Мұражайға мемлекеттік мәртебе берілмей, мәселе шешілмейді

850
0
Бөлісу:

Қазақтың белгілі ақыны, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының Алаш жолында атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол қазақ халқының азаттығы жолында басын құрбан етті. ХХ ғасыр басындағы Ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақтың тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салған ғалым, ұлттық жазудың реформаторы болған аяулы жан. 

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мі­нез­ден» демекші, өткен ғасыр басын­да­ғы Алаш жолында құрбан болған қай­рат­кер­лердің қай-қайсысы болса да, ұлтына мі­не­зі­мен де, білімімен де қыз­мет қыла білді.
Байтұрсыновтың есімін Ахмет деп азан ша­қырып қойған атасы Шошақ екен. Әке­сінің інісі Ерғазы кішкентай Ахметті қо­лы­нан жетелеп, Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Ол мектепті бі­­тірген соң, Орын­бордағы төрт жылдық мек­­тепке оқуға түседі. 1985-1909 жылы Ақ­төбе, Қос­танай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы­лық қыз­мет атқарады. Кемеңгер ғалым «қа­раң­ғы қазақ көгіне өрмелеп шық­қан күн се­кіл­ді» сәуле шашып, қазақ бала­ларын білім нә­рімен сусындатты.
Ол 1905 жылдан бастап саяси қызметке ара­ласа бастады. Оның әуелгі саяси додаға түс­кен кезі Қар­қара­лы петициясы болғаны бел­гілі. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған петиция автор­ла­ры­ның бірі. Тарихтан белгілі, пе­ти­ция­да жер­г­ілікті басқару, сот, халыққа білім беру іс­те­ріне қазақ елінің мүд­де­сіне сәйкес өз­герістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цен­зу­расыз газет шы­ғару және бас­па­хана ашуға рұқсат беру, Да­ла ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заң­мен ауыс­тыру мәселелері көтерілген еді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қо­ныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату мә­селесі де қозғалған еді. Алайда сол кезеңнен бас­тап, Байтұрсынұлының да соңына жандармдар шырақ алып түсті. 1909 жылдың 1 шіл­десінде гу­бер­натор Тройницкийдің бұй­ры­ғы­мен тұтқындалып, Семей түрме­сіне жа­былды.
Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы оңай болған жоқ. Ол «тар жол, тай­ғақ ке­шуді» бастан кешірді. Ахаң­дар жүріп өткен жол қазақ баласының азат­тығы жолындағы үл­кен күрес жолы болатын. Мұның бәрін неге ай­тып отырмыз?
Жақында Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Ахаң мұра­жайына бас сұқты. Тарих және мә­дениет ескерткіші саналатын мұражайға ке­ліп, проблемаларын да өз көзімен көріп қайт­ты. Жылдар бойы шешімін таппай, қор­даланып тұрған мәселелердің ше­шілуі­не де мұрындық болатынын жеткізді.
Тәуелсіздік жолында құрбан болған кү­рес­кер, рухани мәдениетіміздің көш­бас­шы­сы болған тұлғаның есімі ұзақ жылдар бойы «тұмшаланып» келгенімен, тарих бе­тінен сызып тас­талмайтынын уақыт өзі-ақ дәлелдеп берді. Ұлт жолында қызмет ет­кен, әде­биет­тану ғылымына өлшеусіз ең­бек сіңірген ғалымның хаты да, заты да өш­кен жоқ. Ол азаттықпен бірге қайта тіріл­ді.
А.Байтұрсынұлы мұражайының ди­рек­торы Райхан Сахыбекқызы Иман­ғали Тас­мағамбетовті мұражай жұ­мысымен және ақын жәдігерлерімен таныстыра отырып, түйт­кілді мәселе­лер­дің де бар екенін жет­кізді.
«1934-1937 жылы ақын тұрған осы­нау кие­лі шаңырақ – тарих пен та­ғы­лымның ор­дасы. Бұл үйдің әрбір кір­пі­ші мен бұры­шы Ахаңның қиын да қасіретті тағдырынан сыр шертеді. Сон­дықтан біз бұл тарихи ес­керткішті сақтауға, оның білім мен ғы­лым­ның, тәлім мен тәрбиенің ордасы ре­тін­де дамытуға тиіспіз» деді Иманғали Тас­­ма­­ғамбетов музей үйінде.
