Оның бірі – экономиканың жедел­детілген технологиялық жаңғыртылуы. Мұндағы басты мақсат – цифрлы тех­нологияларды қолдана отырып, дәстүрлі секторлармен және қызметтер салала­рымен үйлесімде дамитын жаңа индус­трияларды құру.
«Бұл жерде әңгіме 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, өнер­кәсіптік интернет, кәсіби қызмет көр­сетулердегі цифрлық сервистер және басқа да перспективті салаларды дамыту туралы болып отыр. Жаңа технология­лардың бизнес-модельдерге тез тарауы қазірден-ақ осы салаларды реттеу бойын­ша жаңа талаптар қоюда. Осы мақсатта Президент Үкіметке «Цифрлық Қазақ­стан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және ұлттық заңнаманы ІТ-технологиялардың дамуын ынталандыру ісіне бейімдеуді тапсырды» деген Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігін, мүдделі меморгандармен тізе қоса отырып, осы бағдарламаны және заңнамалық түзе­тулерді әзірлеу жұмыс­тарын жеделдетуге міндеттеді.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы ауылдарда жоғары жылдамдықты интернет болуы үшін оларды 2020 жылға дейін талшықты-оптикалық желілерге қосуды ерекше бақылауға алу қажеттігін мәлімдеді.
Премьер-министр инновацияларды және оларды өндіріске жылдамдатып енгізу ісін қолдау үшін «ЭКСПО – 2017» инфра­құрылымдық базасында IT-стартап­тар­дың халықаралық технопаркі құры­латынын хабарлады. Осыған бай­ланысты Ақпарат және коммуникациялар, Ұлттық экономика, Қаржы министр­ліктеріне осы технопаркті құру, салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген визалық және еңбек ре­жимі түрінде заңнамалық қолдау мәсе­лелерін пысықтау туралы тапсырма берді.
Жоғары оқу орындары, Назарбаев университеті және «Алатау» инновация­лық технологиялар паркі базасында отандық ғылыми және инновациялық әлеуетті дамыту үшін қажетті шаралар қабылдау Білім және ғылым министрлігіне жүктелді.
Сондай-ақ Премьер-министр Қа­зақстан экономикасының негізгі сек­торларын, атап айтқанда, логистикалық инфрақұрылымды, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіптік кешендерді одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсыр­малар берді.
Бақытжан Сағынтаев тау-кен метал­лургия және мұнай-газ кешендерін ары қарай дамыту үшін отандық өнімдерді жеткізу географиясын кеңейту, геоло­гиялық барлау жұмыстарын белсенді дамыту қажет екенін атап өтті. Осыған орай Энергетика министрлігіне жыл соңына дейін жаңа Жер қойнауы туралы кодекстің және салық заңнамасына қажетті түзетулердің қабылдануын қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұған қоса, Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуға тиіс екеніне назар аудартты.
– Біз экологиялық таза азық-түлік өнімдерін шығару арқылы әлемдік нарық­тарында өз орнымызды иелене аламыз. Made in Kazakhstan брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыс­тырылуы керек. Біз субсидияларды бөлу және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, кооператив құрудың, сонымен қатар еңбек өнімділігін арттырудың жаңа қағидалары бойынша тәсілдерді ендігі түздік. Осы барлық міндеттер кешені АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуға тиіс, – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Ол Елбасының жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту туралы міндет қойғанын ескертті: «Бұл үшін біз жүк тасымалына еркіндікті қам­тамасыз етуіміз, көлік дәліздерін құрып, жаңғыртуымыз қажет, бұл біздің Азия мен Еуропа арасындағы трансконтиненттік құрлықтық хабқа айналуымызға мүмкін­дік береді. Нәтижесінде 2020 жылға қарай контейнерлік жүктердің транзиттік та­сымалы көлемін 7 есеге, транзиттік жо­лаушылар тасымалының көлемін 4 есеге арттыруға тиіспіз» деген Б.Сағынтаев Инвестициялар және даму, Сыртқы істер, Ұлттық экономика министрліктеріне қойылған міндеттерді шешу үшін қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді.
Отырыста ел Үкіметінің барлық мемлекеттік органдардың бюд­жеттік шығындарының тиімділігіне талдау жүргізетіні хабарланды. «Жүр­гізілген жұмыстардың қорытындылары бойынша біз қаржыны тиімсіз бағдар­ла­ма­лардан Үшінші жаңғыртудың мін­деттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін жаңа бастамаларға қайта бөлу туралы шешім қабылдайтын боламыз» деді Премьер-министр.
Үкімет отырысында Бақытжан Сағын­таев өзінің барлық орынбасар­ларына және Үкімет мүшелеріне Прези­денттің Жолдауын іске асыруға байла­нысты нақты міндеттер жүктеп шықты.
Тағы бір айта кетер жайт, Мемлекет басшысы Үкіметке «бүкіл елді мекен­дердегі барлық бос жұмыс орындары бойынша бірыңғай онлайн-платформа қалыптастыруды» жүктегені мәлім. Осы орайда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» президенті Дәулет Арғын­дықовтың айтуынша, Қазақстандағы жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындары туралы интернет кеңістігіндегі барлық деректер enbek.kz порталында біріктірілетін болады. Ол аталған пор­талды мемлекеттің 2013 жылы құрғанын жеткізді.
Порталдың негізгі міндеті – жұмыс іздеуде және персоналды іріктеуде көмек көрсету. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі enbek.kz порталында күн сайын бос жұмыс орын­дары және азаматтардың түйіндемелері жария­ланатынын, ол деректер әртүрлі көз­дерден жиналатынын, атап айтқанда, олар порталда тіркеуден өткен жұмыс берушілер және жұмыс іздеушілерден, жұмыспен қамту органдарының деректер базаларынан, жеке агенттіктерден және ақпарат құралдарынан алынатынын еске салады.
«Жұмыспен қамту заңнамасына өзгерістер пакеті әзірленді. Ол ағымдағы және перспективті бос орындар туралы ақпаратты еnbek.kz порталы арқылы беруге міндеттейді. Бұл қағазбастылықты жойып, бизнес жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тек жұмыспен қамту орталықтары, не жеке агенттіктер ғана емес, сондай-ақ жұмыс берушілер де босаған жұмыс орындарына қажетті мамандарды портал арқылы таба алады. Бұл үшін оларға порталдағы «жеке каби­неттерінде» хабарландыру орналастыру мүмкіндігі ұсынылады. Біз ендігі осы портал ғаламтордағы жұмыс не жұмыс іздеушілер туралы мәліметтердің бар­лығын бір жерге топтастыруы үшін жұмыс жасаудамыз» дейді Д.Арғындықов.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*