Алаш қайраткерлерінің құнды мұ­ра­ла­рын жинақтау әрі сақтау қажет. Ол жолда аян­бай еңбек етуіміз керек еке­нін тілге тиек еткен вице-премьер му­зейге ұлттық мәр­тебесін беру, Ахмет Байтұрсынұлы шы­ғарма­ла­ры­ның 10 томдығын шығару және деректі фильм түсіру керектігі жөнінде тап­сыр­ма берді. Осыған байланысты Ас­та­нада арнайы кеңес өткізілмек.
Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй 1998 жы­лы музейге айналған еді. Бұл үйде қоғам қай­раткері 1934-1937 жыл­да­ры тұрған бо­ла­тын. Ал Райхан Сахы­бек­қызы «Ұлт ұста­зы­ның мұражайына мемлекеттік мәртебе беру, тағылым үйін – қазақ халқының кел­беті, ру­ха­ни қазынасы» деп тану кезек күт­тір­­мей­тін мәселе деп санайды.
– Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің рес­ми салтанатты ашылуы 1998 жылы, ал осы мұражайды ұйымдастыру жұмыстары 1988 жылғы Үкімет Алаш арыстарын ақтау ту­ралы қаулысынан кейін 1993 жылы бас­талған. Шын мә­нін­де, мұражайға мем­ле­кет­тік мәртебе беру жөніндегі мәселе ал­ғаш көтеріліп отырған жоқ, «шешімі та­­­­был­маған сақалды мәселе» деп айтсақ та бо­лады. Бұл мемлекеттік мәртебе беру мә­се­­ле­сін, алғаш 2006 жылы Иманғали Нұр­ға­­ли­ұлы Алматы қаласының әкімі болып тұр­­ғанда көтерген едік.
Мұражай – Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы қоғамдық қордың жеке­мен­шігі. Оны өз кезегінде Ахаңның тәр­бие­сінде болған немере інісі Самырат Кәкішұлы 1994 жылы құр­ған әрі Самырат Мәшенұлы өзі бас­шы­лық жасап тұрғанда үлкен әкесі Ахмет Бай­тұр­­сынұлының шығармашылық мұра­сын қайта шығару, қордың жұмысын жүр­гізу қа­лыпты жағдайда жүрді. Се­бебі, Самырат ағай Қазақстан Рес­пуб­ли­касына еңбегі сің­ген құрылысшы әрі қазақ қоғамында бе­де­лі бар тұлға бо­латын. Ол кісі 1997 жылы қай­­тыс бол­ғандықтан, қор жұмысын оның ұлы Серік Байтұрсынов жалғастырып ке­ле­ді.
Қоғамдық қордың жарғысы бо­йын­ша мұра­жайды күтіп-ұстауға, ғалым мұрасын на­сихаттап, қайта бас­тыруға міндетті. Бі­рақ бұл шара­ларды атқаруға қордың мүм­кін­шілігі жоқтың қасы…
Коммуналдық қызмет түрлері: ауыз­су (суық, ыстық су), жылу, электр жүйелері мен телефон байланыс­та­ры­ның төлемдерін 2005 жылдан әупірім­деп өзім төлеп келе­мін. Ал мұражай-үйдің директоры, қоғам­дық қордың атқарушы директоры деген лауазым­дарды қоғамдық негізде атқарға­ныма он жылдан асты. Жалпы жиыны 22 жыл­дан бері мұражайдың «ыстығы мен суығына» төзіп-ақ жүрмін.
«Еңбекақы төлемейтін мекемеде кім, не үшін жұмыс істейсіз?» деген сұраққа жауа­бым біреу – Ұлт ұстазы, мемлекет жә­не қоғам қайраткері Ах­мет Байтұр­сы­нұлы­ның қазақ халқына жа­са­ған қалтқысыз қыз­метіне деген рия­сыз ілтипатым һәм Ахаң­ның қызы Шол­пан Байсалованың ама­натына адалдығым!
БАҚ мұражайдың өзекті мәселелерін жиі жаз­ды, нәтижесіз де емес, соның ай­қын дә­лелі – Иманғали Нұрға­ли­ұлы­­ның мұра­­жай­дың қордаланған мә­се­лесін шешу мақ­с­атында арнайы кел­ген ресми сапары дер едім.
Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі еш­кім­ге, оның ішінде қоғамдық қорға тәуелді бол­май, дербес тіршілік етуге толық құқы бар деп ойлаймын. Оның жауа­бын И.Тас­мағамбетовтің осы жұмыс сапары бары­сын­дағы айтқан «Байтұрсынұлы музейіне мем­лекеттік мәртебе бермей, қордаланған мә­се­ле­лері шешілмейді» деген пікірі айқын­дап тұр емес пе?!– дейді мұражай ди­рек­то­ры Райхан Сахыбекқызы.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*